29 Ақпан, 2012

Арғы бет пен бергі бет

477 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Арғы бет пен бергі бет

Қытай мен Қазақ елі арасындағы байланыс бекем

Қай заманда да шекарамыз бір болып, қай қоғамда да қарым-қатынасымыз көп үзіле қоймаған Қытай мемлекетіне, оның ішінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы (ШҰАР) мен Іле қазақ облысына барған журналистік сапарымыздағы алғашқы дидарласу қытай, ұйғыр тілдерінде жарық көріп келе жатқан партиялық басылымда өтті. Басылым «Синьцзянская экономическая газета» деп аталады. Газет жарық көріп келе жатқан 20 жыл ішінде медиа холдингке айналып үлгеріпті. Оның құрамына  10 газет, 5 қосымша, 2 интернет-портал кіреді екен. Әріптестеріміздің  мең­­зеуін­ше, осының бәрі Қытай реформасының бас архитекторы Дэн Сяопиннің ұлы идея­­сының арқасында жүзеге асыпты. Күн сайын 180 бет болып 600 мың таралыммен шығатын газет өңір өмірінің айнасы деуге боларлық. Журналистер қауымы алға қойған басты мақ­­саттары туралы әңгіме тарқатқанда, оқырман кө­ңілінен шығу, олардың тілек-талабын  бұл­­жы­т­­­­­­­­пай орындау, билік пен халықтың арасына мықты болат арқау болу, тіл тазалығына, сөз мәніне жете зер салу екенін айтты. Біз мұны медиа холдинг партия ұйымының хатшысы, бас редактор, баспа директоры Янь Гохуэймен пікір алмасқанда да аңғардық.

 

Қытай мен Қазақ елі арасындағы байланыс бекем

Қай заманда да шекарамыз бір болып, қай қоғамда да қарым-қатынасымыз көп үзіле қоймаған Қытай мемлекетіне, оның ішінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы (ШҰАР) мен Іле қазақ облысына барған журналистік сапарымыздағы алғашқы дидарласу қытай, ұйғыр тілдерінде жарық көріп келе жатқан партиялық басылымда өтті. Басылым «Синьцзянская экономическая газета» деп аталады. Газет жарық көріп келе жатқан 20 жыл ішінде медиа холдингке айналып үлгеріпті. Оның құрамына  10 газет, 5 қосымша, 2 интернет-портал кіреді екен. Әріптестеріміздің  мең­­зеуін­ше, осының бәрі Қытай реформасының бас архитекторы Дэн Сяопиннің ұлы идея­­сының арқасында жүзеге асыпты. Күн сайын 180 бет болып 600 мың таралыммен шығатын газет өңір өмірінің айнасы деуге боларлық. Журналистер қауымы алға қойған басты мақ­­саттары туралы әңгіме тарқатқанда, оқырман кө­ңілінен шығу, олардың тілек-талабын  бұл­­жы­т­­­­­­­­пай орындау, билік пен халықтың арасына мықты болат арқау болу, тіл тазалығына, сөз мәніне жете зер салу екенін айтты. Біз мұны медиа холдинг партия ұйымының хатшысы, бас редактор, баспа директоры Янь Гохуэймен пікір алмасқанда да аңғардық.

Медиа холдинг шығаратын ақпарат құрал­дарының кейбіреулерінің атын атай кетсек, «Ақсу Дэйли», «Алтай Дэйли», «Китайские соотечественники в Кыргызстане», «Китайские соотечественники в Казахстане», «Контимост» т.б. Бұл  газет-журналдар қытай, ұйғыр, қазақ, өзге де тілдерде жарияланады. Елдің жетістігін танытып, іргелес мемлекеттермен қатынасты ақпарат құралдары арқылы да тереңдете беру, сонымен қатар, сырттағы қандас­тарын ата-жұр­тындағы өзгерістерден хабардар етіп отыру жағын жүйелі жүргізу мақсатында әр айдың 30-ы күні жарық көретін «Контимост» журналын парақтағанда да айқын көрініп тұрды. Орыс және қытай тілінде жарық көретін журналда Орталық Азия молынан қамтылып, әдемі қағаз, жақсы безендірумен шығатынын көрдік. Біз­дің Отанымыз, әсіресе Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­­дығына ерекше  назар аударғанын оқып отыр­ғанда көңіл шіркін, мар­қайып-ақ қалды. Ал медиа холдингтің әлемнен жаңалықтар алып, хабар жіберетін сайттары да бар­­шы­­лық. Жалпы, басылым басшыларымен болған дидарласуда айтылған әңгіме желісі екі ел журна­­­­листерінің арасындағы қарым-қатынасты жетілдіріп, тәжі­­рибе алмасуды, пікір бөлісуді орнықтыру, ортақ мәселелер бойынша түйінді әңгімелер өткізіп тұру жайы алға тартылды. Шынында, журналистер қауы­мының бар міндет-мақсаты мемлекет­­тердің жақсы­сын көрсету екені белгілі. Біз осы жағына келгенде ниетіміздің ортақ екенін ұғыстық.

Үрімжі сапарына барған үш басылым өкіл­деріне («Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы Серік Қоржымбаев, «Экспресс К» тілшісі Владислав Шпаков) ШҰАР баспасөз орталығы­ның бөлім бастығы Ли Цзе жол бастап, бағыт беріп отырды. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Ай­­­шылық алыс жерлерден сымсыз хабар алғыз­­­ған» деп айтқандай, қазір электрондық ақпарат құрал­дарының дәуірі жүріп тұр ғой. Тіпті  осыдан 2 ғасыр бұрын бүгінгі күнді бол­­жаған қазақтың ұлы ұстазының ой-байламы ол кезде қиял болса, осы күні шындыққа айналды. Сондықтан баба­мыздың фантастикалық идея­сының жүзеге асуын дүние жүзіне жар салып айтып, дәйектеуге болатын секілді. Сондай элек­трондық ақпарат көзі қазақ бауырларымыз жұ­­мыс істеп жатқан «Тәңір­тау» торабы еді. Өрім­­­дей келісті бір жігіт, үлпер­шектей бес қыз жұмыс істейтін тораптың атқа­рып жатқан елге деген қызметі ұшан-теңіз-ақ. Талаптары таудай, ұмтылыстары терең қазақпыз дейді. Қазақ жұртының Қытай елінде де бар екенін танытсақ дейді. Тіліміздің тағдыры тол­ғандырады, ұлты­мыз­­дың болашағы ойландырады. Біз осы үшін тер төгіп жүрміз дейді. Бей­жіңде оқу бітіріп келген Құрманкүл Әспен деген қызымыз осының бәріне жағдай жасап отырған ШҰАР үгіт бөлімі, дей келіп, зор көмекке ілти­патын білдірді. Қытай тілінен қазақшаға өзіміз аударамыз, жұртқа қа­­жет, қандаста­ры­­­мызға керек деген ақпараттарды орталық тораптан, «Шың­­­жаң» газетінен аламыз, тілшілерге шығамыз. Тіл байлығынан, термин­­­дерден қиналсақ, Қазақ елі­нің торабынан сөздік­­тер қараймыз. 5 айдар, 16 арна, 71 айдаршамыз бар. Қазір тораптың көлемі де, мазмұны да, суреттері де артып барады. Қол­тума өнеріміз туралы «Мыңбояу», тарихымыз жайлы «Дала өркениеті», ұлтымыздың тірлік-тынысы, әдет-ғұрпына бағыттап «Білгенге маржан», «Алтын тамыр», бұларға қоса заң, өзге де блоктар оқырмандар мен көрермендерге қызмет етуде. Айдарларымызды алуан түрлі жолмен ұйымдас­­тырамыз. Негізгі тірлігіміз де, сүйе­нері­міз де халық, сол халықтың ішіндегі зиялылар. Көзі ашық, көңілі ояулар. Бір сөзбен айтқанда, қаума­­лап жүрер қалың қауым. Мұның бәрі тиісті орындардың ақаусыз қамқорлығының арқасында жүзеге асып отыр. Алға қойған мақсатымыз бауырларымызды өз еліндегі, өзге жұрттардағы жағым­­ды істермен таныстыру, – дейді ол. Олар­дың бұл тірлігі ұтылып қалмайық, жұты­­лып кетпейік дегендері шығар. «Тәңіртаудың» ерікті тілшілері барлық қазақ тұрып жатқан өңірлерден көмек қолын созатынын естіп, олардың патриот­тық рухына тәнті болдық. Әр күн сайын  жаңа­лықтар жіберіп отыруды өзде­­ріне парыз санайтынына да ризалығымыз шек­сіз. Оларды болашақта ынталандыру мақса­тында қаламақы төлеу жайы да ойластырылуда екен. Тәңіртау­лық­тардың келешекте бірнеше тілде ақпарат берсек деген талпыныстары, жалынды жігері қуантпай қоймады.

Шыңжаң радио-кино-теледидар орталығы өз алдына бір әлемдей көрінді. 12-ші арна 4 сағат балаларға арнап, ал 3-ші, 8-ші арналар 20 сағат бойы қазақ тілінде ұлтымызға қызмет көрсетеді екен. Аударма саласы бойынша қазақ бөліміне жауапты Әділ Оспанұлының айтуына қарағанда, Шыңжаң, Алтай, Іле теледидары жылына мың сериядан аса теле және кинофильмдерді аударып, жоғарыдағы теледидарларға беріп отыратын көрінеді. Мұның сыртында «Тянь-Шань» киностудиясы түсірген қазақ тіліндегі көркем дүние де халықтың қалаулысына айналып үлгеріпті. Жақында ғана пайдалануға беріл­ген, 1800 шаршы метр ауқымды алып жатқан телестудиямен де таныстық. Мұнда көгілдір сандықтан көрсе­тілетін концерттер, түрлі қойылымдар, ақындар айтысы, Наурыз тойының думан салтанаты тікелей, не алдын ала түсіріледі. Бұрынғы 380 шаршы метр телестудия да жұмыс істеп тұр. Теледидар мен радиодан берілетін хабарлар орталық, Шыңжаң, жер­гілікті жерлер бойынша жүйеленген. Осының әрқайсысына арнайы редакциялар құрылып, ондағы қызметкерлер за­манға сай техникамен, технологиямен жарақ­танып­ты. Ең бастысы, әр өңірдің өз ерекшелігін сақтау, құрметтеу жақсы жолға қойылған.

ШҰАР-да  жоғары білім беретін іргелі оқу орны Шыңжаң университеті десек, бұл білім орда­­­сының іргетасы 1924 жылы қаланыпты. Қазір ХХІ ғасырдың мықты университеттерінің қатарынан орын алыпты. Білім ұясында 23 институт болса, онда 74 мамандық бойынша бакалаврлар, 157 ба­­ғыт­­­та магистрлер, 48 саладан докторлар әзірлейді екен. Университетте 30 мыңнан артық талапкер білім алып жатса, оның 19 мыңы студенттер, 3640-ы аспиранттар, 430-ы шетелдіктер. Олардың арасында біздің Отанымыздан 180 азамат өздері қалаған мамандықтары негізінде оқып жүр. Біз олармен де жүздестік. Білім жетілдіру жолында АҚШ-та, Германияда, Канадада болған, қазір қы­­тай тілінен докторантурада жүрген М.Ахметқа­­лиеваның түйін­деуінше, өмір бойы білім алудан ұтпасаң, ұтыл­майды екенсің. Қоршаған ортаны ластанудан қор­ғау жөніндегі ізденістерін құптап, жағдай жасап отыр­ған университет ұжымына ризалығын біл­діріп, біздің елдің талапкерлері талантымен де, дарынымен де, ізет-инабатымен де, алған тәрбие­сімен де үлгілі көрініп жүр, деп нақты дәйектер келтірді ол. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген біз мұндай ризалықты университет оқыту­шы­ларының аузынан да естідік. Нұр­қасым Әшімбай, Болат Нұрәлі, Нұр­­ман­ғазы Әбдіраев секілді елі­міздің жо­ға­ры оқу орындарының сақа ұстаз­дары да білім толық­тырып, ғылым әлеміне бой ұрып жүргенін көрдік. Бауырларымыздың қай-қай­сы­сымен тілдессек те оқуға барлық жағдай­дың жасал­­ғанын, соған сай тәртіп­тілікті талап ететінін айтады. «Өз Отаны­мыздың патриотымыз. Оқу бітірген соң елге барып қызмет етеміз!» дейді шетінен. «Біз – Қазақ елінің бола­шағымыз. Ел үмі­тін ақтау парызымыз», – дейді Сымбат атты ақсары қыз, – «Мен алғашқы жылы 13 мың юань тө­леп оқыдым. Бұған ай сайын жатақханаға төлейтін – 400, визаға беретін – 800, сақтандыруға аударатын – 450 юаньды қосыңыз. Мұның бәрі қыруар қаржы. Талаптансаң, ұмтыл­саң, жақсы оқысаң сені қам­қорлыққа кенелтетінін көрген соң күндіз-түні әзірлендім. Соның нәтиже­­сінде грантты жеңіп алдым. Жоғарыда айтқан шығынның бәрі университет есебіне көшіп, маған 200 доллар көлемінде стипендия тағайындады. Өткен жолы асқазаным ауырып ауруханаға жаттым, 1000 доллардай қаржым кетті. Дәлелді қағаз­дарымды университет бас­шы­лы­ғына көрсеттім. Олар Бейжіңге хабарласып, құжа­тымды жіберді. Ол жақтан ақшасы қайта­рылсын, бәрі заң аясында депті. Шыққан шығынды бірден қолыма ұстатты. Мұнда сен бар болғаны талапкерсің, мен мұға­­ліммін, не басшымын де­мейді. Қандай іс болсын жұмған жұдырықтай бірлікте атқарады. Ондай кезде басшы-қосшы, үл­кен-кіші деген бөлінушілікке жол берілмейді. Университетте грант 5 жылдық, 1 жылдық, 6 ай­лық, тіпті 3 айлық та болады. Бәрі студенттің талабына, талантына байланысты. Грант­­ты айқындау сабақ беретін оқытушының келісімімен шешіледі. Бұл оқытушы беделін өсі­реді. Грант алдым деп шал­қақтап жүруге мұға­лімдер жол бермейді. Ұстаздар студенттердің 6 айда алған білімін, тәрті­бін, қоғам­дық жұмысқа қатысуын таразы басында теңшеп, талапқа сай келмесе грантты қайырып алу керек деген ұсыныс жасайды. Қайтарылған грантты үздік оқып жүрген студентке беру туралы басшылыққа құжаттар әзірлейді. Грантты тапсыр­ғанда «Қаржы бердік, екі кісілік жатақханада жатасың, тамақ жағы жет­кілікті, оқу құралы ұшан-теңіз, оқытушы­лар­дың талабына қарай білім алуың керек. Егер мұн­­дай жақсылықты ұғынбасаң, ата-анаңның қал­та­сын қағатын боласың» дейді. Әрине, жағдайыңа қара­май, бірден лақтырып жіберу деген бұл елде көп кездесе қоймайды. Әлі де мүмкіндік бар дейді. Егер өзіңнің салақтығыңнан гранттан айырылсаң, одан кейін ақылың кіріп, ес жиып, жақсы оқып кетсең 1 жылдан соң 100 пайыз оқу ақысын университет өз мойнына алады. Икемге көнбесең ғана оқу орнымен қоштасасың, дейді ол.

Бұған қарап кімнің еркетотай ұлы, еркін жүр­ген қызы болсаң да білім алу жолында керіліп, со­зылуға, сабаққа кешігіп келіп, ерте кетуге, жал­ған айтып, сылтауға жүгінуге жолдың жабылғанын көресің. Тәртіп бәріне ортақ екенін естігенде батыр Бауыржанның «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі ойыңа оралады. Оқу бітіргеннен кейінгі ол елдің саған айтары: «Отаныңа барып еңбек ет, қытай тілін ұрпаққа үйрет, сөйтіп екі мемлекетке де пайдаңды тигіз». Бітті. Өзге талап жоқ.

Үрімжі қаласындағы ШҰАР орталық мұра­жайында болғанымызда арғы-бергі тарихтан мол мағлұмат алдық. Ғасырлардың куәсіндей болған жәдігерлерді көрдік. Тамырлас тарих көз алдымыздан өтті. Екі мың жылдық тарихы бар ою-өрнектер, 2500 жыл бұрын мыстан құйылған (1981 жылы Күнестен табылған) атты нөкер, алуан түрлі құй­ма­­­лар, 1271-1368 жылдар аралығындағы фарфор ыдыс­тар, қорғандар, мазарлар, 3800 жыл бұрын өмірден озған 45 жастағы адамның көп өзгере қоймаған табыттағы ұсқыны – бәрі де өңірде өрке­ниет үрді­сінің атам заманнан болғанын дәйектейді.

Шыңжаңның қилы кезеңдерін жазған тарихшы, көрнекті қаламгер ретінде елін жақсы білетін, біліп қана қоймай оны том-том кітап етіп шығарған, мемлекет қадірін ұғып, құр­­­мет тұтатын Жақып Мырза­­қанов­­пен де сыр-сұхбат құрдық. Білімдар азаматтан көп деректерге қанық болдық. Ол туралы алдағы уақытта жан-жақты ой қозғамақ ниеттеміз.

Қытай мемлекетінің экономика­дағы қарқыны әлем жұртшылы­ғының көз алдында. Өздері бұл же­тістікті ойлы реформаның бастау­шысы Дэн Сяо­пин­­нің көрегендігі­мен ұштастырады. Біз барған Шың­жаңда да экономикалық даму қа­рым­ды кө­­рінді. Өлкедегі байлық – мұнай, газ, көмір қорлары, тағы басқа шикізат көздері баршы­лық екен. Соны игерудің еселеп артқанына өндіріс орындарында болғанда көз жет­кіздік. 2010 жылы ішкі жалпы өнім 41,881 миллиард юаньға жетіп, алдағы жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өсіпті. Ұлттық табыс 34,08 пайызды құраған. Астық 30 па­йызға, мақта 40 пайызға көтерілген. Мақта өн­діруден мемлекет ішінде Шыңжаң бірінші орынға шығып­­ты. Өндіріс 13 пайызды құрап, шикі мұнайды өңдеу 255,816 миллион тоннаға көтерілсе, газ өндірісі 24,991 миллиард болып бүкіл елде бірінші орынды иемденіпті. Мұнай және мұнай химиясы бойынша өңір атап айтар­лықтай рөлге ие болған. Химия өндірісіне арналған зауыт Қытай елі бойынша үшінші орында тұр. Қай саланы болса да жа­ңартуға ұмтылу үрдісі, ең бастысы адамға құр­­метпен қарау, еңбегін бағалау алдыңғы орында тұр. Химия зауытында өндірілетін өнімнің 20 пайызы шетелдерге жіберілетінін айтады зауыт басшылары. Ал 1993 жылы іргетасы көтерілген «ЮнчанСекисуй» компаниясы болат-әйнек өнеркәсібін жақсы жолға қойыпты. Болат-әйнектен жасалған алуан түрлі құбырлар жер астында шірімейді де, бүлін­бейді екен. Сонымен қатар, темір жолдарға арнап жасаған синтетикалық шпал өзінің берік­­­тігін дәйектеген. Сол секілді өзен арналарындағы суды ысырап жасамай, тиісті жерлерге жеткізуге қажет алуан түрлі пластикалық әйнектен жасалған науалар, бұрғылар, сыйымды­лығы әртүрлі цистерналар шығаратынын, бұл сала бойынша төрткүл дүние­мен жыл сайын байланыстарын күшейтіп, қанат­тарын кеңге жайып келе жатқанын, оның ішінде Қазақ елінің де бар екенін, әсіресе, Астана, Атырау, Ақтау қалаларымен қа­рым-қа­тынаста екенін, бірнеше мемлекеттермен бірлес­­­кен кәсіпорындар ашқанын, ондай мекеменің Өзбек­станның Ферғана облысында орын тепкенін тілге тиек етіп, «Біздің міндет халық тұрмысын талапқа сай жақсарту, үкімет алға қойған міндетті мінсіз орындау» дейді зауыттың тізгін ұстарлары.

«Сенімділік, жаңашылдық, қоршаған ортаға қамқорлық, ыңғайлылық, бейімділік» деп барлық жұмысты бес тұғырдың аясында бекемдеген, ел көлемінен асып, дүние жүзіне танылып үлгерген «ТВЕА» электро-техникалық компаниясының тір­лік-тынысы тіпті бөлек. Ізденістері ірі, нәтижесі нақты, жүзеге асқан іс халықтың қажетін өтеп, қолын ұзартып отыр. Трансформатор жасаудан әлемдік биікке көтеріліпті. Жаңа материалдарды пайдалана отырып, сапалы энергия өңдеу, оны қол­­данысқа енгізу басты мақсат саналады. Сонымен қатар, өзге елдердің де тапсырысын дер ке­­­зінде орындау жұмысы да дұрыс жолға қойылған.

Қазақ елімен қанаттас жатқан Іле қазақ автономия облысында жалғасқан іс сапарымызда ол өңірдің де өрелі істеріне, өрісті жетістіктеріне тән­ті болдық. Жаңарған жердің жұрты бір кісідей бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қатардан қал­майық деген еңбекшіл ниетіне тәнті етті. Бұл ұм­тылыс бүкіл іргелі елдің адамдарына ортақ қасиет десе де бол­ғандай. Үлкен де, кішісі де қарап тұрғанды қала­майды. Ортақ істе жұдырықтай жұмылып кетеді. Бірінің сөзін екіншісі  ұйып тыңдайды, ілгері бас­тыр­сақ деген ынтаға ықылас қояды.

Қорғастан екі мемлекет үлкен халықаралық  сауда орталығын салу ниетінде екенін көрдік. Онда тауар мен ақша ғана дәуірлемейтін көрінеді. Мәдениет пен өнер де өрісін кеңейтетін секілді. 2002 жылы пайдалануға берілген, қайнаған суға салып бұқтырсаң тез пісетін кеспе зауыты күніне 120 мың шағын ыдыстағы асты тұтынушыға жібереді. Зауытта 160-тай адам істейді екен. Бүкіл ШҰАР-ды, Орталық Азияны қамтамасыз етіп отырған шағын зауыттың қимыл-қарекеті таңдай қақтырмай қоймайды. Өткен жылы біздің елден зауыт өніміне 30 пайыз сұраныс түсіпті. Құрылысын салып, жарақтандыруға 10 миллион юань жұмсалса, ол шығын қазір бір жылда екі есе қайтып отыр­ғанын көрдік. Осы жерде Әбдікәрім (Байысұлы) болыстың шөбересі Хадыл Тынысбекпен таныстық. Қилы кезеңде ер-азамат не көрмеген, шарадай басы шақшадай болып, қайда қалмаған. Тектінің тұяғы емес пе, өзі келіп, болыстың ұрпағы екенін айтты.

Қытайда орнықтырып байыту, үнемдей отырып бағаны тұрақтандыру, кәсіпке орналастыру, әлеу­меттік қамсыздандыруды жақсарту, жас ұрпаққа тиянақты білім беру, тағы басқа халықтың әл-ауқатына аса қажет жұмыстар жақсы жолға қойы­лыпты. Егер отбасында еңбек етуге қабілетті адамдар болып, олар құр қол отырса, 24 сағат ішінде біреуіне кәсіп тауып беру міндеті басшылыққа жүктелген. Ерекше істі, ерекше шұғыл жұмысты дер кезінде шешуді партия басшысы тапсырса үкімет бұлжытпай орындайтын мықты құрылым қалыптасқан. ШҰАР-да бір жылда миллиондаған халықты жұмысқа орналастыру ісі қолға алыныпты. Бұл үшін жұмыс орындарын ашу мәселесін алдын-ала тиянақтап қойыпты. Іле қазақ облысында өткен жылы мыңдаған қандастарымызды жақсы үйге кіргізу жоспарланса, ол да толық жүзеге асыпты. Кадр мәселесінде ауыл әкімін қала тір­лігіне тартып, сынаққа салу, саусағына шаң жұқ­паған қалалықты ауылға жіберіп, табанын жерге тигізу – шенеуніктер үшін сабақ, дейді басшы­лықта жүрген азаматтар.

15 гектар жерді алып жатқан, жыл бойы ха­лықты көкөніспен қамтитын жылыжайда болғаны­мызда, ұтқыр ұйымдастырылған істің нәтижесін көрдік. Жылыжайда танысқан Шун Жимин деген азамат бір мекеме басшысының орынбасары болып шықты. Мем­лекеттік қызметтен қолы қалт етсе диқаншылықпен айналысып, әйеліне көмек қолын созады екен. Шун Жиминнің  айтуынша, 15 гектар жерде 2600 жылыжай болса, оның 5-уі жұбайына тиесілі көрінеді. Жер үкіметтікі, сол жердің салығын, электр қуатының, судың ғана шы­ғынын төлейтіндерін, одан қалған қар­жы өздерінің қолдарына тиетінін, өндірген өнімдерін келісім бойынша қабылдау орындары табанынан таусылдырмай уақытысында қабылдап, ақшасын қолма-қол беретінін алға тартты. Мұндай ыждағаттылық ауыл еңбеккерлері өндірген өнімнің бәріне тән болып шықты. 7-8 ай бойы өнім беретін бір жылы­жайдағы қызанақты екі күнде бір рет жинағанда жарты тонна өнім алады. Химиялық заттар қосыл­маған өнімге сұраныс үлкен, біз табиғи тыңайт­қышпен қорек­тендіреміз, деген жылыжай иесінің сөзіне құлақ түріп, «Табиғи тыңайтқыштарды қайдан аласыздар?» дейміз. Сөйтсек, әр диқан ақ­шасын төлеп, бір-бір малшыны  алдын ала «жеке­­шелендіріп» алыпты. Бір оты­рыс­та сондағы аза­мат­­­тардың «аттың қиы алтын болып тұр» деген сөздеріне онша мән бере қоймаған едік. Сөйтсек, оның ақиқатына жылыжайда көз жет­­кіздік. Өнімі сапалы диқанға үкімет көтермелеу бағы­­­тында көлемді сыйақы тағайындайтынын, ол тапқан табысына қосымша кіріс, жақсы еңбек етсең мыңдап емес, миллиондап табыс табуыңа болатынын көрдік.

Жаңадан бой көтерген «Бағбан» ауылында болғанымызда КСРО заманында жиі айтылатын ауыл мен қаланы жақындастыру деген ұғым ақи­қатқа айналғандай. Бұрын көшелері қыңыр-қисық, үйлері жүдеу ауылдарды тың жерден салу үрді­сінің жемісі сол «Бағбан» ауылы ма дедік. Жаңа жерден бой көтерген ауылдың көркі көңілге медеу. Атқан оқтай көшелері түзу. Сәнді баспана әркімнің қалауына қарай салыныпты. Алмагүл деген азаматшаның табалдырығын аттап, әңгімеге тарт­тық. «Жаңа ауылдың іргетасы наурыз айында қала­нып еді. 402 үйді қарашада бітірді. Баспанам 88 шаршы метр. Қаржы жағынан келгенде ескі үйім­­­ді, жерді есептеп пұлын берді. Үкімет есебінен 44 мың юан қосты. Бұл маған берілген тегін көмек. Осы 44 мың юаньнің 10 мыңын орталық үкімет (Бейжің), 10 мыңын ішкерідегі Нанкин өлкесі, 15 мыңын ШҰАР, 9 мыңын өзіміздің халық үкіметі берді. Аз-кем жетпегеніне банктен қарызға алдық. Бізде ондай қарыздың үстемесін үкімет өз мойнына алған» дейді ол сыңғырлап тұрған бөлмелерін, сауна, моншасын, ауласын таныстырып жүріп.

«Мынандай үйдің төңірегіне қора-қопсы салу обал-ау!» деген оймен «Не шаруамен айналысасыз?» дейміз ғой баяғы. «Малымыз, егіндік жеріміз бар. Біздің елде малмен адам жақын тұрмау керек деген саясат бар. Мына үй соның дәлелі. Қора-жайымыз сыртта. Барып, келу жағы қалтқысыз ұйымдас­ты­рылған. Азаматым өрісте болар. Малды қора­лап, кешкісін мұнтаздай болып келеді» дейді Алмагүл жылы жымиып. Шынында тал, терегі сыңсып өскен, көшелері таза  «Бағбан» ауылы­ның атына заты сай-ақ.

34 мың қой, 2 мың жылқы, сиыр өсіріп отыр­ған тың жерден ірге тіккен «Жаңажер» ауылы да қала тақылеттес. 501 түтінге лайықталған ауыл құрылысы 2009 жыл басталып, 2010 жылы 252 үй бітіп, тұрғындар жайғасыпты. Мұндағы қаржы мәселесінің шешілуі де «Бағбандағыдай» түйінделген. Мысалы, 101 шаршы метр үй 113 мың юанды құрайды. «Бұл бастаманың түпкі мақсаты малшыларды шұбырып көшіп жүруден құтқару, халықтың кезінде жағдайына қарай сал­ған баспаналарын уақыт талабына сай жаңартып, жер сілкінісіне берік үймен жаңарту. Мезгілсіз болатын табиғат апаттарынан осындай үйлер арқылы жұртты қиындықтан құт­­қару. Бұған қоса партия белгілеп берген 20 жыл ішінде адамдар арасындағы алшақтықты жою, артта қалушы­лықты болдырмау, яғни халық тұрмысын осылайша оңалту, өмір сүру салтын жетілдіру. Әсіресе, үлкендер мен балалардың қысы-жазы көшке еріп жүруіне жол бермеу. Өткен жылы 249 үйдің құрылысын бастаған едік. Бәрінің де керегесі көте­ріліп, шатыры жабылды. Енді әрлеу жұ­мыстары қолға алынады. Ол біткен соң бұл ауылдың мәселесі толық шешілді дейміз. Барлық үй газбен, жылы сумен қамтылып, қаладағыдай күн кешеді. Ауылда емхана, аурухана, балабақ­ша, мектеп – бәрі жұмыс істеп тұр. Оны бірінші кезекте әзірлеп қойған едік. Малшылар төрт маусымдық жайылымда жеңіл көшпен жүреді. Ауылға келіп-кетуі жан-жақты ойлас­тырылған», дейді «Жаңаауыл» әкімінің орынбасары Ә.Жұма­хан. Адам дәрігері, малды емдейтін мамандар, малшылармен бір сапта  жүреді екен. Вакцина тегін, малшы бір жыл ішінде мал басына 20 тиын ғана төлейді. Бұл мал маманы көлігінің жанармайын өтеу үшін ғана. Әкімнің орынбасары тағы мынандай деректі алға тартты. Ол отырықшыл­дыққа ай­нал­ған малшылар ара­сындағы  жұмыс­сыз­дықты жоюдың төмендегідей тәсілі еді. Қалаған  кә­сіпке қол жеткізу үшін  мамандықтар бойынша оқу ұйымдастырылады. Онда тамақ, жатақхана тегін. Бұған қоса күн сайын жүріп-тұруына 15 юань беріледі. 3 ай, 6 ай оқып кәсіп алғандарды жұмысқа орналастыру да алдын ала жоспарланып қойған. Тағы бір түйінді шешім, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, мекемеден жұмыс шықпаған жағдайда қызметке тұрғанша нәсіп болар кә­сіппен айналыс деп 50-60 мың юань пайызсыз қаржы береді екен. Соны дөң­гелентіп әкетіп, кәсіпкер болып кеткендер де көп.  Қай жағынан келсеңіз де бізде тұтыну арзан. Барлық киім-кешекті, ішетін асты өзіміз өнді­реміз. Үлкен-кішіміз жоқтан бар жасауға ұмты­ламыз. Бос жүру, жөн-жосықсыз ақша шашу бізге жат қылық, дейді ол.  Зейнет­ақы бойынша ұққа­ны­мыз, ерлер 60-та, әйелдер 50-де демалысқа шыға­ды. Қарапайым адамдармен сыр бөліскенде 1100 юаньмен зейнетке шығып, кейін өсе келе, 2 мың­ға жеткенін білдік.

Текес ауданының орталығынан біраз жерде жатқан Шилі­­өзек ауылында болып, тұрғындар­дың жағ­дайымен де жан-жақты таныстық. Бұл ауыл да мал өсірумен айналысады екен. Мысалы, Қы­дыр­әлі деген азаматтың жүзден аса қойы, 25 сиыры бар көрінеді. Ал ауыл бойынша 20 мың қой-ешкі өсіріп отыр екен. Әркім өзі жалға алған жерді қоршап алып, соны күтеді. Егер сол жер­дің тозып кетуіне жол бермей, көздің қарашы­ғындай күт­сең, әр гектарына 60 юаннан сыйақы төлейді. Күте алмасаң, салар айыппұл да аз емес. Қыдыр­әлі өзіне тиесілі 160 гектар жердің әр гектарына жайылым ақы үшін 120 юань төлейтінін айтып, мал дәрігерлері мінсіз қызмет ететінін, қажет дәрі-дәрмектің тегін екенін алға тартты. Ауыл әкімі Б.Шаймерденнің айтуынша, ауылдағы малшы қауымды отырықтандыру мақ­сатында 138 жаңа үйдің салынғанын, оған әртүр­лі деңгейдегі үкімет органдары көмек бергенін, әр азамат денсаулығын сақтандыруға жыл сайын 30 юан төлейтінін, аудан көлеміндегі ауруханаға жатса 70 пайызын үкімет мойнына алатынын, ал өздері тұрып жатқан жердегі емханаларға емделетін болса 90 пайыз тегін ем қабылдайтынын еске салды.  Егер денсаулығы жақсы болса, жыл сайын­­­ғы сақтандыруға құйған 30 юаны жинала бере­­­­тінін, тұрмысы төмен ауыл тұрғындарының 40 пайызына көмектесіп отырғанын, мүгедек не асыраушысынан айырылған 50 отбасы тікелей мемлекеттің қамқорлығында тұрғанын жеткізді.

Кілең қазақ тұратын ауылдағы қандастары­мызбен сөйлескенде, олар өздеріне соңғы кезде­рі жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза екен­діктерін айтады. Сонымен бірге, тәуелсіз­дігін алған атажұртына деген ілтипатын да, кей тұста сағынышын да жасыра алмайды. Разақ деген азамат еңселі үйін, ауласы толған техникасын, өріс­тегі малын мерей тұтқанмен, атамекенге жетер жер қайдан болсын деген сезімін іркіп қалмады. Бауырларымыз іргелес екі мемлекетке тыныштық тілеп, бірлікте болса екен дейді. Өздерінің еш­қайдан ауып келме­генін, сол жерде сан ғасырлар бойы ата-бабалары мекен еткенін, енді ол күндердің алыс қа­лып, өздері өмір сүріп отырған Отанының жанашырлығына ризалық­тарын біл­діріп, аз ұлттарға жасалып жатқан жақсылықты жоғары бағалайды. Ешқандай қиындықтары жоқты­ғын, алалаудың болмайтынын, ұлттық рухани құндылықтарды дамытуға шек қойыл­майтынын, оқимын деген жасқа жолдың ашық екенін айтады. Балаларының  білім алуы туралы сұрас­тырғанда ұққанымыз, бастауыш сыныпта өз ана тілдерінде білім алатынын, қытай тілі қосымша оқытылатынын, одан кейінгі сыныптарда негізгі пәндер қытай тілінде жүретінін, ата-ана тілеп жатса өз тілінде оқуға жағдай жасалатынын, бірақ болашақ үшін мемлекеттік тілде оқу қажеттігін алға тартады. 9 сыныпқа дейін бәрі тегін. Егер одан әрі оқуды жалғас­­тырсаң, шамалы ақы төлейсің, ал тұрмысы орта отба­сыларының талантты балаларын мемлекет өз қамқорлығына алған.

Сапардан көңілге түйгендеріміз осылар болды. Ең бастысы халық пен биліктің арасы жақындап, елдік істі бітіруде ұйымшыл екен. Ауылды жер де, қала да қызу тірлік үстінде. Көнекөздердің айтуынша, бір кездері жалданатын жұмыссыздар аз болмаса, қазір ұтқыр ұйымдастырудың нәтижесінде жұртты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл мен қаланы жақындастыру өз жемісін бере бастапты.

Сүлеймен МӘМЕТ.

Астана – Үрімжі – Құлжа – Астана.