Ресей империясы кезінде болсын, кеңестік тоталитарлы дәуірде болсын шовинистік пиғылдағы оқымыстылар қазақтарды «мәдениеттен жұрдай, бұратана халық» деп көрсетуі ақылға сыймайтын арамза тұжырым еді. Сол арқылы қазақ ұлтын өткен тарихынан айнытып, ұлттық мәдениетінен жерітіп, орыстық һәм батыстық үлгідегі мәдениетке бас идіру жүзеге асты. Осылайша қазақ ұлты жан-дүниесінің қалай азып-тозғанын, ұлттық рухы мен ар-намысының қожырағанын білмей қалды.
Ал шын мәнісінде қазақ ұлтының тарихи тамыры терең, мәдениеті бай екенін ежелгі дереккөздер мен бүгінгі археологиялық зерттеулер жан-жақты дәлелдеуде. Қазақтардың қоғамдық құрылысы мен өмір-салты да дербес болған. Көшпелі дала мәдениетінің басты ерекшелігі – оның табиғатпен үйлесімде өмір сүруі. Ата-бабаларымыз географиялық және климаттық ерекшеліктерге бейімделе отырып, тұрмыс-тіршілігін жасап, шаруашылығын жүргізген. Осылайша әлемдік тарих пен адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған.
Мақалада аталған қырлардың барлығы қазақтың бай тарихи мұрасы мен ұлттық мәдениетінің ажырамас құндылықтары, қазақы болмыстың сыр-сипаты. «Ұлы даланың жеті қыры» – әрбір қазақтың бойында ұлттық мақтаныш пен ұлттық намысты, ұлтжандылық пен отансүйгіштікті дамытатын деректер мен дәйектерге толы.
Өз заманында Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қандай маңызды рөл атқарса, бүгінгі Қазақстан шынайылығында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тұжырымдаған «Ұлы даланың жеті қыры» да сондай идеологиялық маңызы өте терең саяси құжат. Қазіргі жаһандану мен батыстық құндылықтарға жаппай еліктеу кезеңіндегі асқынып бара жатқан қоғамдық «кеселдердің» бетін қайтарып, ұлттық мемлекет ретінде дамудың көкейкесті мәселелерін шешуге септігін тигізетін кешенді саяси бағдарлама. Өйткені қазіргі кезде ұлттық мəдени құндылықтарымыз батыстық бұқаралық мəдениеттің экспансиясына төтеп бере алмай, бүкіл қоғам вестернизацияның жетегінде кетті. Ұлттық ою-өрнектермен әшекейленген, алтынмен апталып, күміспен күптелген, былғары мен жүннен өрілген бұйымдарды мұражайлар мен сувенир сататын дүкендерден көретін болдық.
Көп қазақ бүгінде көкпар тартпақ түгілі, атқа қалай мінуді де ұмытқан. Жастарымыз ақыл-ойды, ептілік пен күш-қайратты қажетсінетін тоғызқұмалақ, асық, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сияқты көптеген қазақы ұлттық ойындардың бар екенін білмей, компьютерлік виртуалды ойындар әлемінде жүр. Бұқаралық мəдениет жас ұрпақты жастайынан баурап, жас балаларымыздың белі бесіктен шықпай жатып, сана-сезімін жаулап жатыр. Ұлттық ертегілер мен «Батырлар жырын» диснейлік мультфильмдер алмастырды. Басқасын айтпағанда, бұқаралық мəдениет бұл мақсатқа мультфильм кейіпкерлері арқылы-ақ жетуде: бүгінгі қазақтың қара домалақ баласы Алпамыс, Ер Төстік, Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша баланы немесе Батырлар жырының кейіпкерлерін білмеуі мүмкін, ал Спанч Боб, Гарри Поттер, Бэтмен, Супермен, Өрмекші адам сияқты толып жатқан батыстық бұқаралық мəдениет туындатқан тексіз кейіпкерлерді жазбай таниды.
Сол сияқты жасөспірімдерді, жастарды, ересектерді, тіпті қарияларды да табындырып, еліктіретін батыстық құндылықтар жетерлік. Киім кию үлгісі, сəн-салтанат, тамақ ішу, қысқасы, күнделікті өмір-салтымыз тұтастай батыстық сарынға көшкен. Яғни, ұлттық кодты сақтау мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер болып отыр.
Бұл тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет деп қоғам алдына үлкен міндет қойып отыр. Осы жерде ескеретін мәселелер де баршылық. Кезінде «Көшпенділер» фильмін түсіргенде жіберілген қателіктер ескеріліп, жаңа фильмдердің сценарийін қазақы болмысқа сай жазып, қаржы-қаражатты шашып-төгіп, атақты шетел актерлеріне жүгіре бермей, кино түсіруге өзіміздің талантты жастарымызды тарту қажет. Сонымен қатар балаларға арналған әсерлі де мәнді тарихи анимациялық, мультипликациялық фильмдер түсіруді де қолға алғанымыз жөн. Балаларға арналған «Балапан» ұлттық арнасы қазір көбінесе шетелдік мульфильмдерді қазақшаға аударып көрсетуге мәжбүр. Өйткені отандық анимация мен мультфильм түсіру саласы дұрыс дамымай тұр.
Елбасы өзінің жаңа еңбегінде Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» деп атап көрсетті. Мұны жалпы мойындалған, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деуімізге болады. Тіл ғылымының өкілдері де қазақ тіліне – түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең көркем, ең әуезді, тілдік қоры бай, қаймағы бұзылмай сақталған тіл деп баға береді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алуымыз қажет деген тың бастама жасап, осы жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыруды, сондай-ақ Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынып отыр. Мұның барлығы түркі тілдес туысқан халықтардың бірлігін нығайта түсетін халықаралық маңызы зор іс-шаралар болмақ.
Кезінде ақиық ақынымыз Ж.Молдағалиев «Тарихи бар ел ғана тарих жасай алады» деген еді. Елбасымыз көреген саясаткер ретінде ұлттық тарихымызды түгендеумен үздіксіз айналысып келеді. «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында» еңбектерін жазып, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына арқау болып, «Халық тарих толқынында» жобасын, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тұжырымдап ұсынып, бүкіл ел болып жүзеге асыруға мұрындық болды. Бұл жолы да «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп жауапты міндет қойып отыр.
Мұрағат – ұлтымыздың жады, ұрпақтан ұрпаққа берілетін, қатталған тарихы, жазылған хаты. Бірақ ұлттық тарихымызға қатысты көптеген деректер шетелдердің мұрағаттарында сақтаулы. Олардың барлығын жинақтау өте өзекті мәселе. ХХІ ғасыр – цифрлы ақпараттық қоғам дәуірі, қағаздың заманы өтіп бара жатыр. Ендігі болашақ цифрлы дерек көздерде, қазіргі заман – Биг датаның, яғни, цифрлы форматтағы аса ірі дерек көздердің заманы. Жаһандану заманының талабы осы екен деп ұлттық құндылықтарымызды глобализация мен вестернизацияның құндылықтарына айырбастап, бұқаралық мəдениетке мас болып, əлемдік өркениеттен қалмай дамимыз деп жүргенде, өзіміздің кім екенімізді, өткен тарихымыз бен ұлттық салт-дəстүрімізді ұмытып, тілімізден айрылып, діліміз бен дінімізден адасып, дүбəра күйге түскенімізді байқамай да қалуымыз мүмкін. Сол үшін мұрағатымызға, архивтегі тарихымызға ұқыппен қарап, цифрлы форматқа айналдырып сақтауымыз қажет.
Сонымен қатар Елбасы «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі мен «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жобаларын ұсынып отыр. Жоғарыда аталған жобаларды Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыру қажет деп атап көрсетті.
Көріп отырғанымыздай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қисынды жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуындағы жаңа кезеңді бастап бермек. Ендігі мәселе осы қойылған мақсат-міндеттерді іске асыруға қоғам болып атсалысу. «Бар қазақ – бір қазақ» деп күш қосуы керек. Қазақстан Президенті талап еткендей, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек». Жалған діни ағымдарға ілеспей, ата-баба жолын ұстануы шарт. Ұлтымыз жүз бен руға жіктелмей, тілі шұбарланбай, ұлттық мақтанышпен, ар-намыспен бірігуі қажет. Бүгінгідей жаһандану мен батыстық сарындағы арзанқол бұқаралық мәдениетке еліктеу заманында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тұжырымдалған асыл мұраларымызды жас ұрпаққа жеткізу, түсіндіру мен насихаттау жұмыстары күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Кез келген қоғам көшбасшысыз болмайтыны сияқты, ұлттық мемлекеттің халқын мемлекет құраушы көшбасшы – ұлтсыз көзге елестету мүмкін емес. Ондай деңгейге жетуі үшін мемлекет құраушы ұлттың саны мен сапасы, яғни əл-ауқаты, тұрмыс жағдайы, табиғи өсімі, интеллектуалдық əлеуеті, құндылықтар жүйесі мықты болуы шарт. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөздің айтылуы тегін емес. Орта дəулетті өмір сүретін адамдардың саны артқан сайын қоғамдық құндылықтардың жүйесі де сапалы бола түспек. Қазақтардың бойында «Мен ата-бабаларым аманат етіп, мұраға қалдырған ел мен жердің иесімін, ұлттық салт-дəстүр мен сана-сезімді келешек ұрпаққа жеткізушімін» деген сезім мен құндылықтар жүйесін берік қалыптастыру қажет. Бұған жалаң ұранмен, бос кеуде қағумен қол жеткізе алмаймыз. Ұлы дала елін Атамекен еткен халқымыздың өмір сүру деңгейі жоғары, өмір сапасы жақсы болу керек. Яғни, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделгендей, әлемдегі дамыған отыз елдің деңгейіндей жоғары болуы тиіс. Бұл орайда Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы жаңа Жолдауынан халықтың күтер үміті зор.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы
АЛМАТЫ