Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2018

Атырауда жолсеріктерге жат ағымдар туралы айтылды

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Діни сауаттың болмауы соқыр сенім жетегінде жат ағымға еруге әкеледі. Дәстүрлі емес діни ағымның зардабын көргендер қатары Атырауда азайып келеді, дегенмен әлі де бар. Бұл ретте отбасылық құндылықтарды насихаттап, теріс діни ағымдардан сақтандырудың маңызы зор. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ «Атырау магистральдық желі бөлімшесіне» қарасты уақытша жолсерік тұрағының қызметкерлеріне ұйымдастырылған кеңейтілген дәрістің мақсаты осы болды.

Атырауда жолсеріктерге жат ағымдар туралы айтылды

Шараға «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы Сұлтангелді Сариев, Атырау көлік прокуратурасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Ерболат Рахманов, Атырау станциясы желілік полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Сайфолла Құлшиев қатысты.

«Деструктивтік діни ағымдардың  алдын алу» тақырыбында өткен кездесуде алдымен теологтың дәрісі тыңдалды, шараға қатысқан жолсеріктер тақырып аясында толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

Дәрісте теолог Сұлтангелді Сариев Уәһһабилік-Сәләфилік ағымның шығу тарихы және оның түрлері мен ерекшеліктері туралы дайындалған арнайы слайд арқылы сәләфиттерден бөлініп шыққан Мадхалиттер, Суруриттер, Тәкфіршілер және Хаддадиялар туралы түсінік берді. Дәстүрлі ханафи мазхабы және деструктивті діни ағым өкілдерінің намаз оқу үлгісі, дәстүрлі бағыттағы уағызшыларды, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын діни әдебиеттер тізімі көрсетілді.

- Жолсеріктер үнемі халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, діни сауатты болуы тиіс, - дейді Атырау станциясы желілік полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Сайфолла Құлшиев. –Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы теріс ағымдардың зиянды тұстарын түсіндіріп, қарсы иммунитет қалыптастыруды мақсат еттік. Кеңейтілген дәріске қатысушылар тақырыпқа немқұрайлы қарамай, белсенді араласты, мұндай кездесулер алға қарай да жалғасын табады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау