Аймақтар • 27 Қараша, 2018

Семейді серпілтетін жобалар қолға алынды

695 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласының қазіргі әлеуметтік жағдайында оң өзге­ріс­тер бар. Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдің Қазақ­стан­­­дағы ең көрікті қалалардың қатарына қосылатынын айтады.

Семейді серпілтетін жобалар қолға алынды

– Семей қаласындағы мем­лекеттік медицина универ­ситетінде ең үздік дәрігерлер даярланады, − деді Даниал Кенжетайұлы, − Шығыс өңі­рінде бүкіл медицинаны ха­лы­қ­аралық стандартқа сай жабдықтап отырмыз. Бұл − адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту қадамы. Тұрғындар әл-ауқатының жақсарғандығын әрдайым сезінуі тиіс. Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасында жаңа жылдан бастап операция жасайтын гибридті зал жұмыс істейді. Мұндай операция жасайтын зал ТМД елдерінде де, Ресейде де жоқ. Тұрғындарымыз операция жасау үшін енді Ре­сейге ағылмайды. Керісінше Новосібір қаласы сияқты көр­шілес қалалар тұрғындары бізге қарай ағылатын болады. Аягөз қаласында инсульт­ты орталық ашып, ең жоғары деңгейлі перзентхананы іске қостық. Зырян қаласында, қазіргі атауы Алтай, ол жақта да осылай екенін атап өткім келеді. Ал енді білім саласына келсек, «Нұр Отан» пар­­тиясының съезінде 2020 жылға дейін еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашу туралы тапсырма берілді. Біздің облыс­та әр мектеп бо­йын­ша толық жабдықталған ІТ-сыныптар бар. Олардың деңгейі жоғары, біз робот-техника сыныптарын бағдарлау сыныптарымен біріктірдік. Егер осы ІТ-сыныптарды жа­ңадан орнатсақ, онда бағ­дар­ламаның фран­зишасына 2,7 миллиард теңге төлеуіміз тиіс еді. Бірақ Семейдегі элек­тртехникалық колледж ұжымы бұл бағдарламаны өздері жасап шығарды. Білім және ғылым министрлігі осы бастаманы бекітті. Сондықтан қаншама қаражатты үнемдеп қалдық. Сөйтіп ІТ-сыныптар үшін қажетті бағдарламаны 52 миллион теңгемен қамтыдық. Енді міне келер жылы өңірдің 655 мектебінде ІТ-сыныптар толық жұмысқа кіріседі. Се­мей қаласының әр тұрғыны экономиканың көтеріліп келе жатқандығын білуі керек. Қала аулаларында 4 мың бейнекамера орнатамыз. Тіпті Еуропаның көптеген қалаларында мұн­дай жаңашылдық жоқ. Қала­ны көріктендіріп, шет­кері аудан­дардың инфра­құрылымын қа­лыпқа келтіреміз. 

Облыс әкімінің айтуынша, Полковничий аралы енді Бейбітшілік аталып, эко­логиялық саябаққа айналмақ. 

– Аралға келер жылы көпір­дің іргетасы салынады, − деді облыс басшысы − осындай дүние Өскемен қаласында қолға алынған. Өскеменде мамырға дейін дайын болады, ал сіздерде қыркүйекке дейін жасалуы тиіс. Осылайша семейліктер үшін спортпен айналысып, демалатын тамаша орын пайда болмақ. Мен Семейдегі жұмыс орындарын да қадағалайтын боламын. Семей еліміздегі ең мықты қалаға айналуы тиіс. 

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ