27 Маусым, 2012

Жүректерге шуақ шашқан

593 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жүректерге шуақ шашқан

(Қаз-қалпында)

Дәл осынау тақырыпқа қалам тербеу ойда жоқ-ты. Жыл құ­сындай он екі айда бір айналып соғар еңбек демалысын алаңсыз өткізсем бе дегенмін. Қай-д-а?! Олай болмады. «Жүрген аяққа жөр­гем ілігер». Бабаларымыз те­гін айтпаса керек. Оның үстіне жазу-сызудың төңірегіндегі жан­ға бәрі тосын, бәрі таңсық. Ерік­сіз елеңдейсің. Көңіліңді ынтық­тырған көріністер мен естіген­деріңді ұмытпай жадыңа түйіп алуға ұмтыласың-ау. Мінеки, қа­зір де ұзын жолдың бойында ұшы­расқан назар аударарлық жағ­даяттар хақында ой өрбітпекпін.

 


(Қаз-қалпында)

Дәл осынау тақырыпқа қалам тербеу ойда жоқ-ты. Жыл құ­сындай он екі айда бір айналып соғар еңбек демалысын алаңсыз өткізсем бе дегенмін. Қай-д-а?! Олай болмады. «Жүрген аяққа жөр­гем ілігер». Бабаларымыз те­гін айтпаса керек. Оның үстіне жазу-сызудың төңірегіндегі жан­ға бәрі тосын, бәрі таңсық. Ерік­сіз елеңдейсің. Көңіліңді ынтық­тырған көріністер мен естіген­деріңді ұмытпай жадыңа түйіп алуға ұмтыласың-ау. Мінеки, қа­зір де ұзын жолдың бойында ұшы­расқан назар аударарлық жағ­даяттар хақында ой өрбітпекпін.

Баяғыдай Алматы мен Тал­ды­қор­ғанның арасына сағат сайын ағылып жататын автобус­тар­дың қарасы шалынбайды. Есе­сіне орталық автобе­кеттің ма­ңын­дағы сеңдей соғылысқан жеке­ меншік таксилерден аяқ алып жүргісіз. Қалаған бағытыңа апаруға әзір. Иек астындағы Талдықорған тұрыпты, үш жүз-төрт жүз шақырым шалғайдағы Тараз, Шымкент, тіпті қалтаңыз көтерсе қияндағы Өс­кемен мен Астанаға қиналмай жеткізеді екен. Бәрі дұрыс. Кімге болсын күнкөріс қажет. Тек сырт көзге оғаштау көрінгені – әле­кедей жа­лаңдаған жүргізуші­лер­дің жолау­шыларға таласып-тар­тысқан қылық­тары. Өзара келі­сім, ішкі тәртіп жоқ. Әлімжеттік өрескелдіктің көңілге қаяу тү­сіргені анық.

Қақпақыл құрсауынан әупі­рімдеп құтылған біз сүйріктей иномаркаға жайғастық. Серік­те­ріміз бейтаныс екі әйел. Бізді көрген кездегі қуаныш­тарын жасыра алмай:

– Жақсы болды ғой сіздердің қол ұстасып келе қалғандарыңыз. Әйтпе­се, әлі қанша отырар едік, – деді жарыса. – Онсыз да жіпсіз байланып, екі сағаттай сарыла күттік. Рет-ретімен біріне бірі кезегін беріп, жолды бөгемеуді ойламай ма?..

– Иә. Сөйтпей ме, тектен-тек кеңірдектеспей…

– Бәрінен де адамға талас­қандары қызық екен. Мұндай сұмдықты бірін­ші рет көруім.

– Жарайды… Босқа шарша­маңыз­дар, – деді жүргізуші жігіт ағасы көлігіне от алдырып жатып. – Біздің күн сайынғы көргеніміз осы. Әйтеуір, нәпақаң үшін құқайдың не біріне шы­дайсың. Кәне, емін-еркін жайланып оты­рыңыздар. Ұсақ-түйек ренішті ұмы­­­тып, рахаттанып радио тың­дайықшы.

Шынын айту керек. Жүргізу­шінің ұсынысын әуелде әрқай­сымыз әрқа­лай қабылдағанбыз. Артқы орындық­та отырған әйел­дің егделеуі «сол дырылдақ-мы­рылдағыңды қайтесің», деген шыдамсыздана шытынап. «Қой, тың­дайық. Жол қысқарсын. Қа­зақтың жақсы әндері бар шы­ғар…» Қасын­дағы құрбысы өз тілегін білдірді де, үн-түнсіз терезеге тесілген. Ләм-мим жақ ашпаған жүргізуші өзімен-өзі, «шиқ-шиқ» еткізіп радиотол­қын­дарын іздеуде. Артынша жарқыл­дап тіл қатқан:

– Менде бәрі бар. Ән де, күй де табылады. Ең алдымен, Қазақ радиосынан қазір тамаша бір әң­гіме тыңдап алайық. Тура осы мезгілде радиожурналист Ләззат Қапышеваның «Өмір­дің өзі – новелла» деген авторлық бағдарла­масы беріледі. Бұл хабарды өз басым қалт жібермеймін. Ләззат­тың әр жазған дүниесін сүйсіне тыңдаймын, жүрегіме сондай жа­қын. Адамдардың қилы-қилы тағ­дырын өзек еткен, отбасылық мәселелер мен тіршілікте кезде­сетін түрлі-түрлі жағ­дайларды сыр ғып шерткен әңгіме-новел­лалары керемет-ақ. Қай-қайсы­сы да ешкімді бейжай қалдырмайды.

Сөйткенше болмады, радиодан естілген жүрек шымырлатар әдемі музыка әуезіне атақты диктор Сауық Жақанованың сиқыр­лы үні ұласты. «Эфирде – «Өмір­дің өзі – новелла». Біз елеңдей, сыбыр-күбірді тоқтата қойып, радиоға еріксіз құлақ түрдік. «Әр адамның тағдыры – айтылмаған сыр, жазылмаған жыр, оқылма­ған кітап…» Хабардың беташар-кілтін жеткізген жағымды қоңыр дауыс өзіне ынтықтыра түскен. «Бүгінгі тыңдайтындарыңыз – «Сен бол­масаң», авторы Ләззат Қапышева…»

Жол апшысын қуырған жеңіл мәшине зуылдап келеді. Салон іші тым-тырыс. Әңгіме мәтінін нәшіне келтіре оқыған диктор­дың дауысы ғана оқиға желісіне орай сан мәрте құбы­лып, тыңдау­шыларын қалың ойға шом­дыра, ұйытып жібергендей. Сілті­дей тынған тыныштықты әлгінде «ра­диоңның қажеті шамалы» деген әйелдің әлсін-әлсін терең күр­сінгені бұзған. «Әлде бір жері ауырып, алыс жолды көтере алмай келе ме?» Көңілім алаңдап, екі-үш мәрте мазасыз жүзіне жанар жүгірткенмін. Жоқ, мен қателес­кен тәріздімін. Екі көзін жұмып алған ол бар ынта-ықыласымен тың­дауда. Тіпті, бүкіл назарын радиоға аудара басын изеп, ерекше елітіп отырған сықылды. Іле-шала жүректерді сыздатқан мұң­ды әңгіме аяқталды. Сол, сол-ақ екен күні бойы өзін әрең ұстап отырған әлгі әйел жылап жіберді. Ащы өксік буған ол біразға шейін тіл қатпай, көз жасына ерік берген. Біз де үндей алмадық. Аласапыран ойлар селінен шыға алмай қиналғанымыз рас.

– Кешірерсіздер, – деді үзілген әңгімені сабақтаған бейтаныс әйел. Дір-дір еткен дауысы құмығып шыққан. – Жаңағы «Сен болмасаң» деген әңгімені құдды менің басымнан өткен оқиға дерсіздер. Радиода айтыл­ған Жансая секілді мен де бұдан екі жыл бұрын төтеннен келген ауыр сырқатқа ұшырап, ауруханада ұзақ жаттым. Әрине, Жансая құсап комаға түскем жоқ. Сөйтсе де, аурудың аты – ауру. Ай­налдырған екі-үш айдың ішінде отбасымыз қатты күйзеліп кетті. Өз қолы  өз аузына жетпеген шиеттей төрт баланы өбек­теген жұбайым күні-түні қасым­да мені күзетіп отырды емес пе? Еркектің еңіреп жылағаны қиын екен дүниеде. «Сен болмасаң, қайтеміз?! Қасиетің мен қадіріңді басқа түскенде ғана сездім ғой. Қабағыңа кірбің, көңі­ліңе қаяу түсірсем, кешірші мені» деп егіл­генін қалайша ұмытайын. Бірақ, кім білген, бірінші ауру өле ме, сау өле ме? Отыз жыл отасқан жолдасым былтыр табан астынан көлік апатынан көз жұмды. Со­ңында боздап біз қалдық. Ләззат қарағымның бағдарламасы шынында да талайларға ой салары сөзсіз. Шама-шарқымыз жеткенше осынау қамшының сабындай қысқа ғұмыры­мызда көңіл айнасына көлеңке түсір­мей, бір-бірі­мізді сыйлап, қадірлеп өткенге не жет­­сін. Биік адамгершіліктің асыл қасиеттерін дәріптейтін мұн­дай хабарлар әрдайым жү­ректерге шуақ шашса керек. Пенде шіркінді қой­сайшы, әлгінде мен «радиоңды тың­дамаймын»  деп байбалам салдым. Жасыма жетпей жүйкемнің сыр бере бас­тағаны-ау, шамасы. Асығыстық әреке­тіме өзім де ыңғайсызданып отырмын…

– Оқасы жоқ, – деді жүргізуші сөз ләмін аңғара қойып. – Ең бастысы, адамдарға керегі – сый­ластық. Оның үлкен-кішісі жоқ, меніңше. «Көңіл, шіркін, бір атым насыбайдан қалады» де­генді атам қазақ бекер айтпаған. Ізетті адамның кісілігі, өрісті азамат­тың өресі сәлемі мен сөз саптауынан аңғарылады. Сон­дық­тан да, адамдардың қай уа­қытта да, қай кезде де алдыңғы қатарға сіз айтып отырған сый­ластық­ты, ынтымақ-бірлікті қой­ғаны жөн. Бұл – әсіре айтылған қызыл сөз емес.

Осындай тұжырым жасауыма Ләз­зат Қапышеваның Қазақ радиосынан ұдайы беріліп тұратын өзекжарды әңгімелері мен тір­шілік түйткілдерін қозғаған ойлы материалдарын жиі тыңдауым бол­са керек. Мен оның өзін танымаймын. Бұрынырақта дәл осы бағдарламадан оның «Мен сені сағынып жүрмін», «Тыңда­шы жаным, тыңдашы», «Анамды аңсап жүрмін», «Мұңайдым өзің жоқта…» секілді жан толқытар толғаныстарын құмарта тың­даға­ным бар. Кейбір дүниелері есіме түспей тұрғаны. Әйтеуір, маған Ләззаттың радиодан беріліп жататын материалдары қатты әсер етеді. Жазғандарын ұнатып тың­даймын. Соңғы кездері өзі «Біз –  екеуміз» дейтін жеке бағдарла­масын жүргізіп жүр. Елімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен әдебиет-өнер қайрат­кер­лерінің отбасылық жұптары жайын­дағы сыр-сұхбаттарының та­ғы­­лым­дық, тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, мұндай дүниелердің бүгінгі жас­тарға үйретер өнегесі мен үлгісі көп-ақ. Күні-түні жол үстінде жүргендіктен менің серігім де, ақылшым да – осы Қазақ радиосы. Жалғыз Ләззаттың ғана емес, өзге де өткір мәселелерді, күн­делікті өмірдегі ақиқатты ашық айтып жататын толғақты хабарларды үзбей тыңдаймын. Реті келген соң айтып жатқаным да…

Әр нәрседен хабардар так­систің сөзін бөлгім келмеді. Қа­сымдағы жолаушы серіктерім де көкірегі даңғыл жігіттің ағыл-тегіл әңгімесіне көбі­рек құлақ түретіндей. Ілкі сәттік тыныш­тықтан соң ол тағы бір соны жаңалықтың ұшығын шығарған.

– Мен сіздерге қазір әйгілі сахна саңлақтары Күләш пен Қанабек Байсейітовтерге орна­тыл­ған қастерлі ескерткішті көрсетемін…

Жебедей жүйткіген тұлпа­ры­ның екпінін тежеп, қалың таулар­дың құшағына сүңгіген буылтық-буылтық таспа жолдан көз жазбаған жүргізу­шінің сөзін кілт бұзып жібердім:

– Рас айтасың ба? Сонда немене айдалада, мына асқар-асқар таулар­дың арасына қойылған ба?

– Несіне таңырқайсыз? Дәл осы өзіміз келе жатқан Арқарлы асуының ұшар басына қойы­лып­ты. Алып ескерткіш деуге бола қоймас, дұрысы – белгітас тақта. Қанабек ағамыз Күләшқа үйленіп Жетісудағы, нақты­лап айтсақ, Қа­ра­талдың бойындағы туған ауылына ең алғаш әкеле жатқанда бөктер-бөктері нарт қызыл қыз­ғал­дақтар мен мың түсті бәйше­шектерге малынған Арқарлыда аял­даған көрінеді. Өмірге іңкәр қос ғашық құрбы-құрдастарымен бірге құздан-құзға өрмелеп, шыңнан-шың­ға шығыпты. Сол мәңгі алау шақтың символындай сезілетін ескерткіш-белгі бертіңгі жылдары ғана қойыл­ғанға ұқсайды. Бұл игілікті істің ұйыт­қысы болған жандардың кімдер екенін өзім де білмеймін. Қа­сиетті белгі жайында өткен жылы естідім…

– Қызық дерек екен. Мен де алғаш рет естіп отырмын. Қырық жылдан астам уақыт осы күре­та­мырмен ерсілі-қарсылы сан мәр­те жолаушылап жүргенде мұндай хабар­дың ұшқыны да құлаққа жетпепті-ау.

Сақинадай шиырылған асфальт жол кезекті бір қайқы асуға өрле­генде, жүргізуші жігіт маң­дай тұсымыздан асқақтай ша­лын­ған шың-төбені оң қолымен меңзеп:

– Ән-е-у бір тік жарқабақтың басындағы күмістей жарқырай ағарған бөлекше белгі-тақта тасты көрдіңіздер ме? Бағанадан менің айтып келе жатқан ескерт­кішім… Есім­дері аңызға айналған ғашықтардың гүл теріп, сыр шер­тіскен жері тура осы маң десе-ді.

– Иә, көріп келеміз, – дедік біз де бірімізді-біріміз қоштап.

– Айтпақшы, бауырым есі­міңіз кім еді? Әдебиетке, өнерге қаты­сыңыз бар ма? Сөз қадірін ек­шеуіңізге қарағанда…

– Менің аты-жөнім Айдар Есенгелдіұлы. Негізгі маман­ды­ғым хим-биолог, ҚазМУ-ді бітіргем. Кеңес өкіметі құлағанға шейін әжеп­тәуір шенеуніктер қатарында жүрдік қой. Бүгінде көріп отырсыз, өз еркім өзімде. Иә, сөзді қасиет тұтамын. Өйткені, қазақ емеспіз бе?..

– Айдаржан, әлгінде Ләззатты танымаймын дедің әңгіме арасында. Үндемей құтылғым кел­ген-ді. Бірақ, өйте алмайтын тү­рім бар. Белгілі қаламдас әріпте­сіміз, радиожурналист Ләззат Қа­пы­шеваны мен жақсы танимын. Жүректерге шуақ үйіріп, үміт ұялатқан кездейсоқ сапар жайында, ұлылар өміріне байланысты елең ет­кізер деректі де жеткі­земін. Кім біледі, тағылымды тамаша бір дүние жазар.

– Мүмкін, әбден мүмкін…

Қос жанары оттай жанған Айдар менің жүзіме ұрлана қарай береді, қарай береді…

Жол танабын қуырған жеңіл мә­шине зуылдап келеді. Әркім өз ойы­мен…

Жанат ЕЛШІБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.