Кездесу барысында ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары талқыланды.
Д.Назарбаева Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Дүниежүзілік банк ынтымақтастық жылдарында 8 миллиард доллардан асатын 40-тан астам жобаны қаржыландыру үшін қарыз берген болатын.
Л. Бурунчук Дүниежүзілік банкі 2017 жылы Қазақстанмен қол жеткен уағдаластықтарды саралауға және ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға бағытталған еліміз бойынша тұрғыда жүйелі талдау жүргізгені туралы хабардар етті. Қазіргі кезде біздің елімізбен 2019-2023 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясы әзірленуде. Ол сондай-ақ өзекті мәселелерді атап өтіп, бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, экономикадағы мемлекет үлесін қысқарту, мемлекеттік субсидия берудің тиімділігін арттыру жайы қозғалды.
Ынтымақтастықтың басымдықтары ретінде Д.Назарбаева мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, экономиканы цифрландыру, бюджет заңнамасын жетілдіруді бөліп айтты. Сенатор Дүниежүзілік банкіге индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды. Экономиканы әртараптандыру баяу жүруде. Еліміз әлі де шикізат ресурстарын экспорттауға тәуелді болып отыр. «Біздің экономиканы дамытуға сапалы серпін беруге кедергі болып отырған өзекті мәселелерді анықтау үшін бейтарап көзқарас пен кәсіби түрдегі терең талдау қажет», - деді сенатор.
Сенат комитетінің төрағасы биылғы қыркүйекте Астанада өткен Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі аймақтық конференция өткізудегі Дүниежүзілік банкінің үлесін атап өтті. Қазақстан азаматтық мамандықтарды оқыту үшін ауғандық жастарға 50 миллион доллар қосымша грант бөлген болатын. Ауғанстанға әйел дәрігер даярлауға ерекше назар аудару керек. Д.Назарбаева Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық дамуға инвестиция салуға арналған ынтымақтастық пен келісімдерді жалғастыру керек, деп санайды.