Өзінің сөзін «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті қамтамасыз ету және заңның үстемдігін сақтау бойынша жүйелі шараларды іске асыру – Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсатының маңызды бағыты», деп бастаған спикер одан әрі құқық қорғау органдарының сапалы қызметі азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыратын салмақты фактор екенін атады. «Қылмыстық процестің негіздерін жаңғырту жөніндегі Парламент қабылдаған түзетулер сот-құқықтық реформасының жаңа кезеңге аяқ басуына тың серпін берді деп айтуға толық негіз бар. Құқық қорғау органдары жүйесіне енгізіліп жатқан техникалық инновациялардың нәтижесінде сот төрелігіндегі жариялылықты жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндіктер ашылуда», деді ол.
Одан әрі Қ.Тоқаев қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік бергенін айтты. Нәтижесінде істерді қарау мерзімі жартылай қысқарғаны, сонымен бірге қылмыстық заңнаманы ізгілендірудің нәтижесінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар саны үш есе азайып, 1990 жылдары сотталғандар саны 100 мың адамдай болса, 2018 жылы 35 мыңға дейін, яғни үш есеге жуық азайғаны айтылды.
Төраға сыни тұрғыдан құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау сапасы әлі де заман талаптарына толық жауап бере алмай отырғанын айтты. «Тұтастай алғанда, бұл халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімінің азаюына алып келеді. Осының әсерінен қоғам мен құқық қорғау органдарының арасындағы өзара байланыс пен сенімді қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл міндет туындайды», деді ол.
Қ.Тоқаев негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау және қылмыстық сот ісін жүргізудің жазалаушылық сипатын азайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өткір мәселелер қатарына жататынын атады. Сот шешімдерінің орындалмауы немесе уақтылы орындалмауы да әділдіктің үстемдік етуіне кедергі келтіруде. Мұның өзі «сот билігімен қатар мемлекеттің де беделін төмендетіп, оларға деген сенімді әлсіретеді», деді Төраға.
Қ.Тоқаев өзінің сөзін: «Қылмыстық процесс – бұл адамның құқықтары мен бостандығына билік көбірек ықпал ететін тәуекелі жоғары сала. Сондықтан дамыған елдерде жазықсыздық презумпциясына негізделген ізгілік, адамның жеке басына және меншікке қол сұқпаушылық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидатты түрде орныққан. Азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысына және соттың әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол беруге болмайды. Мұндай жағдай қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына кері әсерін тигізері даусыз», деп қорытты.
Парламенттік тыңдауда алғашқы баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Алдымен елдегі оперативтік жағдай туралы мәлімет берген ол соңғы екі жылда елімізде қылмыстық істердің азаюы байқалып келе жатқанын, бұл тенденция биыл да жалғасын тапқанын атады. Биылғы жылдың 11 айында тіркелген қылмыстар саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,1 пайызға азайған, дей келіп ол қандай қылмыстың қаншаға азайғандығы туралы нақты айтып берді. 2015 жылы қабылданған заңның тиімділігі де айтылып, соның арқасында күдіктіні ұстау сағаты 72-ден 48-ге дейін азайғаны, тұтқындауға санкция алу процесі жеңілдетілгені және т.б. аталды. Сонымен қатар министрдің баяндамасында қылмыстық заңнаманың осал тұстары да жеткізілді.
«Мәселен, соңғы жылдары ғана қылмыстық заңнаманы ізгілендірудің төрт кезеңі жүргізілді. Жалпы, ізгілендіру
саясатына еш қарсылығымыз жоқ, бірақ көптеген қылмыскерлер оны теріс пайдаланады», деді ол. Мысал ретінде үстіміздегі жылдың 11 айында тіркелген 88 мың қылмысты істің 27 мыңын бұрын қылмыс жасап, қолға түскендер жасаған. Ал олардың 63 пайызы, яғни 17 мыңы ізгілендіру қағидатына сәйкес тараптардың келісіміне орай бұрын жазадан құтылғандар. Солардың арасынан 570 адам 2017 жылдан бері 5-тен 40-қа дейін қылмыс жасағандар көрінеді. «Сондықтан заңнамаға бұрын тараптардың келісімімен жазадан бір рет құтылғандарға екінші рет қылмыс жасаса, ізгілендіру шарасы қолданылмайтындығы туралы өзгеріс енгізуді қалаймыз», деді министр. Сонымен бірге заңнаманың «қастандық» деген бабына да министр сын айтты. Егер біздің патрульдік қызметіміз бір қылмыскерді 10 миллион теңге ұрлап қашқан жерінен ізін суытпай ұстаса, ол адамға ешқандай жаза қолданылмайды. Өйткені ұрланған ақшаны әлі қолданбағандықтан ол ұрлық емес, қастандық деп қана бағаланады. Ал «қастандық» бабы қылмысқа жатпайды, сондықтан оны босатуға мәжбүрміз, деді Қ.Қасымов. Сонымен бірге министр басқару аппаратындағылар қысқартылып, олардың 450 жетекшісі босатылатынын айтты. Үнемделген қаржы еңбекақыны көтеруге жұмсалады. Сондай-ақ күзет қызметінен де полицияны босатуды көздеп отырмыз. Қазір күзетілетін 748 нысаннан бас тартсақ, 4,5 мың полицей қысқартылатын болады. Сөйтіп біз полицияның саны бойынша рейтингімізді көтеріп, 100 мың адамға шаққанда 373 адам ғана қалдырып, еуропалық мемлекеттер қатарына теңелетін боламыз, деді ол.
Оның сөзіне орай Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарының штат санын қысқарту мәселесіне байыппен қарауға шақырды.
Парламенттік тыңдауда Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин, Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары О.Бектенов, Республикалық адвокаттар алқасының өкілі Ә.Құлыбекова, құқықтанушы ғалымдар А.Ахпанов пен М.Қоғамов сөз сөйледі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»