25 Сәуір, 2012

Жетімдерді жылатпайық

493 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетімдерді жылатпайық

Орыстың атақты ұстазы Ма­ка­ренконың «Ұстаздық дастан» деген тамаша кітабы бар. Шы­ғар­маға Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі жетім қалған балалар­дың тағдыры арқау болған. Жеңіл оқылады. Түйіні – тәрбиешілер тағ­­дыры қиын, мінездері жаман, бұзақылық жолға түкен жасөс­пі­рім­­дердің жүрегіне жол тауып, сегіз қырлы, бір сырлы адам етіп шығарады. Бәрі қоғамның толық­қанды азаматы болып қалыпта­са­ды. Жақсы қызметтер атқарып, Ота­нына адалдық танытып, Ұлы Отан соғысында ерлік жасайды, елі, халқы үшін кеудесін оққа тосып, отқа күйеді. Нағыз батырлар!

Орыстың атақты ұстазы Ма­ка­ренконың «Ұстаздық дастан» деген тамаша кітабы бар. Шы­ғар­маға Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі жетім қалған балалар­дың тағдыры арқау болған. Жеңіл оқылады. Түйіні – тәрбиешілер тағ­­дыры қиын, мінездері жаман, бұзақылық жолға түкен жасөс­пі­рім­­дердің жүрегіне жол тауып, сегіз қырлы, бір сырлы адам етіп шығарады. Бәрі қоғамның толық­қанды азаматы болып қалыпта­са­ды. Жақсы қызметтер атқарып, Ота­нына адалдық танытып, Ұлы Отан соғысында ерлік жасайды, елі, халқы үшін кеудесін оққа тосып, отқа күйеді. Нағыз батырлар! Бірақ солар тәрбиеленген мекемені еш­кім де Жетім балалар үйі деп ата­маған. Олар – интернат түлек­тері. Осының өзі-ақ жетім балаларды тәрбиелеуде интернат деп аталатын мекеменің маңызды рөл атқа­ра­тынына мысал бола алады. Интернат деген сөздің атынан кісі үрік­пейді. Қайта оның қабырға­сын­да тәрбие алғандар алтын ұя­ларын сағынышпен еске алады. Оған таза жетімдер емес, соғыс жесірлерінің, тұрмысы тапшы от­басыларының да балалары қабыл­данған ғой.

Қазір Алматы облысында үш Жетім балалар үйі бар. Бірі облыс орталығы Талдықорғанда, екін­шісі Үштөбеде, үшіншісі Сар­қанд­та. Басқаларын білмеймін, біздің қаламыздағы Балалар үйін Кеңес өкіметінің тұсындағы интернат жағдайымен салыстыра алмайсыз. Арасы жер мен көктей.

Соңғы жиырма жылда бәрі өзгерді. Қазір заман да, адам да басқа. Аштық жоқ, тоқтық бар. Со­ғыс жоқ, бейбітшілік бар. Қа­зақ­стан жеке мемлекет болып, қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­лайтын заман орнап, демо­кра­тия­лық даму жолына түсті. Адам­дар­ға өз бойындағы қабі­лет­терін дамытып, кез келген кәсіп­пен шұғылдануға мүмкіндік ту­ғы­зыл­ды. Құдай-ау, ата-бабамыз арман­да­ған осындай өмірде, ел аман, жұрт тынышта жетімдік неге жойылудың орнына өршіп отыр? Балалар үйі деген бүркеншік аты бар мекеме де, жетімдер де болмауы тиіс еді ғой. Олай болмады. Жетімдік күн өткен сайын ас­қы­нып барады. Тоқтайтын емес. Жетім болғанда қандай жетімдер десеңізші. Тірі жетімдер… Туғыз­ған әкесі де, құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн құндақтаған шешесі де бар. Бірақ бала жетім…

– Бізде тұл жетімдер жоқтың қасы. Көбінің әкесі де, шешесі де бар. Бірақ олар заңға сәйкес бала тәрбиелеу құқықтарынан айы­рыл­ған. Кейбір ата-аналар тұр­мыстың ауыртпалығын сылтау етіп, әрқилы айла-тәсілмен балаларын мемлекетке тапсырып, сай­рандап жүр. Ондайлар айында-жылында балаларымен жүз­десуге де келмейді. Сондай-ақ, тастанды сәбилер де азаймай отыр, – дейді Үштөбе балалар үйінің директоры Закира Шопатова ханым.

– Мемлекет тарапынан қам­қорлық қандай?

– Екі жүзден астам балаларға жан-жақты әлеуметтік және тұр­мыстық жағдай жасалған. Тамақ тоқ, көйлек көк. Мектепке қам­тыл­ған. Бәрі тегін. Тек қосалқы шаруашылық та, кәсіпке баулитын шеберхана да жоқ.

Міне, гәп қайда? «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп ұлы Абай айт­қандай, оқуға барып, тамақ ішу­ден басқа ермегі жоқ тәрбие­лену­ші­лер­дің көбі дайын асқа тік қа­сық болып өседі. Араларында бас­қа өмірді аңсайтындар да бар. Олар барды бағаламай, жаңа өмір­­дің қы­зығын іздеп, қашып кетуге құ­мар екен. Неге? Бұл сауал­ға жауап зерттеу барысында анықталды.

Мұнда балалар толық мемлекет қамқорлығына алынған. Екі жүз елуден астам балаларға сексеннен астам жоғары және арнаулы білімді мамандар қызмет көр­сетеді. Республикалық бюджеттен жеткілікті мөлшерде қаржы да бөлінген. Оның үстіне демеу­ші­лер­ден де сый-сыяпат молынан ке­ліп жатады. Тек балалар­дың білі­мін еңбекпен ұштастыру жағы ес­керілмеген. Мектеп бітір­генше еш­теңеден тарықпайды. Дайын үй, да­йын тамақ, дайын төсек, кір-қоңын да біреу жуады, бөлмесін де біреу тазалайды. Ыдыс-аяғын да… Бір таңданар­лығы, шаруа қожа­лық­тарының басшылары жазғы ка­ни­кулда жо­ғары сыныптардың оқу­шы­­ларын келісім-шарт бойынша кө­мек­ші­лікке сұрап алады екен.

– Биыл оған да тыйым салынды, – дейді директор.

Сонда қалай болғаны? Үй жұ­мысынан қол үзеді, дала еңбегіне де жіберілмейді. Үш ай демалыс. Күн­ұзақ уақытты қалай өткізеді де­ген ой оралады. Оның үстіне тәр­бие­ленушілердің дені – мас­күнем әке мен ішкілікке бой ұр­ған отба­сы­ның ұрыс-керісін көріп өс­кендер. Осы арада оларды ең­бек­ке баулу­дың тәрбие ісін­де зор ма­ңызы бар екені ескеріл­мей отыр­ғанын ашық ай­туымыз керек. Оның тиім­ді жолы өткен тарихымызда жатыр.

Кеңес өкіметі алғашқы қада­мы­нан-ақ жетімдердің оқуын ең­бек­пен ұштастырған. Мал бақ­тыр­ған, шөп шаптырған, балалар бау-бақшаны арамшөптен таза­лау­ға атсалысқан. Асханаға ке­зек­шілік жасаған. Кәсіби маман­дық­қа жас­тайынан баулыған. Осы­лай тәр­биеленушілерді зерік­тір­меген екен. Еңбекпен шыңда­лып өскен бала далада қалмайды, өмірден өз орындарын табады. Ал қазір ше?

Барлық балалар үйінен орта мектепті бітіріп шыққандар ер­тең­гі күніне үрейлене қарайды. Жалпы, білім беретін мектеп­тер­дің тү­лек­тері той жасап, арманға құлаш ұрып жүргенде, жетімдер тұйыққа тіреледі. Оларды алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Кәсіптік білім ал­маған соң жұмыс қайдан табылсын? Нарықтық экономика жағда­йын­да үй балаларын ата-анасы мей­рамханаларға, басқа да тұр­мыстық құрылыс жөндеу жұ­мыс­тарына жіберіп, қаржы жинатады. Ал балалар үйіндегі тәр­бие­лену­ші­лер үй шаруасына немесе дала жұ­мыстарына жал­дан­са, оны «құл­дық» деп жұмыс беру­шіні де, жас­өспірімдерді де қуда­лай­ды. Осы­дан үлкен өмірге өз бетін­ше жібе­рілгендер, дәлірек айтсақ, үкі­метке арқа сүйеп өс­кен­дер тір­ші­­лік­те күнкөрістік табыс та таба алмайды. Өйткені, олар еңбектің әліп­песін де мең­гер­меген.

Қазір өткен заманды ауызға алсаң, кейбіреулердің төбе шашы тік тұрады. «Қылышынан қан тамған, тоталитарлық жүйе» деп. Солай да шығар. Бірақ сол жүйенің де үлгі алардай жақ­сы тәжірибесі бар еді ғой. Мәсе­лен, мектеп оқушылары екі тоқ­сан­ға жуық ауданда қызыл­шаға шыға­тын. Мектептің қасын­дағы бау-бақшаны күтетін. Шөп маялайтын. Сенбілікке атсалысатын. Қа­ла­дағы Ұлы Отан соғы­сын­да қаза болғандарға арн­алған ес­керт­кіштерді күту, мектеп ма­ңын тазалау да оқушылар мойнында болатын. Тимуршылар командасы жалғыз-жарым соғыс жесір­лері­нің үй шаруасын жасап бере­тін. Ол ол ма, әр мектепте оқу шеберханаларында ағаш жону, сылақ­шы, бояушы, әрлеуші және сантехник сияқты кәсіби ма­ман­дық­қа баулынатын. Оқуға түсе ал­ма­ғандар тұрмыстық кәсі­би ма­ман­дар дайындайтын училищелерге емтихансыз түсетін. Жатақ­хана бе­ріледі. Үш мезгіл тегін тамақ. Оның үстіне стипендия…

Қазір де бар осындай оқу орындары. Бірақ бәрі-бәрі ақылы. Ал менің мақаламның арқауы –  же­тімдер өмірі. Олар туғаннан анасына, әкесіне керексіз болып, тағ­дыр тәлкегіне ұшырағандар оқу­ға ақыны қайдан тапсын.

Қағаз жүзінде Балалар үйі жақ­сы болғанымен, ақиқатында білім мен тәрбие еңбекпен ұш­тас­тырылмаған жабық мекеме казармаға ұқсайды. Тұйық шең­бер­дің аты – тұйық шеңбер. Мына қатал өмір ешкімнің маң­да­йы­нан сыйпамайды. Әзәзіл ақша үстем­дік құрып, дүниенің бәрі есеп-қисапқа бағынып жатқанда тірек-таянышы жоқ жетімдер кімге керек? Жоғары білімді мамандар орын таба алмай жүрген­де жетім­дерге кім қолын созып жұмысқа тұрғызады?

– Кейде мектеп бітіріп, кәме­леттік аттестат алғандар тұрақ таба алмай, қайта айналып, Балалар үйіне келіп қонып жүреді. Бі­рақ қашанғы заңсыз бас сау­ға­лайды? – дейді ұзақ жыл осындай мекемені басқарған ардагер ұстаз Жамал Төлеубайқызы біз­бен әңгімесінде.

Көп кешікпей мектеп бітіруші­лер қауырсыны қатайып, өмірге жолдама алады. Алда арман күтіп тұр көбін. Есейіп кетсе де, әке-шешеге өмір бойы бала олар. Тіре­гі де, таянышы да бар. Ал туа тастандыларды кім күтіп тұр?  Сондықтан да жетім­дер­ден «Қай­да барасың?» деп сұрау­дан да қорқасың.

Мәкен ӨСЕРБАЕВА, Қазақстанның құрметті журналисі.

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар