27 Қараша, 2018

«Ұлы дала» байқауы жарияланды

894 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының «Ұлы даланың же­­­ті қыры» ма­қа­­ласына орай «Нұр Отан» партиясы ­Жа­­зу­шылар одағымен бірлесіп жас ақын-жазу­шылар арасын­да «Ұлы дала» рес­­­публикалық шы­ғар­машылық бай­қауын жариялады. Бұл жөнінде бү­гін партия Төрағасының бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Ұлы дала» байқауы жарияланды

Аталған іс-шараға, сондай-ақ жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының сек­ретариат мүшесі Несіпбек Айт қа­тысты.

– Елбасының «Ұлы даланың же­ті қыры» мақаласы көпқырлы әрі ауқым­­ды тарихымызды дұрыс түсініп, қа­­былдауға шақырады. Сондықтан ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға Мем­лекет басшысының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да тіке­лей атсалысатын болады. Осы ба­ғыт­­тағы жобаларымыздың бірі – жас ақын-жазушыларға арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауы. Бұл байқаудың форматы мен маңызын Жа­зушылар одағымен пысықтап, алдын ала талқыладық. Алдағы уақытта жас қаламгерлеріміз осы байқау арқылы Ел­басының мақаласында айтылған құн­дылықтар мен идеяларды дәріптеуге жә­не оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қо­сады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Байқаудың мақсаты – рухани жаң­ғыру идеялары мен құндылықтарын дә­ріп­тейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көр­сету, шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дү­ниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілердің еңбегіне лайықты баға беру. Байқауға 18 бен 40 жас аралы­ғын­дағы қаламгерлер қатыса алады. Қа­ты­сушылардың жұ­мыс­тары 2018 жыл­дың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Бай­қау шарттарымен толығырақ партияның ресми сайтында танысуға болады.

Бағашар  ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»