25 Сәуір, 2012

Қырық шырақты әйел

1007 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қырық шырақты әйел

Бәріне қашанда уақыт тө­реші. Сол өткен жылдар мен айлардың астарында қаншама тағ­дыр бар. Қазір құмырсқаның илеуін­дей қаптаған машина кептелісінде рөлде отырған қыз-келіншектерді көр­ген­де ер азаматтың ғана қолынан келеді, деген осы кәсіпті жаны нәзік арулардың меңгер­гені­не риза боласың. Тіпті, қыздың қырық жаны бар деп тегін айтылмаған-ау, сірә.

 

Бәріне қашанда уақыт тө­реші. Сол өткен жылдар мен айлардың астарында қаншама тағ­дыр бар. Қазір құмырсқаның илеуін­дей қаптаған машина кептелісінде рөлде отырған қыз-келіншектерді көр­ген­де ер азаматтың ғана қолынан келеді, деген осы кәсіпті жаны нәзік арулардың меңгер­гені­не риза боласың. Тіпті, қыздың қырық жаны бар деп тегін айтылмаған-ау, сірә.

Әзиз жүзін әз Наурыздың нұрындай тарам-тарам өмір өрнегі басқанымен әлі де ширақ, сексеннің сеңгіріндегі Асылжан Тәжібаева өткен ғасырдың 80-жылдары машинасын жүйткітіп, шаң қаптырған кезде «осындай да қайсар жан болады екен-ау» дейтін қиын мамандықты ұршықша игергеніне таңданған көпшілік. Мұндайлар саусақпен санарлық еді. Асылжан ананың әкесі Төлеулі Жоңғар шапқыншылығын еске салатын Аңырақайды, Құлжабасы, Қушоқыны мекендеген қа­рапайым жан екен. Ел басына күн туған сонау ашаршылықта алты баланың үшеуінен айырылады. Түркісібтің алып құрылысына қатысқан тұңғыш теміржолшының бірі. Кейін Шилі­бастау стансасына орнығып, 37 жасында кенеттен кездескен кеселден көз жұмады. Жас­тай үш баламен жесір қалған Күлипа осылай тағдыр тауқыметін басынан өткеруіне тура келіпті.

Туған әпкесі Несіпжан, сіңлілері Айна мен Асылжан Шилібастаудан көшіп 77-ші разъезге, одан Қопа стансасына келеді. Тағдыр деген алапат құйындай, жеті сыныпты ілдәлдалап бітірген Асылжан Дегерестегі нағашылары­ның қолында өседі. Одан әрі өткен күндер елесін есіне түсіріп, ол әңгімесін асықпай сабақтады.

– Дегересте тұрып жатырмыз. Нағашы атам 95-ке келіп қайтыпты. Ол кісіні мен көргем жоқ. Үш баласын бірдей әскерге алғанда біреуінен де топырақ бұйырмайтын болды деп, жарықтық құсамен өмірден өтіпті. 4-сыныпта Қопаға жаяу барғаным есімде. Дегерестен шамалап алғанда 30 шақырымдай. Шешем бар. Ол алдыда, мен соңында жаяу… Сөйтіп уақыт өте берді. 1949 жылдың мамыр айында тұрмысқа шықтым. Отгонға көшіп бардық. Бес балалы болдық. Жолдасым Байжамбыл Қордайдың арғы жағындағы Қасық деген жердің жігіті. Атакәсіпті меңгеріп, мал бақтық. Кейде ойласам өмір бойы бейнеттен көзі ашылмаған адам сияқтанамын. Бірақ, олай емес-ау. 1950-51 жылы қыс қатты болып, мал жұтқа ұшырады. Міне, сол жылы тұңғышым Әуес бесікте, оны шешіп алуға да мұрша болмады. Кәдімгі киіз үйдеміз. Малдың қамы дегендей, сөйтіп жүріп күн көрдік. Қазіргі малшылардікі рахат оның жанында, – деді кейуана.

Жолдасым да «оқы-оқы» деп қолқалауым­ды қоймадым. Ауылға қоныс аудардық. Тараздағы техникумда мал дәрігерінің оқуын оқыды. Сөйтіп жүргенде оны шайтан түртіпті. Бұл мал дәрігері, ана екінші әйелі де екі балалы болып үлгерген. Отбасына қайтпай, сонымен өмірін жалғады.

Енді не істеймін, деп әкеме хат жаздым. Екі күн сол жерде болып ағайындарды жиып мән-жайды айтты да, бізді Беріктасқа көшіріп әкелді. Қарап қалай отырам, жұмысқа аралас­тым. Бір барсам кетпен көтеріп келесің, бір барсам жоқ шөпке барасың, дейді. Бір күні тұқым себуге шығарды. Тракторист Лавада деген орыс аты-жөні ғана есімде қалыпты. Зина Бомбенко деген әйел екеуміз үш тұқымсепкішке қызметшіміз, бидай саламыз, әйтеуір жұмыссыз емеспіз дегендей. Кейде өзі тамаққа кеткенде Лавада бізге трактор айдаңдар, дейді. Зина тұқымсепкіште қалады да, тракторға мені отырғызады. «Ты такая шустрая, давай садись», деп қояды. Сөйтіп жүргенде трактор жүргізуді әжептеуір үйрендім.

Техникаға икемділігімді аңғарған директор әкеме Ұзынағаштағы ДОСААФ-тың шофер-механизаторлар курсына қызыңды жібересің бе депті. Әкем ақылдасқанда бірден барамын, дедім. Ұзынағашқа келсем, оқу әлдеқашан бас­талып кетіпті. Бұл 1962 жылдың жазы. Бес орыс әйел, мен алтыншысымын. Алдыңғы қатарда отырамын. Сабақ үлгерімім жақсы. Оқуды бітірдім, правомды алдым. Жұмысқа кірістім.

Беріктаста біраз өмірім өтті. Балалардың алды сегізді бітіретін болды. Енді онжылдық мектебі бар ауыл қайда, соны ойластыру керек болды. Ақыры, жақын ағайынымыз Бейсенбай Сартжанов ағаны паналап, Үмбетәлі ауылына көшіп келдік. Бәрі риза ниеттерімен қарсы алып, іргелерін ұсынды. Содан осында тұрақтап қалдым.

Айтпақшы, келе салысымен ағайындарым сауыншы бол, деді. Көбі шопырлығымды қолай көрмеді. Баяғы әйелге қол емес дегендері. Ұзынағаштағы автобазаға бардым. Екі ескі самосвалдың біреуін ұсынды. Онда Киров ұжымшары құрамына Таран, ГРП, Найденов деген төрт бөлімше кіретін. Қамбаға астық құямыз. Сөйтіп жүргенде әлгі ескі мәшине есептен шығарылып, сүт таситын жаңа мәшине алдым.

Киров ұжымшарында (кейіннен «Прогресс» аталды) 1963 жылдан 1983 жылға дейін 20 жыл шофер болдым. Ойлап отырсам, осы жиырма жылда үш-ақ машина айдаппын. Алыс мал жайылымдарына қатынап, жем-шөп, астық, қызылша, жұмысшыларға азық-түлік тасыдық. Талай қиындықтар кездесті. Балаларды да қасымнан бір елі тастамайтынмын. Ауылда қараусыз қалса, бұзылып кете ме деп қорқамын. Екеуінің де шопыр болғаны, техникаға құмартып өскені осыдан шығар. Қазір Болатымның қызы Айнұркенім де менің жолымды қуған. Кішкене кезінен-ақ, «мен де апам сияқты шопыр боламын» деп жүріп арнайы оқып, жүргізуші куәлігін алған, деді Асылжан әже.

Иә, қайыспас қайсарлығымен өмірін қа­жыр­лы еңбекпен өткізген ана, он беске жуық немере, бірнеше шөбере сүйген аяулы жан. Шөпшек сүюден де үмітті. Қара шаңырағында әлі шаруадан қайтпай өз тірлігін ретімен атқа­рып, қолы қарап отырмайды. Сый-құрметтен кенде емес. Өңірінде «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары мен Еңбек Қы­зыл Ту ор­дені жарқырайды. Алматы облыстық кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХІІІ съезінің делегаты болып, үлкен мінберден де көрініпті. Құрмет грамоталары да қат-қат болыпты.

Адамның тағдыры есімімен байланысты деген. Асылжан әже бақытты әулетке шұғыла төккен саф алтындай. Ұлы Әуесбай Үмбетәлі ауылының ауыл шаруашылығына жауапты басшы, келіні Әлия Үмбетәлі ақынның қызы, ұзақ жыл мектепте математика пәнінен дәріс берген білікті ұстаз. Кенжесі Болат отбасымен бөлек шаңырақта. Үш қызы үш әулеттің түтінін түзу ұшырып, барған жерінің бағын ашқан. Гүлсарасы Қордайдың Отар маңындағы Гвардейскіде, Айсарасы Жамбыл ақын атындағы ауылда, Қарлығашы Үшқоңыр ауылында. Қазір немерелері өсіп, жетіліп келеді. Келіндері де, күйеу балалары да білімді азаматтар. «Әуелі денсаулық берген бір Аллаға разымын, балаларым бақытты болса мен де бақыттымын» дейді асыл ана.

Міне, тағы бір Наурыздың мерейлі мерекесін отбасымен қарсы алған кейуана елінің амандығы мен тыныштығын тілеп, алдағы күндеріне үлкен үмітпен қарайды. Ананың тілегі қабыл болып, егемен еліміздің еңсесі де биіктей түсуде.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.