Иә, ұлт арысының айтқаны болды, жұртымыз азаттығын алып, ниеті түзулер танып, бұрынғы қалып бұзылып, өзгелер қызығып қарайтын Қазақ елі атандық. Көрген қорлық, тартқан зорлық елеске айналып, кеткен есені қайтарсақ дейміз. Есе қайтарамыз деп жүрген елдік қасиетті түсіне қоймайтын, таяз ойы қысқа бойынан аспайтын жандар – ұлтқа жат қылықтарымен қылаң беріп, жұртты соқыр көретіні қынжылтады. Біз оның атын атап, түсін түстемесек те бұқара көріп-біліп отыр. Тәңір берген тәуелсіздік ондайларды бірте-бірте орнына қойып омалтары, оң қадам ұлтты оңалтары хақ.
Біз мұны неге айтып отырмыз. Елдіктің қасиетін қазақ топырағын басып, ел иесімін деп жүрген, кейде өтпелі кезеңге өкпе айта беретін бізден гөрі – шеттегі қандастарымыздың үлкен-кішісі ерекше біліп, құрметтеп, тәубе деп тік тұратын секілді. Жақында Тараз қаласына жол түскен сапар барысында көрші өзбек елінің Хорезм өңірінен келген төрт баланың анасы, алпысты алқымдап қалған қарапайым азаматшамен ой бөлісіп қалдық. Арғы аталары зұлмат жылдары бас сауғалап, сол жаққа барып тұрып қалыпты. Ана заманда көптің қатарында тіршілік етіп жүріпті. КСРО құлағанда, әркім өз үйірін іздегені белгілі. Бауыр басып қалған жерді қанша қимағанмен, күнкөріс, жанбағыс деп жүріп, ұрпағы өзгеге сіңіп кетпей тұрғанда, атажұртына әкелсем деген ниет ана көкейінен кетпепті. Сөйтіп жүргенде, ері өмірден озып, ойы онға, санасы санға бөлініпті. Ұл-қызы әкеміздің қабірін қалай тастап кетеміз деп қамығыпты. Жарынан көз жазған сәтте денесін қазақ топырағына әкетсем деген ойы орындалмапты. Шекарадан өткізу қиынға соғыпты. Ақыры ас-суын берген соң атамекенге ат басын бұрып, Түркістан облысының Мақтаарал ауданына келіп орнығыпты. Жесір әйел, жетім бала жан бағу, мал табу тірлігіне кірісіпті. Бұлайша асығып көшуіне үлкен баласының өзге ұлттың қызымен бас құраймын деген талабы да себеп болыпты. Ол тілек қабыл болса, сол жақта қалып қою қаупі мазасын алыпты.
Қолындағы барға тірнектеп жиған теңгені қосып, үй-жай алыпты. «Жұмылсаң бәрі де болады екен», дейді ол. Үлкен ұлы өз қандасымен көңіл қосып, шаңырақ көтеріпті. Қыздары қалауларына қарай қазақ азаматтарымен отау тігіп, от жағыпты. «Өткен жылы кіші ұлым сыңарын тапты. Шама-шарқыма қарай той жасадым. Өзбек жұртындағы ағайындар келді. Күнкөрісімізді көріп, көңілдері орнықты. Әсіресе бұрын өзбек тілінде сөйлейтін балаларымның ана тілін толық меңгергенін, немерелерімнің өзге тілді білмейтініне, қатты қызықты. Той дастарқанының басында қайнаға мен абысыным өзбек тілінде сөйледі. Немерелерім: «Сіздің бұл кісілерді туыс дегеніңіз қайда? Бұлар өзбек қой» дейді. «Жоқ, атаңның бауырлары» деп сендіре алмадым. Өйткені ата мен немере екі тілде тіл қатысып, бірін-бірі түсіне алмады», деп ана ойланып қалды.
Одан соң: «Несін бүгейін, ол жақтағы ағайындар өзбекке сіңіп бара жатқан секілді», деп мұңайды. Артынан аталған елде қазақ мектебі мүлде жоқ екенін, соның кесірінен жас ұрпақтың жұтылып бара жатқанын, осылай кете берсе, көнекөздерден кейінгі ағайын араласудан, барыс-келістен қалатынын қазірдің өзінде біраз туыстардың сондай қатерлі халде екенін алға тартып, өкінішін білдірді. Ұлттық салттан, халықтық үлгіден, әдет-ғұрыптан адасқандардың да бар екенін жеткізді. Ұрпағын киелі жұртына әкеліп, ұлтына қосқанына тәубе келтірді. Шіркін, ана біткеннің бәрі осындай халқым деп тұрса, ұрпақ адасып, шеттегі ұлтымыздың өкілдері тамырынан қол үзбес еді-ау!.. Осы жерде ойымызға: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның аталы сөзі түсті. Азат елін аңсап келіп, ұл-қызын ұлтына қосқан қарапайым анаға да осы сөзді қаратып айтсақ, жарасатындай.
Ойды ой қозғайды. Өткен қилы кезеңнің кесірінен қаншама бауырларымыз ұлтынан, жерінен қол үзіп қалды десеңізші. Көп халықта ол білінбес. Аз халық үшін орны үңірейіп тұратыны анық. Кең жерімізде кем болып, олқының орнын толтыра алмай келе жатқанымыз да содан болар. Оны көзіқарақты, санасында сәулесі барлар білсе керек.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Орталық Азия республикаларындағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде Сұлтанбек Қожанов бастаған Алаш ұлдары Бұқар уәлаятында 250 мың қазақ тұратынына алаңдаушылық білдірген екен. Тіпті автономия беру керек деген көрінеді. Бұл деректі тарихшы Д.Салқынбек келтірген еді. Сол қандастардың қаншасы ата-жұртқа оралды, қаншасы сіңіп кетті екен?! Алдағы жылдары қазақ 20 миллионға, өзбек бауырларымыз 40 миллионнан (қазір 32 миллион) асады деген дерек айтылып жүр. Ұлт жоқшысы, профессор М.Мырзахметұлының жазуына қарағанда, 1897 жылғы санақта тек Ресейдің қоластындағы қазақ (Қытай, Моңғолия, т.б. елдерді атамағанда) ұлтының саны 4 миллионға таяу болыпты. Өзбек бауырлар ол кезде 2,2 миллион екен. Бұл дүние кезек дегенге келмесе керек. «Сонда қалай болған? Ресей патшалығының, қызыл империяның қол астында қатар күн кешкен екі халықтың тірлігі неге бұлай?» дегенді тереңнен ойлап, сабақ алу керек шығар.
Ұлтым деген ұлылар қай саясаттың тұсында да: «Жә, қазақтың жол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол – қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары. Енді бұдан кейінгі қазақ жұртының күзетшісі де осы оқыған азамат. Бұдан былай қазақ жарға жығылса обалы, жақсылыққа жетсе мақтаны – оқыған азаматта» деп осы жолдан таймаған әдебиет пен мәдениет, ғылым мен білім ісін алға сүйреген алып Мұхтар Әуезов ұлт демографиясын да бір сәт естен шығармаған екен. Оған дәйек, белгілі тілші-ғалым Аққал Қалыбаеваның аузынан естіген мына бір тағылым еске түседі. «Ол кісі шын мәніндегі ұлтшыл еді!» деп алып, бір жолы Ташкентке барған сапарында бауырларымен таныстырғаны туралы мына бір оқиғаны алға тартқаны бар. Махамбет деген ағасын көргенде, оның қимыл-қарекетіне, тіл қайырымына қарап, ұлы тұлға: «Пәлі, қазақ дегенің осы жігіт пе, бұл нағыз өзбек жігіті ғой?!» деп қиналыпты. Әлгі азамат іркілмей: «Өзбек десеңіз – өзбек боламыз, қазақ десеңіз – қазақ боламыз», дегенде өңі қарақошқыл тартып, бұл неткен намыссыздық дегендей: «Туғандарың бар ма?» дейді. «Бір інім бар». «Пәлі, қазақ екі адамға азайып кетіпті ғой, балаларың нешеу?». «Сегіз балам бар, Мұха!» «О, пәлі, енді қайттім, енді қайттім, ә?! Екеу десем жоғалтқан қазақ он болды ғой. Енді қайттім!» деп күйініпті.
Сөйтіп ұлы жазушы көрші елге жадырап барып, көңілсіз қайтыпты. Осындай ұлттық рух дәл қазір әр қазақтың бойынан табылса, ойы от шашып, жігері, намысы найзағайдай жарқылдап тұрса, Тәңірім де жарылқаған үстіне жарылқай берер еді.
Біз осы ойлардың шырмауында отырғанда жол-жолдас тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Үй болған кіші баласы осыдан біраз бұрын Астанадағы құрылыста ақша көп екен деп, жас жарын ертіп елордаға тартып кетіпті. Пәтер жалдаған, қазір жатақхананың бір бөлмесінде тұрады екен. Өмірге сәби келген. «Тұңғыштары еді. Қарайласуға келіп едім. Ас бөлмесі, дәретханасы жоқ. Аядай бөлмеде тұру қиынның қиыны екен. Тынысың тарылады, ешкім ешкіммен тіл қатыспайды. «Сен кім едің?» дегендей көздері бадырайып қасыңнан өте шығады. Күн санап әрең шыдадым. Сирағың шығып жатса да өз баспанаңа не жетсін. Кең далада жүрген адамға тар бөлме түрмедей көрінеді екен. «Елге қайт» десем, құрылыста алашағым бар еді дейді», деп ана тағы ойланып қалды.
Ақшаны күреп аламын деп келген жігіт бір құрылыс алаңына жұмысқа жалданған. Ондағылар өзің секілді ылдым-жылдым азаматтар болса шақыр, қарық боласыңдар депті. Сонау өзбек елінде, Хорезм жерінде екі қолға бір жұмыс керек деп жұлқынып жүргендерге хабарласқан. Олар білек сыбанып жеткен. Қандас бауырлары Қазақ елінде қалу ниеттерін де айтқан. Алғаш жұмыс берушілер телміртпей теңге ұстатқан. Кейін күнде ертеңмен титықтарына тиген. Келгендер ізімен кейін қайтатындарын айтқанда, жұмыс беруші жол-пұлдарын беріп, қалған теңгені арттарынан жіберетінін айтып, ант-суын ішкен.
«Мені, – дейді ана, – таудай талаппен келіп, ақысын ала алмай кеткен жігіттердің жайы қинайды. «Сіздің балаңыз шақырып еді», деп маған да телефон соғады. Не ойлап жүр екен? Менің баламның қулық ісі дей ме, қайдам? Өзі әрең жүр, қайдағы қулық. Балам талай есікті тоздырыпты. Олар: «Сендерді кім жұмысқа алды, содан сұраңдар», дейді екен. Жұмысқа тартқан адам бұлтақтап ұстатпайды, ұстатса күнде ертеңмен құтылып кететін көрінеді. Баламның телефоны көтермеген соң, келініме телефон шалдырдым. Кім екенін білмеді ме, әлгі азамат көтерді. Баламның балалы болғанын, қиналып отырғанын, Өзбекстандағы азаматтардың ұлыма реніштерін жеткізіп, өзімнің елден келгенімді, кетуге жиналып жатқанымды бәрін жеткізіп айттым. «Жолдан қалмаңыз, болады сырттағы жігіттерге де солай деңіз», дейді әлгі жұмыс беруші. Мақұлға жауап болмайтын көрінеді. Бұл мақұл қанша уақытқа созылар екен? Әлсіздің күшін пайдаланып, еңбегін қанайтындар көбейіп бара жатқан жоқ па, осы?!».
Соңғы көлеңкелі әңгіме бізді де күмілжітті. Мұның себебі, жан бағудың жайы осы деп, жұмыс талғамай, уақыттың аз-көбін ескермей, еңбек келісімшартын жасамай, бел шешіп кірісіп кетуде жатқан секілді. Мұндай тірлік жұмыс берушіге тиімді болар, ал күн-түн демей жұмыс істейтіндерге тиімсіз. Өйткені олар мемлекетке салық төлеуден де, зейнетақыға ақша аударудан да ұтылып, зардап шексе өтемақыдан да құралақан қалады. Тек жұмыс беруші ұтады. Қанау мен қаналу осындайдан басталады. Осыған қарағанда, еңбекшіні қорғайды деген Еңбек кодексіміз осал болып тұрған жоқ па екен? Салық төлемеуден мемлекет, зейнетақы мәселесінен жұмысшы зардап шекпей ме? Шеккенде қандай. Сол себепті, бұл құжат жұмыс берушіге ғана қызмет етіп, халыққа қырын көрсетіп отырған жоқ па? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек шарты болса ғана жұмысшы құқығын қорғайтынын айтады. Бұқараның сөзін сөйлейді деген кәсіподақ та бұдан хабары шамалы болуы керек. Әлде өз есептері түгел болған соң, көрсе де көрмеген, естісе де естімеген болама? Ал келісімшартқа жұмыс беруші бірден келісе кете ме? Халық пен нарықты шатыстырып, нарықты алға оздырып, арды ақшаға жеңдіріп, бұқара құқығын естен шығарып пайданы айлаға жеңдіріп жатқандардың бары жасырын емес. Заңды жұмыс уақытын айтса, кейбір жұмыс беруші аулақ жүр дейді. Айлық ақшасын талап етсе, қабақ шытып, қарсы ұрады.
Сондықтан мұндай солақайлықты тоқтату үшін үкілеп қабылдаған Еңбек кодексін қайта қарап, жұмысшының құқығын қорғауды бірінші кезекке шығарып, жұмыс беруші бұлтақтамай, алдымен еңбек шартын жасау керектігін заң аясында қадағаласақ, бұқара ұтылмас еді. Сапарлас ананың соңғы әңгімесі осы байламға ат шылбырын байлатты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»