25 Сәуір, 2012

Емші

2599 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Емші

Алты жылдан бері Алматыға жолы түспей жүрген досым аяқ астынан келетін болып қал­ды. Үй-ішімізбен қуанып, мейман далаға келгендей болмасын деп, қонақ күтуге дайындала бас­тадық. Компьютер құшақтап отырғанда ұмыт бола бастаған ас мәзірлерін еске түсіріп, кулинарияға жүгіріп кетпей, ескі досымды ерекше күтіп алуға кірістім. Оның да өз жөні бар еді. Бір жағы, өмірде жолы болмай, өз адамына жолықпай, түрлі қырсыққа тап болып, қамығып жүрген құрбының көңілі көтерілсін деген ниет қой біздікі.

 

Алты жылдан бері Алматыға жолы түспей жүрген досым аяқ астынан келетін болып қал­ды. Үй-ішімізбен қуанып, мейман далаға келгендей болмасын деп, қонақ күтуге дайындала бас­тадық. Компьютер құшақтап отырғанда ұмыт бола бастаған ас мәзірлерін еске түсіріп, кулинарияға жүгіріп кетпей, ескі досымды ерекше күтіп алуға кірістім. Оның да өз жөні бар еді. Бір жағы, өмірде жолы болмай, өз адамына жолықпай, түрлі қырсыққа тап болып, қамығып жүрген құрбының көңілі көтерілсін деген ниет қой біздікі.

Айтқан күні айдай сұлу келіншек үйіміздің есігін ашты. Кенеп қап кигізіп қойсаң да көркі кеміп қалмайтын құрбым бұрынғыдан да әдемілене түскен. Басында қандай қа­сірет болса да сынын кетір­мей, сырын да алғызбай жүретін жанның сыртқы кел­бетіне тәнті болып, хал-жағдай сұ­ра­сып жатырмыз. Қонағымыз анау-мынау емес, медицина ғылымдарының кандидаты. Еліміздегі ең ірі медициналық орталықтың бірінде бөлім басқарады. Шай да ішілді, ет те желінді. Студент кезімізде жасайтын «Тасбақа» деген тортты да жеп алдық. Баяғыда да көп сөйлей бермейтін құрбым кешке қарай шаршадым деп бәрімізден бұрын жатып қалды да, бұл күні әңгіме-дүкен болған жоқ.

Тырайып ұйықтап жатқан бәрімізді таңертең қонақтың өзі оятты.

– Қайта құру болып, Кеңес Одағы құлап, тәуелсіздік келіп, дүние төңкеріліп жатса да өзгермепсіңдер, – деп әлімсақтан кешке жатпайтынымызды, таңертең тұрмайтынымызды қалжыңмен болса да бетімізге басып жатыр.

Әдеттегідей үйдегілер шайларын шала ішіп, дастарқаннан ығысып кетті. Құрбым екеуміз оңаша қалдық.

– Сенбі-жексенбіге қарай Алматыға әдейі келдім. Бір шаруа бар. Сен қаланы жақсы білесің, Сайран автовокзалы жағында бір емші бар екен. Мені соған апаршы, – деді ол.

– Емші-домшыны неғыласың? Дәрігерлер де көріпкелдерге сенеді екен-ау?!

– Дәрігерлер түгілі, ол кісіге Астанадағы депутаттар да барады дейді.

– Қойшы, мені емес, емші іздеп келдім десеңші, – деп тосын ұсынысқа таң қалдым.

Осыдан кейін құрбым жаңағы емшінің кереметтігін айтып, әулиелігін айғақтайтын бірнеше мысал келтіргенде автовокзал жаққа баруға оңай көне салдым.

– Барсақ, барайық. Депутаттар да ақымақ емес шығар, – деп екеуміз емшіні іздеп жолға шықтық.

Сұрай-сұрай әлгі жекеменшік жер үйді де таптық-ау. Есіктің алдында тұрған ескі құмғанға қарап, бала кезімде апамның дәрет алатыны есіме түсті. Мегаполис қаладан бірден мистикалық әлемге ауысып кеткен сияқтымыз.

Құрбымның мені ерте оятқанында да мән бар екен. Мұнда таң азаннан келіп, кезек алма­саң кісі қаптап кететін көрінеді. Елден бұрын жеттік дегеннің өзінде алдымызды 5-6 адам орады.

Еңкейіп кіретін тапал там үш бөлмеден тұрады. Кіре берісінде жұрттың сыртқы киімдері тұр. Ортаңғы бөлмеге енгенде төрге қарап, есікке сыртын беріп отырған емшіні көрдік. Құбылаға қарап отырғаны шығар деген ой келді. Етжеңді ер адам екен. Қуыс бөлмеде ақ киінген бірнеше көмекші әйел отыр.

Жерге қабаттап киіздер төселіп, айналасына қытай матасынан тігілген көрпешелер жайылған. Емшінің алдына келгендер бірінен кейін бірі тізерлеп, өз кезектерін күтіп отыр. Кішкентай нәрестесі бар келіншек алдымен көрінетін болды. Оның баласының да өзінің де киімі тым жұпыны, нағыз синтетика. Ауыра беретінін, баласының да кеселден көз ашпайтынын айтады. Емші еркек ананы-мынаны сұрастырып отыр.

– Түркістанға бару керек. Жолың ашылады. Әруақтарға Құран бағыштау…

Емшінің беті нарттай қызыл екен. Қай жерден көрдім? Иә, қай жерден? Есіме түсіре алсамшы. Өстіп өз ойыммен өзім әлек болып отырғанда, үлкен апаның да кезегі келді.

– Апа-ау, 1998 жылы үйіңде ерекше бір оқиға болыпты ғой? Соны айтыңыз.

– Қайдам, ол жылы ештеңе болған жоқ.

– Есіңізге түсіріңіз. Болды ғой, ә?

– Шал да аман, мен де аман, бала-шаға үйде. Әй, ештеңе болған жоқ.

– 2002 жылы болды ғой.

– 2002 жылы?

– Иә!

– 2002 жылы немереміз туған.

– Ештеңе болған жоқ дейсіз? Болды ғой. Жұрт бір перзентке зар болып жүргенде, ештеңе болған жоқ дейсіз.

– Неге келдіңіз?

– Жерге кіргір бір балам ішімдікке үйір. Соны қайтсек екен деп, шақшадай басымыз шарадай болды. Жұмысы жоқ, қатын тұрмайды. Ішпесе адам сияқты. Ал татып алса…

– Ол баланың суреті өзіңізде деп тұр мына шашылған құмалақ.

– Ой, Құдайдың құдіреті! Өзімде-өзімде, – деп апамыз жемпірінің қалтасынан шеті қылтиып шығып тұрған фотоны емшіге берді.

– Түркістанға жол тартып тұр. Сонда барсаңыз балаңыздың жолы ашылады. Арағын да қояды. Қасиетті жерге бару керек.

– Арағын тиятын болса Түркістан түгілі жер­дің түбіне апаратын едік. Өзім де осыны ойлап жүр едім. Барады-барады, – деп кемсең­де­ген кемпірге емші шетке ысырылыңыз деп белгі берді.

Емшінің көмекшілері бұл апамызға да жаңағы келіншекке берген жарты бет қағазды, бір қойдың ақшасын әкелу керектігін түсіндіріп жатыр. Қағазда не жазылған екен деп ойладым.

Мына бір жігіттің «қайғысы» тіпті қалың екен. Ана жылы не болды, мына жылы не болды деген тергеуге ол да түсті. Көріпкел кейде бір нәрсенің үстіне «дөп» түссе, жігіт ағасы одан бетер оған өңмеңдей түседі.

Алматыда да осындай ескі үй, көне киіздер бар екен-ау. Қабырғаға үш бидің суреті ілініпті. Неге үш би? Төрде Мекке Мәдинедегі қағбаның суреті бар жайнамаз көзге шалынады. Астында тесігі бар садақа ақша салатын жәшік тұр.

– Айтыңызшы, сонымен мәшинем өзім айт­қан бағаға өте ме?

– Машинаның техпаспорты бар ма?

– Бар-бар, барлық құжаты қолымда.

– Әкел, дем салайын. Ары кетсе мына маши­наң 5-6 мың долларға кетеді, – деді беті нарттай етжеңді емші көліктің құжатта көрсетілген жылына қарап.

– Соған да шүкір, төрт рет соғылған машина бұл.

Риза болған жігіт бүтін мың теңгені көріпкелдің алдына тастап, құнжыңдап шығып кетті. Түркістанға бармайтын болды.

Тізерлеп бала кезімізде ғана отырған болармыз. Біресе шөкелеп, біресе жамбастап әбден әбігерге түсе бастадым. Киіздің асты да тегіс емес, ойқы-шойқы екен. Аяғым ұйығалы қашан. Бір кезде біздің де кезек жетті-ау. Емші сұлу келіншектің мұңды көзіне тесірейе қарап:

– Соңғы кезде көп жылап жүр екенсің, – деді.

Құрбымның жәудір көзі әп-сәтте суланып шыға келді. Төрт құбыласы сай адамның емшіде не ісі бар? Әрине, бұл менің ішкі ойым.

– Осыдан үш жыл бұрын басыңа үлкен іс түсіпті.

Ол үнсіз қалпында мақұлдағанын, болмаса олай болмағанын білдірмей отыра берді. Ойланып кетсе керек.

– Қызметің де бар, жұмысың да жақсы, – деді емші сәнімен киінген құрбымды бастан-аяқ шолып.

– Сен сияқты сұлу, қызметкер қыздар күйеу таппай сорлайды ғой. Жұмыс-жұмыс деп отырып қалыпсың.

– Жоқ, аға, елдің алдымен тұрмыс құрғам.

– Е-е-е, не айға, не байға десеңші… Ай керек пе, бай керек пе?

– Бай дегеніңізді білдім, ай дегеніңізді түсінбедім?

– Мәнсап, карьера!

Мен күліп жібердім. Етжеңді емші маған ежірейе қарады.

– Жоқ аға мен мансап қуып жүрген адам емеспін, – деп жоғары білімді құрбым өзінің арнайы келген жоспарын түгел жүзеге асыруға кірісті. Сұрақтарын қойып жатыр. Мен өзіме таныс ескі «әуендерден» ішім пыса бастады.

– Түркістанға барсаң – ісіңнің бәрі оңға басады. Саған көз тиген, жұмысыңда күндейтіндер де көп.

– Өзім де ниет қылып жүргем. Бір сәт сыртқа шығып сергіп, аруақты ата-бабаларымызға Құран оқытсам ба деп ойлағам…

Жұрттың қолына тиген жарты бет қағаз менің досыма да бұйырды. Не жазылған екен?

– Жақындаңыз деп емші маған да ишара білдірді. Тізерлеп алға қарай жылжыдым. Қайдан көрдім осы қызыл бет кісіні?

– 1996 жылы өміріңізде не болды?

Иә, не болып еді? Өмірімнің мәні болған, өзім армандаған «Егемен Қазақстанға» жұмысқа қабылданғаным миыма сап ете қалды.

– Жұмысқа тұрдым.

– 1999 жылы не болды?

Не болғанын есіме түсіре алсамшы.

– 2007 жылы не болып еді?

– Тірі адам болған соң, әйтеуір жыл бойында бірдеңе болады ғой. Бір қиындық болған сол жылы.

– Жұмыстан шығып қалғансыз сол кезде.

– 1996 жылы тұрған жұмысымнан шыққан жоқпын. Әлі сол жерде еңбек етіп жатырмын.

Қысқасы, емші екеуміздің арамызда көңілге қонатын диалог орнай қоймады. Қитығып, қабылдамай отырғанымды ол сезді.

– Жарайды, ағасы. Бала күнімізде бір нәрсе­ден сескеніп, қорқып қалсақ әжем төбеміздегі ыдыс­қа қорғасын ерітіп құйып, «қорықтық» деген ырым жасайтын. Соны жасай аласыз ба? – дедім.

– Жасауға болады. Оған қазір керосин бітіп тұр. Сені аластау керек, бойыңда зиянкестер бар. Ана бөлмеге бар, деп емші мені ақ киімді көмекшілеріне жіберді.

Адамдар әлі де келіп жатыр.

Бір кезде қабырғасы қисайған, төбесі тапал ескі үйден де шықтық-ау. Алматы жарқырап тұр. Күн сәске болып қалыпты. Заманауи зәулім үйлердің сиқын осындай ескі үйлер кетіріп тұр.

– Жаңағы Түркістанға баратын қағазыңды берші!

– Айына екі рет адамдар жиналғанда Түркістанға ақ жолға шығады екен.

– Мынау туристік бизнестің барып-тұрған жетілген түрі ғой.

– Шынында да!

Құдайым-ау, мына тізімде не жоқ дейсіз?! 1 килә кепкен өрік, 1 килә кепкен мейіз, 1 килә күріш, 1 килә қант… деп кете береді. Жаңғағы бар, балы бар дегендей, тізім соңы сабын және ыдыс жуатын «Fairу» деген сұйықтықпен аяқталады. Және бір қойдың ақшасы.

– Осының бәрін Түркістанда ішіп-жейсіңдер ме?

– Жол жүретін кезде жаңағы келіншектерге өткізу керек екен…

Бұл тізімдегі тағамның кей түрін кезек басындағы балалы келіншек не түсінде көреді, не тойда ғана жейді.

Сол сәтте барлық кезде ақылды болып кө­рін­ген досым да, емші алдында басы изеңдеп отыр­ған қандастарым да ақымақтың ақымағы болып көрінді. Алайда, адам-пенде қай жетіскеннен емші-көріпкел жағалайды. Тығырыққа тіреліп, әбден торыққан адамдар ғана кейде осылай тал қарманбақ…

– Құрметті, медицина ғылымдарының кандидаты, сізге психологқа бару керек, – деймін күліп.

Жуырда нарттай қызыл емшіні өзге ықшам ауданнан кездейсоқ жолықтырдым. Бетіме бағжия қарады, мені қайдан көргенін есіне түсіре алмай тұр. Сол жақта азық-түлік сататын дүкені бар екен. Емшіні қайдан көргенім енді есіме түсті-ау…

Айнаш ЕСАЛИ.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар