Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2018

Қызылордада жер телімдері аукционға шығарылды

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы ғимаратында кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін аукцион арқылы алу шарасы өткізілді.

Қызылордада жер телімдері аукционға шығарылды

Аукционға аудандық жер қатынастары бөлімі жалпы көлемі 2372 гектарды құрайтын 30 жер телімін ұсынды. Олардың 15-і шаруа қожалығын жүргізу үшін, 14-і ғимаратқа қызмет көрсету үшін, 1-еуі өндірістік мақсатқа арналған жер телімдері.

Жер телімдерінің жалпы бағалық құны 3 млн 947 мың теңгеге бағаланса, бастапқы сатылу бағасы 4 млн 342 мың теңге болып көрсетілген болатын. Өткізілген аукцион нәтижесімен аталмыш жерлер 4 млн.737 мың теңгеге сатылды.

Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін Палата алаңында өткізу бастамасын Кәсіпкерлер палатасының көтеруімен осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласы әкімдігі қолдаған болатын. Содан бері жер телімдерін аукцион арқылы беру шарасы Қызылордада нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 жер телімі жеке меншік құқығымен, 89 жер телімі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен сатылып, мемлекеттік бюджетке 101 млн 51 мың теңге қаражат түсті.

Аудандардың арасында алғашқы болып Шиелі ауданы аукциондарды Палата алаңында өткізуді бастады. Бұл туралы Палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қожахмет Ілиясов: «Бүгін алғаш рет Шиелі ауданында кәсіпкерлік үшін жер телімдеріне арналған аукцион Шиелі аудандық филиалының алаңында өтуде. Бұл аудан кәсіпкерлігін дамытуда жасалып отқан оң бастама. Жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуда жергілікті деңгейде шешуді қажет ететін бірден-бір түйткілді мәселе – жер телімдеріне келіп тіреледі. Аукционның кәсіпкерлердің қара шаңырағы - Палата алаңында өткізілуі – ашықтықты, жер бойынша орын алып жүрген бірқатар мәселелердің оң шешіліп, қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, қолдаған Шиелі ауданы әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», - деді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».