25 Сәуір, 2012

Шәмшінің музейі қайда?

857 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Шәмшінің музейі қайда?

Қайталанбас ғажайып таланттың рухани құн­дылықтарына ие болар бір мәдени-ағарту меке­ме­сі керек. Ол мәдени ошақ Шәмші Қалдаяқов­тың сазды-мемориалдық музейі деп аталуы тиіс.

«Табиғатының шыңы да, шатқалы да орасан» Шәмші адамзатқа теңдессіз сар­қыл­мас рухани қазына қалдырды. Енді Алланың осы сыйын келешек ұрпаққа аманаттау – қазіргі ұрпақтың міндеті мен парызы. Оның бір жолы – мемлекеттік негізде Шәмші Қалдаяқов­тың сазды-мемориалдық музейін ашу. Бұл – мемлекеттің, Үкіметтің, нақтылай айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзы­рындағы іс. Осы салада біз белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, этнограф ғалым, музейтанушы Өзбекәлі Жәні­беков айтқандай, жолай­рық­та тұрмыз.

Қайталанбас ғажайып таланттың рухани құн­дылықтарына ие болар бір мәдени-ағарту меке­ме­сі керек. Ол мәдени ошақ Шәмші Қалдаяқов­тың сазды-мемориалдық музейі деп аталуы тиіс.

«Табиғатының шыңы да, шатқалы да орасан» Шәмші адамзатқа теңдессіз сар­қыл­мас рухани қазына қалдырды. Енді Алланың осы сыйын келешек ұрпаққа аманаттау – қазіргі ұрпақтың міндеті мен парызы. Оның бір жолы – мемлекеттік негізде Шәмші Қалдаяқов­тың сазды-мемориалдық музейін ашу. Бұл – мемлекеттің, Үкіметтің, нақтылай айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзы­рындағы іс. Осы салада біз белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, этнограф ғалым, музейтанушы Өзбекәлі Жәні­беков айтқандай, жолай­рық­та тұрмыз. Олай дейтініміз, кеңестік ке­зең­де де, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменімен қабылдан­ған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарла­ма­сының арғы-бергі аясында да Шәмшінің де мұрасы жинақталып зерде­лен­ді, жеке басы мен шығар­машылы­ғына көптеген адам­дар­дың ша­пағаты тиді. Мәсе­лен, ке­зін­де Шәмшінің жай-күйін Нұр­ғиса Тілендиевтен сұрап-білген Дінмұхамед Ах­метұлы Қонаев оған үш бөл­мелі пәтер бергізсе, Жәні­беков әр облыс­қа телефон соғып, Шәмшінің елмен жүз­десуіне барынша жағдай жасап, шығармалары­ның жинақ­талып, Қазақ ра­диосының қорына жазылып алынуына, әндер жинағының шығуына, насихатталуына көп көмек көрсетті. Кейін оның жер­лес­­тері – отырарлықтар Қа­зақ­­стан­ның халық ақыны Әсел­хан Қалыбекованың ұсы­ны­­сы­мен Үкімет тарапынан оған ресми көңіл бөлінуін, қам­қор­лық көрсетілуін өтініп, Елбасына хат жолдаған.

Осыдан кейін журналист Асхан Майлыбаева Шәмші ағасы туралы естелік-эссе жа­зып, сазгердің мерейтой фес­тивалі туралы тамаша ой-пі­кір айтты. Онда автор: «Шәм­­ші десе, оның мерейтойын тек туған жері ғана өткізуге тиіс деген дүбәра ой қалып­та­сып қалған секілді. Жайшы­лықта Қалдаяқовты халықтың Қал­даяқовы деп көлгірситін­дер оның рухын көтеруге келгенде көлеңкеде қалып қояды. Олай емес, ұлы сазгердің ұлан-асыр тойы, фестивалі респуб­ли­калық деңгей­де, халық­ара­лық, кәсіби деңгейде өтуі керек», деп қадап айтқан.

1992 жылы Шымкент қаласының сол кез­дегі әкімі Амалбек Тшановтың ұйым­дас­тыруымен өткен тұңғыш Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықара­лық ән байқауы 2010 жылдан бастап сенатор Қуаныш Айтаханов пен қазіргі Мәде­ниет және ақпарат министрі Дархан Мың­бай­дың ықпалымен Астана қаласында тұ­рақ­ты өтетін болды. Сазгердің «Менің Қа­зақ­станым» әні Н.Ә.Назарбаевтың ел Прези­денті ретінде Парламентке арнаулы ұсыныс жасауымен 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап мемлекеттік әнұранға айналды. Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі Асқар Мыр­з­ах­метовтің, әкімнің орынбасары Әли Бектаев­тың, мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекованың ұсынысымен облыс музейлерінің экспозицияларында Шәмшіге арналған бөлім ашылып, талай іс-шаралар өткізіліп, өнері мерзімді баспасөзде, телехабарларда, әдебиеттерде насихатталып келе­ді. Серік Үмбетовтің қолдауымен қаламгер Көпен Әмірбек «Шәмші» атты кітап шы­ғар­ды. Композитор Қалдыбек Құрманәлі 1992 жылдан бастап Шәмші әндерінің кешін өткізіп, 2008 жылдан ғылыми-танымдық «Шәмші» журналын шығарып келеді. Жалпы, Шәмшінің композиторлық құдіретін тұңғыш танып, шығармашылығын жоғары бағалаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен («Аңыз адам») бастау алатын шәмшітану ғылымын қалыптастыруда мемлекет, қоғам қайраткерлері мен облыс, аудан әкімдері, Парламент депутаттары, ғылым мен мәде­ниет қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер атсалысты және атсалысуда.

Қазақстан музейлерінің саласында Шәм­ші мен әкесі Қалдаяқ ұстаға қатысты жәді­гер­лерді алғаш ғылыми негізде жүйелі жи­нас­тырып зерттеп, зерделеп, ғылыми сипаттамасын жазып, музей қорында сақтап, экс­по­зи­циялаған Отырар мемлекеттік археоло­гия­лық қорық-музейінің негізін қалаған Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкері Асантай Әлімов еді. Асекең ХХ ғасырдың 60-70-жылдары өз оқушылары­мен тау-тасты, елді мекенді аралап жинаған мың­да­ған жәдігерлерінің қатарында Қалд­аяқ ұс­та­ның металды, ағашты өңдейтін құрал-сай­мандары, басқа да тұрмыстық заттары, құ­жаттары, фотосуреттері, қолжазбалары болған. Шәмшіге қатысты дүниелерді өнер иелерінің отбасыларынан, ел ішінен тауып, музейге жинақтаған. Кейін Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова бас болып музей қызметкерлері Асантай ағасы­ның жұмысын әрі қарай жалғастырды.

Біз Қалдаяқтан қалған жәдігерлерді із­дестіру, жинастыру жұмыстарын өткен ға­сыр­дың 80-жылдарынан бастадық. Ал не­гі­зінен бұл жұмыс сол кезде қоғамдық негізде жұмыс істеп тұрған қазіргі «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» МКҚК-на Шәмші Қалдаяқовтың келуінен бастау ал­ған. Бұл туралы біз «Қалдаяқ ұста – Шәм­ші­нің әкесі» атты альбом-кітапшамызда былай деп жазыппыз:

«Бірде, 1990 жылдың маусымында музейге Шәмші Қалдаяқов келді. Қа­сын­да досы, жазушы-дра­матург Оразбек Бодықов бар. Оларды ауданға Шәм­ші ағамыз­дың 60 жылдық мерейтойын өт­кізуге байланысты іс-шаралар жайын ақылдасуға аупарткомның бі­рін­ші хатшысы М.Шәкенов пен ауатком төраға­сы Қ.Сыздықов арнайы ша­қыртыпты. Біз ол кезде Оңтүстік Қа­зақ­стан кешен­ді ар­хео­логиялық экспе­ди­циясының Шәуілдірдегі базасынан әде­биет­ші Әдіһам Шілтер­ханов арқы­лы экспедиция бастығы Кемел Ақы­шев­тан бір зертхана­лық залды, бір­не­ше бөлме­лер­ді сұрап, қоғамдық негізде Отырар руханият – Әбу Нәсір әл-Фа­ра­би музей-кі­тап­ханасын ұйымдас­ты­рып жатқан болатынбыз.

Жұмыс жос­па­ры­мыз­да­ғы күнтізбе бо­йынша Шәмші 1990 жылдың 17 тамызында 60 жасқа толатын еді. Осы мерей­тойға орай музейде көрме ашқан едік. Шәм­­ші музей экспозициясын аралап, сол көрменің тұсына келгенде менен темекі тар­туға рұқ­­сат сұрап, қал­та­сы­­нан мүштігін алды. Ол темекісін тар­­тып болып, мүш­ті­гін бет орамалына орап қал­та­сына қай­та салып жатқанда мен: «Шәке, мына мүшті­гі­ңіз­ді музейге қал­ды­рыңыз­шы, экспонат болсын, Сталин мен Чер­чилльдің қор­қо­рын­­дай екен», дедім. Шә­кең күліп: «О, Әбе­ке, бұл менің шер тар­қатар құ­ра­лым ғой, мүш­тігімнен айырылсам, темекі тарта алмай қаламын», деді. Осы кезде Оразбек: «Шәке, темекіңді қоятын кезің келді-ау дей­мін. Бер мүшті­гің­ді Абдул­лаға, мына көрмеңе – музейге қой­сын. Сен темекіні қой», деді. Сонда Шәм­ші ағамыз үн – түнсіз мүштігін маған беріп тұрып: «Абдулла, мүш­ті­гім саған аманат, темекі қою маған аманат»,  деді! Шәмші кетерінде: «Әбеке, музей­лері­ңіз Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз­дың атында болса, бола­шағы зор екен. Менің 60 жыл­ды­ғыма, маған арна­ған тұңғыш мына көрме­лері­ңіз үшін үлкен рахмет. Бірақ менің әндерімді ел Шәм­шінің әні деп, ал атымды ұмытса, ха­лықтың әні деп шырқай жүрер. Әкем Қалдаяқ дүкен ұстаған үлкен ұста еді. Менің жүрісім болса мынау, әйтеуір басына сағана тұрғыз­ғаным ғана болмаса, сол жа­рық­тық­тың қол­өнері көмескіленіп бара жат­қа­ны жаныма қат­ты батады, саған музей қызмет­кері ретінде айтар өтінішім – әкемнің мұра­сы­на бас-көз бола жүр. Сарысудан Сарыкөлге дейінгі қа­лың елде қалды ғой», деген еді.

Бұл өтінішін отырарлық досы Келдебек Жабатаев ағайға да айтқан көрінеді. Келде­кең­нің айтуынша, 1988 жылы Шәмші Оразбек Бодықов екеуі Келдебек ағайдың үйіне келіп қонады. Таңертең шай алдында таза ауада серуендеп жүріп Шәмші: «Келдебек, шалдың дүкені қайда? Сондағы әкемнің дүниелерін құртпашы, оны іздейтіндер кейін табылады», депті.

Біз қанша қат-қабат музей ісімен жүрсек те, Шәмші ағаның осы аманатын ешқашан ұмытқан емеспіз. Оның үстіне, Отырар мем­ле­кеттік археологиялық-этнографиялық қо­рық-музейінің негізін қалаушы, ұлы ұстазым Асантай Әлімов ағамыз Қалдаяқ­тан қалған жәді­гер­лерді бөле-жара жинастыруды үнемі еске салып, өзінің Қалдаяқтың үйінен үлкен төсті музейге алғандығын айтатын. Шәмші ағаның сол аманатымен жүріп, Қалдаяқ ұста жасаған бір құралды (шапа шотты) 1990 жыл­дың желтоқ­са­нында Қаратау мен Сыр өңіріне белгілі ақын Айтбай Белгібайұлының зайыбы Қаншайым әжейден алдық. Әжейдің айтуынша, 1946 жылы Қалдаяқ ұста бір мал сойып, ішінде Айтбай да бар – барлығы бес мол­даны шақырып: «Ар­қадан ауған Жағалбайлы едім, өнеріммен Сыр еліне сіңісіп кеттім. Мына бір шот пен пы­шақ­ты сіздерге сыйлаймын. Қа­сиет­ті ислам жо­лын­­дағы ілімді кісі­лер­сіздер ғой, маған Құран­нан тілек­тес болып жүрер­сіз­дер», деген екен.

Шаппа шот (шапашот) – ағашқа түс­кіш­тігі жағынан, еңкіштігі, қай­қы­лығы, сал­мағы, суы мүм­кін­д­і­гін­ше дәлдікпен ескеріліп, клас­си­калық үлгіде жаса­лынған құрал.

Дәл осындай үлгідегі шаппа шот (шапашот) пен дәнүккішін, қолтөсін, шалғы орақтың мойын темірін, балта шотын Келдебек ағайдан алдық. Келдекең қария 1947-1948 жылдары жазғы демалысында «Қызыл Түркі­с­тан» колхозында Қалдаяқ ұстаның балғашысы болған екен. Бейнетқор, сезімтал, тіл алғыш, еп-септі бала­ның еңбегіне риза болған атақты ұста оған шәкіртім бол деп керекті құрал-сайман­дарын жасап берген. Әдетте зауытта жасал­ған шалғы орақтың мойыны қалың, шөпте тез сынатын осал болған. Сондықтан Қал­даяқ ұста шалғы ораққа беріктік үшін мойын темір салған.

Қалдаяқтың Арыс қаласында, Шәмші ауы­лында тұратын ұрпақтарынан бірталай заттарын алдық. Мәселен, Қалдаяқтың Арыс қаласында тұратын келіні Сағдия Гафан­қызы Минуллинадан (Қалдаяқтың Қадір деген баласының әйелі) ши барқыт шапанын, ағаш балғасын, Шәмші ауылында тұратын кенже баласы Бақыттан қобдишасын, үлкен қол шарығын, білік төсін, зергерлік әшекей заттарын, немере келіні Аманкүл Мәулен­қызы­нан қырғыш пен қант шаққышын ал­дық. Қалдаяқтың көршісі болған Пернекүл Бақжанова апай қысқашын тапсырды.

Шәуілдір қыстағында тұратын ерлі-зайыпты ардагер ұстаздар, Шәмшінің досы Әлшериев Құрманбай ағай мен Мұғжанова Алма апай отбасында қасиеттеп, көздерінің қарашығындай сақтап келген Қалдаяқ дүкені­нің терезесіне қойылған айрықша темір торын, кезінде жасатып алған кепсерін, әкесі Смайылов Әлшеріге арнап жасап берген ұстарасын қимастықтан берді. Ал мәдениет жанашыры, Шәмшінің рухани досы, еңбек ардагері Сағындық Қыдыров ұлы сазгердің қол табы қалған мандолинасын тапсырды.

Қалдаяқ Домбаев ақын, дінтанушы Шә­д­і­төре Жаһангерұлының жақын шәкірт­тері­нің бірі еді. Оның зайыбы Жұмаш әжей мен кенже баласы Бақыт Қалдаяқұлы тапсырған араб әрпімен жазылған діни кітаптарға қарағанда Қалдаяқ хақ жолындағы, өз бетін­ше көп оқыған өте діни сауатты кісі болған. Бұл оның кеңестік пролетарлық атеизмге байқатпаған, замандастары білмеген жан дүниесі.

Біз, музей қызметкерлері, Шәмшінің ама­натымен оның аяулы әкесі Қалдаяқ ұстаның құндылықтарын мүмкін болғанша жинастырып сақтадық, қайта жаңғырттық, экспо­зи­ция­ладық, ғылыми сипаттамасын жазып құ­жат­тадық. Ғылыми баспа жұмыстары бо­йын­ша жоғарыда аталған «Қалдаяқ ұста – Шәм­шінің әкесі» атты альбом-кітапшаны шы­ғардық. Ұлы композитор өмірден озған соң бұл аманат оған да қатысты болып қал­ды. Сон­дықтан музейдің сан-салалы жұ­мыс­та­ры­ның қат-қабатында Шәмшіге қатысты экспонаттарды да ыждағаттылықпен іздес­тір­дік. Сол құндылықтардың бір парасы Шәмшінің соңғы әні «Отырардағы той» әні­не қатысты. Қазіргі Шәуілдір қыстағындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы саз мектебінің бұрынғы директоры, марқұм Жақсылық Әбуовтің «Оты­рардағы рухани мәдениет му­зейіне Шәм­ші Қалдаяқовтың өз қолымен жаз­ған «Отырар­да­ғы той» әнінің нота текс­тін сыйлаймын. Мектеп директоры Ж.Әбу, 25.07.1997 ж.» деген нұс­­қадағы қолхат таң­ба­сымен тапсырған «Оты­­рардағы той» әні­нің нота парақшасы. Шәм­шінің: «Ана туралы ән шығарған едім. Әл-Фараби елінің жігітімін ғой, әке туралы, жер­лестерім туралы ән шығарамын, қыз­да­рым, інілерім. Я родился в Шаульдере. Не забуду Шаульдер. Ш.Калдаяқов» деген қол­таң­ба жазуы бар фотосуреттері, Шәмшінің үлкен қарындасы таяуда өмірден озған аяулы Раушан апамыз­дың «Ағам Шәмші Қалдаяқов­тың мандолинасын Отырардағы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына» сыйлаймын… Абитова (Қалдаяқова) Раушан. 28.08. 2010 ж.» деп қол қойған қолхатпен тапсырған ман­до­лині, паль­тосы, парсыша кітабы, інісі Қадыр Қал­даяқов­тың «1988 жылы ағам Шәм­­ші сыйға тартқан осы «Унисон-3» баянын Оты­рардағы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фа­ра­би мұражайы­на» – әкем Қалдаяқ пен ағам Шәмшінің му­зейіне сыйлаймын. Қал­даяқ­тың баласы Қадыр. Шым­кент. 2011 жыл, 28 тамыз» – деген қол­хат­пен тапсырған баяны, т.б. Шәмшінің өзі, отбасы тұтынған бұ­йым­дары, шығармашылығы туралы әдебиеттер, құжат­тар, фотоқұжаттар…

Шәмшіге қатысты құнды­лық­тар­дың дені Отырар ауданының орта­лы­ғы Шәуіл­дір кентін­дегі Шәмші Қал­­даяқов атын­дағы орта мектепте ашыл­ған саз­гердің музейінде сақ­тау­лы. Ке­зін­­де бұл жәді­герлерді мек­­тептің сол кез­дегі директоры, қазіргі Отырар мем­лекеттік архео­ло­гия­лық қорық-му­зейінің директоры Пердехан Жап­парқұловтың тіке­лей ұйым­дас­ты­руы­мен Оң­түстік ас­тана­мыз Алматыға де­йін барып тір­нек­теп жинап, Қазақ­стан мектеп­терін­де ал­ғаш Шәмші музейін ашқан, мектеп­тің мұғали­ма­сы, білікті ұстаз Қыдырова Күләш қа­рын­дасымыз болатын. Музей қо­рын­да Шәмшінің әндер жина­ғы түсі­ріл­ген әде­биет­тер, күйтабақ­тар, үнтаспа­лар, сазгер­дің қолжазба қо­йын дәп­тер­лері, пиа­ниносы, фото­су­рет­тері, бөр­кі, т.б. киім­де­рі басқа да жәдігер­лері бар.

Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстық өлке­тану музейіне, сондай-ақ республи­ка­мыз­дың басқа да музейлеріне, мектеп музейл­ері­не қатысты жәйт. Ал жеке кісілердің қолында сақталғаны қаншама… Мәселен, Төлеген Ай­бер­генов­тің қызы Салтанат Айбергенованың үйінде Шәмшінің саусағының табы қалған пианиносы («Аңыз адам»), дүнген ауылы­ның тұрғыны Илья Гашизовта шахматы («Аңыз адам»), Сарыағаш қаласының тұр­ғы­ны Ар­слан Асановтың үйінде орындығы («Аңыз адам»), Қабылбай қолында шаппасы («Аңыз адам»), сыйлас інісі Қасымбек Нұрбековтің қалтасында тағы бір мүштігі («Аңыз адам»), Кендебай Ахатта галстугі («Аңыз адам»), Нұрғали Нүсіпжановта «Тал­дықорған – әнім менің» әнінің нота парақшалары («Аңыз адам»), достарының зайыбы Рахима Мамбаталиева мен Мағрипа Ералиевада көйлегі мен қайшысы («Аңыз адам»), т.б. сақтаулы. Жо­ғарыда аталған мемлекет, қоғам және ғылым, мәдениет қай­раткерлеріне, мемлекеттік, қо­ғам­дық ұйым­дар­ға, жеке азаматтарға, музей ұжымдарына Шәмші мұрасын ата мұрам деп сақтағаны үшін шексіз алғыс айта отырып, ұлы саз­гердің тарыдай шашылған осы дүние­лерін ғылыми негізде жинастырып, оның ме­мо­риалдық музейін ашу мемлекеттік маңызы бар іс екенін еске саламыз.

Өйткені, музей ісінде көрнекті оқиғаны немесе адамды мемориалдық музейлерсіз ес­те қалдыру мүмкін емес. Мәселен, Жи­де­бай­дағы Абайдың музей-қыстауы, Алматы қала­сын­дағы М.Әуезовтің, Астана қала­сын­дағы С.Сей­фуллиннің, Қарасаздағы М.Ма­қа­таев­тың әде­би-мемориалдық музейлері осы мақ­сат­та құ­рылған. Ал ұлы сазгер, мемлекеттік Әнұран­ның авторы Шәмші Қал­даяқовтың шығар­ма­шылық өмірін баяндайтын толық экспозициясы бар мемо­риал­дық музей Қа­зақ­станда жоқ. Егер Шәмші музейі ашылса, онда компози­тор­дың жәді­гер­лерін сақтайтын, қай­та жаңғыр­та­тын, зерттейтін, қор сақтау, қайта жаңғырту, өнертану – шәмшітану бөлімдері ашы­лып, шығармаларын насихаттайтын фоль­к­­лор­лық-этнографиялық сазды ансамбль құры­лар еді. Тіпті, сенатор Қуаныш Айтаханов пен Мәде­ниет және ақпарат министрі Дархан Мың­бай­дың ықпалымен жыл сайын өтіп жүрген ха­лықаралық Шәмші ән бай­қауын осы музейдің ғылыми-көпшілік, ғы­лыми-ағарту іс-шаралары аясында өткізуге болады. Турасын айтқанда, Шәмшідей қай­талан­бас ға­жайып дара та­лант­тың рухани құндылық­тарына ие болар мем­ле­кеттік бір мәдени ағар­ту мекеме керек. Ол мәдени ошақ – Шәм­ші­нің сазды-мемориал­дық му­зей­і. Бұл ғылыми, мәдени құры­лым­сыз Шәм­­шінің мә­де­ни мұ­ра­сын келешек ұр­пақ­қа толықтай сақ­тап жет­кі­зу мүмкін емес. Жалпы, Шәмші Қал­даяқовқа көрермендерге қызықты экспозиция мен көр­мелерді ғана көрсете алатын тұрғыда ғана емес, қаба­тын­да кездесулер мен мәдени форумдар және білім беретін бағ­дар­ламалар өте­тін, функ­цио­налдық және тех­ни­ка­лық жағы­нан бү­гін­гі музейлік мекемелерге қо­йы­латын та­лаптарға сай музей ашылуы керек.

Музейдің орны қай жер дегенде, әрине, ғылым мен мәдениет орталығы Астана қаласын, Шәмшінің шығармашылық өмірі өткен Оңтүстік астанамыз Алматыны немесе туған өлкесі Шымкентті, туған жері, туризмнің орталығы Отырарды атауға болады. Осы орайда Шәмшінің Таразда да ізі қалғанын ұмытпауымыз керек.

Композитор Шәмші Қалдаяқовтың түркі әлеміндегі рухани ұлылығы – ұлы түркі империясын құрған ата-бабаларымыздың жан-дүние болмысымызда қалған ән әуендерін тауып, оны жан тербетер ғажайып әуезбен халық жүрегіне жеткізе білуінде. Осы орайда ежелгі түркі қағанатының қарашаңырағының иесі, мұрагері ретінде біз Шәмші музейін мемлекеттік мәртебесімен ашуға міндеттіміз.

Абдулла ЖҰМАШЕВ, «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» МКҚК директоры, мәдениет қайраткері.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.

Суреттерде: Шәуілдір кентінің мұра­жай­ларындағы Ш.Қалдаяқовқа арнал­ған бөлімдер.