Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Үкіметте Үшінші индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасы мақұлданды

332 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аясында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленген Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдама жобасын таныстырды, деп хабарлайды Премьер-министрдің баспасөз қызметі. 

Үкіметте Үшінші индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасы мақұлданды

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндағандай, Тұжырымдама «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қоса алғанда, жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды.

Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл орайда, 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарымен сабақтастық қамтамасыз етіліп, негізгі бастамалар мен қағидалар ескерілген.

ҚР ИДМ ақпаратына сәйкес, Тұжырымдаманың негізгі ережелері мен тәсілдері «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың қатысуымен әзірленді. Мәселен, 2018 ж. қазан айында Тұжырымдама жобасы Экономика жөніндегі сарапшылық кеңес отырысында қаралып, толық мақұлданды. Сонымен қатар, Тұжырымдама бойынша негізгі тәсілдер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына таныстырылды.

«Жалпы индустриялық саясат сабақтастықты қамтамасыз етеді және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталатын болады. Біз қолданыстағы инфрақұрылымдық және институционалдық негізді барынша пайдаланатын боламыз», — деді министр.

Бұдан өзге, ол белсенді индустриялық саясат жүргізіле бастағаннан бері өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін базалық жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Біріншіден, институционалдық негізі қалыптасты: кәсіпкерлерді қолдау құралдарының барлығын біріктіретін және даму институттарының қызметін айқындайтын Кәсіпкерлік кодекс қабылданды. «Бәйтерек» холдингінің құрылуы және мамандандырылған қолдау  институттарының дамуы өңдеу өнеркәсібіндегі барлық аспектілерді қамтуға мүмкіндік берді.

Екіншіден, қажетті өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау жалғасын тапты - 12 арнайы экономикалық аймақ құрылды, олардың 3-нің инфрақұрылымдық әзірлігі толық («Инновациялық технологиялар паркі» «Оңтүстік» және «Қорғас-Шығыс қақпасы»). Толық немесе ішінара аяқталған инфрақұрылымы бар 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Тағы 7 индустриялық аймақтың құрылысы жүріп жатыр және 9-ы жобалануда.

Сонымен қатар, адам капиталын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Екінші бесжылдық аясында кадрлар даярлау бойынша 11 жоғары оқу орны анықталды.

Үшіншіден, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және базалық секторларда – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда.

Төртіншіден, өңдеу өнеркәсібінде металлургияда, машина жасауда, химияда, фармацевтикада, құрылыс индустриясында шығарылатын

өнім номенклатурасы кеңейтілуде.

Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасы тәсілдерінің негізіне өңдеу өнеркәсібінің одан әрі сапалы өсімі мен тұрақты бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін негізгі сын-тегеруріндер алынған: негізгі капиталға салынатын инвестициялар ағынының жеткіліксіздігі, кәсіпорындардың сыни массасы құрылмауы, шығарылатын өнімнің «күрделілігінің» төмен болуы.

Индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаты – бұл ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Осы мақсатқа жету үш міндетті шешу арқылы қамтамасыз етіледі:

Индустрияландыруды тереңдету. Міндет кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге, кəсіпорындарды өсу нүктелеріне ұтымды орналастыруға және өндіруші кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті пулын құруға бағытталған.

Сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болған, өңделген тауарлардың өндіріс көлемін, номенклатурасын және күрделілігін арттыру. Бұл экспорттаушылардың міндеті.

Өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту. Бұл міндет жаңа өндірісті игеруді ынталандыру, трансұлттық компаниялардың және шетелдік инвесторлардың қатысуымен капитал сыйымдылығы жоғары өндірістерді ашу және өңдеу өнеркәсіп орындарына қажетті шикізат беру арқылы шешілетін болады.

Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР ИДМ индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағытын ұсынып отыр:  

ЕАЭО аясында сыртқы саудадағы кедергілерді жоюға, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия нарығына шығуға, сондай-ақ, ішкі нарықты ұтымды қорғауға бағытталған проактивті сауда саясатын жүргізу

Өсу орындарында өндірістің мамандандырылған факторларын алдын-ала құру. Сапалы өнеркәсіптік, цифрлық және сертификатталған инфрақұрылымды, адам капиталын, құзыреттілік орталықтарын дамытуға күш салынады.

Мемлекеттің шикізаттар ресурстарын бөлу мен инвесторлар үшін тартымды жағдайлар ұсыну мүмкіндіктерін пайдалан отырып, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу.

Ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау. Тиімділік ішкі және сыртқы нарықтарда тұрақты бәсекеге қабілеттілігімен өлшенетін болады.

Индустрияландыру саясатын үйлестіру, қаржыландыру және монторинг жүргізу үрдістерін барынша баптау арқылы индустриялық-инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру.

Ж. Қасымбек Үшінші индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленетінін жеткізді. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдау үшін салалық басымдықтардан ауысу жүзеге асырылады. Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге, қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және «күрделендіруге» күш салынады. Үшіншіден, бизнестің нақты көрсеткіштерге қол жеткізуі үшін (жаңғырту, экспорттың өсуі және т.б.) тікелей қолдау көрсетілетін болады. Төртіншіден, өнеркәсіптің «цифрлық дәуірге» дайындығы аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар жасалады.

«Біз теңгерімді даму моделіне негізделген кәсіпорындарға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Енді құрылған кәсіпорыннан бастап табысты кәсіпорынға дейін дамуының барлық кезеңінде кешенді қолдауға ие болады», — дейді Ж.Қасымбек, бұдан әрі кәсіпорындардың үш тобына назар аударылатынын атай отырып.

Бірінші топ «Мықты тыл» — бұл өңдеу өнеркәсіп кәсіпорындары, олардың есебінен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өнімнің көлемі мен сұрыпталымы кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады.

Екінші топ «Бәсекеге қабілетті өндірушілер». Бұл жұмыс істеп жүрген экспорттаушылар, олардың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту және күрделілігін арттыру.

Үшінші топ «Ауырлық ортасы» — бұл топта негізгі салалардағы, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі, капиталды қажет ететін жобалар бар. Олардың есебінен өнекәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерінің өндірісі игеріліп, қажетті шикізатты берілетін болады.

Үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2026 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде келесі негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр:

негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есеге өсуі;

еңбек өнімділігінің 1,7 есеге өсуі;

өңделген тауарлар экспортының 2,3 есеге өсуі;

экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру;

экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту.

Ж.Қасымбектің сөзіне қарағанда, Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасына қатысты айтылған тәсілдер экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайтуға бағытталған жұмысты күшейтуге, өндірілетін тауар қоржынын «күрделендіруге» және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20