Өнер • 11 Желтоқсан, 2018

«Салтанат» десе, салтанат!

165 реткөрсетілді

Сахнаның сұлулықты сүйетінін «Сал­танат» шыққанда ерекше сезінетінің сон­дай, аққу мойын қыздар мен ортекедей орғыған жігіттер кестелі өрнек салып, сан түрлі ырғақты үйлестіріп  билеп жатқанда, сахна  жарыққа молынан малына түседі. Мың бұралған бишілер шұбала шығып, бірте-бірте қарасын қалыңдатып, ақыры сахнаны тұтастай толтырғанда, сұлу қыздар мен көркем жігіттердің балбұл жанып, жайраңдаған жүзіндегі жылы шуақ бүкіл залды көктей өтіп, бұрыш-бұрыштағы қа­раңғы түкпірлерге тарай бастайды.

Би мен бишіден тараған сол сәуленің қуаты көрерменнің іш­кі ағзасындағы қараңғы қалта­рыстарға жарығын жақ­қан­­дай, лезде көңілі көтеріліп, өмірден қуа­ныш тапқандай болатыны бар. Сан түрлі қоз­ғалыстың сыры, тілі болатынын, көрер­меннің оның «бірдеңе» айтқысы келетінін жү­ре­гімен сезініп, ұғынып қалуға өзі-ақ ұмтылатыны содан. Әйтеуір елігеді, шалқиды, қуанады. Осын­дай құдіретке ие бидің үлкен қа­­сиеті, онсыз да тапжылмай тама­шалайтын көрерменін бір тыныс­пен ұстайтынында. Демін ішіне тартып алған көрермен дамылсыз қозғалып жүрген дарындардың шеберлігінен би философия­сын түсіндірмесе де, өз түйсігімен та­нып ала­ды. Адами жылы се­зімдерді оятып, тол­қын-толқын те­біреніс құшағынан бо­сатпайтын «Салтанатты» осы ше­бер­лігі үшін де құрметтеуге болар.

Би әлемінің тылсымына бойлатып, алпыс жылдан артық өнер­­сүйер қауымды тәнті етіп ке­ле жатқан «Салтанат» мем­лекет­тік би ансамблінің репер­туарына жа­ңалық енгенін, шы­ғар­машылық жа­ғынан жетіле түскенін аңдамай қалу мүм­кін емес. Бүгінгі «Салтанаттың» биінде бая­ғы жүн сабап, киіз басып, ұршық иір­ген элементтер атымен жоқ, сартап бол­ған сюжеттердің орнын ұлттық бидің за­манауи қиялмен байытылған нәзік нұс­қалары алмастырған. Сондықтан болар, «Сал­танаттың» әрбір шығармашылық кеші, жыл соңында ұйымдастыратын есеп беру концерттерінің бәрі де «бравомен» басталып, «биспен» аяқталатынына өздері де, ал­матылықтар да әбден үй­ренген. Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Ас­тананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Салтанаттың» кезекті кешіне 80-ге жуық бишісі тегіс тартылды. Бойжеткені мен бозбаласы түгілі айлар бойы жо­рықта жүріп, жауын жеңіп ауы­лына оралған батырының өзі жеңісті олжалап, мерейінің тасып келгенін әудемжерден атынан түсіп, билей басып келуімен білдіргенде, сауықшыл қазақтың биден сырт қалуының мүмкін еместігін «Салтанат» жылдар бойы дәлелдеуге тырысып келе жатыр. Сол қалыптасқан қасаң ұғымға «Би думан», «Алдар көсе», «Бақсы», «Домбыра туралы ән», «Он ал­ты қыз», «Шаттық» билері қарсылық көр­сеткендей, ән айтқан қазақтың билей де алатынын ұлт болмысына орайлас қозға­лыстармен, ерекше ой түйінімен дәл тауып бей­нелейді. 

Дүниенің түкпір-түкпіріне би өнерін насихаттап жүрген ұйым­шыл ұжымның репертуарын­да әлем халықтарының 150-ге жуық биі бар.  Соның ішін­де молдаван биі, украинның «Го­пак» биі, өзбектің «Хорезм» биі, «Түрік» биі, «Грек» биі, «Цы­ган» биі сол халықтардың дүние­та­нымынан ту­ған, болмысымен, мінезімен үйлесім та­батын қи­мыл өрнектері арқылы осы ұлт­­тардың тағдырын танытып, тір­шілігін көз алдымызға әкелді. Әр ұлттың этно­графиясы ең алдымен оның биінен кө­рі­ніс табатыны осындайда мойындала­ды. Бұл кеште көрермен сахнадан ға­жап билерді тамашалауымен қатар, әр ха­лық­тың қызылды-жасылды керемет костюмдерімен таныс­ты. Ансамбльдің балет әртіс­те­рі Азамат Асқаров, Раушан Құн­­­­­­дықова, Сұңқар Болат, Дін­мұхаммед Кахарбеков, Мақпал На­наева, Ескендір Тергемісов, Лаура Үркінбаева, Ержан Сар­манов, Ғазиз Жәнібеков, Вене­ра Фахретдинова, Денис Витченко және тағы да басқалары қазақтың би өнерінде кәсіби жеке әртістер­дің де өсіп келе жат­қа­нын байқат­ты. Грозный қаласындағы әйгілі би­ші Махмұд Эсамбаев атындағы Халықаралық би конкурсының Гран-при жүлдегері  Ернұр Қа­рық­болдың өнері көрер­менге ұзақ қол соқтырды.

«Салтанат» мемлекеттік би ан­­­самблінің екі сағатқа жуық көр­сеткен биік өнері «би» деп аталатын әлемді еркін аралатып, ішкі рухани әлеммен үйлесім құрғызып, адамның эстетикалық мәдениетін арттыратынын, бойдағы бұғып жатқан игі­ қасиеттерді оята алар күші барын көр­­сетті. Бұл жолда ансамбльдің көр­кемдік жетекшісі, бас балетмейстері, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Гүл­сәуле Орумбаеваның ұлттың хо­рео­­гра­фиялық мұрасын ұқып­ты­лықпен сақтап, біре­гей образдар тудыра отырып, халық биін жемісті дамытып келе жат­қанын атап өту орынды. Көрермен тілсіз өнерге тік тұрып қол соқты, ал бұл қолдау жаңа шығармаларды дүниеге әкелуге қанаттандыратын ең сәулелі сәт.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Менің атым Қожа» – Лондонда!

Руханият • Бүгін, 12:09

Бас жүлдеге бергісіз жеңіс

Руханият • Бүгін, 09:42

«Ролан Гаррос» басталды

Теннис • Бүгін, 09:37

Ғылымға бетбұрыс

Қоғам • Бүгін, 09:12

Капитан қызы – Маша

Руханият • Бүгін, 08:57

Интернет қатерлері

Қоғам • Бүгін, 08:53

Ұқсас жаңалықтар