Өнер • 11 Желтоқсан, 2018

«Елорда жұлдызы» сыйлығы табысталды

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» концерт залында Астананың елорда болып жариялануына орай мерекелік кеш өтті.

«Елорда жұлдызы» сыйлығы табысталды

1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына ресми түрде көшірілген болатын. Осы күнге орайластырылып Астанада алғаш рет «Елорда жұлдызы» премиясы тағайындалды. Ол енді жыл сайын тағайындалатын болады.

«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді шын жүректен бүгінгі мерекемен құттықтаймын. 21 жыл бұрын мен де жас маман ретінде поезға отырып, боранды таңда Астанаға келгенмін. Содан бері көп дүние өзгерді. Мен үшін осы атаулы күнде мына сахнада тұрып сіздерді құттықтау үлкен құрмет», деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов.

Құрметті марапат еліміздің бас қаласының дамуына елеулі үлес қосқан және оның даңқын әлемге танытқан елордалық ұжымдар, ұйымдар мен танымал тұрғындарға берілді. Салтанатты түрде естелік хрусталь мүсіндер «Astana Ballet» театрына, «Астана Опера» театрына, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне, Назарбаев университетіне, «Астана» футбол клубына, «Барыс» хоккей клубына, «Астана» велокомандасына, «Спарта-Номад Астана» КТК командасына, «Жастар» театрына, сондай-ақ, медициналық кластер өкілдері Юрий Пя және Серік Ақшолақовқа табыс етілді.

«Бұл күн Астана үшін маңызды. Астана дамып келеді, саяси, мәдени, спорт салаларында танымал болды. Астананы ұжымдар, ұйымдар, кәсіпорындар мен адамдар танытты. Осы жылы жаңа және қарқынды дамушы Елордамыздың танылуына елеулі үлес қосқан ұжымдар мен адамдарды атап өткіміз келді», деді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Мерекелік концертті «Astana Ballet» труппасының хореографиялық қойылымы ашты. Мерекелік кеште Қайрат Баекенов, Ален Самыкен, Ағайынды Жүгүнісовтер, Сара Исак, Айнұр Абдиева және басқа да эстрада жұлдыздары ән шырқады. «Жастар» театрының актерлері көрермендердің назарына «Ұлы даланың жеті қыры» театрландырылған қойылымын ұсынса, «Спарта-Номад Астана» командасы қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік кешті Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырды. Айта кетейік, «Елорда жұлдызы» сыйлығы енді жыл сайын табысталатын болады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»