Ирандықтар
Жер шары картасында белгіленген Иран Ислам Республикасының мемлекеттік шекарасының сызығына мұқият назар аударатын болсақ, бұл мемлекет орналасқан жер аумағы тікесінен отырған мысықтың бейнесін елестетеді. Ел жалпы көлемі 1 миллион 650 мың шаршы шақырымға жуық аса үлкен аумақты алып жатыр. Оның көп бөлігі таулы-тасты қыраттардан тұрады. Ауа райы жазда құрғақ әрі аптап ыстық, ал қысы суық болып келеді. Солай бола тұрса да, қыс маусымының өзінде елдің бірқатар аймақтарында суық ызғары сезілмейтін, табиғаты жайма-шуақ жерлер де кездеседі.
Жер шары картасында белгіленген Иран Ислам Республикасының мемлекеттік шекарасының сызығына мұқият назар аударатын болсақ, бұл мемлекет орналасқан жер аумағы тікесінен отырған мысықтың бейнесін елестетеді. Ел жалпы көлемі 1 миллион 650 мың шаршы шақырымға жуық аса үлкен аумақты алып жатыр. Оның көп бөлігі таулы-тасты қыраттардан тұрады. Ауа райы жазда құрғақ әрі аптап ыстық, ал қысы суық болып келеді. Солай бола тұрса да, қыс маусымының өзінде елдің бірқатар аймақтарында суық ызғары сезілмейтін, табиғаты жайма-шуақ жерлер де кездеседі.
Бұрындары Иран өзінің мемлекеттік шекарасының батысында Иракпен, солтүстік-батысында Түркиямен көрші және шекаралас еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің солтүстік-батыс шекарасында жаңа көршілері – Армения мен Әзербайжан, солтүстік-шығысында Түркіменстан пайда болды. Ал шығысында Ауғанстан мен Пәкстан бар. Шекарасының жалпы ұзындығы 7,6 мың шақырымды құрайды. Оның үштен бір бөлігіне жуығы теңіз суы арқылы өтеді. Иран сондай-ақ Каспий теңізі мен Парсы және Оман шығанақтарына «шомылып» жатыр. Бұларға жүк, оның ішінде мұнай тасымалдауда ерекше орын алатын Ормуз бұғазын қосыңыз. Сонымен қатар, Иран өзінің геосаяси жағдайына және қуатты экономикалық әлеуетіне байланысты бірнеше стратегиялық маңызды учаскелер – Парсы шығанағы, Каспий теңізі, Кавказ, Орталық және Оңтүстік Азияда елеулі рөл атқарады. Оның үстіне мұнайдың жалпы әлемдік қорының 10 пайызы, газдың 20 пайызы осы елдің аумағында шоғырланған. Міне, бұл Иран Ислам Республикасының халықаралық қоғамдастықта саяси әрі экономикалық зор әлеуетке ие екендігін көрсетеді.
* * *
Егер жолыңыз түсіп, Иранға бара қалсаңыз, Парсы шығанағын кездейсоқ «Араб шығанағы» деп атаудан сақ болғаныңыз жөн. Өйткені, кейде газет-журналдарда, тіпті карталарда Парсы шығанағын «Араб шығанағы» деп жазу ұшырасып қалады. Ирандықтар мұны өздерін қорлау, кемсіту деп қабылдайды. Шығанақты сонау ежелгі замандардан келе жатқан тарихи атауы – «Парсы шығанағы» дегенді ұнатады.
Әр халықтың күнделікті өмір-тіршілігі уақыты ағымына қарай ұстанатын өзіндік салт-дәстүрі болады. Иранға алғаш рет барған адам ондағы бұлжымас дағдыға айналған ұлттық мәдениеттің ерекшелігін бірден байқайды. Мысалы, ирандықтардың күнделікті және аптадағы бұрыннан қалыптасқан тәртібін алайық. Елдің барлық өңірлерінде әрбір атқан таң мен күн тұрғындарды намаз оқуға шақырудан басталады. Стратегиялық нысандардан басқа мекемелер, офистер мен оқу орындары жылдың қай мезгіліне қарамастан, бір уақытта ашылады және бір уақытта жабылады. Көптеген мұсылман елдері сияқты жұма Иранда да аптадағы жалғыз жексенбі күн болып саналады. Ал жұмыс аптасы сенбіден басталады. Сондықтан да бұл елде тіркелген шетел елшіліктерінің көпшілігі жұма мен сенбі күндері жұмыс істемейді.
Иран географиялық жағынан Еуропа мен Азиядағы халықтардың көші-қон жолына, яғни өркениеттер тоғысына орналасқан. Өзінің мыңдаған жылдарды қамтыған тарихында бұл елді гректер де, арабтар да, моңғолдар да, түріктер де жаулап алып, биліктерін жүргізген екен. Әрбір жаулап алушылық Иран мәдениетіне өзіндік жаңашылдық әкеліп отырған. Өз кезегінде ирандықтар олардың мәдениетінің жағымды жақтарын өз өмірлеріне тиімді кіріктіру арқылы, оған ұлттық ерекше реңк қоса білді. Ал жаулап алушылар болса, иран мәдениетінің бірқатар элементтерін өз мәдениеттеріне де пайдаланды. Талай басқыншылықтар мен небір қиындықтарды бастарынан өткізсе де, ирандықтар әркез өздерінің ұлттық ұқсастығы мен ұлттық дәстүрлерін сақтап, саяси және мәдени жағынан дербес дамып отырды.
Өткен тарих алғашқы пошта жүйесі мен алғашқы салық салу жүйесі ирандық Ахеменидтер әулетінің басқаруымен дүниеге келгенін көрсетеді. Сонымен қатар, біздің заманымызға дейінгі 539-530 жылдардағы Ұлы Кирдің цилиндрі (клиножазба құжат) осы елде жазылып, жария етілген деген деректер де бар. Ол құжатта адамдардың бірін-бірі құрметтеу қағидаттары, діни төзімділік, мәдениеттердің еркін қозғалысы секілді мәселелер айтылған көрінеді. Бұл ескерткіштің адам құқығы тарихындағы тұңғыш хартия ретінде қарастырылуы жайдан-жай емес. Өйткені, бүгінде оның түпнұсқасы Британ музейінде сақтаулы, ал көшірмесі БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне қойылған. Сондай-ақ ол 1971 жылы БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылды.
Иран өркениеті әлемге өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, архитектура салаларына үлкен үлес қосуымен де танымал. Онда өсімдіктер мен жеміс-жидектердің түр-түрі өсіріледі және көптеген мемлекеттерге экспортқа шығарылады. Тіпті, жабайы ешкі малы мен тауықты алғаш рет қолға үйреткен өзгелер емес, осы ирандық ағайындар екен. Оның үстіне кірпіш құюды, жел диірменді, баспалдақты пирамида жасауды ирандықтар ойлап тауыпты. Міне, бұған ғасырлар бойы әлемде үлкен сұранысқа ие болып келе жатқан иран кілемдерін қосыңыз. Осының барлығы еңбекқор Иран халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шығармашылық сабақтастығы мен қолданбалы өнер шеберлігінің нақты көрінісі болса керек.
* * *
Иран 1935 жылға дейін Персия деп аталған. 1979 жылғы ақпандағы Ислам төңкерісінен кейін бұл мемлекет ресми түрде Иран Ислам Республикасы деген атауға ие болды. Елдің мемлекеттік құрылымы конституция бойынша айқындалған және ол биліктің үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінен тұрады. Иранның конституциясы 1979 жылы қабылданған. Ал 1989 жылы президенттің өкілеттігін кеңейту мақсатында негізгі заңға өзгерістер енгізілді, осыған байланысты премьер-министр лауазымы жойылды. Содан бері премьер-министр функциясын президенттің өзі атқаратын болды.
Ислам төңкерісінен кейін қабылданған Иран конституциясында мемлекеттің түрлі институттары арасындағы билік бөлінісінің ара-жігі нақты көрсетілген. Бұл жеке жоғары лауазым иесіне немесе белгілі бір мемлекеттік құрылымға шектеусіз билік берілмеуі тиіс деген қағидадан туса керек. Елде президент, парламент, жергілікті билік және сарапшы кеңесі тіке сайлау бойынша сайланады. Басқа мемлекеттерге қарағанда, мұндағы бір өзгешелік – сарапшы кеңесіне қатысты. Өйткені, бұл орган өз кезегінде елдің ең жоғары қызметі лауазымындағы тұлға – Жоғарғы көсемді сайлайды, одан кейін олар Жоғарғы көсемнің мемлекеттік мәселелер жөніндегі кеңесшісі ретінде жұмыс істейді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Жоғарғы көсем мемлекеттің ең жоғары басшысы болып табылады. Ол шариат пен мұсылмандық теологиясын жетік меңгерген тұлға болуы тиіс. Сондай-ақ оның басшылықта болу мерзімі шектелмеген, яғни мерзімі ел конституциясында көрсетілмеген. Иранның бұрынғы көсемі аятолла Р.М.Хомейни қайтыс болған соң, 1989 жылы жаңа Жоғарғы көсем болып аятолла Сейед Али Хаменеи сайланды. Ал Иран Ислам Республикасының конституциясына сәйкес Жоғарғы көсемнің құзыретіне мемлекеттегі және қоғамдағы қызмет мәселелерінің барлығы кіреді десе де болады. Мысалы, ол Иран қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы ретінде соғыс жариялап, азаматтарды жаппай әскери жұмылдыруға шақыруға құқығы бар. Сонымен бірге, парламенттің немесе жоғарғы соттың шешімі бойынша, егер президенттің теріс әрекеттері дәлелденген жағдайда оны биліктен шеттете де алады. Жоғарғы көсем, сондай-ақ елдің бұлардан басқа да ресми тұлғаларын қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығына ие.
Иранның мемлекеттік билік құрылысында қарама-қайшылық тұстар да байқалып қалады. Мәселен, бір жағынан, бұл мемлекет өздерінің конституциясы бойынша Ислам республикасы саналады. Екінші жағынан, өздерінің сол конституциясында елдің мемлекеттік құрылысы «Велаят-е факих» қағидаттарымен басқарылатындығы белгіленген. Осы қағидаттарға байланысты мемлекеттің жоғары билігінің барлығын дерлік халық сайламаған Жоғарғы көсем жүзеге асырады. Оның үстіне демократиялық жолмен сайланған билік органдары мен құрылымдар – парламент, президент, басқа да құрылымдардың жетекшілерін Жоғарғы көсем тағайындайды. Ал президентке атқарушы билік органдарына басшылық жасау жүктелген.
Иран Ислам Республикасы мемлекеттік статистика орталығының ресми мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдың соңына қарай бұл елдің халқының саны 75,6 миллион адамды құраған. Тұрғындардың жылдық өсу қарқыны – 1,4 пайыз. Астанасы – Теһран қаласында 13,4 миллионға жуық адам тұрады. Мемлекеттік тілі – парсы тілі. Соңғы жылдары сайлаушылардың сайлауларға қатысу белсенділігі бұрынғыға қарағанда арта түскендігі байқалады. Мысалы, 2009 жылғы маусымда өткен президенттік сайлауға 46,5 миллион ирандық қатысқан. Бұл сайлаушылар тізіміндегі сайлаушылардың 85 пайызы екен. Сарапшылар мұны рекордтық көрсеткіш деп бағалады.
Ал Иран Ислам Республикасының қарулы күштеріне келсек, барлық әскерилер саны 1 миллион адамға жуықтайды. Бұл Иранның Таяу және Орта Шығыстағы мемлекеттерге қарағанда, әскер саны едәуір көп ел екендігін білдіреді. Сондай-ақ олардың қарулы күштерінің өзі құрылымдық ұйымдастырылуы жағынан да көпшілік елдерден ерекшеленетіндей. Мысалы, қарулы күштерінің құрамында бір-біріне тәуелсіз екі әскери құрылым – тұрақты армия және ислам төңкерісін қорғаушы корпус қызмет етеді. Тәуелсіз болатын себебі, осы екі әскери құрылымның әрқайсысының жеке-дара құрлықтағы әскері, әскери-әуе күштері және әскери-теңіз күштері бар.
Ал елдің Жоғарғы бас қолбасшысы Иран қарулы күштеріне қорғаныс министрлігі арқылы емес, қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдерін басқаратын әскери жоғары орталық орган – бас штаб арқылы жетекшілік жасайды. Қорғаныс министрлігі сондай-ақ әскердің жауынгерлік қызметтеріне де тікелей қатыса алмайды екен. Министрлікке әскери құрылыс, әскери бюджетті әзірлеу, қорғаныс өнеркәсібін қаржыландыруды қадағалау, жоспарланған қару-жарақ түрлерін сатып алу, әскери қызметшілердің мүдделерін қорғау, яғни олардың құқықтық, медициналық, сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері жүктелген.
* * *
Егер Иранға баруға ниеттенсеңіз, жалпыұлттық авиатасымалдаушы «Иран эйр» компаниясының қызметін пайдалануға кеңес берер едік. Себебі, ұшақ бортына кірген сәтте-ақ сіз ерекше бір жылылықты сезініп, стюардессалардың жоғары талап деңгейінде көрсеткен қызметіне тәнті боласыз. Ұшақ әуе кеңістігіне көтеріліп, қалыпты биіктікті бағындырғаннан кейін стюардессалар тағамның үш-төрт түрін ұсынады. Олардың ішінде міндетті түрде дәмі тіл үйіретін ирандық аспаздар дайындаған ұлттық тағам болады. Жолаушылардың басым көпшілігі соған тапсырыс беріп жатады. Өйткені, ирандықтар асханасы дәмді тағамның түр-түрін дайындаумен де кеңінен танымал. Бұл компания, сондай-ақ өткен жылы Иран аумағына келетін жолаушылар үшін тегін алып жүретін қол жүгі салмағының нормасын 35 килоға дейін көбейтті.
Теһрандағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежай пайдалануға берілгенге (2007 жылы) дейін жолаушыларға Мехрабад әуежайы ғана қызмет көрсетіп келген еді. Ол әуежай шағындау және қазіргі заман талабына онша сәйкес келе бермейтіндіктен, жолаушыларға қызмет көрсетуде проблемалар да туындап жататын. Әсіресе, жолаушыларды сағаттап кезекке тұру мезі ететін-ді. Ал әлемдік үлгіде салынған жаңа әуежайдың пайдалануға берілуі ішкі және сыртқы бағыттарға ұшатын жолаушыларға қызмет көрсетулерді едәуір жақсартты. Қазіргі кезде жаңа әуежай халықаралық бағыттарға сапармен баратын жолаушыларға, ал Мехрабад әуежайы тек елішілік бағыттардың жолаушыларына қызмет көрсетеді.
Ұшақ арқылы Иран аумағына алкогольді ішімдіктер алып кіреміз деп әсте де ойламаңыз, оны мүлде естен шығарғаныңыз жөн. Өйткені, оған қатаң тыйым салынған. Кеденнен жасырын түрде спиртті ішімдіктер алып өту қылмыс болып табылады. Сонымен қатар, бұл елге қоғамда жағымсыз әсер тудыруы мүмкін нәрселер бейнеленген ойын карталарын, баспа өнімдерін, фото-суреттерді де кіргізуге болмайды. Нақтырақ айтқанда, кеденнен алып өтетін баспа өнімдері мен фото-суреттерде құшақтасқан әйел мен еркектің, сондай-ақ ашық-шашық киінген қыз-келіншектердің бейнесі болмауы тиіс. Ондайлар қоғамға жат бұйымдар немесе жарияланымдар ретінде тәркіленеді.
Сонымен, кедендік ресімдеуден өтіп, сыртқа шықтыңыз дейік. Біреулер күтіп алса, жақсы. Ал күтіп алмаса ше? Бұған алаңдаудың ешқандай жөні жоқ. Әуежай жанындағы такси диспетчерлігіне барып, баратын жеріңіздің мекен-жайын немесе қонақ үйдің атауын айтсаңыз болды, тұмсық тірескен таксилердің біріне отырғызып жібереді. Бұл маңға біздің әуежайлар мен вокзалдардағыдай «такси, такси» деп, келген жолаушылардың алдын орағытатын «бомбилаларды» мүлде жолатпайды.
Ел астанасы Теһранда, ірі қалалары – Мешхед, Исфахан, Тебриз, Ширазда көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар, сондай-ақ екі-үш қабатты коттедждер көп кездеседі. Осының өзі ирандықтардың, бізше айтқанда, жер үйлерде тұрғанды ұнататындығын байқатады. Мұндағы бір ерекшелік – коттедждердің архитектуралық сыртқы көрінісі қарапайымдау болып келеді. Ал есік-терезелерінің әрленуінде ұлттық нақыш басым. Сондай-ақ олар қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де үй аулаларында бау-бақша өсіріп, оны баптауға ерекше мән береді. Шаңы шығып, бос жатқан үй ауласын кездестіре алмайсыз. Міне, бұл да ирандықтардың еңбекқор, жалқаулыққа жаны қас халық екенін көрсетіп тұрғандай.
Осы тұста айта кетейік, ирандықтардың үйіне аяқ киіммен кіру әдепсіздік болып саналады. Оны табалдырық алдында міндетті түрде шешуіңіз керек. Әсіресе, әйелдердің өзімен бірге жұқа шұлық алып жүргені жөн. Себебі, жалаңаш аяқ пен жеңсіз қос білек қолайсыздық тудырады, үй иесі мен келген қонақтарды сыйламағандық деп есептеледі. Жалпы, Иран елінде әйел затының тобықтан жоғары киім киіп, ашық-шашық жүруі, басына орамал байламауы мұсылмандыққа жат әрекет болып табылады. Тіпті, мүйізі қарағайдай Батыс елдері дипломаттарының зайыптарының өздері көшелерде, қабылдауларда, тіпті мейрамханаларда бастарына жеңіл орамал тағып, етек-жеңін қымтап жүреді.
* * *
Ирандықтардың күнделікті өмірінен көпшілігімізді таң-тамаша қалдыратын бірқатар қарама-қайшылықтар да көзге ұрып тұрады. Мысалы, ғимараттарға кіретін немесе қоғамдық көліктерге мінетін есіктерге қатар келіп қалсаңыз, олар кішіпейілдік танытып, алдымен сіздің өтуіңізді қайта-қайта өтінумен болады. Сіз кірмейінше, есікке ентелеп ұмтылмайды, көлік басқышына аяқ та салмайды. Мұндай сыпайылық әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың көпшілігінде кездесе бермейді. Бірақ автокөлік немесе мотоцикл жүргізуші ирандық рульге отырғанда, атқа мінген қазақтардай арқасы қозып кететін сияқты. Көше қиылыстарында, кептелектерде жол қауіпсіздігі ережелерін онша көп сақтай бермейді. Әсіресе, МАИ қызметкерлері жоқ жерлерде бір-біріне жол беруді мүлде ұмытып, бірінші болып өтуге ұмтылады. Бұған реніш білдіріп, айқай-шу шығарып, жаға жыртысып жатқан тағы ешкім жоқ. Солай бола тұрса да, Иранда екі рет болып, қала көшелерін жаяу да, көлікпен де аралаған кезде бірде-бір жол-көлік оқиғасы кездеспеді. Сол сүйсіндірді, сол таңқалдырды, сол ойландырды.
Иран халқының қоғамдық өміріндегі тағы бір ерекшелік – ұжымдық мәдениеттің тереңнен тамыр тартуы дер едік. Олар өзге біреудің кем-кетігі мен олқылығына назар аудармауға әдеттенген. Оның есесіне ирандықтар ел ішіндегі саяси сипаттағы ұстанымдар мен көзқарастар өзгешелігіне қарамастан, отандастарының басына түскен қайғы-қасіретті бүкіл елге ортақ деп қабылдап, қолдан келетін көмектерін көрсетуге дайын тұрады. Мұндай кезде көзқарас алуандығы кейінге ысырылып, қиындықты жеңу алдыңғы орынға шығады. Жалпы, олар үшін елін, жерін қорғау, сондай шақта жұдырықтай жұмылу ежелден қалыптасқан дәстүр іспетті. Міне, бұл Иран халқының өз елінің басына түскен талай-талай қиындықтарды жеңу жолында ұйымшылдық танытып, патриоттық сезім секілді асыл қасиетті бойларына мықтап сіңдіре білгенін көрсетсе керек.
Тарихы тереңнен бастау алатын бұл ел өткен ғасырларда талай рет жойқын табиғат апаттарына ұшырап, сан мәрте шетел басқыншыларының өктемдігіне душар болғаны тарихтан белгілі. Қаншама рет жермен жексен болып қиратылып, күлге айналып жатса да, әр кез қайта түлеу, қайта өркендеумен болды. Осындай сан қилы қиындықтарды бастарынан кешірген ирандықтар бейбітшілік пен достықты жоғары бағалайды, төбелес пен кикілжіңдерден бойларын аулақ ұстауға тырысады. Біреуге дауыс көтеру, біреуді балағаттау, зорлық көрсету деген олар үшін жат әрекет. Сондықтан болса керек, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыр деген қалалар мен елді мекендердің өзінде де қылмыс өте сирек кездеседі.
Мақаланы мына бір деректермен түйіндесек: тарихшы-ғалымдар Иранның таулы қыраттарынан табылған қазбалар бойынша, мұнда бұдан 800 мың жыл бұрынғы палеолит дәуірінде адамдар өмір сүрген деген болжам жасап отыр. Бұл Иран аумағында біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың соңында көшпелі арийлердің тұңғыш тайпасы пайда болғандығын білдіріп тұрғандай.
Жасыратыны жоқ, талай мәрте жойқын зілзаланы, сұм соғысты, басқа да қиындықтарды бастарынан кешірген ирандықтар бүгінде де бір «салқындықты» сезініп отыр. Егер де солай бола қалса, өткен тарих көрсеткендей, ол ауыртпалықты да көтерер, уақыт өте бойларын тіктеп, қайта өркендеу жолына да түсер.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».