Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп психологтерінің жұмысын күшейту туралы Үкіметке тапсырма бергенін ескерсек, аталған зерттеу жұмысының нәтижелері тиісті мемлекеттік органдарға осы бағытта іс-шаралар кешенін жүргізуде өз септігін тигізері анық.
Ұлттық зерттеуді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін зерттеумен және оның алдын алу бағытындағы арнайы жобаны еліміздің бірнеше аймағында жүзеге асырумен айналысатын Bilim Foundation қоғамдық қоры жүргізді. Зерттеудің әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған әдіс-тәсілдерге сай ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мақсатында ғылыми жұмыстың методологиялық негізін дайындауға еліміздегі девиантты мінез-құлықты зерттеуші белді мамандар мен психологтер атсалысты. Зерттеушілер әлеуметтік сауалдамадан бөлек, ақпараттық-сараптамалық және математикалық-статистикалық әдіске жүгінген.
Роман ПОНАМАРЕВ, Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологі:
– Зерттеуге Қазақстанның барлық аймағынан 12-17 жас аралығындағы 3018 бала қатысты. Зерттеу жұмысының ерекшелігі – сауалдамаға арнайы білім мекемелерінде оқитын мінез-құлқында ауытқуы бар балалардан (зерттеу тобы) бөлек, өз отбасында тәрбиеленіп жатқан орта мектеп оқушыларының (бақылау тобы) қатысуы. Яғни, респонденттерді екі топқа бөле отырып, девиантты мінез-құлықтың себептеріне талдау жасауға тырыстық. Анонимді тестілеу жасөспірімдердің қоғамға қарсы мінез-құлқын анықтауға арналған STAB сауалдамасына, адам бойындағы депрессияны, қорқыныш пен стресті зерттеуге арналған DASS сауалдамасына және жастардың психикалық саулығына скрининг жасауға арналған MSYSI-2 сауалдамасына негізделді.
Психологтердің айтуынша, зерттеу нәтижелерінің кейбірі ғылыми ортада бұрыннан белгілі тұжырымдарды растаса, кейбірі қазақстандық ғалымдар арасында девиантты мінез-құлық бойынша кең тараған пікірді қайта қарауға итермелеген. Жалпы алғанда екі топтың арасында девиантты мінез-құлыққа бейімділік бойынша үлкен айырмашылық байқалмаған.
Айжан ИЗАКОВА, психология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
– Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, девиантты мінез-құлыққа түрткі болатын стресс пен депрессия деңгейі бақылау және зерттеу тобында шамалас. Басқаша айтқанда, арнайы білім беру орталығының тәрбиеленушілері мен ата-анасының қолдауын күнде сезінуге мүмкіндігі бар орта мектеп оқушыларының мінез-құлқында ауытқушылықтарға ұшырау ықтималдығы бірдей. Тағы бір назар аударатын жайт – бақылау тобындағы респонденттердің 20 пайызының және зерттеу тобындағы жасөспірімдердің 25 пайызының бойында суицидалды мінез-құлықтың белгілері байқалып отыр. Сондықтан әрбір ата-ананың девиантты мінез-құлық туралы негізгі аңыздар мен фактілерді ажыратып, баланың психикалық саулығы жайлы білімін арттыруы өте маңызды.
Зерттеушілердің айтуынша, ғылыми жұмыстың қорытындылары негізінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша тиісті орындарға жыл соңына дейін методологиялық ұсыныстар дайындалады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»