10 Желтоқсан, 2018

«KEGOC» қызметкерлері арасында спартакиада өтті

543 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рудный қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  «KEGOC» компаниясының қызметкерлері арасындағы спартакиада биыл да өз жалғасын тапты. Екі күнге ұласатын жарысқа аймақтардан келген 11 команда қатысып, спорттың 5 түрінен күш сынасты.

«KEGOC» қызметкерлері арасында спартакиада өтті

Аталған шара Тəуелсіздік күні мен энергетиктердің төл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр.  Спорттық доданың салтанатты ашылуында «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Жаңабай Бексары: «Спартакиаданың негізгі мақсаты-тек қана біздің қызметкерлер арасындағы спорттық мүмкіндіктерді дамыту емес. Бұл жалпы 4 500-ден астам қызметкері бар үлкен компанияның бір-бірінің арасындағы әлеуметтік-ұжымдық байланысты нығайту. Өздерін үлкен бір жанұя мүшелері екенін сезіндіру. 2003 жылдан бері өтетін жарысқа, ірі компанияның барлық құрылымдық бөлімшелері айрықша атсалысып келеді. Әуелі əр өңірлік филиалда іріктеу кезеңі өткен. Топты жарып, жолдама алғандары Рудныйда бақ сынап отыр»,-деді. Спорттық шараға қатысушылар дәстүрлі жарыс компания қызметкерлері үшін үлкен мереке екенін айтады. Олар өздерін спорт алаңында қарсылас болғанымен, қызмет бабында құрметті әріптес екендіктерін де естен шығармайды.

Компания қызметкерлері шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг және шахмат сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті. Аталған додаға компанияның 300-ге жуық қызметкері қатысты. Ымырасыз спорттық жарыстың нәтижесінде бірінші жалпыкомандалық орынға «Сарыбай ЖЭТ» филиалының спортшылары ие болса, екінші орынға «Солтүстік ЖЭТ», үшінші орынға «Шығыс ЖЭТ» филиалының командасы ие болды.