Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Ел Елордасымен еңселі

694 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы табыс­тары­мыздың бірі әрі бірегейі ретінде жаңа елорда­мыз – Астананың Арқа төсін­де сән-салтанатымен бой көтер­генін мақтанышпен айтамыз. 

Ел Елордасымен еңселі

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған, ізгі ниетпен салынған Астана өзінің жиырма жылдық тарихында еліміздің басты символына, жалпыұлттық құндылығымыздың өзегіне айналды. Сондай-ақ жаңа елордамыз халықты бірлік пен та­­ту­­лыққа, ортақ мүддеге жұмыл­дыра білуі­мен ерекшелене отырып, әлемдік дең­гейдегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталық ретінде танылды. Ал Қазақ елінің дербес мемлекет ретінде жаңғыруы, да­му­дың даңғыл жолына түсуі тұр­ғысында сөз қозғағанда Астананың тарихына, оның өр­кендеу жолының бастауына тоқталмай өте алмаймыз. 

Жалпы, ел орталығын Ал­ма­ты қаласынан Ақмолаға көші­ру ісі 1997 жылдың 10 желтоқ­санында ресми түрде бастау алды. Президенттің 1998 жылғы 6 ма­мырдағы Жарлығы бойынша Ақ­моланың атауы Астана болып өзгер­тіліп, оның халықаралық тұсау­кесері осы жылдың 10 мау­сымында өт­кізілгенімен, Ала­таудан Арқаға бағыт алған бұл көштің ресми түрде 10 жел­тоқсанда бас­тал­ғанын қаперден шығармауымыз керек-ақ. 

Елбасы идеясы негізінде, халықтың қол­дауы арқасында жүзеге асырылған бұл ауқымды шара, яғни жаңа елорданың салынуы, оның уақыт талабына сай қалыптасуы Қазақстанның қарқынды дамуына, заман талабына сай батыл қадамдар жасауына серпін берді...

Осы орайда сәл шегініс жасай сөйлесек, 1997 жылдың 9 жел­тоқ­санында Ақмола қаласына мем­лекеттік рәміздеріміз жеткізіліп, Пре­зидент Резиденциясында көк Туымыз желбіреді. Дәл осы күні Ал­маты қаласының тұрғындары Ел­басымызды жаңа орталыққа шы­ғарып салу рәсімін ұйымдастырса, ал ертесіне, яғни 10 желтоқсан күні Ел­басының Ақмола қаласындағы Резиденциясында ел Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі өтті. Бұл алқалы жиынды ашқан Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап мемлекетіміздің астанасы болып табылатынын ресми түрде мәлімдеді. Осылайша жаңа елорда – Астананың жасампаз тарихы басталды.
Астана еліміздің ресми орталығы болып белгіленген алғашқы сәттерден-ақ саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени ірі оқиғалардың ордасына, игі бастамалар мен ілкімді жобалардың қайнар көзіне айналып шыға келді. Жаңа елордамыздың табысты қадамдарының, жетістіктерінің шежіресі түзіліп, ол еліміздің жаңа тарихының өзегіне айналды.

Астана ә дегеннен халықаралық ауқымда мойындалып, әлемдік қо­ғамдастық тарапынан лайықты түрде жоғары бағасын ала бастады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде 1999 жылы Астананың ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» деген мәртебелі атақты иеленгенін, сондай-ақ 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүше­лігіне қабылданғанын айтуға болады.

Елорданың Еуразия құрлығының орта шенінде орналасуы Қазақстан­ның саяси-экономикалық дамуын жеделдетті әрі тиімді жаңа бағыттар бойынша кең ауқымды шараларды қолға алуға мүмкіндік берді. Бұл арада Астананың ыңғайлы орналасуы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы байланыс­тарды жаңа мазмұнда өрістетуіне, еліміздің транзиттік көпір ретіндегі рөлін арт­тыруға кеңінен жол ашты. Мұ­ның барлығы айналып келгенде, Қазақ­станның экономикалық тұрғыда бел­сенді іс-қимыл көрсетуіне ықпал етіп, елорда мәртебесінің өсуіне серпін берді, сондай-ақ қаланың инвес­ти­ция­лық тартымдылығын жақ­сарт­ты. Соңғы деректерде көрсетіліп жүр­ген­дей, жалпы елімізге құйылған инвес­тициялардың 10 пайызы Астанаға тиесілі болып табылады.

Қай қаланы алып қарасақ та оның әлеуеті әсем ғимараттарымен, кең де таза көшелерімен ғана өлшенбейді. Бұл орайда қаланың экономикалық қуатын көрсететін өндіріс орында­рының, кәсіпкерлік пен сапалы қыз­­мет көрсету саласының болуы ма­ңызды. Осы тұрғыдан келгенде бүгінде Астанада өнеркәсіп, сауда, кө­лік қатынасы, се­рвистік қызмет көр­сету, байланыс және құрылыс са­лалары жолға қойылған. Әсіресе құ­рылыс тауарларын, азық-түлік өнім­дерін шығару, сапалы қызмет көрсету ісі қарқынды дамып отыр. Шаһарда уа­қыт талабына сай жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар қатары жыл сайын то­лыға түсуде. Солардың арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылуда. Еліміздегі ірі бизнес орталығы бо­лып саналатын Астанада қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік дамып, бизнесті өркендету ісі қарқын ал­ған. Сондай-ақ мұнда қызмет көр­сету орындары да уақыт тала­бына сай жетілдіріліп, бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Осынау шаруалардың өз деңгейінде іске асуы нәтижесінде Астана донор қалаға айналды. Өткен жылы Астананың экономикалық кірісі 1 триллионға жетіп, республикалық бюд­жеттің басты доноры ретінде танылды.

Елорда құрылыс саласында да елі­міз бойынша көш басында тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға отандық және шетелдік жүздеген компания­лар атсалысты. Астана құрылысы Ел­басының тікелей бақылауында. Қа­ланы сәулеттендіре түсуге арналған ша­ра­ларды жүзеге асыруда Мемлекет бас­шысының Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін үйлестіру идеясы басшылыққа алынып келеді. 

Астана келбетіне ой жүгірткенде бірінші кезекте «Бәйтерек» кешені, «Тәуелсіздік» сарайы, «Бейбітшілік және келісім» сарайын «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «Думан» орталығы, «Астана опера» театры, «Әзі­рет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орта­­лық концерт залы, «Қазақ Елі» мо­­ну­менті, Ұлттық музей және та­ғы­ басқа да әсем де еңселі, халық игі­­лі­гіне бағытталған ғимараттар са­­­­на­да жаңғырады. Бұлардан бөлек, қа­­­­ла­дағы спорттық кешендердің де қатары көңіл қуантады. Мәселен, жұртшылықтың игілігіне айналған, елі­­мізде бұрын-соңды болмаған спорт­тық ғимараттар – «Астана-Аре­на» стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» мұз айдыны, «Барыс Арена» спорт кешені сынды ірі нысандар елі­міздің абыройы. 
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Астана жастар ісіне, ұрпақ тәрбиесіне, білім беру, денсаулық сақ­тау салаларына қатысты көптеген жетіс­тіктерімен беделді. Бүгінде елордамызда әлемнің кез келген жоғары оқу орнымен терезе теңестіріп, үзең­гі қағыстыра алатын Назарбаев Уни­верситет, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аг­ро­­техникалық университеті, М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті жас­тардың уақыт талабына сай білім алу­ларына мол мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ елордадағы емдеу-сауық­тыру орындары, медицинаның қа­зіргі озық үлгілерін қолданатын, та­­лайлардың арманы болып табыла­тын аппараттармен қамтылған, бі­лікті мамандар жұмыс істейтін, аса маңызды операциялар жасау арқылы атағы кеңге жайылған медициналық орта­лықтар тек қаланың ғана емес бү­кіл еліміздің беделін биікке көтеруде. Осы орталықтардың сапалы қызмет көр­сетуі нәтижесінде қазір шетел асып емделетін қазақстандықтар саны азайды. Қайта керісінше алыс-жақын шетелдердің азаматтары Астанадағы медициналық орталықтардың қыз­метіне жүгінетін болған. Бұл аста­налық медицина орталықтарының ел қазынасының артуына өз үлестерін қосып отырғанын білдіреді.

Сонымен қатар Астана халық­аралық ұйымдардың саммиттері, әлем­дік маңызы зор форумдар мен түр­лі ауқымды шаралар өтетін тиімді үнқатысу алаңы болып табылады. Бұл өз кезегінде әлем елдерінің Астана арқылы Қазақстанға деген сенімінің толық орныққанын көрсетеді. Елор­дада тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездері, Астана эко­­номикалық форумы, Сирия дағда­рысы бойынша «Астана процесі» бү­гінде халық­аралық қоғамдастық тарапы­нан мойындалған. Сондай-ақ, Астанада ЕҚЫҰ, ШЫҰ мен ИЫҰ саммиттерінің,

ЭКСПО-2017 көр­месінің өткізілгені елорданың ғана емес, бүкіл еліміздің мерейін асырды. 

Қорыта айтқанда «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі». Бұл сөз тіркесі ел жүрегіне сіңіп, на­қыл сөзге айналып кеткендей. Шын мәнінде, Астана Қазақстанның ай­насы, абыройы, айбары, ұлты­мыз­дың бренді. Бұл Елбасы еңбегі­нің нә­тижесін, халық тілегінің орындал­ғанын көрсетеді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»