Қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы: «Елбасы келесі жылды Жастар жылы деп жариялады. Байқауға келіп түскен 400-ге жуық ақынның өлеңдерін қарадық, олардың арасынан үздік 30 баланы іріктедік. Отыз ақынның арасынан 10 ақынды Астанаға шақырып отырмыз. Қазақ барда, қазақтың тілі барда қазақтың әдебиеті өлмейді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Мемлекет те солай. Мемлекетіміздің болашағы осы жастардың қолында», деді.
Мүшәйраға қатысуға 400-ге жуық жас ақын өтінім берген. Олардың арасынан іріктелген отыз ақынның өлеңі арнайы жинақ болып жарық көреді. Ал ақтық сынға өткен 10 ақын Астанаға шақырылып, марапатқа ие болды. Нөсерхан Шуақ, Салқынбек Жәнібек, Құрбанкүл Молдабекқызы және Қалижан Еркеназ сынды жас ақындар ынталандыру сыйлығы мен 50 мың теңгеден сыйақы алды. Ақылжан Нағашыбай, Медет Божан және Әйгерім Көкеева үшінші орын мен 100 мың теңге сыйақыны иеленді. Екінші орын мен 200 мың теңге сыйақыны Оразай Жеңісұлы мен Абай Ораз жеңіп алды. Ал бірінші орын мен 300 мың теңге жүлдеге шығысқазақстандық Дания Сәтбекқызы лайық деп танылды.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»