25 Сәуір, 2012

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: «Жазушы ізгіліктің иесі болуы тиіс»

1967 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: «Жазушы ізгіліктің иесі болуы тиіс»

Сөз – қасиетті де киелі өнер. Шәкәрімнің “Сөз – құдайдан шыққан бу”, – деуі тегін емес. Ол ой-сананы имани қалыпқа айналдырып, жан-дүниемізді нұрландыра түседі.

“Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева Тәңір сыйлаған сол сөз құдіретін өзінше қастерлеп, өзінше өрнектейтін жан. Қаламгермен әңгімеміз осы бір қастерлі әлем жайында өрілген еді.

 

Сөз – қасиетті де киелі өнер. Шәкәрімнің “Сөз – құдайдан шыққан бу”, – деуі тегін емес. Ол ой-сананы имани қалыпқа айналдырып, жан-дүниемізді нұрландыра түседі.

“Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева Тәңір сыйлаған сол сөз құдіретін өзінше қастерлеп, өзінше өрнектейтін жан. Қаламгермен әңгімеміз осы бір қастерлі әлем жайында өрілген еді.

– Айгүл апай, Мұхтар Мағауин өзінің “Тағдыр жазуы” атты мистикалық әңгі­ме­сінде жазушылық болмысты “Тәңір құты” деп таниды. Сіз қалай пайымдар едіңіз?

– “Тәңір құты” деген асқақ ұғымды көне замандарда жарты дүниені жаулап алған ұлы патшалар өздеріне теліп айтқан. Еділ (Атилла) мен Шыңғысхан тәрізді ерекше жаратылыс иелері қанды жорықтарымен әлемнің бейнесін түбі­рімен өзгертіп жіберді. Қазіргі заман көрі­нісі солардан қалған мұра. Мұндай шексіз билеу­шілерге ешқашан біржақты баға бере алмайтынымыз сондықтан. Ал сөз өнеріне келсек, мұ­ның жөні бөлек. Пушкин өле­ңінде өзін “властитель дум” деп атаған. Оған дейін осы тектес таңғажайып жасампаз идеяны грек-рим классиктері мен шығыс жұл­дыздары көр­кемдеп айтып кеткен.

Жазушылықты адам тілеп ала алмайды. Ол Алла­ таға­ла­ның мейірімімен берілген тыл­­сым сый. Шашубайдың әнін­­­­­дегідей: “Болғанмен мал­ға кедей, әнге баймын”.Бай­лықты аса іздетпейтін бір құдіреті бар болған соң Шашубай ақын осылай дейді. Оған шын лай­ық болу керек. Өнерін ұс­тай алмай қалған­дарға құдай­дың қаһары ке­леді деп ойлаймын. Өнерді әу баста арзан бағалап, пайда көзі не атақ-даңқ алу жолы деп адасып келгендер де өзі­нен шеберлігі асқан жақсыға қылған қия­на­ты­­ның сазайын тартып, түбі опық жейді. Өнер­дің киесі ұрады. Өнер – Алла тағала жа­ратқан көр­кемдіктің сырлы формасы. Құ­дайға құлшы­лық­тың ұлық­та­луы өнердің астарында жасырулы. Жазуда жанды елжірететін керемет сүйіс­пен­ші­лік жататыны сондықтан. Әдебиеттегі менің кредом: “Жүгірген жетпейді, бұйырған кет­пей­ді”. Жазылуы нәсіп етілген шығарма сөзсіз туады.

– Бүгінде осы бағзы мистикалық аңыз-әңгімелер жаңаша түрленіп, жаңа сипатқа ие болғаны байқалады. Бұл оның тым тартымды құбылыс болғанынан ба?

– Мистиканың тым тартымды екені рас. Соны білген соң қазіргі американ киносы қансорғыштардан, сайтандардан романтика­лық образ жасап алды. Бұл қатерлі адасу. Зұлымдықты сұлуландырудың түбі неге апарып соғатынын болжау қиын. Жазушы құдай сүйген ізгіліктің құлы болуы тиіс.

– Кейбір сыншылар прозаның кенжелеп бара жатқанын, поэзияның өскенін айтуда. “Қазіргі прозада образ жоқ”, дегенге саятын әңгімелер де естіліп жатады.

– Кім не десе де одан әдебиеттегі бар нәрсенің қадірі кемімейді немесе өзгермейді. Таңқурайды “мынау бөдененің жұмыртқасы” деп бергенмен, оның жеміс дәмі өзгеріп кетпесі анық. Бірақ атаулар дұрыс аталмаса, айналасындағы бар құбылысқа оның кесірі кем тимейді. Проза жұрттың бәрінің көкейін тесіп тұратын биік өнер деп ойлаймын. Ол – бір ұлттың тұтас образын жасай алатын ке­ре­меттігімен артық жаралған, рухани толысқан халықтарға тән көркем дүние. Көрмес түйені де көрместің керімен жүре бергісі келетін субьективті сынға өкпе жүрмейді. Негізінде көп жұрттың әдебиетті дұрыс тануы, түйсінуі кемшін тәрізденеді. Талғам мен өре жоқ жерде нағыз құндылықтар бағаланбайды.

Бізде орыс әдебиетіндегідей әбден жүйеге түскен, қалыптасқан эстетикалық танымдық артықшылықтар күшейсе, ағымдағы прозаның бағы анағұрлым жанар еді. Оның үстіне қазіргі қалалық болып кеткен көпшілік, тіршілік тауқы­метімен тырбанған қазақ өзіне ең қажет адамдарды бағалай алмайтын халге жеткен. Бір ғана мысал: жыраулардың алтын тұяғын­дай Эльмира Жаңабергенова тәрізді 18 түрлі мақаммен шырқайтын сирек әншіні продю­серлік іскер­лік­пен әлем сахнасына шығарып жіберуге бек мүмкіндік бар. Ол сонда қазақ ұлтын танытқан үстіне танытар еді. Бірақ, сирек талант иелері әйтеуір ел қатарлы күнін көріп, биік шырқай алмай қор болуда. Шетелден шақырылатын әншілерге бір сәтте кетіп қалатын қаржыға-ақ қанатын қомдап, көк­жиек­ке қалықтап кетер еді. Әттең, бізде ұлтжандылық жетіспейді. Бай қазақтар меценаттықты тар мағынада түсінбеуі керек. Мұндай жерде бақай есепке негізделген жікшілдік адым аштыра қоймасы анық.

– Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ проза­сы­­ның үлкен бір жаңалығы – дін тақырыбы. Бүгінде исламдық сарын, мұсылмандық құн­ды­лықтар жас жазушылардың шығарма­ла­рына арқау болуда. Сіздің “Тобылғысай”, “Ғибадат”, “Қияда” атты әңгімелеріңіз бен “Мұнара” атты романыңызға да осы тән. Дін тақырыбына қалам тарту ненің белгісі?

– Еске түсіріп қарасам, “Ғибадат” атты әңгімемде: “Ортодаксальды діндердің көркем әдебиеттен алшақ емес екені мені ерекше баурап алды”, деп жазыппын. Расы сол. Орыс философы Владимир Соловьевтың діндердің мифологиялық табиғатын зерттеген эссесін оқысаңыз, әдебиеттің жаратылысында Тәңірге жалбарыну жатқанын ұғасыз. Мұнда ежелгі гимндер, Жаратушы иеге мадақ жатыр. Шә­кәрім қажы: “Сөз – құдайдан шыққан бу”, десе, бұл-дағы христиандық ілімнен алшақ түс­пейді. Күллі діндердің шығуы бір. Мен ата-бабамнан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлт­тық дүниетанымның құлымын. Исламды о бас­та біздің салт-дәстүрімізді бұз­бай, лайықтап кеткен әу­лие­лерді пір тұтамын. Біздің далалық болмысымыз орасан бай, құпиялы қатпарларға толы болғанмен, қазақ жер бе­тін­дегі ең санасы айқын ха­лық. Ауыз әдебиеті керемет болатыны сондықтан. Осындай ұлттан шығып, бар қа­зынаны ұқсата алмасақ, Құдай кешпейді.

– “Қоңырқаз” атты ал­ғаш­қы әңгімеңіз – фантас­ти­калық антропология. Мәс­кеудің М. Горький аты­ндағы Әдебиет институтына тү­суіңізге септігі тиген де осы туындыңыз екен. Прозадағы көркем антропология мен фантастикалық антропология туралы не айтасыз. Олар өз бағасын ала алды ма?

– Мен Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсер алдында КазГУ-дің журфагында 3 жыл бі­лім алғанмын. Яғни, 8 жыл студент болған­мын. Менің екі бірдей жоғары оқу орнында студент атануыма Сапар аға Байжа­нов­тың ерекше көмегі тиді. Ал осы «Қоңырқаз» атты әңгімеммен Мәскеудің М.Горький атын­дағы Әдебиет институтының шығармашылық кон­кур­сынан өттім. Конкурстан өтпегендерді қа­былдау емтихандарына жібермейді. 1989 жылы осы институтта дәріс оқып жүрген, жазушы Роллан Сейсенбаевтың жазған хаты менде сақ­­­таулы тұр. Ол: “Мына әңгімеңнің қазақ­ша­сын жібер”, деген еді. Ал мен конкурс үшін орысша аудармасын жібергенмін. Бірінші курста семинар өткенде шығармаларымызды топта талдайды. Орысшамның нашар кезі. Әйгілі орыс жазушысы Андрей Георгиевич Битовтың семинарында оқыдым. Ол кісі “Қоңырқазыма” магия­лық романтизм деп баға бергені жадымда. Расында оның идеясын Ханс Кристиан Андерсеннен алғанмын. Әңгіме эпиграфында мұны жа­сы­р­­ған жоқпын. Әдебиетте қарызға алу тым кө­неден келе жатқан құбылыс. Мықты жазушылар одан сүрінбейді. Нашарлары ұқсатпай бүлдіреді.

– Ал қазіргі қазақ прозасындағы тотем­дік ұғым жөнінде не айтасыз…

– Тотемдік ұғымдарды өте жақсы көремін. Әдебиеттің көшпелі алтыны. Овидийдің “Метаморфозасын» енді оқи бастадым. Классиканы қайталап оқи беру керек. Менің “Қо­ңыр­қазым” фантастикалық әңгімеден гөрі осы Овидий жырлаған құбылуларға келетін сияқ­ты. Бұл әңгімеме тура 20 жыл өткенде кино­сценарий жазғаным жайдан-жай емес. “Жамбыл” журналының 2010 жылғы 3 санына белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы басты. Қобыз бен диуана сарынын қостым.

Әдебиет уақыты өтіп кетті деген ұғымнан алшақ. Тобық Жармағамбетовтің “Отамалы” атты повесін қыста оқып шығып, ерекше сүйсініп, қайран қалдым. Овидийлік, жер мен көкті біртұтас орайтын сөз құдіреті бар екен! Қазақта есімі көп атала бермейтін марқұм жазушыларды қайта ақтару, жарыққа қайта алып шығу әдебиетшілердің парызы. Солай етсек, шынымен көсегеміз көгереді.

– Қазіргі қазақ жазушылары киноға ерекше мән беруде. Экрандалуға үміттісіз бе?

– Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнә­сі” атты классикалық әңгімесін 2005 жылы кинорежиссер Болат Шәріп экрандады. Менің бұл фильмге сценарист ретінде атсалысуымды ғай­ыптың күші, Құдайдың бұйыртуы деп қабыл­да­­­дым. Болат аға Мағжан туралы екі эссемді оқып, газет арқылы тауып алды. Ұлы ақынның рухы риза болсын. Қазір бірнеше сценарий менде даяр тұр, біреуі өз әңгімем бойынша, екіншісі Әзілхан Нұршайықовтың “Мәңгілік махаббат жыры” романы желісімен. Үшіншісі “Ер Төстік” ертегісі бойынша анимациялық фильмге сценарий.

– Қоғамдағы саяси оқиғаларға қалай қарайсыз?

– Атам Кемелбай Насырханов 1937 жылы халық жауы ретінде атылған. Репрессияның зардабы, уыты оңай тарқамайды. Ұрпағының өмірін улайды, санасында қалып қояды, тез түзеле алмай, зорға ес жияды.

– “Қазақ әдебиеті өзінің ұлттық маз­мұ­ны арқылы әлемдік әдебиетке шығады”, – дейсіз. Бұл ретте әлемдік әдеби үдерістердің ықпалы мен әсері қаншалықты?

– Расында мен ой қайталап тұрмын. Не­гі­зін­де оны кемеңгер Гете айтқан, ол “әлем әде­биеті” деген тың терминді 185 жыл бұрын алғаш енгізгенде жаңа дәуірдің сипатын болжап айтқан Әулиелік сөз. Әлемдік үлгілер туралы: ай астындағы айшылық дүниеде бәрі ес­кіден қалған. Постмодернде қазір жансыз кө­шір­мелер қаптап кетті, нашар клиптегі бұраң­даған әнші қыздардың макияжы бір-бірінен аумай қалғаны сияқты біртекті. Пысық адамдар жасайтын коммерциялық әдебиет. Көпшіліктің шала талғамына сай тоғыта беретін роман­сымақтардың бір әрпін оқып әуре болмаймын. Біреуге еліктейтін кезеңнен өтіп кеткенмін.

– Әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісіма­қо­ваның сіз туралы: «Айгүл өз туындыларында саналы түрде еуропалық, мифтік есім­дерді де кіргізіп қояды. Онысы эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені, дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қа­зақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде», деп айтқан пікірін оқыған едік. Бұл ретте сіз: “Мен дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелдім”, – деп айта аласыз ба?

– “Майя” атты повесімде біраз мифтік образдар болғанмен, мен негізгі қоректі өзіміздің халық ауыз әдебиетінен аламын. “Ер Төстіктің дүниеге келуі” атты әңгімемде баланың аты бұ­лай емес, бірақ астарлы түрде бұл бір әулет­тің құ­риын деп барып, аман қалуы, қайтадан жаң­ғыруы болып табылады. Магия­лық проза деген осы. Ұлттық нышан. Сөздің астральдық қасиетін ұққандықтан, жазушы ретінде маған миллион­да­ған доллар табыс көзін әкеледі десе де, зұ­лым­дықты әрдайым клондап отыратын қатерлі сю­жеттерді жазбаймын. Батыс мәдение­тінің рухани тоқырауға ұры­нып, азғындықтан тұншы­ғып жат­қаны сон­дықтан. Баяғыда ақшадан қи­на­лып жүр­­генде бір қызық ұсыныс түскені есімде. Қап­таған сары басылымдар үшін порногра­фия­лық дүниелерді бүркеншік атпен жазып тұруға. Қа­ламымды, қазақтың ардақты тілін сонша қорлап, былғайтындай қара басыма не күн туыпты?! Ал балаларым­ның ырзығын Құдай өзі береді.

Шетелдік проза туралы айтар болсам былай. Мәскеудегі Әдебиет институты 5 жылда антикалық әдебиеттен қазіргі заманға дейінгі ең мықтыларын теріп оқытты. Алайда, білім деген ұғымның өзі салыстырмалы әрі шартты нәрсе екенін мойындауымыз керек. Сосын әдебиет тұңғиық, терең сала. Оның бәрін тү­гендеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Бірақ Мәскеуде ерен оқымысты, ғұлама академик­тердің алдын көргеніме қуанамын. Шетінен өте зиялы, ерекше әділ, қарапайым жандар. Білімі өскен сайын адам баласы зиялы бола түсуі заңдылық. Ол өйткені, надандықтан ажырайды.

Стильге келер болсақ өзімді-өзім қайтала­маймын. 12 әңгімем 12 түрлі, үш повесім үш алуан. “Тобылғысай” атты әңгімемде ежелден бар тәсіл: “әңгіме ішіндегі әңгіме”. “Ғибадат” атты діни әңгімемді көбі қабылдай алмайды, сонда біраз стильдік тәсіл бар. “Мұнара” атты шағын романымда зоологиялық проза тәсілін қолдандым. Мен үшін зоологиялық прозаның ең мықты өкілі Герман Мелвилл, оның “Моби Дик немесе ақ кит” атты романын қайталап, сүйсіне оқыдым. Хайуанаттар этимологиясына асқан сүйіспеншілікті Мелвилл үйретті. Қазақ ауыз әдебиетінен бері хайуанаттар туралы анималистік проза дамып кеткен. Тегінде прозаның мүмкіндігі поэзиядан гөрі шексіз.

– Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет несімен артық? Әдебиет сүйгіш қауымға қандай жаңалықтарыңыз, тосын сыйларыңыз бар?

– Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетте цензура жоқ. Қазір халтураны толтырып әкеп берсең де баспалар ақша үшін баса береді. Сондай-ақ, нағыз шығармаларға жол ашық. Сосын, бұрын үлкен буын кіші буынға ептеп үстемдік, әлім­жеттік танытатын еді, дер шағында басқызбай қоятын. 1987 жылы жазылған “Қоңырқазымды” газетке бастыра алмағаным ойымда. Атын айтпай-ақ қояйын, бір жазушы маған: “Жап-жас болып неге мұндай әңгіме жазасың? Бесіктен белің шықпай тұрып, классик атанғың кеп жүр ме?!” деп ұрысқаны есімде. Шынында, ол кісінің не айтқысы келгенін түсінсем бұйыр­масын. Қайдағы классик? Әдебиетте аты жоқ, 22 жастағы адам қалайша өзін классик сезін­сін?! Уақыттың еншісіндегі дерексіз ұғым үшін алдын-ала бас қатырудың қажеті қанша! Классик болу, болмауды ойлап отырып жазбайсың ғой. Оны бір Құдай біледі. Мен ол кісі іштарлық қылды деп түсіндім. Сол әңгімемнің ең таңдаулы институтқа түсуіме септігі тигені рас. Литинститутты ғұмырында аңсап өткен жазушылар қаншама. Егер Құдай оны маған бұйыртып тұрса, бұл бір белгі, әсте тегін емес. Әңгіме 7 жылдан соң жарық көрді.

Баяғыдан жасырып, тығып, ешкімге көр­сетпей жазатын ғадетім әлі қалмаған. Мамам ауылда нан илегенде көз тиеді, сұқтанбаңдар деп бізге көрсетпей қоятын. Сол сияқты жазу да ерен нәзік дүние. Шығармашылыққа ерекше аңсармен, асқан сүйіспеншілікпен қарайтынымды айтсам, сол жетіп жатыр.

– Қазақ әдебиетінің ақсақалы Герольд Бельгер шығармашылығыңызды ерекше баға­ла­ды, оған әбден мақтануға болады. Қазір мемлекеттік тапсырыспен қаншама еңбек­тер жарық көріп жатыр. Неге ұсынбайсыз? Бұл орайда, Жазушылар одағының қамқор­лығы қаншалықты?

– Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Нұрлан Оразалинге алғыстан басқа айтарым жоқ. 10 жыл бұрын жазсам деп ниеттенген «Кө­ке­най мен Қалқаман» атты эпи­ка­лық прозам былтырғы қарашада «Қазақ әде­биеті» газетінде жарық көрді. Жаңа кітабыма сол да енсін дедім. Ол ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының әйгілі «Қалқаман-Мамыр» поэмасының желі­сі­мен, нәзи­рашылдық дәс­түр­де жазылған. Осы идея­ны берген Көкенай батырдың ұрпағы Әну­ар­бек Исаханұлы. Мен әңгімемді жазып біткен­ше ол кісі бұл фәни дүниеден өтіп кетті. Әңгі­мем­де екі эпиграф бар, сюжеттің негізгі иесі Шә­кәрім қажыдан алынған бір жол өлең және Әнуарбек ағаның рухына арнадым деп көрсетуім сол се­беп­ті. Бұл өмірден алынған деректі әңгі­ме­де кі­лең тарихта өткен адамдардың аттары аталады.

Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.