Димаштың дара дауысы дүниені дүр сілкінтіп, жаһанның жаңалығы болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Осы аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейде құбылысқа айналған дарынның өнердегі ең алғаш тұсауын кескен елеулі оқиға – 2015 жылы Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылардың «Славян базары-2015» байқауы. Байқаудың Гран-приін жеңіп алған айтулы сәт әнші өміріне өзінің үлкен өзгерісін де қоса ала келді. Әйткенмен, одан кейін де талай ән байқауларында топ жарып жүрген талантты жаһан танып, атағы шартарапты шарлаған тарихи сәт Димаштың Қытайда өткен «I am a singer» жобасындағы жұлдызды өнер көрсетуінен кейін тіпті өршіді. Бүгінде Димашты танымайтын ел кем де кем. Өткенде ғана әншінің Лондон қаласында қазақ тілінде өткен концертіне ине шаншар орын қалдырмай жиналған ағылшын жұртының әнге, Димаш өнеріне деген ыстық ықыласы – тұтастай қазақ ұлтына деген құрмет пен бас июді білдірсе керек.
Димаштың өнердегі жаңалығын жалғап, өкше басып келе жатқан інісі Рахат-Би Әбдісағин есімі де бүгінде музыкадағы әлем таныған феноменге айналып үлгерді. 10 жасында жаңалық жасап, алғашқы классикалық туындысын өмірге әкелген әлемдегі ең жас кәсіби композитор Рахат-Би Әбдісағин есімімен қазақ елі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасы барысында етене танысты. Жоба жеңімпаздарын құттықтауға арналған салтанатты жиында Елбасы жас дарынның теңдессіз шығармашылық қабілетіне тәнті болып, өрімтал талант өнерін әйгілі Моцарт шығармаларымен тең қоя таңданғанын сол сәтке куә болғандар әлі ұмыта қойған жоқ.
Иә жаһан назарын өзіне аудартқан өнер иесінің шексіз таланты бүгінде шартарапқа танылып, туындылары әлемнің айтулы сахналарын мойындатып үлгерді. Әлі 20-ға да толмаған музыкант бүгінге дейін симфониялық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса классикалық музыкалық туындының авторы.
Ал кино әлемінде 2018 жылдың үздігі атанған Самал Еслямованың орны айрықша. Мамыр айында Францияның Канн қаласынан жеткен «Самал – үздік актриса» деген ақжолтай хабар төрткүл дүние назарын қазақ еліне бұрғызса, араға аз уақыт салып Түркияның Анталия қаласында өткен 55-ші Халықаралық кинофестивалі де режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рөлі үшін талантты актрисаны үздік деп таныды.
Сонымен қатар қазақ өнерінің ғана емес, есімін дүние жүзі таныған классикалық музыка майталманына айналған Алан Бөрібаевтың дирижер тұғырындағы табысты ізденісі де бүгінде жер жаһанды таңғалдыра таңдай қаққызып келеді. 2003-2007 жылдары Астана Мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің бас дирижері, 2004-2007 Майнингеннің (Германия) бас музыка директоры, 2007 жылы Норрчёпинг симфониялық оркестрін (Швеция), 2007 жылы нидерландтық Брабант оркестрін, ал 2009 жылдан бастап Ирландияның Ұлттық симфониялық оркестрін басқарған Алан Бөрібаев қазіргі таңда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері қызметінде. Әйгілі маэстроның шығармашылық қиялына қанат бітірген Л.Хамиди мен А.Жұбановтың әйгілі «Абай» операсы жаңа заман тілінде көрерменге жол тартқан болатын. Әлемге қазақ ұлттық опера өнерін әйгілеп жүрген айтулы туынды биыл Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Сол секілді бүгінде опера өнерінің әлем мойындаған жарық жұлдызына айналған Сүндет Байғожин, 27 жасында еліміздің бас оркестрі – 85 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері қызметіне тағайындалып, жақында ғана Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметіне кіріскен Арман Жүдебаев сынды жалынды жастардың өз саласының кәсіби білікті маманы атанып қана қоймай, өнер әлемінде жаһан таңдана қарайтын жаңалық тудыруға деген ұмтылысы мен жеңісі қай кезде де ұлтымыздың мақтанышы һәм абыройы.
Бұл да болса қасиетті тәуелсіздігіміз тудырған талантты жастардың шығармашылығына қанат байлап, үнемі шабытқа бөлеп келе жатқан еңселі елдігіміз екені сөзсіз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»