Халықтың қамы үшін...
Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлісу туралы келісім аясында «НКОК» компаниясы 20 жылдан бері халыққа пайдалы жобаларды жүзеге асыруды айрықша назарда ұстап келеді. Өткен жылдың өзінде компания 50 млн АҚШ долларын осы мақсатқа арнады. Соның нәтижесінде Атырау мен Маңғыстау облысында жаңа мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен спорт кешендері, мәдениет үйлері бой көтеріп, жолдар, инфрақұрылымдық нысандар салынды.
– Мұнай және газ саласындағы негізгі қызметінен бөлек, «НКОК» компаниясы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына консорциумның септігін тигізуді үнемі назарда ұстайды, – дейді компанияның корпоративтік қызметтер жөніндегі директоры Балтабай Қуанышев. – Солтүстік Каспий жобасы аясында жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атырау мен Маңғыстау облыстарын өз үйіміз деп мақтана айта аламыз. Себебі жобаның бірінші кезеңін орындау барысында жұмыс істеп жүрген 3 мыңға жуық қызметкеріміз бен 10 мыңдаған мердігер және жабдықты жеткізушілер осы өңірлердің тұрғындары. Республикалық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, біз әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз.
НКОК-тың өңірлердің әлеуметтік дамуы жолында атқарған жұмыстарын мақтанышпен айтуға болады. Қашаған кен орнын игерудің алғашқы кезеңінің өзі бірнеше онжылдықты қамтиды. «Жоба акционерлері Қазақстанға миллиардтаған доллар пайда әкеледі деп күтілуде», дейді компанияның басқарушы директоры Бруно Жардэн. Тікелей шетелдік инвестиция бойынша еліміздегі ең ірі жоба ретінде Солтүстік Каспий жобасы экономиканы ынталандырып, халықты жұмыспен қамтуға, жергілікті компанияларды дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Қашағанның коммерциялық мұнай өндіруді бастағанына көп уақыт өте қоймаса да, компанияның жергілікті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі өткен жылы 330 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш.
Компания жүзеге асыратын жобаларды облыстық әкімдіктер ұсынады. Екіжақты келісім негізінде жобалар бекітілгеннен кейін «НКОК» жобалау мен инженерлік әзірленім, келісімшарт беруге арналған тендер, жүзеге асыру және тапсыру-қабылдау жұмыстарына жауапкершілік алады. Осы шаралардың мінсіз атқарылуының нәтижесінде мұнайлы өңірлерде халықтың қажетіне жарап отырған бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Мұны Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығы қарсаңында екі аймақтың басшылары да атап айтты. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Осы ерекше, кең ауқымды жобаны жүзеге асыру кезеңінің басталуы – Қазақстанның мұнай өндірісі тарихындағы жаңа бет, ел экономикасындағы тың серпіліс. Біздің бірлескен жұмысымыз ел игілігіне жарап, халықтың мүддесіне қызмет етеді деген сенімдемін» десе, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов: «НКОК компаниясы соңғы үш жылда жалпы көлемі 75 миллион АҚШ долларына тең инвестиция жасады. Жүздеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Бұл – Президентіміздің жобасы, еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қуатты серпін беруші жоба» деп атап көрсетті. Компания жұмысына деген елдің ықылас-ниетін, ризашылығын осыдан да аңғаруға болады.
Жақсылық жасаудан жалықпаған
Солтүстік Каспий консорциумының қолдауымен салынған әлеуметтік нысандар қатары жыл сайын толығып келе жатқанын «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» деген халық даналығымен де байланыстыруға болатындай. Мысалы, Атырау облысы Махамбет ауданындағы Береке ауылында бой көтерген мәдениет үйі халыққа қуаныш сыйлады. Кең де жарық 200 орындық ғимаратты салуға «НКОК» 305 млн теңге жұмсаған. Ауылдық жерде мәдениетті дамытып, жас таланттарды шыңдауға, жаңа есімдерді анықтауға жол ашатын бұл орын ауыл тұрғындарының жиі бас қосатын мекеніне айналды. Биыл шілде айында компания Мақат аудандық ауруханасына реанимобиль сыйға тартты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек Оңдасынов адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін заманауи көлікте қажет жағдайдың бәрі жасалғанын айтады. Ауыл тұрғындары үшін, әсіресе тіс ауырған кезде қиын. Алыстағы ауылдың бәрінде бірдей стоматолог маман жоқ. Индер аудандық ауруханасына қымбат тұратын заманауи үлгідегі стоматологиялық жабдық сыйлаған «НКОК» қашанда халықтың жай-күйіне алаңдайтынын танытты.
Биыл Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн Атырау облыстық ауруханасына сыйлық ретінде соңғы үлгідегі күйікке қарсы жаңа «Clinitron» кереуетін тарту етті. Жапонияда жасалған қымбат құралды қабылдаған облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров: «Осыған дейін науқастар техникалық талаптарға сай келмейтін ескі құралдармен емделіп келді. Енді «НКОК» табыстаған жаңа медициналық жабдықтың көмегімен күйіп қалған адамдарға сапалы медициналық көмек көрсетуге және өміршеңдікті арттыруға мүмкіндік туып отыр», дейді. Алғысқа -толы мұндай мысалдарды тізе берсек, тіпті көп. Ақтау қаласындағы «Маңғыстау Арена» спорт кешені де осы компанияның демеушілігі арқасында бой көтерген. Атыраудағы денешынықтыру-сауықтыру кешені, инфекциялық аурухана, Білім-инновация лицейі, қан орталығы, Маңғыстаудағы салтанат сарайы, достық үйі, мектептер мен балабақшалар секілді қазіргі заман талаптарына сай басқа да нысандардың салынуында «НКОК»-тың зор үлесі барын құрметпен айтуға тиіспіз. Компания бірнеше жылдан бері шұғыл медициналық қызметті жақсарту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруда. Солтүстік Каспий консорциумының қолдауымен бастау алған жоба арқасында денсаулық сақтау жүйесі жаңа сатыға көтерілді. Бұл жобаны Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі сапалы жедел жәрдем үлгісі ретінде атап өтті. Қазақстандағы америкалық сауда палатасы НКОК компаниясын «Денсаулық сақтау» аталымы бойынша жоғары дәрежелі жүлдемен марапаттады.
Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығына арнайы жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздер тәуелсіз Қазақстанның маңызды әрі ірі жобаларының бірі болып саналатын Қашаған бірегей теңіз кен орнын игеруге көп күш жұмсап, зор еңбек сіңірдіңіздер. Жас мемлекетіміз үшін сол бір күрделі жылдарда теңіз шельфінен көмірсутегін өндіру ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған міндет еді. Қиыншылықтың бәрін жеңіп, болашақ ұрпағымыз мақтан тұтатын осындай үлкен бастаманы біз бірге жүзеге асыра алдық. Бұл жоба елімізге шетел инвестициясын, жаңа технологияларды, әлемдік тәжірибені әкеліп, өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық пен серіктестіктің жарқын мысалына айналды» деп атап көрсеткен.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардан бөлек «НКОК» демеушілік көрсетуді, қайырымдылық шараларын жасауды да ұмыт қалдырмайды. 20 жыл ішінде осы мақсатқа 19 млн АҚШ долларын жұмсаған компания алға қарай да ізгілікке үн қосуды жалғастыра бермек.
– Бүгінде біз Солтүстік Каспий жобасына белсенді атсалысып, үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз және Қазақстан Республикасының мұнай-газ өнеркәсібі тарихындағы межесі биік мерейлі белес екенін жақсы түсінеміз. Біздің Қашаған кен орны еліміздің жедел қарқынмен дамуы үшін маңызды энергетика көздерінің біріне айналатынына күмәніміз жоқ. Ол Қазақстан экономикасының дамуына шешуші әсер етіп, консорциум акционерлерінің үмітін ақтайды деп сенеміз, – дейді «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн. Компанияда жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық міндеттемелер, тиімді ынтымақтастық пен ұзақ мерзімді жоспарлардың мақсаты айқын, ол – қоғамға, жалпы адамзатқа жақсылық жасау. Мұның бәрі компания қызметкерлерінің қажырлы еңбектерінің жемісі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ