Сол «Тіл мәдениеті» түсінігінің қатарына мақал-мәтел, нақыл сөздерді қолдану мәдениеті де кіреді. Халқымыздың рухани өмірінің мол мұрасының бірі – мақал-мәтел мен нақыл сөздер. Халқымыз «Сөз жауһары – мақал-мәтел», «Сөздің көркі – мақал» деп бекер айтпаған. «Тіл мәдениеті» түсінігі қамтитын басты ой-пайым – сөзді орынды қолдану. Сонымен қоса, сананы жүйелі реттеу, жасампаздыққа бағыттау.
Көзіміз жетпес ежелгі заманнан көзіміз қанық осы күнге дейін халқымыздың басым көпшілігінің аузынан түспей келе жатқан мақал-мәтелдер күнделікті қоғами өмірден алынғанын айқын аңғарамыз. Бұл адамдардың қанына сіңіп, сүйегіне дарыған. Өйткені мән-мағынасы биік мақал-мәтелдер халықтың даналығынан нәр алып, әр азаматтың бойындағы рухани байлығына айнала келе, күнделікті үлкенді-кішілі, немесе күрделі құбылыстарға байланысты, ретіне қарай ұтымды қолданылады. Тіпті табиғи болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналып, дұрыс бағытты ұстану рухани «нысана» рөлін атқарады деуге болады. Ақыры, «нақыл сөздерден – ақыл сөздерге» айналып – келешек тағдырымызға «жолбастар» сөз ретінде қолданылады. Ел-жұртымыз мақал-мәтелдермен бірге біте қайнасып өмір кешіп келе жатыр десек, артық емес.
Қазақтың мақалдарының басым көпшілігі ерлікті, ұлтжандылықты, патриотизмді, адалдық пен адамгершілікті қалыптастыратыны айқын. Көбіне мақалдың көмегімен айтылатын ой-пайымды ықшам, ұтымды пайдалануға болады. Онда халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесі шағын, «қысқа да нұсқа» формалы тәсілмен ой дәлдігі ұштала тұжырымдалып, тыңдарманға жүйелі жеткізіледі. Халқымыз тіл өнеріне үлкен мән бере отыра, сөз қадірін түсіретін, мағынасын түсінбейтіндерге қарсы ащы шындықты айтқан. Мысалы: «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық», «Аузына келгенді сөйлеу − ақымақтың ісі», «Іріген ауыздан − шіріген сөз шығады» деген мақалдар осындайларға айтылса керек. Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан, бірақ барлығын да халықтың «өнегелі сөзі, игіліктің көзі» деп қарау орынсыз.
Тағы бір мақал жайлы. Көбіне теледидардан, әркімнен жиі еститініміз: «Сыйға – сый, сыраға – бал» тәмсілі. Бұл мақалды осы нұсқада қолдану саналы азаматқа жараспайды. Оның әуелгі ой-мақсаты мүлдем басқаша болғандығы туралы айқындап айту парыз. Дана халық осы мақалдың бұрмаланбаған, бастапқы нұсқасына терең мән берген. Қай кезден басталғаны белгісіз, оның бастапқы терең ойы өзгеріп, мәні түсіп кеткен. Мақалды осы нұсқада қолданатындар − сана таразысына салмағандары, зерделі пайымдамағандары. Өте өкінішті. Бұл нұсқада мақал ғибраттық салмағын жоғалтып, басты ойы өзгеріп, әжуалы сөзге айналған. Өйткені бұл мақалдың дұрыс нұсқасы былай айтылады: «Сыйға – сый, сырға − бал». Мақалдың ажырамас қасиеті «сыр» сөзімен байланысты. Ішіңізде терең жатқан «сары алтындай» сырыңызды қозғап, досыңызға паш етсеңіз – ол сізден қолындағы бар асылын аямайды. Сізге шексіз разы болады. Адам жан-дүниесі солай қалыптасқан. Бұл мақал ауызға алғашқы алынар ерте заманда, бал өте сирек те қымбат дәмнің қатарына жатқан. Ал қазақ даласында сыра мүлдем болмағаны белгілі. Сонымен, мақалдардың мәні мен сәнін жоғалтпай қолданған жөн. Өйткені бұл жастардың рухани қалыптасуына, нәтижелі де баянды өмір жолын жаңылмай таңдауына үлкен әсер ететіндігі даусыз. Мәні мен сәні төмен, анайы түрде жұрт аузынан түспейтін «жөнсіз» қолданылатын мақалдар туралы Ұлы Абайдың: «Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» деген ойын қашанда есте сақтайық.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер