Өнер • 26 Қараша, 2018

Жайсаң мінезді Ғазиза Жұбанова

1976 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық өнердің шежіресінде шеру бастаған танымал тұлғалардың арасынан Ғазиза Жұбанованы да табуға болады. «Жақсыдан жақсы туады, жақсының жолын қуады» деген осы. Қазақстан және КСРО Халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, профессор Ғазиза Жұбанованың осы бейнесімен қауыша отырып, оның ұлттық заманауи музыкамыздың негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың қызы екендігін аттап өте алмаймыз.

Жайсаң мінезді Ғазиза Жұбанова

Әке таланты жұққан қыз талантын барлық жанрда таныт­қан шығармашылық диапазо­ны кең композитор ретінде ға­на емес, Алмас Серкебаев, Тө­ле­­ген Мұхамеджанов, Қуат Шіл­де­­­баев, Ақ­то­ты Райымқұлова сын­ды саңл­ақ шә­кірт­терімен де есте қала­ды. Му­зыка саласында ұлт­­тық кадр­лар легін даярлап қана қоймай, Жұба­нованың ық­па­лымен музыкалық мектептер құрылғанын, фольклор мен ком­позиторлық шы­ғар­­машылық мә­се­лелері бойынша диссертация­лар қорғала бастағанын атап өту парыз. 

Өнертанушылар Ғазиза Ах­мет­­­қызының музыкалық ойлау жү­йесінің біртұтастығын, вокал­ды орындаудан аспапты орын­дауға ауы­су, сезім көрнекілігін, тақы­рыптық материалдың ашық­тығын, ұлттық бояу, ауқымдылық, эпи­ка­лық кеңдік пен музыкалық образ­дар­дың қарама-қайшылықты мінез­дерін біріктіре алатынын мойын­даған. 

Сонымен бұл сурет қалай түсі­ріліп еді?

– Ғазиза Ахметқызы 1975-1987 жылдар аралығында Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлт­тық консерваториясы) ректор болды. 80-ші жылдардың басы болу керек, КазТАГ фототілшісі ретінде консерватория ректорын суретке түсіріп келуге тапсырма алдым. Ол кісіні қолға түсіру өте қиын бол­ды. Қабылдау бөлмесінде көп кү­туге тура келді. Қарбалас жұмыс­тарының арасында ретін туып, арнайы тапсырмамен келгенімді айтып едім, ректор КазТАГ сияқты салиқалы агенттік үшін фотоға түсуге мүлде дайын еместігін, ма­кияжсыз отырғанын, шашын жөн­демегенін, тағысын тағыны айтып үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ аздап болса да сөйлесе бастадық. Сәлден кейін ол кісі жібіп, «жарайды» осы күйімде түсіріп көр, деп рұқсатын берді. Ал мен де өтеуіне алдымен осы суретті өзіне көрсетіп алуға келісімін алдым. 

Көп күттірмей қағазға басыл­ған кадрды өзіне алып келге­німде, керісінше табиғи қал­пын­да отырған осы суреті Ғазиза Ахмет­­қызына өте ұнады. Араға азда­ған уақыт салып, сурет орта­лық ба­сы­лымдардың бірінде жарияланды, – дейді фото авторы Юрий Беккер.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы