25 Сәуір, 2012

Ырыстың ордасын ынтымағымыз қолдасын

310 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Ырыстың ордасын ынтымағымыз қолдасын

Бүгінде біздің сан-алуан ұлыстардың басын құраған республикамыз өткен заманда талай қайғы-қасірет пен қуғын-сүр­гінді бастан кешкен көптеген армян­дар­дың да алтын бесік Отанына айналып отыр. Әуелі сәл-пәл тарихқа шегініс жа­са­сақ, менің де ата-анам сонау бұлғақ-тау­қыметке толы 1937 жылы Арме­ния­ның Мер­гин ауданындағы биік таулы Калер селосынан өзі тақылеттес жүздеген отбасылар қатарында алыс Қазақстанға жер аударылыпты. Сол кезде әкем Месроп Карапетян және қиыншылық тағдыр­мен қосақ­тал­ған тағы бірнеше отбасы әрі қа­райғы өмірлерін жалғастырып тұру үшін Алматы облысының Қаскелең ауда­нын­дағы «Жетісу» кеңшарын таңдаған екен.

 

Бүгінде біздің сан-алуан ұлыстардың басын құраған республикамыз өткен заманда талай қайғы-қасірет пен қуғын-сүр­гінді бастан кешкен көптеген армян­дар­дың да алтын бесік Отанына айналып отыр. Әуелі сәл-пәл тарихқа шегініс жа­са­сақ, менің де ата-анам сонау бұлғақ-тау­қыметке толы 1937 жылы Арме­ния­ның Мер­гин ауданындағы биік таулы Калер селосынан өзі тақылеттес жүздеген отбасылар қатарында алыс Қазақстанға жер аударылыпты. Сол кезде әкем Месроп Карапетян және қиыншылық тағдыр­мен қосақ­тал­ған тағы бірнеше отбасы әрі қа­райғы өмірлерін жалғастырып тұру үшін Алматы облысының Қаскелең ауда­нын­дағы «Жетісу» кеңшарын таңдаған екен.

Осылайша өткен ғасырдың 37-ші жә­не 49-шы жылдарында жер аударыл­ған­дарға алғашқы болып жергілікті қа­зақ­тар көмек қолын созыпты. Бізді Сары­баев­тар­дың отбасы қабылдапты. Міне, со­лармен бірге ата-анамыз өздерінің үрім-бұтағы­мен аш-жалаңаштықты да, талай мехнатты, соғысты да бірге өткерді. Сол жағдай­да ешкім «Сен кімсің? Қай­дан­сың? Неге келдің?» деп сұрамаған. Сол отбасында мен дүниеге келіп, алғаш рет қазақ мек­тебіне барып сауат аштым. Бү­гінгі таңда мен армян және орыс тіл­дері­мен қатар мемлекеттік тіл­де де еркін сөй­леймін. Осынау армяндар мен олар­дың ұрпақ­та­ры үшін Қазақ­стан үшінші және тіпті, төртінші аталарынан бері өздерінің Отаны болып табылады. Егер басқа диас­по­ралардың арасында өздері­нің тарихи Отандарына немесе басқа елдерге кету жағ­дайы байқалса, ал армян­дар­дың саны мұн­да, керісінше, көбейе түсуде. Бәл­кім, бұл арада респуб­ли­ка­да­ғы эконо­ми­калық тұрақты жағдай, ау­қат­ты тұр­мыс дәре­же­сі де белгілі бір рөл атқар­а­тын шығар, бірақ мен сонда да болса, осы реттегі айқындаушы фактор тыныш­тық пен татулық деп ойлаймын.

Жұмыс бабы бойынша менің көп­те­ген ТМД елдерінде болуыма тура ке­ле­ді. Шынымды айтсам, солардың ешбі­рін­де Қазақстанды мекендеген халық­тар­дың бір-біріне деген ықылас-пейілі мен ақ­жар­қындығын жолықтырған емес­пін. Қа­зақ­стан армяндарының Достас­тық ел­дерінде бірінші болып Армяндардың үйін салуы осының айқын айғағы болып табылады. Қазір бұл үй ұлттық мәде­ниетіміздің ошағына, сонымен бірге тарихи Отанымыздың бір бөлшегіне айналып отырған жайы бар.

Біздің «Наири» ассоциациямыз 2004 жылы құрылды. Армян мәдени орта­лық­тары қазір республикамыздың 14 қа­­ла­­сында жұмыс істейді. Солардың ішін­­де Алматыдағы «Луйс» мәдени орта­л­ы­ғы ерекше көзге түсуде. 2006 жылы осы орталықтың бастама көтеріп, әрі тікелей қатысуымен Қазақстанда тұңғыш рет Әулие Кара­пет­тің армяндық апостол шір­кеуі ашылды. Бұл қасиетті орынға дұға қылып, мінә­жат етіп, шырақ жағып қою үшін әрбір алматылық келе алады.

Шіркеуіміз ата-ананың аялы алақан табын, жүрегінің мейірімін сездіретін туған үйіміздей десек болар. Өз Отанына ай­нал­ған елдің де мәдениетін қабылдап, бо­йына дарытып, оның дәстүрлері мен әдет-ғұрпын құрметтей отырып, армян диаспорасы ешқашан өзінің діні мен ділін, өзінің алмағайып тарихын ұмыт­қан емес. Сондай шапағатты сезімдерді сақ­тау­ға Қазақ­стан­да жағдай туғы­зыл­ған, мүм­кіншілік те жеткілікті екендігін ерекше атап айтуымыз керек. Біз қандай қиын­дықтар мен сынақ­тардан өтсек те, әркез үміт пен сенім жанымызда болды. Адам қиналып, күйзелген немесе, кері­сін­ше, шаттыққа бөленген сәт­терінде Жа­ратушы иеге жалбарынады. Олай болса, Әулие Карапеттің армян апостолдық шір­кеуі шо­қын­дыру, неке қию, жаназа шы­ға­ру құ­пия­ларына байланысты бар­лық жоралы ғұ­рыптарды өткізетін қа­сиет­ті орда­ға ай­на­лған. Осы ретте Елба­сы­мыздың барлық дәстүрлі діндер мен кон­фес­сия­лардың үн­қатысуына, өзара түсініс­­ті­гін орнатуға жол ашуын қалай баға­ла­мас­сың, қайтіп сүйінішпен қабылдамассың.

Басқа елдерде тек сондағы негізгі ұлт­­тың ғана тілі мен мәдениеті дәріп­тел­се, біздің Қазақстандағы жағдай мүл­дем басқаша. Айталық, «Луйс» мәдени ор­та­­лы­ғының негізінде армян тіліне үй­ре­­те­тін жексенбілік мектеп ұйымдас­ты­рыл­ған, би және музыка үйірмелері жұ­мыс істейді. Сонымен бірге еліміздегі бірде-бір мем­лекеттік мереке «Луйс» би тобы­ның қаты­суынсыз өтпейді. Мұны да қазақстандық армяндарға деген құрмет­тің көрінісі деп білеміз. Біздің құрметті ақ­са­қалымыз Артем Сережаевич Гаспарян бас­таған үлкен­деріміз жастармен жиі кез­десіп, өмір тағылымдарын айтып тұрады.

2007 жылы айына 5 мың дана таралыммен «Наири» атты армяндардың ұлт­­тық газеті шыға бастады. Армян тіліндегі әліппенің шығуы да балаларға жақсы сыйлық болды. Сонымен бірге 2 мың дана таралыммен кезінде Қазақ Республикасын басқарған, қазақтар жақсы көріп «Мырзажан» деп атап кеткен Левон Мир­зоян туралы кітап жарық көрді. Армян мәдени орталығы жыл сайын қайы­рым­ды­лық акцияларын, мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған арнаулы концерттер, мәдениет күндері мен «дөң­гелек үстел» мәжіліс­терін өткізіп тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, ежелгі қазақ жерінде армян мәдениеті де лайықты орнын тауып, өр­кен жайып келеді. «Наири» ас­со­циациясының арқасында ол мә­­де­ниет жаңа тыныс, жаңа өр­нектер­мен жаң­ғырып, былай­ша айтқанда, кем­пір­қо­сақ шұғы­ла­сының барлық бояуларымен жайнап, жарқырай түсуде. Көп ұлтты ел­де тұрғанда өзімнің жеке отба­сы­лық жағ­дайымды да айтпай кетпей болмас. Әйелім Анфиса Зинатқызы – татар қызы. Әуелде менің отбасым біздің тү­тін түтетіп, шаңырақ көтеруімізге қар­сы­лық білдірген-ді. Бі­рақ жас келін­ше­гімнің ақылдылығы сондай, аз уақытта-ақ армян тілін үйреніп алды. Әкемнің сынағына сақадай-сай болып шықты. Содан бері, міне, 42 жыл бірге өмір сүріп келеміз. Қан­дас болма­сақ та, рухы­мыз бір, тілегіміз бір. Осы рухани жақындық басқа дәнекерлердің бәрінен де мықтырақ па деп ойлаймын.

Отбасын шағын мемлекет дейді екен ғой. Мен осы отбасы туралы әңгі­мем­ді бүкіл ордалы Отанымыздың, бе­ре­­ке-бірлік орна­ған байтақ еліміздің ау­қы­мына ауыстырсам деймін. Кім-кімді болсын өз үйіндегі де, сонымен бірге жал­пы еліндегі де экономикалық мәсе­ле­лер, әсі­ресе бүгінгі таңда толған­дыруы заңды. Өйткені, қазір дүниеде дағдарыс болып жатқаны туралы әңгімелерді көп естисің. Дағдарыс келді дейді, дағдарыс өтті дейді. Теледидардан анау Еуропа ел­дері­нің дуылдап, шулап жатқанын көре­міз. Оларда сол дағдарыстың дауылы шындап соғып жат­қан­дай. Иә, біздің елімізде дағдарыс туралы айтуға болар. Кейбі­реу­лер өзінің қарекетсіздігін ақтап алу үшін дағда­рыс­ты сылтау етуіне болар. Бірақ, мен өз басым бүгінгі күні Қазақстанда дағ­дарыс соншалықты сезі­­ліп отырған жоқ деп есептеймін. Дағ­да­рыс­тың бола­тындығы, оның айналып соққан толқыны қиындау соғатыны туралы тіпті Үкімет деңгейінде де айтылып қалуда. Жаһанды жайлаған алапат­тың екпінін Еуропа мен Америка сезініп отыр­­ғанын көре тұра, бір жағы­нан оған мән бермеуге де болмайтын сыңайлы.

Соған қарамастан, сайып келгенде, мен Қазақстан дағдарыстан өте тыныш, қандай да бір қиындық-күйзеліссіз өте білді деп пайымдаймын. Бізде айта қа­лар­лықтай дағдарыс дүмпулері мен ахуалдарына жол берілмеді. Нақ осы мәсе­ле­де кәсіпкерлер түйткілді жайларға ұшы­­рай қоймағаны белгілі. Өз басым сондай кілтипандарды байқаған емес­пін. Егер шарап жасаумен айналысатын біз­дің саламызды, жақында ғана іске қосқан «Винекс» деп аталатын жаңа зауыттағы өз жұмысымды алар болсақ, әзірге бәрі тамаша, бірқалыпты, тұрақ­ты дей аламын. Біз теңге аймағына жұмыс істеу­де­міз. Еуромен де, доллармен де шата­ғы­мыз жоқ. Осыған орай бір қызық айта­йын, тіпті, ашығына келсек, дағдарыс кү­шейген сайын, ондағы бәсеке қатаңырақ болған сайын, бізге жақсырақ болатын түрі бар. Бәсекеде ширап, шыныға түсе­тін сияқтымыз. Оның үстіне әрі біз өзі­міз­дің теңге аймағында жұмыс істеген­дік­тен, ештеңені өзгертіп, ауыстырмаймыз. Шымкенттің оңтүстік өңі­рін­де, Сарыағаш пен Түлкібас төңіре­гін­де 360 гектарды алып жатқан өзіміз­дің жү­зім­дігіміз және жүзім өңдейтін екі зауытымыз бар. Бұл зауыттарда жыл­­ма-жыл 2,5-3 мың тонна жүзім өң­деледі. Бұған қоса ассоциация құра­мын­дағы 257 фермермен, жеке қожа­лық­тармен ілкімді келі­сім-шартқа отыр­ған­быз. Олармен 20 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз. Жүзімдерін қабылдап аламын, ақшасын уақытылы төлеймін, ортақ мүдде жолында бір ағзаға айналып, тұтасып кет­кендейміз. Сөйтіп жү­зім­ді де өзіміз өсіреміз, оны өңдеп, тәтті шараптар жасаймыз. Шишаларға Қазақ­стан­ның өзін­де құйып, сауда нүктелеріне аттандырамыз. Бір айта кетерлігі, 2004 жылы ашылған «Виньяк» зауытымызда аққай­нар­дың 4 түрі, шараптың 22 түрі, коньяк­т­ың 5 түрі, чача атты жүзім ара­ғының 3 түрі және алкогольсіз ішімдік­тер­дің 4 түрі шы­ға­рылуда. Ай сайын 30 мың ши­шаға жуық коньяк құямыз. Бұл сияқ­ты берік қор­ға­нысым болғандық­тан, қаржы-эконо­ми­ка­лық дағдарыстың менде шаруасы қайсы?

Жоғарыда айтқанымдай, біздің фер­мерлік шаруашылықтарымызда 257 от­басы бар дедік. Оңтүстік өңір болға­сын әрбір отбасында 5-7 баладан болуы да таби­ғи жай. Міне, осы отбасылар біздің арқамызда өздерін күнкөріс­пен қамта­ма­сыз етуде. Ауылдық жердегі зауыты­мыз­дың өзінде 200 адам жұмыс істейді. Оған Алматыдағы зауытымызды қоса­йық. Сон­­да біз шамамен жыл сайын 500-700 адамды жұмыспен қамтамасыз етудеміз. Басты нәрсе бұл ғана емес, біз бүгіні­міз­ге ырзамыз, болашағымызға сенімдіміз.

Еңбекақы мәселесіне келер болсақ, айталық, Сайрам ауданында оның орташа деңгейі 30 мыңның үстінде, ал Алматыда 60 мың теңгеге жуық. Басқа да табыс көздері жоқ емес. Мен осынау адамдар үшін біздің зауыттарымызда жұмыс істеу абырой, мәртебе екендігін байқай­мын. Өйткені біз жалақыны уа­қы­тында төлейміз. Салықтарды кейінге қал­дыр­май­мыз. Осы ретте бір түйткілді жайды да айта кетейін. Рас, қазір кейде баға­лар шарықтап та кетеді. Айталық, осы жаңа жылдан бастап, біздің салығы­мыз көте­ріл­ді. Әне, соның кеселі бағаға тиеді.

Біздің Прези­денті­міз әркез жергі­лік­ті отандық өнім өндіруші­лерге көмекте­су керекті­гін, олардың неғұрлым жеңіл­детілген жағдайды сезінуі қажеттігін жалық­пай айтуда. Демек, жаңа­ғы­дай жөнсіз салықтар­дың біздің диқан шаруа­ларымызға да келеңсіз әсері тие­ті­нін ұмытпаға­ны­мыз абзал. Олар ауылда тұрады. Олар қалад­а­ғыдай игілік­терді пайдаланып отырған жоқ.

Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің «Виньяк» зауытымыз жаңадан ашылған табысты кәсіпорын. Біз оны ел Прези­дентінің нұсқауы бойынша салып, жаңа технологияларды игергенімізді мақта­ныш­пен айтамыз. Бұл арада біз кез келген елдің премьерлерін, канцлерлерін жо­­ғары дәрежеде қабылдай аламыз. Сөй­тіп, Қазақстанда да Еуропадағыдан бір кем емес осындай зауыт бар екенді­гін көр­сете аламыз. Осы құрылыста фран­цуз­дардың жобасы пайдаланылды. Мұн­дағы осы заманғы италиялық техника мен технология әлемдік стан­дарт­тарға сай келеді. Барлық спирттер 80-100 жыл­дық емен бөшкелер мен емен шегендерде сақталады. Осы заманғы құю торабының қуаттылығы сағатына 6 мың шишаға дейін жетеді. Біз Қазақ­станда тұңғыш рет чача деп аталатын жү­зім арағын шығара бастадық. Бұл спирт­тен немесе бидайдан жасалған арақ емес, бұл дегеніңіз нағыз жүзім глюкозасы. Жүзім тек біздің зауытта ғана италиялық жабдықтарда өңде­ле­ді. Мұның өзі еуро­палық стандарттағы ғажап сапалы шарап алуға және эконо­микалық тиімділік тұрғысынан да алғы шептен көрінуге мүмкіндіктер беруде. Осындай жақсы шараптарымыз бен коньяктарымыз ха­лық­аралық бәсекелерде 11 алтын және 7 күміс медаль жеңіп алға­нын айтуға тиіспін. Ал бұл медальдар ең алдымен әлемге Қазақстан атын танытуда.

Талапқа сай технологияны игерген мамандар жайына келер болсақ, бұл орайда менің тәжірибем үлкен. Себебі, осы кәсіппен өзім де 40 жылдан бері айналысып келемін. Сондықтан, мені Шарап жасаушылар одағының президенті, Жүзім өсірушілердің халықаралық ака­де­­мия­сының академигі етіп сайлауы да тегін емес болар. Біздің шарап жасау ісін дамытуға қосқан үлесіміз Қазақ­стан­нан тысқары жерлерге де мәлім екен­дігін айтсам, асыра мақтанды деп ойламассыздар. 1999 жылы Қырым шарап жасаушылар одағы «Л.С.Голицын алтын медалі­мен», бәсекелес рынок­та­ғы стратегиялық бағдарлама үшін 2001 жылы Франция Ұлттық өнеркәсібіне жәрдемдесу ассоциациясы «Алтын медальмен», ал 2003 жылы «Наполеон медалі» құрметті сый­лы­ғымен марапаттауы еліміздің мерейін асыр­ғаны анық. Ендігі жерде өз тәжіри­бемді кейінгі жастарға үйретудемін.

Меніңше, Қазақстанда осындай эко­логиялық тұрғыдағы таза өндірісті одан әрі кеңінен өрістетіп жолға қоюға мүм­кіндік жеткілікті. Елбасымыз айтып жүр­­ген­дей, жергілікті, отандық өндіру­шіге көңіл бөлу керек деп есептеймін. Сайып келгенде, Қазақстанда бұл үшін барлық алғышарттар бар. Шикізат ай­мақ­тары жетіп артылады, кадр мәселесі шешілген, ресурстар, бас­қа мәселелер де шешімін тапқан. Демек, біздің за­уыт­тағыдай жақ­сы сапалы өнімді шығаруға болады.

Менен осындай атақ-абыройға, та­быс­қа қалай жеткенімді сұрап жатады. Соның барлығы қа­зақ халқының арқасы, қазақ жерінің шапағаты деп айтар едім. Мен ең алдымен Қазақстанға қызмет ете­мін. Біздің әулет қазақтың елі мен же­ріне тамыр тартып қосылып кетті. Менің атам, әкем осында жер­ленді. Өзім осындамын. Ұлым осында. Немерем жел­кіл­деп өсіп келеді. Демек, алты атадан бері туыстасып, бауырласып келеміз. Өзім қазақ же­рінде туғандықтан да, Қазақ­стан­ды барлық жан-тәніммен шынайы түрде туған Отаным деп есеп­теймін. Балаларыма да осыны өсиет етудемін. Өйткені, қазақ халқы нағыз сабырлы, салиқалы, аңқылдаған адал халық. Өз басым соншалықты құр­меттеймін.

Әрине, кемшілік пен келеңсіздіктер әрбір ұлт өкілдерінде кездесіп жатады. Біздің Президентіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты сарабдал институт құрып, оны заңдастырып бер­гені үшін мың рахмет. Елбасымыздың «Ең алдымен экономика, содан кейін сая­сат» дей­тін тамаша қағидасы бар. Өте дұрыс. Тіпті кез келген отбасын алайық­шы. Онда да ең алдымен тамақ тоқ, көйлек көк болуы керек қой. Қарым-қатынас содан кейін. Ақша болмаса, жүйке де жұқара­ды, ұрыс-керіс те шығып кететін жағ­дай­лар болады. Сондықтан, бүкіл елдің саясатында да Президенттің экономиканы алғы шепке шығаруы көрегендік дер едім. Бір ғана мысал. Армяндар Қазақ­станда бұрын 25 мың болатын, қазір 43 мыңнан асып жығылады. Бұл ненің белгісі? Демек, мұнда тұрмыс жақсы. Береке мен бірлік бар. Сонымен бірге армяндар да, қазақтар сияқты, бір-біріне көмектесуге әзір тұратын халық. Тоқшы­лық меке­ні­не алыстан бір-бірін тартады. Көпшілігі мамандық игеріп келеді. Бар­лығы дер­лік жақсы құрылысшылар. Қа­зақ­тармен шүйіркелесіп, тіл табысуға да шебер. Жасыратыны жоқ, мен осындағы бас армянмын. Әртүрлі жағдай болып тұрады, көре алмаушылар, қызған­шақ­тар біздің арамызда да бар. Армяндар ассо­циациясының төрағасы бола жүріп, кей­бір ішкі түйткілдер бар екенін де білемін. Бір айтарлығы, осындай түйткіл тудыра­тын­дардың көбі біздің Қазақ­стан­ның армяндары емес, Армения­ның армяндары. Өзіміз осында тұрып, тарихи Отанымыз­ға қарлығаштың қанаты­мен су сепкендей септігімізді тигізе алсақ, ол да Қазақ­станның жақсылы­ғынан, Елбасы­мыз­дың шарапатынан деп білемін.

Нұрсұлтан Әбішұлымен, біз, бизнесмендер, жылына бір, кейде екі мәрте кездесіп тұрамыз. Сол кезде өзіміздің мұң-мұқтажымызды, шешілмей жатқан мәселелерімізді айтып қаламыз. Бір жолы біздің салаларға ақша неге салынбай жатқандығы, кейбір салалардың нелік­тен баяу жұмыс істеп жатқандығы туралы әңгіме қозғады. Қатаң талап қойыл­ды. Тіпті сұрақтың бірі тікелей маған бағыт­талды. Президент: «Сен неге колхоздар мен совхоздарды қайта құрып жатыр­сың?» деп сұрады. Мен Нұрсұл­тан Әбішұлына ұжым­шар­лар мен кеңшарлар құрмағанымды, оның есіне барлық жеке шаруа қожа­лық­тарын, фермерлер шаруашылықтарын ассо­циацияға біріктіргенімді айттым. Осы жағдайда бүгінде жүзімді 20 күн ішін­де ғана жинап аламыз. Ал Кеңес ке­зінде студенттерді жауып жіберіп, 4 ай бойы жинайтынбыз. Сонымен қатар олар­ға техника, тыңайтқыш беріп көмек­тесеміз. Біз бүгінгі таңда құрғақ шарап материалдары бойынша Францияның өзін­де төртінші орынға шықтық. Кеңес­тік уақытта Қазақстан осындай мәрте­белі тұғырдан қашан көрініп еді?

Президент бұл сөзімді ұнатып қал­ды, тіпті мені мақтап та жіберді. Карапетян барлық жұмысын бір минуттың ішіне сыйғызып айтты, деді. Менің мерейімді өсірген осындай оқиғалар болып та тұра­ды. Иә, Елбасымыз адал кәсіпкер­лерді қол­дайды. Бірақ, өкінішке орай, кейбі­реу­лер жалпыға бірдей заңды бұзады, күмәнді жолмен ақша табады, сөйтіп, Ресейде, тағы бір жерлерде тізбектелген виллалар, тұтас қалалар салады. Нақ осыны, енді, дұрыс деп есептемеймін.

Президентіміздің қатысуымен Қа­зақ­стан халқы Ассамб­лея­сының XIX сессиясы болып, көкейкесті мәселелер­ді сөз етпекші. Бұдан былай Төрағаның тағы да екі орынбасары сайланып тұр­мақшы. Бұл дұрыс әрі әділ шешім болады деп пайымдаймын. Ассамблеяда әр этнос толыққанды көрініс табады. Президент Әкімшілігіне, Парла­менттегі депутаттарымызға бұдан былай біздің көкейкесті мәселелеріміз барынша кең түрде жеткізіліп тұрмақ. Ассамблеяның өзінен сайланған 9 депутат та үлкен күш. Ал енді депутаттық тобымыз құ­рыл­мақ. Бұл топқа барлық партия­лар­дың өкілдері кіретін болады.

Бір айта кететін жай, Ассамблея біздің Қазақстанның біртұтас халқын шын мәнінде біріктіріп отырған жұмылдырушы институт болып табылады. Халқымыз қаншама жылдардан бері тату-тәтті достықпен өмір сүріп келеді. Басқа елдерді алайықшы. Жақын көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғыз­станға, Кавказ елдеріне зер салып көріңізші. Не айтатыны бар? Салыстырып байқасаңыз, қай тұрғыдан да біздің артықшылығымыз айқын көрініп тұр­ған жоқ па. Тыныштық та, татулық та, достық та, бірлік пен береке де, эконо­микалық тұрақтылық та, саяси сараб­далдық та – бәрі біздің Қазақстанда. Осының өзі біздің құрметті Елбасының, оның көреген саясатының арқасында мүмкін болып отырғандығы және бел­гілі. Ең бастысы, сол ақылман саясат­тың арқасында Қазақстанды мекендеген барлық халықтар, этностар мен диаспоралар бір жұдырыққа тас түйін болып біріккен.

Нақ осы арада біздің ел экономика­лық және қаржылық дағдарыстан нелік­тен күйзеліссіз желе-жортып майпаңдап өте шыққанын ұққандаймыз. Дағдары­с­тан дертсіз өткен себебіміз сол, өйткені барлық ресурстар бір орталықта, мем­лекеттің қолында шоғырланған. Қай салада, қандай да бір күйзеліс туындаса, қаражат та, ресурс та ретіне қарай соған бөлінеді. Жер сілкіністері, су тасқын­дары сияқты табиғи апаттар кезінде сондай қорланудың есебінен елдік көмегімізді таныта білдік. Құры­лыста үлескерлер дағдарысы орын ал­ған кезде де, осындай көмектің арқа­сында бұл проблема да қалпына келді, іс-жүзінде барлық мәселелері шешімін тапты. Үлескерлердің де мемлекет тарапына өкпе-назы қалмады. Банктеріміз тақыр­ға отыра жаздағанда да, мемле­кеттік сая­сат, мемлекеттік қазыналы қор қол ұшын берді. Сөйтіп, халықтың қан­шама жиналымдарын сақтап қалды. Бұл жайлар жұрттың бәріне белгілі. Сон­дық­тан мен орталық билік, орталық қаржы жүйесі қажет деп есептеймін.

Кеңес Одағы құлап, тарағаннан кейін, мұраға қалған барлық қиыншы­лықтар мен проблемалық мәселелердің бәрі біздің Қазақстанда қазір толықтай шешімін тапты деп мәлімдеп айтуға әбден болады. Мәскеу де бірден салына қоймаған ғой. Төңірегімізге көзімізді ашып қарайықшы. Еліміз өз авто­мобильдерін, өз тепловоздарын шығара бастады. Мұны қашан көріп едік? Осылай болады деп қайсымыз ойлар едік? Ауыл, селоларымызға газ келіп жатыр. Алматының төңірегі, Алматы облысы­ның ауылдары көгілдір отынның игілі­гін көріп, шуағына бөленген. Солтүс­тік­тен келе жатқан Қытайға өтетін магистраль арқылы Алматы атырабы, бүкіл оңтүстік өңірі Өзбекстанға иек артпай, өз газымызбен қамтамасыз етілмек. Егер Кеңес уақыты болса, мұндай болар ма еді, жабулы қазан жабулы күйінде қала берер еді ғой. Сондықтан, азырақ өткенімізді шолып, өмірге көзімізді ашыңқырап қарауымыз керек. Бүгін таңда елімізде жаһандық экономикалық мәселелер емін-еркін шешімін табуда. Сол себептен де мен бүгінгі таңда Қазақ­станды мекендеген халықтың маңдайы­ның бағы бар деп білемін. Ең бастысы, біздің еліміз ынтымағы жарас­қан құтты мекенге, ырыс-берекесі шалқыған ба­қыт ордасына айналған. Біздің бүгініміз бақуатты. Біз өзіміздің жарқын бола­шағымызды көрудеміз. Немере­лері­міз­дің болашағы үшін сенімдіміз. Адамға одан ар­тық не керек? Алдағы уақытта да ыры­сымыздың ордасын Елбасымыз сомда­ған ынты­мақ-бірлігіміз қолдай берсін.

Артуш КАРАПЕТЯН, Қазақстан Республикасындағы «Наири» армян мәдени орталықтары ассоциациясының төрағасы, ҚХА мүшесі, «Виньяк» ЖШС директоры.

Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.

Соңғы жаңалықтар