Қоғам • 27 Қараша, 2018

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала өмірін жақсартуға арналған шеберлік сабағын өткізді

804 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында жүкті әйелдерге арналған «Бала – өмірдің гүлі» атты шеберлік сабағы өтті. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала өмірін жақсартуға арналған шеберлік сабағын өткізді

Саламатты ұрпақ көбейтіп, халық санын арттыру бүгіннің басты тақырыбы болып отыр. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында да айтып өткен болатын. Сол тапсырма негізінде соңғы жылдары көптеген перзентхана салынып, әйелдер мен балалар консультациялары сияқты түрлі жоба ұйымдастырылып жатыр. Таяуда Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және №3 перинаталды орталығы ана мен бала өмірін жақсартуға арналған шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабағы әйелдердің жүктілік кезіндегі ішкі психологиялық жай-күйін реттеу мен балаға дұрыс күтім жасау тақырыбына арналды. Шара барысында №3 перинаталды орталықтың дәрігерлері қатысушыларға босану кезінде дұрыс тыныс алуды, арт-терапияны қолдану арқылы бала туу процесін жеңілдетуді үйретті. Сондай-ақ болашақ аналар үшін арнайы массаж бен би түрлері көрсетілді. 

Дәрігерлердің айтуынша, ана мен бала өлімінің көбеюі әйелдердің жүктілік кезіндегі дұрыс күтімнің болмауынан орын алады. Дәрігер уақтылы тексеруден өтіп тұруды қанша міндеттесе де, жүкті әйелдердің біразы бұған көңіл бөле бермейді. Жүкті әйелдерге қатысты түрлі оқиғалардың негізгі себебі де осы. Биыл Астана қаласы бойынша 6 жүкті әйелдің өлімі тіркелді. Бұл оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл шараларды қолға алып, ана мен бала мәселесіне айрықша назар аударып отыр.

№3 перинаталды орталықтың бас дәрігері З.Хамидул­линаның айтуынша, ана мен бала ден­­­саулығын жақсартуда білікті мамандар тартылып, жаңа мүмкіндіктер қолға алынуда. Бұрынғы кездері босану барысы жабық түрде өткен болса, қазіргі күні серіктестік босану әдісі бар. Дәрі­герлер әйелдерге медициналық көмекпен қоса, олардың психологиялық, эмоционалдық жағдайын реттеуге көмектеседі. Олардың айтуынша, ананың жақсы көңіл күйі іштегі сәбидің толық жетілуіне үлкен үлес қосады. 

Еліміздің стратегиялық құжаттарында көрсе­тілгендей, 2020 жылға қарай ана мен бала өлімі көрсеткішін 2 есеге азайтып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыру көзделген. Қазір Қазақстанда әр 85 секунд сайын 1 нәресте дүниеге келеді. Ал жыл басынан бері 341 750 сәби дүниеге келген. Соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25%-ға артып, салмағы 1500 грамға дейін болатын балаларды аман сақтап қалу көрсеткіші жақсарған. 

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»