25 Сәуір, 2012

Панкратова

576 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Панкратова

Қазақ тарихшыларының ұстазы және қамқоршысы

Кейде кешегі ке­ңес­тік дәуірдегі өмірімізге қатқылдау қарайтынымыз бар. Күнгейінен гөрі көлең­ке жағы көптеу болғандай көреміз. Сөйтсе де, шындыққа жүгінсек, қол жеткен жетіс­тік­теріміз де айтарлықтай болды. Халқы­мыз­дың білім дәрежесі үлкен биікке көтеріл­ді, ғылым дамыды, мәдени өміріміз­дегі табыстарымыз да жұртқа белгілі. Оларды елемесек, халқымызды басына түскен қиын­дық­тың көлеңкесінде қалдырсақ, ол шындыққа қия­нат болар еді.

 

Қазақ тарихшыларының ұстазы және қамқоршысы

Кейде кешегі ке­ңес­тік дәуірдегі өмірімізге қатқылдау қарайтынымыз бар. Күнгейінен гөрі көлең­ке жағы көптеу болғандай көреміз. Сөйтсе де, шындыққа жүгінсек, қол жеткен жетіс­тік­теріміз де айтарлықтай болды. Халқы­мыз­дың білім дәрежесі үлкен биікке көтеріл­ді, ғылым дамыды, мәдени өміріміз­дегі табыстарымыз да жұртқа белгілі. Оларды елемесек, халқымызды басына түскен қиын­дық­тың көлеңкесінде қалдырсақ, ол шындыққа қия­нат болар еді.

Мен мұны өзім тарихшы болғандықтан да тарих ғылымына қатыстыра айтар едім. Сол кеңестік дәуірде тарих ғылымына үлкен қия­нат жасалды, тарихымыз бұрмаланды. Соған қарамай, республикамызда бұл ғылым дамыды, қалыптасты, оның кадрлары өсіп, жетілді. Осы ретте біздер, қазақ тарихшылары, үлкен ғалым және саяси қайраткер КСРО Ғылым ака­де­миясының академигі Анна Михайловна Пан­кратоваға айрықша құрмет көр­сетеміз, оның аруағы алдында өздерімізді борышты санаймыз. Осынау ғажайып адам біз­дің аға буын тарих­шыларымызға ұстаз болып қана қойған жоқ, көп қамқорлық та жасаған. Биыл оның туға­ны­на 115 жыл толды, соған орай Алматыда ғылы­ми-практикалық конференция өтті. Мұны үлкен ұстазға деген құр­мет­тің көрінісі десек ләзім.

Анна Михайловна Панкратова өзінің ұс­та­зы, Қызыл профессура институтының ректоры М.Н.Покровскиймен бірге дүниеге жаңа келген КСРО дейтін елде, сондай-ақ Қазақстанда тарих ғылымының дамуына айрықша үлес қосты. Олар кеңестік тарихшылардың ал­ғаш­қы легі­нің басында болып, енді қалыптаса бастаған одақтық республикаларда тарихшы кадрларды даярлауға атсалысты. Айта кететін бір жай: кеңестік тарихшылардың алғашқы легі кәсіптік даярлықтан өтпеген, негізінен партия-кеңес қыз­мет­керлерінен шыққандар еді. Олар­дың өзі реп­рессияға ұшырап, тып-типыл етілді. Қазақстан­да олардың қатарында С.Асфендияров, Т.Рыс­құлов, Ғ.Тоғжанов, П.Галузо және бас­қалар болды. 30-жылдардың аяғында олар­дың орны бос қалды.

Сөйтіп, осындай тарихшы ғалымдардың үл­кен зәрулігі туған шақта Қазақстанға А.М.Пан­кратова, М.П.Вяткин, Н.М.Дружинин және бас­қа кеңес тарихшыларының үлкен көмегі тиді. Солардың қамқорлығы арқасында тарих ғылы­мы­на қазақ жастары келді. Олар Мәскеуде, Воронежде, Ташкентте, Алматыда оқып, елдің ғылыми орталықтарында шыңдалды. Бұлар Қа­зақстан тарихшыларының екінші ұрпағын құ­ра­ды. Олардың қатарында А.Нүсіпбеков, Б.Сү­лейменов, Е.Бекмаханов, Г.Дахшлейгер, тағы бас­қалар болды. Өз кезегінде олар тарих­шы­лар­дың үшінші буынын ҚР ҒА академиктері Р.Сү­лейменов, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісовті, тарих ғылымдарының докторлары Т.Балақаев, С.Нұр­мұхамедов, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов сияқты мамандарды тәрбиелеп шығарды деп айта аламыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымызды түгендеуге белсене атсалысып жүрген қазіргі тарихшыларымыз тарих ғылымының докторлары М.Әбусейітова, Х.Әбжанов, Қ.Қа­ра­жанов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Ата­баев, А.Алтаев, Б.Аяған, С.Мәжитов, А.Қа­паева, А.Құдайбергенова және басқалар өз еңбектерін аға ұрпақтың мағыналы жолының жалғасы санайды. Сабақтастық осылай жалғаса бермек. Қашанда оның бастауы ұмытылмайды.

Анна Михайловна Панкратова кеңестік тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі болды. Ол өз заманының адамы еді, тарихшы-марксист ұстанымынан айныған емес. Тарих алдында барынша адал қызмет етті. 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларына белсене қатысты. 1919 жылдан СОКП мүшесі. Партиялық жұмыстан Қызыл профессура институтына жіберілді. Оқуды бітірген соң, елдің негізгі қалаларында оқытушылық және ғылы­ми жұмыстарды қатар алып жүрді. 1939 жылдан КСРО Ғылым академиясының Тарих институтына ауысып, сол жылы ҒА коррес­пон­дент-мүшесі, ал 1953 жылдан академигі болды. СОКП Орталық Комитетіне мүше, Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды.

Бұған мән беріп отырғанымыз, А.М. Пан­­крат­ова коммунистік идеяны жүрегімен қабыл­даған адам, терең интернационалистік бағытты ұстанды. Әсіресе, пролетарлық интернационализмге айрықша мән беріп, өзінің ғылыми жұмыстарының негізгі арқауларының біріне ай­налдырды. Оның халықаралық беделі жо­ға­ры еді. Біршама шетелдік конгрестерге, кон­фе­ренцияларға қатысып, баяндамалар жасады, біраз шетел ғылым академияларының құрметті академигі болып та сайланды.

Әрине, біз үшін Анна Михайловнаның рес­публикамызға қатысты еңбегі мен қызметі ма­ңыз­ды. Ол Қазақстанның тарих ғылымының қалып­тасуына белсене араласты. Ең алдымен, еліміз үшін жоғары білікті тарихшылар дайын­дау­ға, екіншіден, Қазақстан тарихының ауқымды да өзекті проблемаларын зерттеуге айрықша үлес қос­ты. Соның негізінде «Қазақ ССР тарихы ерте заманнан осы күнге дейін» деп аталатын екі қо­рытындылаушы еңбек жасалды. Олар 1943 жылы А.М.Панкратова мен М.Әб­ді­халықовтың және 1949 жылы А.М.Пан­кратова мен І.Омаровтың (екі томдық) редакциялауымен жарық көрді.

Ал білікті тарихшы кадрларды даярлауға келсек, сонау 30-жылдардың басында-ақ ол Сан­жар Асфендияровқа көп кеңестер берсе, Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан кейін де Е.Бек­махановқа, С.Покровскийге, Ә.Тұр­сынбаевқа же­тек­­шілік етіп, көмектесіп отырды. ҚазССР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтымен, әсіресе, оның бас­шы­лығымен – біздің ұстаздарымыз А.Нү­сіп­беков және Г.Дахшлейгермен тығыз байланыста болды. Дахшлейгер оны «Қазақстан та­рихшыларының үлкен досы» деуі тегін емес. Ал белгілі қазақ тарихшысы Е.Бекмахановқа жасаған жақсылығын халық біледі, Ерекең Анна Михайловнаны өзі­нің екінші анасы санаған.

Жоғарыда аталған біздің еліміздің ежел­­гі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихына байланысты қорытындылаушы ең­бектің, әсіресе, 1943 жылы жа­рия­ланған басылы­мы­ның Қа­зақстанның тарих ғылымын дамытудағы орны ерекше. Осынау іргелі де қорытын­ды­лаушы кітаптың маңыз­ды­лығы – ол Қазақстан тарихы жөніндегі ал­ғашқы ғылыми-зерттеулер болды. Және отан­дық тари­хымыздың ең бір көкейкесті проблемаларын те­рең зерттеуге жол ашты. Өйткені, 1943 жылғы басылымның кіріспесінде көрсе­тіл­ген Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлу, дерек­теме­лерді сипаттау және қазақ халқының өміріндегі ең ірі оқи­ғалардың зерттелу деңгейін айқындау еліміз тарих ғылымының одан әрі дамуында айрықша рөл атқарды. Сол алғашқы томдағы ең ауқымды дәуір­лік үш кезең бойынша үш бөлімнен тұратын («Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан халықтары», «Қазақстан – отарлау» және «Қазақстан – социа­листік») құрылым кейіннен екі томдыққа және кеңестік кезеңдегі бес томдыққа, сондай-ақ, еге­мен­дік кезеңдегі бес томдыққа негіз болды. Біз­діңше, 1943 жыл­ғы және 1949 жылғы «Қазақстан тарихы­ның» екі басылымы Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институты қолға ал­ған Қазақ­станның ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тари­хы­ның он томдығын (20 кітап) дайындау кезінде де ескеріледі деп ойлаймыз.

Бұл еңбектердің даусыз құндылығы шын­шыл­­дығы, жан-жақтылығы, атап айтар едім, өзекті мәселелерді таптық тұрғыда көрсетумен ұштас­тырылған терең интернационализм. Өзек­ті мә­се­лелер дегенде, сонау феодалдыққа дейін­гі мемлекеттен Қазақ хандығы құрылғанға дейін­гі қазақ мемлекеттігінің пайда болуы мен дамуы, қазақ халқының пайда болуы, қазақ халқының жоңғар басқыншылығына ғана емес, патшалы Ресей бо­да­н­дығына да қарсы күресі, сондай-ақ, қазақ­тардың царизмнің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы, Әбілқайыр­дың өлтірілуі, Сырым Датовтың, Қаратайды­ң, Исатай Тайманов­тың, Кенесары Қасымовтың, Жанқожа Нұрмұха­медов­тің, Есет Көтібаровтың және басқалардың көтеріліс­тері жан-жақты көрсетіледі, өз баға­ларын алады.

Алғаш рет бұл еңбектерде ежелгі дәуірден 1940 жылға дейінгі қазақ мәдениеті туралы зерт­теу қорытындыланған. Осы жөніндегі бөлім­дерді М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Мар­ғұ­лан, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов сияқ­ты Қазақ­стан­ның көрнекті қайраткерлері жазды.

Атап өтерлік бір жай, Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі және қазақтардың ұлт-азаттық қозғалыстары алғашқы басылымда (1943 жылғы) маркстік-лениндік таптық тұрғыда бағаланып, Ресейді өзінің Польша, Финляндия, Балтық жа­ғалауы, Украина, Белоруссия, Кавказ, Орта Азия, Қазақстан, Сібір, Алтай сияқты шет аймақ­тарын­да орыстандыру саясатын жүргізген «халықтар түрмесі», «Еуропаның жандармы», әскери-фео­далдық империалистік ел және отаршыл держава ретінде сипаттады. Содан да еңбекте қазақтар­дың Ресейдің отаршылдық қанауына қарсы, сондай-ақ Хиуа, Бұхара, Қоқан шапқын­шы­лы­ғына қарсы күресіне айрықша мән берілді.

А.М.Панкратова Қазақстан тарихы туралы осынау екі жүйелі еңбектің жауапты редактор­лары­ның бір болып қана қоймай, оны тікелей жазуға да белсене қатысты. Атап айтқанда, бірінші басылым­дағы (1943 жылғы) бірінші орыс революциясы, Столыпин реакциясы және жаңа революциялық өрлеу кезеңіндегі Қазақстан туралы ХХ тараудың және екінші басылымдағы (1949 жылғы) осы тақы­рыпты қамтыған ХҮІІІ тарау­дың авторы болды.

Бірақ өкінішке қарай, сол кезеңде қалыптас­қан күрделі де қайшылықты жағдайға байла­ныс­ты бұл еліміздің шынайы тарихы туралы құнды еңбектердің бірінші де және екінші де (түзетіл­ген және толықтырылған) басылымдары (1943 және 1949 жылдардағы) идеологиялық репрес­сия­ға ұшырады, айналымнан алынып тас­талды, кі­тап­ханалардың құпия немесе сирек қор­ларында ғана қалды, ал авторлары мен жауапты редакторлары жазаланды, тіпті, қылмыстық қуда­лануға түсті.

Аяғы қасіретке соқтырған осынау жағдай­дың сыры неде? Бұған толыққанды жауап беру үшін сөз болып отырған еңбектің қалай жазылғанына, сол тұстағы идеологиялық саясатқа бірша­ма шолу жасауға тура келеді. Аталған еңбек Алматы қаласында дайындалды. КСРО ҒА Тарих институ­ты­­ның бір топ ғы­лыми қыз­меткерлері Институт дирек­торы­ның орынбасары А.М. Пан­кра­тованың бас­шылығы­мен, КСРО ҒА Қазақ филиа­лы­ның Тарих, тіл және әде­биет институты және Маркс, Энгельс, Ленин институты­ның қазақ филиалы қызмет­керлері да­йын­даған еді. Оның қалай жү­зеге асқанын сол еңбекті әзірлеуге тікелей қатысқан адам­дар­дың есте­ліктеріне қарап, толық қалпы­на кел­тіруге болатындай. Бұл жерде, әсі­ре­се, академик Д.Дружинин есте­лігінің орны ерекше. Тарих институ­тының үлкен бір топ қыз­меткерлері 1941 жылдың қаза­нын­да Алматыға келеді. Мұнда эвакуа­ция­мен келгендер көп болғандықтан, олард­ы Жамбыл қаласына жібермекші екен, сонда А.М.Панкратова Қазақстан бас­шылары алдына мұнда келгендердің күші­мен Қазақ ССР тарихы туралы ғы­лы­ми оқулық әзір­леу жөнінде мәселе қояды. Бұған дейін ондай ғылыми еңбек әзірлеуге ғылыми күш­тің жетімсіздігінен мүмкін болмапты. Сөй­тіп, А.М. Пан­кратованың ұсы­­нысы қабыл­да­нып, сырттан келген ға­лымдар, сондай-ақ жас қазақ тарихшылары есебінен авторлар құрамы белгі­леніп, жұмыс­қа кіріседі.

Барлық ұйымдастыру жұмыстары, басы­лым­­ның жұмыс жоспарын жасау, авторларға тарауларды бөліп беру, негізгі ұстанымдарын тұжы­рым­дау тікелей А.М.Панкратованың басшылы­ғы­мен жүргі­зі­леді. Рас, көп ұзамай оны қайта Мәскеуге шақы­рып алып кетеді де, бұл еңбекті дайындаушылар тобына басшылық жасау А.Кучкинге тапсырылады. Еңбек бір жылда дайындалады. Оны аяқта­ған соң да авторлық ұжым арасында айтар­лықтай айтыс-тартыс болады. Соның бәрін шешуге тағы да Анна Михайловнаның өзі араласады. Мәскеуден арнайы келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті­нің хатшысы М.Әбдіхалықов екеуі кітап­ты түп­кілікті редакциялап шығады.

Қазақстан басшылары А.М.Панкратованың осынау еңбегін жоғары бағалады. Оған «Қазақ ССР ғылымының еңбегі сіңген қайраткері» атағы берілді. Арнайы банкетте үлкен ғылымға да, жалпы еңбекті дайындауға қатысқан барлық ғалым­дарға да марапат сөздер көп айтылады. Ал ғылы­ми ортада «Қазақ ССР тарихы» КСРО құрамына кіретін республикалардың ішіндегі біреуінің тү­бегейлі әрі ғылыми негізделген тарихын жазу­дағы кеңес ғалымдарының сүбелі еңбегі ретінде қабылданады. Сөйтсе де, оның бұдан кейінгі жолы аса ауыр болды.

Оған басты себеп, сол Ұлы Отан соғысы жыл­­дарында КСРО тарихына байланысты көз­қарас­­тың түбегейлі өзгеруі, орыстық-центристік бағыт­тың белең алуы еді. Бұл өзі 30-жылдарда-ақ бас­талған-тын. Сонда кеңестік идеологтар орыстық-центристік позицияға ойысып, орыс патшалары мен әскербасыларының бейнесін үгіт-насихат жұмысына пайдалануды күшейтті. 1937 жылы І Петрді, Александр Невскийді ма­дақ­тауды бастады. 1938 жылдан ұлттық мектептерде орыс тілін оқыту міндетке айналды. 1941 жылғы қазанда И.Сталин халық пен Қы­зыл Армияға қаратып, өткендегі ұлылардың рухы қолдасын дегенде, тек орыстардың қайраткер­лерін ауызға алды. Суворов, Невский және Кутузовтың құрметіне ордендер белгіленді. Осылайша соғыс жылдарында, одан кейін де орыстық-центристік большевизм компартия идеологиялық жұмысының өзегіне айналды, ал орыс халқы басқа халықтардың ортасында ұлы халыққа айналды. Мұның өзі Ресей империясы мен Кеңес Одағының айырмашы­лы­ғын өшірді десе де болғандай еді.

Орыс тарихындағы реакцияшыл тұлғалар дә­ріп­теліп, отаршыл саясатты ұстанғандар ақталып жатты. Осынау орыстық-центристік бағытты сол кездегі белгілі де беделді тарихшы ға­лымдар А.Ефимов. А.Яковлев, С.Бушуев ұс­та­нып, белсенді жұмыс жүргізді. 1944 жылы-ақ А.Яковлев жалпы білім беретін мектептерге арнал­ған КСРО тарихы бойынша оқулықтарды орыс­тың ұлыдержавалық шовинизм рухында жазылуын талап етті. Ол былай деді: «Меніңше, бірінші кезекке орыс ұлтшылдығын қою керек… Қырғыз­дардың (қазақтардың ред.) кезінде орыстарды бауыздап қырғанына немесе Шәмілдің Николай біріншіге қарсы тұра алғанына қуану­дың реті жоқ, олардың оқулықтарда болғаны ыңғайсыз».

Егер С.Бушуев пен А.Яковлев ашық түрде ұлыдержавалық шовинизмді немесе орыстық-центризмді насихаттаса, П.Смирнов пен Е.Тарле патшалық Ресейдің аумақтық экспансиясын ақ­тап еңбектер жазды. Оларша, революцияға дейін отаршылық саясатты ұстанып, жаңа жер­лер­ді басып алғандығы Ресейді асқан державаға айналдырып, бүгінгі күндері фашистік Герма­ния­ға қарсы тұруға мүмкіндік берген. Демек, патшалық Ресейдің отаршылық саясаты да, оны жүзеге асырғандар да құптауға, мақтауға тұрар­лық. Мұн­дай тұжырым ВК(б)П ОК үгіт-насихат басқар­ма­сының, оның басшылары Александров, Федосеев, Поспеловтің қолдауымен қалып­тас­ты. Патшалық Ресейдің империалистік, отар­шы­лық, ұлыдер­жа­валық саясатын сынау осылайша кідіріс тауып қана қойған жоқ, кейінірек сынаған адамдар қу­ғын­ға да ұшырады. Патша­лық отаршылдық сая­сатты және орыс халқының ұлыдержавалық шо­винизмін сынауда айрықша көзге түскен М.Н. Покровский мен оның шәкірт­тері қатты әшкереленді. Олардың қатарында А.М. Панкратова да болды.

Орыстық центризмнің жеңісін, КСРО ха­лық­тарының басында орыс халқының тұруы жағ­дайын И.Сталиннің 1945 жылғы Кеңес Армиясы басшылығын Кремльдегі қабылдауында орыс­тар үшін тост көтеруі біржола заңдастыр­ғандай еді. Сол сөзден үзінді келтірейік: «… Орыс халқының денсаулығы үшін ішетінім, Кеңес Одағының құрамына кіретін барлық халықтардың ішінде ол ең көрнекті ұлт болып саналады. Орыс халқы­ның денсаулығы үшін тост көтеретінім, ол осынау соғыста біздің еліміздің барлық халықтары арасында Кеңес Одағының басқарушы күші ретінде кеңінен танылуға лайық. Мен орыс халқының денсау­лығы үшін тост көтеруім ол басқарушы халық қана емес, оның ақылы зерек, мінезі қайсар және шыдамы күшті…»

Дәл осындай жағдайда, партиялық-кеңестік идеологияның орыстық-центристік идеологияға ауысуы кезеңінде, Ұлы Отан соғысы кезінде ерекше күшейген орыс халқының ұлыдержава­лық шовинизмінің белең алған жағдайында 1943 жылы «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді. Көп кешікпей ол Сталиндік сыйлыққа да ұсы­нылған. Оған КСРО ҒА мүше-коррес­понденті А.Яковлев рецензент болды. Жалпы алғанда бұл еңбекке оң баға бергенімен, «бір қарын майға құмалақ салып» жібергені бар. Қазақстан мен Орта Азиядағы Ресейдің жаугершілік әрекеттері мен отаршыл сая­сатына сын айтылғанын құпта­май­ты­нын біл­дір­ді. Бұл саясатты ол қорға­ныс­тық, заңды және прогрессивті деп сипаттады. Әсіресе, Е.Бекмаханов жазған Кенесары Қасымов­тың басшылығы­мен болған қазақ халқының ұлт-азат­тық күресіне арналған бөліміне қатты шүй­лікті. Рецензент қа­зақтардың ұлт-азаттық күресін көр­сетудің қажет­тілігіне күмән келтіре отырып, автор­лық Ресей империясының саясатына ғана емес, жалпы, орыс халқына оң ықыластың жоқтығын сынады.

Мұндай жаңсақ пікірмен келіспеген А.М. Пан­кратова ВКП (б) Орталық Комитеті үгіт-насихат басқармасына шағым жасап, қайталап рецензия­лау­ды өтінді. Оған Александровтан сорақы жауап алды. Партияның бас идеологы бұл орыстарға қарсы еңбек, онда Қазақстан бұған дейін тарихтан тыс болған екені, тек Ресей ғана оны тарихи ұлттардың қатарына қосқаны ескерілмегенін алға тосты. Бұл шын мәнінде орыс шовинизмінің барынша асқынғаны­на айқын мысал еді.

Осылайша Қазақ елінің тарихына байланысты еңбек, оған берілген баға кеңес тарихы ғылы­мынд­ағы екі бағыттың арасындағы күресті жаңа биікке көтерді. Интернационалистік, шын мәнін­дегі таптық ұстаным бағытындағы тарихшылар А.М.Панкратова, М.Вяткин, Н.Дружинин және басқалар орыстық-центристік, ұлы­дер­­жава­лық-шовинистік бағыт­тағы А.Яковлев, А.Ефимов, С.Бу­­шуев, Е.Тарле, П.Смирнов және басқалар бітіс­пес күреске қосылды. Бұл күрес үлкен ауқымда жүрді. Мәскеуде, Ленинградта, КСРО Ғылым академиясында ғана емес, Қазақ­стан­да, Татарияда, Баш­құрт­станда, Кав­казда орын алды. Ресей империясын, оның саясатын айып­таған, оған қарсы ұлт-азаттық кү­ресті жазған жергілікті ғалым­дар сыннан көз аш­пады. Едіге, Шәміл сияқты ұлт батырларына теріс баға берілді.

Бұл күреске белсенді қатысып қана қоймай, Анна Михайловна үлкен азамат­тық тұлғасын да көрсетті. Ол жеке тарихшылармен ғана айтысып қойған жоқ, сол кезде қалыптасқан ұлы­державалық-шовинистік саясатпен де күрес­ті. 1944 жылы елдің, партияның басшылары Сталинге, Ждановқа, Маленковқа, Щербаковқа әлденеше рет хат жазып, ақыры ВКП(б) ОК сол жылдың жазында тарихшылардың кеңесін өт­кі­зуге мәжбүр болды. Бірақ бұл кеңес те тарих ғы­лымындағы екі бағытты «татуластыра» алмады. Әрине, адал тарихшылар үшін ұлы­дер­жавалық шовинизммен ымыраға бару, бір халықтың басқалардан жоғары тұруын мойындау қиын еді.

Сол кеңесте А.Яковлев Ресей империя­сы­ның отаршыл саясатының нағыз апологеті ретінде көрінді. Және онысын біздің елімізге қатысты көрсетті. Ол 1916 жылы қазақтардың Амангелді Имановтың басшылығымен болған көтерілісін көрсетуге қарсы шықты. Сөйтсек, бұл көтеріліс патша әскерінің Оңтүстік-шығыс майданындағы шабуылына кедергі жасапты. Өйткені, екі орыс корпусы қазақтармен соғы­су­ға мәжбүр болған екен. Яковлевтің: «Амангелді қазақтар үшін батыр шығар, ал оның ерліктерін біздің, орыстардың мадақтауы ыңғайлы бола қояр ма екен» деген сөзінен-ақ көп нәрсені ұға­сың. Міне, сондай адам 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» тағды­рын шешкеніне таңданасың да, ызаланасың.

Александров басқарған ВКП(б) Орталық Ко­митеті үгіт-насихат басқармасы А.М. Пан­кратова­ның соңына түсуін бұрынғыдан да үдетті. Ғылыми жолмен, саяси күреспен жеңе алмаған соң, тарихшылар кеңесінің құпия материалдарын жария етті, топ құрды деген айып тақты. Ақыры оны партия басшылары Жданов пен Щербаковтың алдына апарып, институт директоры қызметінен босаттырды.

Тарихшылар тайталасының жаңғырығы Қа­зақстанда ерекше қатты естілді. Жұрт өз халқының, өз ұлтының мерейі жоғары болуын ойласа, одан басқа халықтардың биік тұрғанын қалайтындар да табылады екен. 1950 жылғы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұр­ғы­да көрсетілсін» деген Х.Айдарова, Т.Шойынбаев және А.Якуниннің мақаласы жарық көрді. Бұл біздің республикадағы саяси репрессияның басы болды. 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихын» дайындаудағы ұйымдастыру­шы­лар­дың бірі және ондағы Кенесары Қасымов басшылық еткен қазақтар көтерілісі туралы тарау авторы болған Е.Бекмаханов «контрре­волю­циялық қызметі» үшін 25 жылға сотталды. Оның бұдан кейінгі тағдырына А.М. Пан­крато­ва белсене араласып, И.Сталин қайтыс болғаннан кейін, оның босап шығуына атсалысты.

Осы жерде тағы бір үлкен тарихшымыз Бекежан Сүлейменовтің де тағдыры еске түседі. Ол керісінше, Ермұқан Бекмахановтың сыншысы болған еді. Бұл кісі Кенесары Қасымовты көтермелеуге қарсы болып, сол үшін Қазақстан Компартиясының басшысы Жұмабай Шаях­метов­ті де сынаған. Сірә, сол үшін де шығар, ол да «халықаралық империализмнің агенті» бол­ғаны үшін жазаға ұшырады да, Ермұқан Бекмахановтан бұрынырақ түрмеге түсіп (1952 жыл­ғы шілдеде), одан кейінірек босады (1954 жыл­ғы қарашада). Бізді осынау тұлғалы ға­лым­дарымыздың пендешілік пиғылдан ж­оғары тұрғаны сүйсіндіреді. Кеше мені сынап едің демей, Ермұқан ағамыз Бекежан ағамыздың док­тор­лық диссертациясына ресми оппонент бол­ғаны бар. Оған өзіміз куәміз.

Қазақтың «өткір пышақ қап түбінде жатпайды» дейтініндей, қанша қарсыластары қан­дарын ішіне тартып қарсы тұрғанына қара­мас­тан, Анна Михайловна Панкратова 1953 жылы КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды және «Вопросы истории» жур­налының бас редакторы болып тағайын­далды. Бірақ көп кешікпей тарихшылар арасын­да күрес қайта өршіді. Көпшілігі А.М.Панкратованың өзі­не тісі батпағанымен, ол басқарған журналға тиісті. Ең қиыны – қарсыластарын партия басшылығы қолдады. Оның ақыры журналдың жұмысын СОКП ОК талқылауға әкеліп соқ­тыр­ды. 1957 жылғы наурызда «Вопросы истории» журналы туралы» белгілі қаулы қабылданды. Ал 1957 жылғы 21 мамырда А.М.Панкратова журналдың үшінші нөміріне қол қойса, төрт күннен кейін үлкен ғалымның жүрегі тоқтады. Зорлық-зомбылыққа шыдамаса керек.

Сол жылы ғылыми қауым оның 60 жыл­ды­ғын атап өткен еді. Соған орай КСРО Ғылым акаде­мия­сының салтанатты мәжілісі болды. А.М. Пан­кратованың сонда сөйлеген сөзі де жұрттың есін­де қалған: «Бір ұлттың адамдарын екінші ұлт адамдарының үздіксіз түрткі­лей беруі әрқашан менің жаныма тиеді, ұлттың азшылық құқын азғантай да болса, қиянат жасағанға өзімді Владимир Ильич Лениннің шәкірті санайтын мен қашанда зығырданым қайнап қарсы шығамын. Біздің көпұлтты Отанымыздың кейбір халық­тары­ның тарихына байланысты кітаптар шыға­ру­ға қатысқа­ным, ең бастысы, осында атап көр­сет­кендей, Белоруссия, Қазақстан, Тәжікстан, Украина және басқа кеңестік республикалардың жас ғалымдарын дайындауға көмек жасағаным мені үлкен қанағаттану сезіміне бөлейді…»

Осы сөзден аңғарылатын бір жай – Анна Михайловна Панкратованың шапағаты тек біздің еліміздің ғалымдарына ғана емес, бас­қаларға да тиген екен. Ал біздің Қазақ­станның ғылымына, әсіре­се, тарих ғылы­мы­ның қаз тұрып, қалып­тасуына оның қосқан үлесі орасан. Ол біздің ұстаз­дары­мызға ұстаз болды. Оның ғылым саласындағы ерлігі өз алдына, аза­маттық кел­беті ерекше­ле­ніп тұрады. Егер Анна Ми­хайловнаның қамқорлығы болмаса, Ермұқан Бекмахановтай тұлғалы ғалы­мы­мыз­дың тағ­дыры қалай болар еді деген ­сұрақ әркез көңілде тұрады. Ерекеңдей ға­лымды еліне қайта қауыштырған сол кісі еді.

Біздер, қазақ тарихшылары, академик Анна Михайловна Панкратованың жар­қын бей­несіне әрқашан құрметпен қарай­мыз. Оның қазақ халқына жасаған еңбегі ешқа­шан ұмытыл­мақ емес.

Мәлікайдар АСЫЛБЕКОВ,  БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, академик.

Алматы.