Аңыз бен ақиқат
Дәл осы сәтке дейін М.Горький өмірі аңыз бен ақиқат арасындағы жазушыға қажет атақ-даңқ пен құрметке бөленіп келсе, бір кездері өзін 25 жасар жігіттей сезіндірген ғашығы сол аңыздың бәріне қара нүкте қоярын романтикалық сезім мен сенімге құлай сенетін талант иесі қайдан білсін. Кеңес өкіметінің әдебиет әлеміндегі атын асқақтата түскен «Егор Булычев және басқалар», «Шыңырауда», «Мещандар», «Саябақшылар» («Дачники»), «Күн перзенттері», «Жаулар», «Тағылар», «Васса Железнова» атты пьесаларымен қатар, «Клим Самгиннің өмірі», «Фомма Гордеев», «Ана» романдарын, атақты «Макар Чудра», «Челкаш», «Изергиль кемпір», «Коновалов» сынды классикалық шығармаларды дүниеге келтірген ұлы суреткер, «жаулар» деген пьеса жазса да өз жауларының дәл қасында, тіпті төсегінде бірге болып, жанын бақыт пен ләззатқа бөлеп келген әйелден ажал құшатынын байғұс Горький қайдан білсін.
Француз детектившілерінің арасында «Ищите женщину» деген қанатты қағида кең тараған. Үлкен бір қылмыстың шешімін таба алмай, әбден бастары қатқан кезде айтылатын сөз. Демек, шатысқан оқиғалардың ішінен әйелді іздеп көру керек. Өйткені барлық қылмыс көп жағдайда әйелдің араласуымен жасалады екен. Егер М.Горький өзінің атақты шығармалары арқылы мақтау мен мадақтаудың шыңына көтерілсе, сол шыңның төменгі жағында терең шыңырау жатқанын да бейғам суреткер аңғара алмады.
Шыңырау
Чекистердің Сталинге әкеп тапсырған Горькийдің күнделігінде мынадай жолдар бар еді:
«Менің бір таныс механигім бар еді, сол айтады: егер кішкентай ғана бүргені жүз есе үлкейтсе, ол жер бетіндегі ең барып тұрған жыртқыш аңға айналып, онымен күресуге ешкімнің шамасы келмес еді. Большевиктік насихат пен сұмдық үрей тудыратын гипноз нәтижесінде пайда болған Сталин де сондай бүргенің бірі».
Күнделіктегі осы жазбалармен бірге, чекистер Горькийдің атақты француз жазушысы Луи Арагонды қонаққа шақырғанын, келген кезде «өте бір маңызды мәселе жайлы айтамын» деп хат жазғанын да хабарлайды.
Сталин бұл хабардан қатты шошынады. Егер ол Луи Арагонға кеңес шындығын жайып салса, көсем туралы әлгіндей жазбаларды таратып айта қалса француз жазушысы ол шындықтардың бәрін бүкіл әлемге таратпай ма? Лениннің 50 жылдығында бүкіл залды дүр сілкіндіріп, революция көсемі жайлы жүрек біткенді тебіренте баяндама жасап, ол жайлы кітап жазған Горький неге Сталин туралы мақала жазудан бас тартты? Америкаға жасаған сапары кезінде бұқаралық ақпарат көздері оны КСРО-ның болашақ президенті деп жазуларының ар жағында не тұр? Кеңес одағының бас жазушысы деп оны көкке көтеріп, шыңға шығарғанда билік одан мұндай әрекет күтіп пе еді? Демек, екі Горький болғаны ғой! Айдың бергі беті жарқырап әсем көрінгенімен, арғы жағы қараңғылық екен ғой.
Дәл осы кезде Горький науқастанып, ауруханаға жатып қалады.
Ягода жедел түрде Англиядан Мураны шақыртып алады. Еш жерде жазылмаған қауесет бойынша, Ягода 1936 жылдың 18 маусымында Мураны Кремльге, Сталиннің қабылдауына алып барған деген алыпқашты сөз жұртқа тарап кетеді. Сталин Мурамен ұзақ сөйлескен көрінеді. Сонан соң Ягода баронесса Будбергте ауруханада жатқан Максим Горькийге алып барады. Ол Горькийдің маңынан дәрігер атаулының бірін қалдырмай қуып шығып, 40 минуттай жазушы төсегінің жанында отырады. Сол кезде ол дәріге у қосып берді деген де жорамал бар.
Мура ауруханадан шыққан соң, 20 минуттан кейін Максим Горький қайтыс болды.
Міне, аңыздың ақыры осындай. Бұл жөнінде ешқандай құжат болмаса да, Горькийдің бір кездегі сүйікті әйелі оны өз қолымен о дүниеге аттандырды деген дәлелденбеген қауесет бар.
Горький қайтыс бола салып, Мария Будберг Лондонға, Герберт Уэльске қайтып оралады. Ал Сталин Горькийдің шетелдегі барлық қаламақысын Мураға заңдастырып береді.
Мура 1974 жылы Лондондағы кең пәтерінде өз ажалынан қайтыс болады.
Горькийдің мүрдесі Кремль қабырғасына қойылады. Луи Арагон келгенде досының кенет қайтыс болған үстінен түсіп, онымен тілдесе алмай қалғанына қатты өкінеді.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы