25 Сәуір, 2012

Мәлім. Мұзағаң. Маршал

492 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Мәлім. Мұзағаң. Маршал

Эссе

Ұйқы шайдай ашылсын. Жас ұлғайған сайын мазасыздана береді екенсің. Тым сергексің. Мықтағанда төрт-бес сағат. Тіпті, кей күндері ұзақ таңға кірпігің айқаспайды-ау… «Ұйқысыз адам – ойшыл». Менің жанымнан шығарғаным емес. Әкеміз ұдайы айтатын, шешемізден естіген лепес. Жүре тыңдап, жіті мән бермегеніміз рас.

 

Эссе

Ұйқы шайдай ашылсын. Жас ұлғайған сайын мазасыздана береді екенсің. Тым сергексің. Мықтағанда төрт-бес сағат. Тіпті, кей күндері ұзақ таңға кірпігің айқаспайды-ау… «Ұйқысыз адам – ойшыл». Менің жанымнан шығарғаным емес. Әкеміз ұдайы айтатын, шешемізден естіген лепес. Жүре тыңдап, жіті мән бермегеніміз рас.

Бүгін де әдетімше оянып кеттім. Құланиек­те­ніп келе жатқан күннің қызыл арай шапағы қа­рама-қарсы зәулім үйлердің жыпырлаған әйнек­те­рінде ойнайды. Ғажайып тамаша құбылыс, зер сала бермейтін сурет. Күн шығыстан емес, батыстан көтеріліп келе жатқандай. Құдды шағы­лысқан айна дерсіз. Есіме әп-сәтте жетіп келгені – өте ертеректе, мектеп қабырғасында жүргенде оқыған бір әңгіме. Ұмытпасам, авторы жазушы Шәрбану Құмарова. Шығарманың аты да қаз-қалпында бүкіл әлеміштеген сурет-штрихтарымен жанарымның алдында көлбеңдейді. «Терезелер». Қала тіршілігін өзек еткен алақандай туындының жанға жылылық үйірер әдемі әсері дабылдап қоя берді. Түнгі оттары жанып-сөнген жыпырлаған терезелер…

Дәл қазір мүлдем басқа бейнені тамашалап тұр­мын. Бала кезімде жаттаған Мұза­ғаң­ның өлеңдері тіл ұшына орала береді-ай. Неге екенін қайдам, ақын­ның терезе әйнек­терін шертіп ойнаған күн нұрын, ана ала­қа­нына теңеген өле­ңі есіме түскен. Балалар бағының абыз-бағбанына айналған ағаның ардақты тұлғасын әр қырынан көріп тұрғандаймын. Ой, алла, мұндай да болады екен!.. Сағыныш сазы ма? Жоқ әлде, кешеден бері Мұзағаңды ойлағаннан ба? Әбден мүмкін. Екінші жа­ғы­нан күмәнданаты­ным, Мұзафар аға жайында бір ап­та­ның ішінде үш оқи­ғаға тап болуым. Күт­пе­ген тұс­та. Сәй­кес­тік пе, заңды­лық па? Жа­ра­ты­лыстың қай тылсымына, қай құ­ді­ре­тіне жатқы­за­рым­ды білмей өзімнің де аңырып қал­ға­ным шын. Асық­па­ңыз, сәл сабыр. Жо­ғарыдағы илхам-хабар тө­ңі­регіндегі шер­тілер сырды шегере тұ­рып, ең алдымен қайта орал­мас жылдар­дың көмескі көріністерін еске түсірейінші…

Иә, мен осы Мұзафар Әлімбаевты қашаннан бері білемін? Оның қаламынан туған өлең-жырларды ең алғаш қайдан оқыған едім? Ал сүйікті ақынды тұңғыш қайда көрдім? Бірінші рет жүздесіп, тілдесуім ше?.. Табан астынан миымды шырмап алған ынтық сауалдар тұс-тұстан атойлап, байыз таптырар емес.

Шетінен бастайық. Менің туып-өскен, бала­лық шағымның өшпес ізі қалған Балқаштың жа­ға­сындағы аядай балықшы ауылының өз думан-қызығы толып жатыр. Колхоздың бас көтерер ересектері қысы-жазы іргедегі теңізден су ыр­зы­ғын сүзеді. Біз секілді қарасирақтардың ермегі – ойын. Мектептен келген бойда апыл-ғұпыл жү­рек жалғап алып, ертеңгі сабағымызға әзірленген боламыз. Әрине, бір мезгіл оқыған газет-журналдардан жаттап алған тақпақтарымызды айтып жарысамыз. Түкпірдегі ауылға теледидардың келмеген кезі. Балалардың қолынан «Балдырған» мен «Қазақстан пионері» түспейтін. Сол заман­ның сәні бойынша әр үйдің төрінде ілулі тұра­тын. «Балдырған» журналының бетінде жария­лан­ған тілге жатық, ойға оралымды өлеңдерді, сыңар шумақ тақпақтарды, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды мезетінде жаттап алуға ұмты­ла­тын­быз. Санамызда қаршадайда қашалған дүние­лер ешқашан ұмытылмайды. Бірақ, елең еткізген әлгі туындылардың кімдердікі екеніне зейін салып, ыждағаттылық таныта қоймайтынымызды жасыра алмаймын. Әсіресе, бізге журналда үзбей жарық көретін Мәлім деген автордың өлең-тақпақтары қатты ұнайтын. Жазғандары керемет. Өте ұғынықты, әлденеше мәрте қайталасаң болды, өз-өзінен жатталып қалады.

Талай буын өкілдерін ізгілікке тәрбиелеген, еңбекқорлыққа баулыған, қағілездікке үйреткен қарапайым да, ойнақы да ойлы  өлең жолдарын қазір балаларымыз бен немерелеріміз тақыл­да­тып жүр. Оқулықтан оқулыққа, әліппеден әліп­пеге көшкен інжу-маржандар авторының нақты аты-жөнінің Мұзафар Әлімбаев екенін студент шағымда бір-ақ білдім. Институт табалдырығын аттаған жылы әдебиет сабағы үстінде ұстазым, филология ғылымдарының докторы, сыншы Хасен Әдібаевтың аузынан естігенімде қайран қал­ған­мын. «Атақты балалар ақыны Мұзафар Әлім­баев өзінің балауса бүлдіршіндерге арнаған өлең-тақпақтары мен жаңылтпаш-жұмбақтарына «Мә­лім» деген бүркеншік ат қойған…». Ашығын айту керек, жаңғалақ та аңқау бала-жүрек псев­доним­ді қайдан ұқсын.

…Көзімізді тырнап ашқаннан досымызға ай­нал­ған журналда езуіңе жеңіл күлкі үйірер әдемі дүниелер көп жарияланды. Сәби санасын, бала көңілін баурап алар өмірдің өз суреті. Бояуы қанық, ойы анық. Кез келген жеткіншек жаттап алады. Ұйқастары да, тіркестері де шымыр. Бал­дырғандар ұғымына лайықты. Қиялымызды ұш­тап, арманымызды асқақтатып, өреміз­ді өсірген жақсы туындыларды тек қана  «Бал­дырғаннан» оқи­тын­быз. «Бал­дыр­ған» журналының тізгінін ұстаған талапшыл да талғампаз Бас редактор Мұзафар Әлімбаев басылым бетіне бір қай­науы  ішінде жатқан жасық та нашар дүниелерге жол бермегеніне де бертініректе көзім айқын жеткен-ді.

Бұл турасында бала­лар­ға жазып жүрген қалам ие­лерінен сан мәрте естігенім бар. Ал Мұзағаңмен бірге қызмет атқарған алдымыз­да­ғы ағалардың әңгіме­ле­рі­не құлақ асу өзіндік сабақ. «Балаларды алдауға болмайды. Сәби жүрегінен се­зім­тал ештеңе жоқ. Не болса, соған сенетін бүлдір­шін­дер көңілінен шыққан жөн. Ол үшін жақсы жазу керек. Әрине, айтқанға оңай, әйтпесе, кіш­кен­тайларға арнап қалам тербеу қияметтің-қия­меті. Ең бастысы, бала болып ойлану қажет…». Жіті зерделеген жанға Мұзағаң мектебін, Мұз­ағаң дәрісін түсініп, ұққандай болары сөзсіз. Оған дәлел – жоғарыдағы сыр ұшығын жеткізген балалар ақындары Құрманбай Толыбаев, Ермек Өтетілеуұлы, Сұлтан Қалиевтердің Мұзағаң туралы ой-пікірлері.

Иә, «Балдырғанды» тапжылмай отыз жыл басқарған Мұзафар Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетін қалыптастырып, дамытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Үлкенге де, кішіге де ұстаз бола біл­ген оның үлгі-өнегесін менің өз басым сәбилер сезіміне бөленіп, жеткіншектер жүрегіне ұялап, кішкентайлар көңілін аялаған қаламгерлердің мың түрлі бояумен өрнектеген шығармаларынан іздеймін. Балдырғандар поэзиясының ақсақалы Өтебай Тұрманжанов бастаған олардың көшін төмендегіше түзер едім: Мүбәрак Жаманбалинов, Бүркіт Ысқақов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Әдібай Табылдиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Сма­қов, Қастек Баянбай, Жәнібек Кәрбозин, Ермек Өтетілеуұлы, Нұрхан Жанаев, Әбді­рахман Асылбеков, Оразақын Ас­қар, Совет Әлім­құ­лов, Жеңіс Қашқынов, Адыр­бек Сопыбеков, Есентай Ерботин, Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиев, Өтеп­бер­ген Ақыпбеков, Бейсебай Кі­ріс­байұлы… Өмір­ден өт­кендері бар, ортамызды толтырып, балалар ба­ғы­ның нағыз бағба­ны саналатын сардарлар мен саң­лақтар жанары­мыз­ға осы­лайша елестейді. Ба­лаларға арнап тамаша туындылар жазған кей­бір хас таланттарды әлдекімдердің іздеуі әбден мүмкін. Сөйт­се­дағы біз бүкіл саналы ғұмырын тек балаларға ба­ғыштаған қаламгерлерді ғана ірікте­дік. Балалар әде­биетінің бүгінгі биік шыңы Мұзағаң тұлғасын даралап бейнелеу мақсатында өзімізше саралап отырмыз…

Айтпақшы, әлгінде әңгіме әуезіне қарай ес­кертіп едім ғой. Екі-үш ауыз сөз Мұзафар ағамен алғашқы танысу төңірегінде. Арман жетектеп ару Алматыға келген кез. Бәрі-бәрі қаз-қалпында жаңғырады-ай. Аты-жөндері мектеп оқулық­тары­нан көзге қанық профессор аға-апайлардың лекциялары, атақты ақын-жазушылармен жүздесу­лер, түннің бір уағына шейін кітапханаларда отыру… Жетім қозыдай түртінектеген, өңдерін қағаз сорған бозымдар бір мезгіл қалт еткен сәттерін бос жібермей үлкен шаһардың әр түкпіріндегі редакцияларды, газет-журналдарды шарлап, кезіп шығады. Жазған-сызған «шимай-шатпақтарын» журналист ағаларының құзырына  тапсырғанша асығады. Мінеки, осындай кепті мен де бастан өткіздім. Газеттер мен журналдарды адақтап, бі­реуіне шағын суреттеме мен мақаламды, екін­ші­сіне ребусым мен этюдтерімді апарамын. Обалы нешік, редакциядағы ағаларым  бетімнен қаққан емес. Керісінше, көбі маңдайымнан сипап, ең­сем­ді көтеріп, әжептәуір қанаттандырып жібе­реді.  Мәзбін. Осындай бөлекше серпілген мезетте «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакциясынан шыққан бойда үнемі жүрексініп, ая­ғым тартыншақтанып баспайтын «Балдырған­ның» табалдырығын қалай аттағанымды білмей­мін.

– Аманбысың, кәні бері келе ғой, – деді төрге жақындау үстелдің жанында түрегеп тұрған Ермек аға Өтетілеуов жұмсақ үнмен. – Бірдеңе әкелдің бе? Ұялма, мұншама қысылғаның не?

Төрт қабырғада жағалай отырғандардың қол­дарын тегіс қысып шықтым. Біразын білетін се­кілдімін, таныс жүздеріне ұрлана тесілемін. Әнуар­бек, Жақан, Сұлтан ағайлар…

– Төрлет, балақай… Жазғандарыңды көрсет­ші, кәнеки. Бірігіп оқып жіберейік…

Қысылып-қымтырылып жүргенде өңіне тік­теп мән берсемші. Жымыңдап, құшақ жая қар­сы алған Мұзафар ағаның өзі.

– Мұзаға, бұл бала «Қазпионердің» юнкоры Жанат Орынбаев қой. Биыл ҚазПИ-дің филфагына түсіпті. Фамилиясын аттестат аларда метрикасына қарай өзгертіпті. Қазір бұ жігіттің аты-жөні – Жанат Елшібеков. Түнеу­гүні «Қазақстан пионерінде» жолықтырып, жақ­сы­лап танысқанбыз. Өзі жақсы жазып жүр. Бізге де қатысып тұр дегенмін…

Ермек аға өстіп мені ежелгі танысынша бастығына таныстыра бастады.

– Е-е… дұрыс екен, – деді Мұзафар аға орнынан ылдым-жылдым қозғалып. – Жанаттың этюд­тері бізде де екі-үш мәрте шықты емес пе, осы…

Қолыма орай ұстаған тор көз дәптердің ортасынан жұлынған қос беттік параққа маржандай етіп толтырған «Бала тілі – бал» деген дүниемді Мұзағаңа ұстаттым.

– Асықпай өзің оқышы. – Ол орама қағаздың бүктеуін жазып Ермекке берді. – Почеркі тәуір екен. Сосын мына қолжазбасын мәшіңкеге бас­тырып, бір данасын баланың өзіне қайтарыңдар. Студент қой, қайда, кімге бастырар…

Мақұлдап, басын изеген Ермек аға жайланып отырып, «Бала тілі – балды» ретімен оқи жөнелді. Ілкі сәттік тыныштық. Ешкімде үн жоқ. Жұлдызшалармен бөлінген мөлтек этюдтердің үшіншісі, әлде төртіншісі оқылғанда Мұзағаң:

– Мынасы тамаша, тұсына птичка қойшы, – деді қуана. – Жеңіл юмор дегеніміз осы.

– Жақсы екен, – десті өзгелер де қабаттаса.

Сұрау белгісіндей салбыраған денемді мен де еркін жаза бастадым. Қуаныштысы, одан кейін де бас қазы Мұзағаңның риза-хош пейілін аңғартар «Бұған да белгі қоярсыны» жиіледі. Сөйтіп, он бес-жиырма шақты этюдтің жеті-сегізі табанда таңбаланып, Мұзафар ағаның пәрменімен «Бал­дыр­ғанның» жаңадан әзірленіп жатқан кезекті нө­міріне жіберілді. Қуанышым шексіз. Төбем көк­ке жеткендей, жатақханама қалай ұшып кел­генімді білмеймін-ау. Жанымдағы әдебиетші жі­гіттерге «Мен бүгін Мұзафар Әлімбаевты алғаш көрдім. Қолын алып, амандастым. Этюдтерімді өзі оқыды. Біразы «Балдырғанның» алдағы сандарында шығатын болды» дей бергенім күні кешегідей жадымда…

Шүкір. Жақсы адамның шарапаты шартарап­қа тарайды, ал шапағаты шалғайға шашырайды. Мұзағаңмен бірге бір ұжымда қызмет істемесек те, бір шаңырақтың астында күн кештік.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Алматының әр қиырында шашырап жүр­ген отызға тарта газет-журнал көкбазардың тү­бі­нен бой көтерген тоғыз қабатты заңғар Баспасөз үйінің ғимаратына көшіп келдік. Баспаханамыз да іргемізде. Таныс та, бейтаныс жүздеген жур­на­листің ыстық ұясына айналған киелі шаңырақ талайлармен таныстырып, талай тағдырлармен то­ғыстырды. Қаншама тұлға, соншама мінез. Ға­жа­бы сол, бір есіктен кіріп, бір есіктен шығады. Әйгілі Шалгиіз жырау «Көрінгеннің бәрі бірдей кісі емес» дегеніндей әлгі ондаған, жүздеген жандарды әр қырынан ажырата түстік. Шиыры көп қымбат ғұмырдың сыйы шығар. Қазақ сөз өне­рі­нің маңдайы жарық майталманы Мұзафар Әлім­баевты бұрынғыдан да жақынырақ біле бастадық. Этаждан этажға көтеріліп, я болмаса түсіп келе жатқанда, әйтпесе лифтіде ұшырасып қалғанда не жазып, не қойғаныңды түгендеп «анауың жақ­сы», «мынауың тәуір», деп арқамыздан қағатын қатал сыншымыз да жанымыздан табылған-ды. Тоғызыншы қабатта отырып жетіншідегі Сейдахмет Бердіқұловқа телефондайды. «Сейдеш-ау, бүгінгі «Ленжасыңды» кеміріп шықтым. Тамаша, тек болмашы бір әбестік жіберіп алыпты жігіт­терің». Алау журналистердің мүлт кеткен тұс­та­рын да осылайша биязылап ескертетін. Өз құла­ғы­мызбен сан мәрте естігенбіз. Қазымырлықтан аулақ, әрине. Сөз қадірі мен қасиетін бір кісідей танитын зергер суреткердің сарабдал сара­шы­лы­ғы да. Үлкен ұста соңынан ілескендерге сөз сырын, сөз сиқырын үйретуден жалықсайшы. Бұл ту­расында газеттің кезекті санын жоспарлау сә­тін­де, апта сайын өтетін лездеме үстінде ұста­зы­мыз Сейдағаңның өзі әлденеше рет құлағымызға құйғанын неге ұмытайық. «Жігіттер-ау, Мұзағаң текке шырылдамас. Бердіқұловтың жасын мен жасықты айыра алатынын білсе керек. Сөз балқытқан жастардың жалынын үрлеп, қаузағаны деп ұққайсыңдар…».

Кірпияз да, паң Сейдағаң көп жанды оңай­шы­лықпен мойындай бермейді. Ешкімнің алдында бүгежектемей, қас-қабағына қарап күнбағысша иілмейді де. Еменнің қарсы біткен иір бұта­ғын­дай ол осы мінезінің арқасында «Ленжастың» да еңсесін ешкімге бастырмады. Ортақол авторларды, ортақол дүниелерді мүлдем басылымға жо­лат­пағаны тұрыпты, кеуде қағып кеңірдектес­кен­дерді кабинетінен қуып шыққанына куәгерміз. «Газеттің беті – тәжірибе, иә болмаса сынақ жүргізетін алаң емес. Бір қайнауы ішінде шимай-шатпаққа жол жоқ. Әзірге мен отырғанда нашар дүниелер шықпайды. Талап та, талғам да осы. Кәне, барыңыз. Ең алдымен, бөлімдегі жігіттер­мен сөйлесіңіз, завотделі не дейді? Соларға ұнаған өлең-жыр, әңгіме, очерктер ғана жарияланады. Материалға зәру емеспіз, құдайға шүкір! Тек айдарынан жел ескен жақсысын, жалпақ жұрт­қа қажетін ғана іріктеп алуымыз керек…» Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ішіне жасырмай айта салатын бастығымыз Мұзағаңды қатты құрметтейді. Әрине, творчествосын, жаз­ған­дарын. «Көрмейсіңдер ме, Мұзафар ағала­рың­ды?! Тынбайды. Қаламын суытпайды. Жастардан бетер жарқылдап жүргені. Балаларды ғана төңі­рек­темей, үлкендерге де арнап бұрқыратып тө­гуде. Кейінгі жазған көлемді дастандары мен аза­маттық лирикалары тың ізденістің жемісі. Менің білуімше, Мұзағаң күн сайын бір мақал-мәтел, бір жұмбақ-жаңылтпаш кестелемесе шайын да дұрыс ішпейтін сықылды. Соңғы уақыттағы әдеп, әдет, имандылық, адамгершілік иірімдері, халық­тық педагогика секілді өзекті де өтімді тақы­рып­тарды қозғайтын ой-толғаныстары қандай! Нағыз біздің тақырып. «Ленжас» жазатын, мына сендер жазатын дүниелер ғой. Саусақтарыңды сорып отырған түрлерің мынау. Сендердің бойларыңда Мұзағаңа тән сергектік, Мұзағаңа тән еңбек­қор­лық шамалы. Ашық мойындаймын, ол кісі бал­дыр­ғандар поэзиясының маршалы. Сөйтсе де… Дәл қазіргі қаузап жүрген тақырыбы қызық­тыр­май қоймайды. Қайталап ескертемін, енжарлық, бойкүйездік бізге жараспайды. Ұят-ақ. Ойлануымыз керек, ізденуіміз керек. Ең құрығанда, алыс­қа алақтамай, қастарыңда қатар жүрген Мұзафар Әлімбаевтан үйренсеңдерші…»

Редакторымыздың Мұзағаңды не үшін сыйлайтынын түсінгендейміз. Таусылып та, түңіліп те сөйлемейді. Ойындағысын әманда жұмсақтап жеткізетін әдеті. Бір ғажабы, Сейдахмет аға жігіттерінің жазғанынан жылт еткен жа­ңа­лықты, тосын  ізденісті байқап қалса, балаша қуанады-ай. Ондай күндері бөлме-бөлмені аралап, көкейінде жүрген жаңа тақырыптарының ұшын шығарады. Екі көзі жайнаңдап, жы­мың­да­ған ағаның асыл бейнесі ұмытылмапты-ау. Қазір де жанарымның алдында көлбеңдейді қаз-қал­пын­да. Бәз-баяғыдай… Келмес күндер көрініс­тері, жырақтағы жылдар жаңғырығы өзінше тіл қатады. Маңайына жолауға жүрегіміз дауаламайтын Мұзафар ағаның сұсты кейпіне қарап, қатал адам көретінбіз. Қатты қателесіппіз. Нағыз балажан, аңқылдап ағынан жарыла сырласқанда ежел­гі досыңдай баурап алады. Сөйтіп, біз Мұза­ғаң­ның өзіне де, шығармашылық лабораториясына да жақындай түстік. Дархан пейілді ағаны әр қырынан тани бастадық. Тіпті, күн сайын болмаса да, арамызды суытпай, апта аралатып, ай аралатып жалпы қазақ әдебиеті мен өнеріне тікелей қатысты тақырыптар төңірегінде емен-жарқын пікірлесетін болдық. Осынау байланысымыз «Еге­мен» Ақмолаға көшкенге дейін әдемі жал­ға­сын тапқанын мейірлене еске түсіргім келеді.

Жомарт мінезді, кесек тұлғалы қаламгердің тындырған еңбегі – үлкен үлгі, үйренетін үрдіс. Адами қасиеттері жөніндегі елең еткізер жайларды тілге тиек етпестен бұрын, тоқсанның биігіне өрлеген Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев қаламынан туған том-том туындыларды терең талдамай-ақ, шолып шыққанды парыз санап отырмын.

Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетін­де жарияланған Мұзағаңның бүгінге дейін баспа жүзін көрген кітаптарының ұзын саны жетпіске жуықтайды. Шы­ғар­малары әлемнің қырыққа тақау тіліне аударылған. Әдебиет майданында мон­шақ­татып тер төккен ол 300-ге тарта ән­нің өлеңін жазған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі азат еліміздің Гимні автор­лары­ның бірі. Тәржімалары да көл-көсір, талай томды құрайды.  Жанрлары да сан алуан: өлең, дастан, баллада, эссе, монография, зерттеулер, мақал-мәтелдер, пуб­лицистикалық ой-толғамдар, афоризмдер, ән өлеңдері, ғылыми сын. Бейнелеп түйіндесек, Мұзағаң әдеби қор­жы­нының екінші басын тұтасымен ба­лаларға а­рналған туындылар толтырады. Тілашар өлеңдерден бастап, тақпақ­тар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мадақ­та­малар, мазақтамалар… бәрі-бәрі бар. Оларды санамаламай-ақ, «Аспандағы әпке» атты жинағы үшін Мұзафар Әлімбаевқа Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлықтың берілгенін айтсақ та жеткілікті. Атақты қаламгердің әдебиеттегі жемісін тәуелсіз еліміздің ең жоғары наградасы «Отан» ордені әйгілесе керек.

…Есімі әрдайым балалар ұзаны ретінде ардақ­талар аға жайында ойламаған жерде екі-үш мәрте жылы лебіз естігенімді әңгімеміздің әлқис­са­сын­да ескерткенмін-ді. Енді соған тоқталайын. Ал­ғашқысын шалғайдағы ауылда кезекті еңбек демалысында жүргенімде, кластасым Төлеубер­ге­нов Ризабектің аузынан естідім. Біраздан бері жүз­десудің сәті түспеген онымен мәре-сәре қауы­шып, әжептәуір қауқылдасып қалдық. Ұзақ жылдар ауыл мектебінде тіл-әдебиеттен сабақ берген ұстаз-құрдастың көкірегі даңғыл, әр жайдан хабардар. Тілінің бізі бар, шешен, әңгімешіл. Ризабек қазір зейнеткерлікке шығыпты, аудан орта­лы­ғы Үштөбеде тұрады екен. «Қартайған шағыңда туып-өскен мекеніңнен жылжыған қиындау көрі­неді. Ай аралатпай ауылға тартамын да тұ­рамын. Бәрі ыстық, бәрі таңсық… Біреудің қуа­ны­шы, біреудің қайғысы дегендей. Себепке ілік із­дер сылтау керек…» Өткен-кеткеннен әңгіме қоз­ғаған Ризабек дос сөз арасында әдебиетке қа­тысты да өз ойларын ортаға салған. Қанша айтқанмен әде­биетші емес пе. Көсіліп, шешіліп ағытылған. Өз түйінін, өз байламын, өз таразысын білдірген оның балалар әдебиеті туралы, Мұзафар Әлім­баев хақындағы пікірлері еріксіз елеңдеткен. Әсі­ре­се, Ризабектің табан астынан «Мұзафар Әлім­баев балалар ақыны ғана емес. О кісі маған балалар поэзиясының маршалы секілді көрінеді. Сен өзің бұған қалай қарайсың, ә?!» дегені бар.

Жөпелдемеде үндемей, басымды изей бердім. «Құдай-ау, бұрын да естіген сөзім ғой. Қайдан, кім айтып еді?..» Адам жады бүгінгі компьютерден кем емес. Заматында бәрін есіңе түсіреді. Рас. Қателеспеген тәріздімін. Осыған тақылеттес ой ұшқынын мен ертеректе рухани ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтан ең алғаш естіген едім. Бірақ, еш мән бермегенмін. «Біздің Мұзағаң балдырған­дар поэзиясының маршалы емес пе…» Иә, Сей­дағаңның  сөзі. Зерделеген шығарсыз, ойлар мен пікірлердің қалайша қиылысып, қалайша тоғы­са­ты­нын. Әдебиетте ұшырасатын мұндай жәйт­тер­ді «көшпелі ойлар» деген терминмен түсінді­ре­тіні мәлім.

Қызық. Ауылда бір айдай аунап-қунап, жұ­мысыма келген күні Мұзағаң турасындағы лебіз басқа қырынан өрбіген. Қаламнан қол босаған мезетте жігіттердің басы редакцияның алтыншы қабатында тоқайласады. Темекі шегіп, қысыр әңгіменің тиегін ағытып дегендей. Лифтіден шық­қан бетте гу-гудің үстінен түстім. Әріптес журналист-жазушылар Жылқыбай Жағыпарұлы, Сүлеймен Мәмет, Қайсар Әлім, Сұңғат Әліпбай, Берік Садыр біраз жайдың басын қайырғанға ұқсайды. Сөз репетінен де, түр әлпеттерінен де ап-анық байқалады.

– Орта толсын, халдерің қалай?..

– Ой, Жәке, біздікі құр әншейін уақыт өткізу де. Мына Беріктің «Сөз сойылын» айтып жатыр ек, – деді Жылқыбай жымыңдап.

– Бұрынғыларынан тәуір екен. Әсіресе, маған Мұзафар ағаның «Майысқан мәтелдері» сондай ұнады, – деді Сұңғат іле-шала пікірін білдіріп.

– Осы, Мұзағаң қаншада?

– Алдағы жылы тоқсанның төріне көтеріле­ді. – Беріктің сауалына жауап берген Қайсар ойын шегелей түскен. – Мұзағаң жақсы қар­тайды. Қақ-соқпен шаруасы жоқ. Әлдекімдер сы­қылды сая­сат­қа да араласқан емес. Кәрілік болса керек, оның үстіне соғыста болған. Аяғы­нан ауырсынып, ұзаққа жүре алмайды, шамасы. Әлі күнге шейін газет-журналдардың беттері­нен түспейді.

Қайсардың пікірін Сүлеймен жалғады:

– Әлгінде өте дұрыс айттыңыз, Қайсеке. Қазақтың шалдары Мұзафар ағадай қартайса ғой, шіркін! Сүйегі де, сөзі де асыл. Ақыл­гөйсіп, ақ­сақалмын деп дау-дамайға да қосыл­майды. Жөн-жосықсыз желеу сөзге ілесіп, даңғаза-дақпыртқа да араласпайды. Есесіне таза әдебиетке қатысты ой-толғаныстарын, өлең-жырларын, мақал-мәтел­де­рін үзбей жалғас­тыруда. Сүйікті кейіпкерлері – кішкентай бүлдіршіндерді де ұмытпай, жыл аралатып ба­зарлық-кітаптарын ұсынуда. Мұзағаңды өз басым бүгінгінің нағыз данагөй абызы дер едім. Қазақтың киелі сөзіне тоймай, шөліркеп жаз­ғанына қатты қызығамын.

– Иә.

– Дұрыс.

Бірін-бірі мақұлдай қоштаған әріптестерім­нің пікірлері бұл жолы әр саққа қиғаштамай ортақ арнаға құйылғандай. Әдемі әсерге бөлен­ген менің көңілім бұрынғыдан бетер асқақтап алыс көкжиектерге қанат қағып кеткендей. Ойым­да­ғы­ны, көкейімдегіні өзгелерден есті­гені­ме қуан­ға­ным рас. Қалам ұшына белгілі ақын Бейсебай Кі­рісбайұлының кезінде «Бал­дыр­ғанда» жария­лан­ған Мұзағаң туралы тамаша әзіл өлеңі оралған:

Бұл ағамыз ақын-ақ,

Шаршау білмес қаламы.

Әке болмай жатып-ақ,

Жанын ұққан баланың.

 

Қызықтырып кісіні,

Көші ұзаған алысқа.

Үлкен менен кішіні,

Бірдей көрген Мұзағаң.

Егіз шумақта дегдар қаламгердің сом тұлғасы көркем кестеленіп, әсем өрнектелген. Ағеділ ағаның, балажан ақынның, батагөй ақсақалдың бітім-болмысы дәл бейнеленген. Бұдан басқа да талайлар қалам тербеген. Ал, Әлімбаев әлемін мен Мәлім, Мұзағаң, Маршал кейпінде ашуға ұмтылдым. Жанар жүгіртіңізші…

Жанат ЕЛШІБЕК, халықаралық «Алаш»  сыйлығының лауреаты.