Руханият • 12 Желтоқсан, 2018

Ерін үндестігі неге таңбаланбайды?

4055 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ерін үндестігі неге таңбаланбайды?

Қазақ қоғамында қолданылған араб жазуының қадим, жадид түр­­лерінде ерін үндестігі жүйелі түрде таңбаланып отырды: үйүм, қолұң, бүгүн т.б. Тіпті алғашқы буында езулік дауысты тұрса да, соң­­ғы буынға еріндік дауыстыларды жазу үрдісі ХХ ғасырдың ба­сына дейін сақталды: барұб, келүб, айтатұн, беретүн, барұр, келүр, т.б. Бұлайша жазылуының бас­ты себебі, сол кезеңдегі жазуда фо­нетикалық принциптің (айтылуы бойынша жазу) басым болуы және түркі тілдерінің туыстық не­­гі­зіне жақындатып жазудың бер­тінге дейін жалғасуы. Тек ерін үн­дестігі ғана емес, бірқатар фо­нетика-грамматикалық белгілер де ұзақ ғасырлар бойы ортақ форма­да таңбаланған болатын: сығыр (сиыр), ағыз (ауыз), сағ-саламат, ай­та­дүр, көб, көчүб, иұрт, иахшы, тұрғушы, бармыш т.б. 

Н.И.Ильминскийдің 1860 жы­лы шыққан «Материалы к изучению киргизского наречия» деген сөз­дігінде (бұжұр, бөрүк, мойұн т.б.), Ы.Алтынсариннің 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» (түсүрді, жүгүрүп, үшнүнші т.б.), 1894 жылы шыққан «Краткий рус­ско-киргизский словарьда» (бұйрұқ, мұрұн, жұлұн, тұқұм т.б.), А.Алекторовтың 1907 жылы шық­қан «Қырғыз хрестоматиясында» (орұндұқ, шойұн, үлкөндүгү т.б.), В.Радловтың 1911 жылы шыққан «Опыт словаря тюркских наречий» деген сөздігінде (жүзүк, жүзүм) қа­зіргіше ы, і келетін орындарда ұ, ү тіпті кейде ө әріптері жазылған. Алай­да бұл ерекшелік бірте-бірте жойылды. Ғалым С.Мырзабеков бабаларымыздың еріндік дауыс­тыларды тежемей сөздің өн бойын­да анық айтқандығын, ал қазіргі тіл бабалар айтуынан алшақтап кет­кендігін алға тартады (Қазіргі қазақ тілі фонетикасы. 1997). 

Ерін үндестігі қай уақыттан бас­тап таңбаланбады және таңбалан­бауының себебі неде? ХХ ғасырдың басында, ұлт зиялылары қазақ ті­ліндегі ерін үндестігін жазуда таң­балау қажет пе, жоқ па деген мә­селе төңірегінде біраз дауласқан бо­латын. 

1924 жылы өткен «Қазақ білім­паз­дарының тұңғыш съезінде» Е.Омарұлы: «Бұрын ескі түрік ті­лінде ы-ның орнына көбінесе ұ дыбысы айтылатын. Бірақ жүре келе қа­зақ тілі басқа түрік тілінен жігі ашы­лып, ұ дыбысы бар сөздердің көбі ы-мен айтылатын болған. Бұл қа­зақ тілінің өз еркімен болған өз­герісі. Ол өзгеріске қарсы болып, ескішілдік қылудың жөні жоқ, болған өзгерісті қабыл алып, қаттап оты­ру керек. Қазақ тілінде ұ өзгеріп ы болып бара жатқандығы себебі, ы мен ұ-ның көмескі естілген жерінде ұ-ның орнына ы жазатын болсақ, жа­зуымыз тілдің өзгерісінің жөніне дәл келеді»,  деген болатын. Алайда Х.Досмұхаммедұлы: «Біздің қазақ тілінде ұ өзгеріп ы-ға айналып барады. Қырғыз тілінде ұ сақталған. Біздің үшін-ді қырғыздар үчүн дей­ді, оқы-ны оқұ дейді, дұ­рысы қыр­ғызша болуға тиіс», дей­ді. Ал А.Байтұрсынұлы қоры, тоқы, мұжы сөздерін қорұ, тоқұ, мұжұ деп жазатын болсақ, олардың тәуелдеу түрлері де ұ арқылы жа­зылуы тиіс болып шығады дей­­ді: қорұуұ, тоқұуұ, мұжұуұ. Осы съез­­­де қазақ сөздерінде о, ұ ды­быс­­тары басқы буын­­дарда ғана кездесетіндігі, кірме сөздерде ға­на соңғы буында жазылатыны, сон­дықтан да соңғы буынында о, ұ дыбыстары бар жаттілдік сөз­дерді тілімізге енгізгенде о, ұ-лар­ды басқа дауыстыға айналдыру қажеттілігі де көтерілген болатын (Покров-боқырау). 

1929 жылы 2-4 маусымда Қызылорда білім кеңесі мен қа­зақ жаңа әліп кіндік комитеті ша­қырған емле конференциясын­да Т.Шонанұлы: «Мұнан 50-60 жыл бұрын академик Радлов тілі­мізде ерін үндестігі өте күшті еке­­­нін байқап, қазақ сөздерін бы­лай жазған: өкшөсүнө сартыл­дап, ақ төбөнүң басында... Біздің тұ­сымызда ерін үндестігі бірте-бірте құрып бара жатқанын байқаймыз. Ерін үндестігі сөздің аяғынан ба­­сына қарай жоғалып келеді, сөз­­­дің бас буынына қонақтауға ай­налып келеді. Жаңа әліпке (латынға – Г.М.) көшпей тұрғанда-ақ өкшесіне, төбенің деп жаза бастадық. ...Бұдан 50 жыл ілгері Рад­лов жүгүргөн деп жазса, бұл күн­де еш қазақ олай жазбайды, жү­гірген деп қана жазады. Біз енді Рад­ловша жаз деп ешкімді зорлай алмаймыз. Сондықтан емлемізде ерін үндестігі болмасқа керек», дейді (Емле конференциясының стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930 ж.). Ал еріндік дауыстыларды соңғы буында таңбаламауымыздың себебін былайша түсіндіреді: «Ерін­дік дауыстың алғашқы буын­нан артыққа жібермейтін себе­біміз не? Мұны қисынға сүйеп тү­сіндіргім келеді. Ор деген сөзге, ады қоссақ, орады болады, ородұ бо­ла алмайды, сол сияқты, тұр-дан тұ­рады болады, тұродұ бола алмайды» (Емле конференциясының стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930 ж.). Яғни тұр, ор сөздерінде еріндік дауысты болғанымен, қо­сым­шалар жалғағанда ерін үн­дестігі толық сақталмайды. Бұл қа­зақ тілінің өзіндік ерекшелігі. Қа­зіргі таңда, әлеуметтік желілерде ба­балар тіліндегі ерін үндестігін қай­тадан жаңғыртып, жазуымызға енгізу қажет деген пікірлер кездесіп қалады. Алайда көмөктөс, жүрөк, бұрұм, қолұ деп жазған күннің өзінде көмөктөскөндөрдүң, көмөктөсүп, жүрөктөрүндөгү, бұрұмдорұнұң, қолұммөн, қолұмдоғы деп еш қазақ дыбыстамайтыны бүгінгі таңда дау тудырмайтын мәселе. Ғалым Н.Уәли түбір сөздегі ерін үндестігі, қосым­шалардың ықпалына қарай, алдын ала езулік дыбысқа айналып кететінін айтады. 

Профессор Қ.Күдеринова тіл үндес­тігінің жазуда бейнеленіп, ал ерін үндестігінің тек ауызша тіл ка­тегориясы болып табылуының бас­ты себептеріне мыналарды жат­қызады: 1) Қазақ тіліндегі ерін үндестігі қырғыз, алтай, тува тіл­деріндегідей жаппай қамтитын құ­былыс емес. Оны жалғаулар ар­қылы білуге болады. Жалғаулар қа­тарында еріндік варианттар жоқ­тың қасы. Сондықтан сөз ашық буынды болса да, үшінші буындағы жалғау езулікпен айтылады: төмөн – төмөнде. 2) Ерін дауыстылары алғашқы үш буында айтылады да, ары қарай сол­ғындайды: сүйүнүшшіз, төбөсүнің. 3) Екінші буындағы ы, і дыбыстарына қарағанда е езулігін өзгерту қиын: құрмөт – құрметте (Қазақ жа­зуының тарихы мен теориясы. 2013).

Қорыта айтқанда, ерін үндес­тігін жазуда таңбаламау ХХ ғасыр­дың басында басталды. Оған ерін үндестігінің бірте-бірте жоғалуы, бас буындағы еріндік дауыстының ық­палы екінші буыннан әрі аса алмауы, екінші және үшінші буын­дардағы дыбыстардың дәл еріндік болып анық естілмеуі әсер етті. Осының негізінде жазуда ерін үн­дестігі еленбей, көмескі естілетін жер­лерде езулік дыбыстары жазылатын болып орнықты. Бұл алаш зия­лылары ескертіп кеткендей, «қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі».

Гүлфар Мамырбек,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 

жетекші ғылыми қызметкері, 

Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты