Әдебиет • 25 Желтоқсан, 2018

Чехов және пьесаларының тағдыры (1-бөлім)

618 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Хрущев: «В человеке все долж­но быть прекрасно: и лицо, и одеж­да и душа и мысль»

 («Леший»)

Чехов және пьесаларының тағдыры (1-бөлім)

Чеховтің әкесі Павел Егоро­вич өте қатал адам болыпты. Ол балаларына аяушылық жасамай­тын: ұрады, ұрсады, суықта жұ­мыс істеуге мәжбүрлейді. Сабақ­ты да суық бөлмеде оқытатын. Ағалары Алек­­сандр мен Николай да жаза­дан көз ашпайтын. 

Чеховтің қиын балалық шағы өсе келе өз шығармаларына өзек болды. Әсіресе «Ванька» ат­­ты­ әңгімесінде. Әрине, онда ав­­тор­ өмірбаяндық шеңберде ға­на қалған жоқ, қатыгездіктің кө­рі­нісі шығармашылық фан­­­та­зия­мен жалғасып жатты. «Вань­ка» крепостниктік Ре­сей­­дегі қа­­раң­ғылықтың, на­дан­дық­тың, то­пастық пен тайыз­дықтың көрі­нісі еді.

Әкесінің шектен шыққан қа­­талдығын болашақ жазушы есей­ген шағында да кешіре алмады. Мұздай бөлмеде отырып әкесіне деген мұз боп қатқан жүрегін Қырым жағалауының жұмсақ ауа райы да жібіте алмады. Аға­ларына қарағанда әлжуаздау боп туған Антон­ның жүрегіндегі мұз жүре келе оның өкпесіне ауысты. Сол ауру ақырында оған ажал боп жабысты.

«Орыс отбасында бала тәрбие­леудің екі түрі ғана бар, бірі – «адам болмайсың» деп ұрысу, екін­шісі – жұдырық» деп жазды Чехов есейген кезінде. Әкесінің қаталдығынан ол Ресейді тұмша­лап тұрған қараңғылық пен на­дан­дықты көрді. Оның барлық әң­гімелеріндегі трагедиялық мотивация қоғам өмірімен астасып жатады.

Өсе келе ол дәрігер болуды­ ар­­мандады. Ол мақсатына да жет­ті. Әкесі де, ағалары да, әпке­лері де оның дәрігер болуын құп­тады. Дәрігерде табыс көп деп ойлады.

Бүкіл отбасының ауыртпа­лығы Антонның иығына түсті.

1879 жылдың 15 маусымында А.Чехов кәмілеттік аттестат ал­­ды. Сөйтіп ол жастық шағы өткен Чернигов қаласын таст­ап шықты. 1879 жылдың 8 тамызында ол Мәскеу қаласына анасы Евгения Яковлевнаның шақыруымен келіп, Мәскеу Уни­верситетінің медицина факуль­тетіне оқуға түсті.

Лекцияларға үзбей қатысты, латын тілін ыждағаттылықпен үй­ренді. Қысқасы ол нағыз дәрі­гер болып шығуды мақсат етті.

Студент-медик шығарма­шы­лықпен де айналыса бастады. Мәс­кеу журналдарының бірінде оның алғашқы юморға құрылған «Оқымысты көршіге хат» деген әңгімесі жарияланды. Бұл журналда оның әңгімелері бұдан соң бірінен соң бірі жариялана бас­тады.

Арада бірнеше жыл өтіп, Че­хов әйгілі жазушы боп таныл­ған кезде ол медицинамен тиіп-қа­шып айналыса бастады. Со­ның өзінде ол: «Медицина – ме­нің заң­ды әйелім, ал әдебиет – көңіл­де­­сім деген әзіл сөзін жиі айтатын.

Юмор... Сатира, памфлеттік интонация, мәдениетті әжуа...

Оның ең алғашқы шығармасы – «Оқымысты көршіге хаттан» бастап «Шиелі баққа» дейін, яғ­ни ширек ғасыр аясында кре­постниктік тақырып екінші, үшін­ші планға жылжуы мүмкін еді. Бірақ ол крепостниктік өмір­­­ді, крепостниктік моральді сы­­­­науын жалғастыра берді. Аға­сы Александр жас жазушы Ан­тонды «ниглист» деп атады. Кіші ағасы Михаилға жазған хатында: «Не нравится мне, зачем ты величаешь свое ничтожество? Ничтожество свое сознавай, знаешь где? Перед Богом, пожалуй, перед умом, красатой, природой, но не перед людьми».

Чеховтің ағаларына арнап жазған бұл сөздері оның өзінің өмірлік кредосына айналды: Ерін­беу, жалықпау, күресу, із­дену, өзіңді өзің қор санамау, Құ­дайдан басқаға табынбау.

* * *

Чеховтің ең негізгі драмалық шығармалары: «Ваня ағай», «Иванов», «Шағала», «Шиелі бақ», «Апалы-сіңлілер».

1903 жылдың наурыз айы­ның соңында жұбайы, әйгілі актри­са О.Книпперге: «Шиелі бақ» бітетін шығар, бітіруге бар күшімді саламын, оқиғаға қатысты кейіпкерлерді мейлінше азайтуға тырысамын, ол интим­дік шығарма ғой» деп хат жазса, 1903 жылдың 27 қыркүйек айын­дағы хатында: «Саған те­ле­­графпен хабарлағанымдай, пьеса аяқталды. Төрт актінің төр­теуі де бітті. Мен оны көшіріп жа­зуға кірісе бастадым» деп қуа­на хабарлайды. Сол жылдың 12 қазанында: «Пьеса бітті, то­лығымен аяқталды, ертең кешке қарай, немесе қазан айының он төрті күні Мәскеуге салып жі­бе­ремін. Сонымен бірге өзіңе ар­нап кейбір ескертпелерімді де қоса жіберемін».

Книпперге жазылған бұл хат­­тарға мән беріп отырған се­бе­бім – пьесаның жазылу про­цесіне назар аудару. «Шиелі бақ­ты» жазу үстінде Чеховтің көп толғанғаны, қиналғаны, көп уа­қытын сарп еткенін көрсету.

Мұндағы көңіл аударарлық тағы бір нәрсе – Чехов пьесаны МХТ-ға 13 немесе, 14 қазан айын­да жіберіп отыр. Ал арада бір апта өтпей жатып, 1903 жылдың 20 қазан айында Станиславский Чеховқа мынадай мазмұнда телеграмма жібереді. «Пьесу только что прочел. Потрясен, не могу опомниться. Нахожусь в небывалом восторге. Считаю пьесу лучшей из всего прекрасного Ва­ми написанного. Сердечно поз­дравляю гениального автора. Чувствую, ценю каждое слово. Благодарю за доставленное уже предстоящее большое наслаждение. Будьте здоровы. Алексеев».

1904 жылдың 17 қаңтарында МХТ «Шиелі бақты» алғаш рет сахнаға шығарды. 

Чеховқа спектакль мүлдем ұнамады. «Мен комедия жаздым, жылаңқы драма емес. «Афишалар мен газет хабарландыруларында менің пьесамды табанды түрде «драма» деп қайталай беретіні несі?» деп күйіне жазды ол О.Книпперге 1904 жылдың 10 сәуірінде. «Немирович пен Алексеев менің пьесамның мәнін басқаша түсінсе керек, демек, көрмейтінді көруге тырысқан».

«Шиелі бақты» Чеховтің «ко­медия» деп атауының өзі түсі­ніксіз. Оқырман да, көрермен де бұл пьесадан күлкілі ситуация­дан гөрі драманы көп көреді. Күл­кілі көріністер жоқтың қасы. Пьесаның құрылымы мен оқиға желісі күлкі шақырудан гөрі ойға, ойлануға шақырады. Шиелі бақты аукционда сату, қарызын өтеуге бүкіл балалық шақтары өт­кен, ата-анадан мирас боп қал­ған мұраны алаяқтардың олжалап кетуі күлкілі ме? Енді олар қалай күн көрмек? Дәулетті әпкесі берген 15 мың рубль қанша уақыт оларды асырай алады?

Ең соңында, отанын амалсыз тастап, қайтадан Парижге кетіп бара жатқан Раневскаяның әрекеті мен жан күйзелісінен күл­кі табу, күлу мүмкін бе? Ол – қайғы, ол – мұң! Жалғыз ға­на Гаевтың бильярд шарын қалай ұратындығы жайлы сөз ара­сындағы бірді-екілі айтылған реп­ликасы болмаса бұл пьесадан езу тартарлық эпизод таппайсыз. Сөй­те тұра, Чеховтің бұл пьесаны «комедия» деп атағанда ұтымды болар деп ойлағанына түсіну қиын. Ал жұртта ешкімге керек болмай жалғыз қалған Фирс – нағыз трагедиялық образ. Раневскаяның сенген адамы – Лопахин зымиян боп шықты. Бақты өзі сатып алды. Ал  бақтың бар шаруасын жүргізуі тиіс Епи­ходов болса, қорғансыз әйел­дің дәрменсіздігін пайдаланып, осы үйде ойына келгенін істеп жүр. Конторщик Епиходов ен­ді Лопахиннің кеңсе ісін жүр­гізушісі боп бұлт ете қалды. Екі жүзді, опасыз образ.

Пьесаның соңында шие бағын кесіп жатқан балталардың үнін есту қандай аянышты!

Бұл – Чеховтің күйіне қор­ғаған ешқандай да «комедия» емес, қаны тамып тұрған драма. Тра­гедиямен ұштасып жатқан драма.

«Чехова с удовольствием чи­таешь, даже когда с ним не согласен. Он сцену не превращает в бойню как Шекспир» деп ба­ғалады Лев Толстой Чеховтің пье­саларын.

Шығармашылығының алғаш­қы 7 жылының ішінде А.Чехов адам айтса нанғысыз жұмыс тын­дырды: 5 жыл медицина са­ласында беріле оқыды, алғаш­қы әңгімелерін, фельетон­да­рын, қысқасы 500-ге жуық шығар­маларын жариялады, Гомерден бастап Толстойға дейінгі әде­­биетті сүзе оқып шықты, Шекс­пир мен Лопе де Вегаға дейінгі дра­малық шығармаларды зерттеп, 5 томдық кітап шығарып үл­герді.

Неткен фантастикалық еңбек­қорлық!

Айықпас науқасы бар Чехов­тің 1890 жылы қисапсыз жол аза­бын арқалап Сахалинге сапар шегуінің өзі неге тұрады. Өз қар­жысына!

Ол өзін «саясаттан тыс» жазушымын деп есептеді. Бірақ ол өзі­нің бүкіл шығармаларының саясатқа құрылып жатқанын аң­ғар­мады. Әсіресе  А.М.Горь­кий­­мен достасқаннан кейін өмірге көзқарасы күрт өзгерді. Са­халин сапарынан соң «№6 па­­­лата» атты көлемді әңгімесін жазды.

Ол кезде әлі жас революцио­нер, бертін келе адамзат санасына өзгеріс енгізіп, әлемді қай­та құрудың көсеміне айналған Владимир Ульянов (Ленин) өзі­нің әпкесіне жазған хатында: «Ког­да я дочитал вчера вечером этот рассказ («6 палата»), мне ста­ло прямо-таки жутко, я не мог оставаться в своей комнате, я встал и вышел. У меня было такое ощушение, точно и я заперт в палате №6».

«Художник не должен быть не судьею своих персонажей, а только беспристрастным свидетелем» деп жазды Чехов.

«Шиелі бақ» Чеховтің осы айтқан сөзіне толық жауап береді. Мұнда драматург не авторлық ремаркада, не оқиға барысында, не кейіпкердің басынан өтіп жатқан оқиғаларға баға бермейді. Чехов оқиғаны баяндады да шықты, өзі айтқандай «беспристрастный свидетель» болумен шектелді.

Пьесада қандай кемшілік бар? Оқырман қандай сұрақтарға жауап ала алмады?

Олар – шиелі бақты сатуға мәж­бүр еткен қарыз қайдан шық­ты? Оны кім алып еді? Бар-жоғы 15 мың рубльмен Парижге не үшін кетіп барады? Махаббат па? Мемлекет саясатына қарсылық па? Әділдіктен түңілу ме? Оған негіз жоқ. Бәріне өзі кінәлі емес пе? Мещандық өмір сүріп, бейғам тіршілік құрды. Көңілі ауды, – махаббат жолында Парижге кетті, Париж де, күйеуі де көңіліне жақ­пап еді, Ресейге қайтып келді. Шие­лі бақ та сол бейқамдықтың сал­дарынан аукционда сатылып кет­ті. Сөйтіп алаяқтарға оңай «ол­жаға» айналды.

Драмадағы ең бір тартымды, аяғына дейін толық ашылған бей­не – қартайған Фирс. Ол жұрт­та қалды. Раневскаяларға, әсі­ресе Гаевқа әбден берілген 87 жа­сар жалшы тағдыры өте аянышты. Оны қасіретті өлім ғана кү­тіп тұр. Фирс сияқты қайғылы ке­йіп­­кері бар «Шиелі бақ» пьеса­сы автор қанша келіспесе де, «ко­медия» болуға хақысы жоқ. Ол – басы ашық драма. А.Чехов Немирович-Данченко мен Алек­сеевке (Станиславскийге) босқа ренжіген.

Пьесаның өн бойында көп­сөз­ділікке ұрыну да жоқ емес. Көпсөзділік – Чеховтің барлық шы­ғармасында кездеседі. Әсі­ресе «Апалы-сіңлілі үш қыз» дра­масы. Ол пьесаны жазып бі­тіру Чеховтің өзіне де ауыр тисе керек. «Үш қыз! Генералдың үш қызы! Олардың әрқайсысын ор­наластыру оңайға соқпады» деп мойындады Чеховтің өзі Суворинге жазған хатында.

«Шағала»

А.П.Чеховтің ең атақты шы­ғар­маларының бірі – «Шағала». Солай бола тұрса да дәл осы шы­ғар­мадай авторға ауыр тиген, жү­регін ауыртқан, денсаулығын әлсіретіп, бұдан кейін пьеса жазбаймын деп түңілткен шығармасы болған емес. Петербургтің Алек­сан­дринский театры қойған «Ша­ғала» спектаклі оңбай сүрінді. Спектакль мейлінше сәтсіз ойналып, ойын біткен соң Чехов ешкіммен қоштаспай, банкетке де кірмей, Петербургтің жаңбырлы көшесін жападан-жалғыз кезіп кетті. Сол күйінше ол Мәскеуге кетіп, одан әрі Мелиховаға барып тұрақтады. Бұл жылдары ол театр әлемінен біржола аулақтап, ұзақ уақыт бойы ешкіммен тілдеспеді де, ешкіммен байланыс та жасамады.

Күрделі шығарманың жо­лы әрқашан ауыр. Әсіресе айтқа­нынан айтары мол, мәдениетті, астарлы шығарманы түсіну де, ойнау да қиын. Петербург театрындағы актерлер әр сөзді тәптіштеп айтқанмен, пьесаның негізгі арқауын түсінбеді, оны қалай, қандай рухта ойнау керек екенін де ұға алмады. Ал көрермендер болса спектакльден ләззат ала алмады. Бірініші акт біткенше ешкім қол соқпады. Ал спектакль аяқталғанда олардың көбісі не көргендерін, қандай оқиғаның куәсі болғандарын аң­ғара алмай, киім ілгіштен паль­толарын алып жатқанда-ақ спектакль жайлы ұмытып кетті. Ав­торды естеріне де алмады. Бұл – 1896 жылғы императорлық театр­дың спектаклінен кейінгі оқиға еді. А.Чеховтің бұл пьесасын сол кездегі атақты актер, Чеховтің шығармаларына ғашық әрі оның досы болған Кіші театрдың ак­тері Ленский «Шағаланы» оқып шық­қан соң Чеховқа мынадай хат жолдаған.

«Вы знаете, как высоко ценю я ваш талант, и знаете, как вообще люблю Вас. И именно поэтому я обьязан быть с вами совершенно откровенен. Вот вам мой самый дружеский совет: бросьте писать для театра. Это совсем не ваше дело».

Бұл хат Чеховқа өте ауыр тиді.

Газеттер «Шағаланы» арадай талады. «Шағаланы» жалғыз Су­ворин ғана мақтады. Ал прессада мынадай жүрек сыздатар пікір­лер айтылып жатты: «... точно мил­лионы пчел, ос, шмелей наполнили воздух зрительного зала», «лица горели от стыда», «со всех точек зрения, идейной, литературной, сценической, пьеса Чехова даже не плоха, а совершенно нелепа», «пьеса невозможно дурна», «пьеса пройзвела удручающее впечатление как вовсе не пьеса и не комедия», «это не чайка», а просто дичь»... 

Орыс әдебиетіндегі ең поэ­тикаға толы шығарма жайлы кезінде осындай да пікір айтыл­ған!

Мәскеуден аулақтағы бір оңа­ша жерге барып, өзінің «Өмірдің мәні» деген пьесасын жазып жат­қан Вл.Немирович-Данченко Чехов­тан мынадай хат алады.

«Моя «Чайка» имела Петер­бурге в первом представлении гро­мадный неуспех. Театр дышал злобой, воздух сперся от не­нависти, и я, по законам физики, вылетел из Петербурга как бомба. Виноваты Ты и Сумбатов, так как это вы подбили меня писать пьесу...

Никогда я не буду пьес этих ни писать, ни ставить, если даже проживу семьсот лет». 

«Шағаланың» алғашқы нұс­­қа­сында доктор Дорн мен Ма­ша сахнасында кенеттен Ма­ша Дорнның туған қызы боп­ шығатын, – деп еске алады Не­мирович-Данченко. – Бі­рақ бұдан соң ол тақырып қай­та сөз болмай қалады. Мен ав­торға айттым: екінің бірі – не ол мәселені жеткізіп айту керек, не болмаса ол туралы мүл­дем айтудың керегі жоқ. Оның үстіне, дәл осы оқиғамен 1-акт біткелі тұр. Театрдың заң­ды­лығы мен табиғаты бойынша,­ бі­рінші актінің соңында жағ­дай кілт өзгеріп, ол өзгеріс екін­ші актіде жалғасуы керек». Че­хов: «Көрермендер 1-актінің со­ңында оқтаулы мылтықтың ілулі тұрғанын жақсы көреді емес пе?» – деді. «Өте дұрыс, – деп жауап бердім мен. – Бірақ кейінірек ол мылтық атылуы керек қой, оны антрактыда алып тастау үшін ілеміз бе?».

А.П.Чехов бұл фразаны кейі­нірек жиі пайдаланып жүрді.

Бұл күнде әлем мойындаған Чехов драматургиясының, оның ішінде «Шағала» мен «Шиелі бақ» секілді классикалық туындылар талай-талай талауға түсіп, кезінде оны сыншылар да, көрермендер де қабылдай алмады. Чехов драматургиясы айсберг – оның мәні тереңде жатыр.

1896 жылы оңбай құлаған «Ша­ғала» К.С.Станиславский мен Вл.Намирович-Данченко 1898-99 жылдар аралығында Мәскеудің Көркем театрында (МХТ) қайта қойғанда, ол на­ғыз шағала боп көк аспанға ша­рықтай ұшты. Содан бері «Ша­ғала» әлі күнге дейін әлем театрларының аспанында самғап ұшып келеді.

Біреулер жабайы үйрек, «Гад­кий утенок», «Дичь» деп мойын­дамаған «Шағала», «оқиғасы сұйық, мәні жоқ құрғақ сөз» деп актерлердің өзі теріс айна­лып, көрермендер спектакль біт­пей жатып киім ілгішке асық­қан, авторды бейшара беллетрист ретінде қабылдатқан «Ша­ғала», «Чехов өзін-өзі қай­талап, бұрынғы «Леший» коме­диясының негізінде «Ваня ағай­ды» жазды», «В человеке все дол­жно быть прекрасно: и лицо, и одежда, и душа и мысль» деген «Лешийдегі» Хрушевтің сөзі «Ваня ағайда» да қайталанады» деп авторды өз-өзінен ұрлаған «Самоплагиат» ретінде кінә­лаған шығармалар, бұл күнде әлемдік драматургияның ін­жу-маржанына айналып отыр. Шығарманы дер кезінде түсін­беу, бағаламау, орынсыз, тіпті жү­генсіз сындар айту авторға қан­шалықты ауыр тиетін түсін­беушілік десеңізші! Айлар бо­йы ойланып, толғанып, сызып, өшіріп, жыртып, қайта жа­зып, әр сөйлем, әр сөзді таң­дап-талғап барып қағазға түсі­ретін драматургтің мәтінін оп-оңай өзгертіп, жекелеген сөз бен сөйлемдерді ғана емес, тұ­тас бет­терді алып тастап, өз бет­те­рінше жаңа кейіпер қосып, пьесаның тініне қабыспайтын тұтас монологтар қоса салу бүгінгі таңдағы театр­дың, режиссерлардың айық­пас «жаңа ауруына» айналды. Оларға қарсы дау айту мүмкін емес. «Классика сонымен классика, оны әр заманға лайықтап, ықшамдап, керек кезінде жаңа сөздер қосып, уақыт талабына сай өзгертіп отыруға мүмкіндік береді» деп ақталады қоюшы режиссерлар. Немирович-Данченко Б.Пастернакқа жазған хатында: ««Гамлетті» ғажап аударыпсыз. Оның бір сөзін де өзгертуге бол­майды. Біз пьесаның әр сөзін поэзияның сөзіндей қабыл­да­уымыз керек. Ал поэзиядан бір сөзді ауыстырып, не болмаса өз­гер­тіп көріңізші. Онда ол поэзия болудан қалады».

Драматургияға деген көзқа­растың алтын ғасыры-ай! Мұн­дай көзқарас салтанат құрған ел­де, әрине Гоголь, Островский, Тол­стой, Чехов, Булгаков сынды ұлы драматургтердің пайда болуы заңды құбылыс.

Сонымен, «Шағала» қандай шығарма? Ол Чеховтің өзі тық­палағандай «комедия» ма, «драма» ма? Қысқа-қысқа воедвильдер мен бір актілі пьесалары бол­маса, Чеховтің көп актілі пьесаларының бір де бірі комедия жанрына жатпайды. Олардың бәрі трагедиямен астасып жатқан драма. Адам жанындағы аласапыран боп жатқан жеке-жеке қайғы-мұңды Чехов ешқашан алдыңғы планға шығармайды, оны тәптіштеп, қазбалап айта бермейді. Ондай көріністерден ол саналы түрде бас тартып отырған. Сондықтан да болар ол ағасы Михаилға жазған хатында: «Мен жылауық драма емес, комедия жазып едім, оны Петербург театры мүлде түсінбепті» деп «драма» дегеннен ол әдейі бас тартып отырған. «Ваня ағай», «Шағала», «Шиелі бақ» пьесаларының «комедия» боп қойылуынан гөрі «драма» боп сахналануынан шығар­маларының не ұтатынын ол анық түсінбеген де сияқты. Одес­са, Харьков, Петербург театр­ларындағы репетиция кезінде Чеховтің ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткендей ренжіп отырғанын көрген театр актерлері автордан: «Өзіңіз ұсыныс айтыңыз, бізде не жетпейді, не артық, нені түсінбей жатырмыз?» деген сұрағына Че­хов мандытып ештеңе айта ал­майды екен. Жалпы, ол өзі айт­қандай, «күрескер» емес, өз шығармаларын өзі қорғауға мүл­де қабілетсіз болыпты. Театр актерлері мен режиссерлеріне: «Пьесада бәрі жазылған ғой» деп сы­пайы пікір айтудан әрі аса алмай, өз шығармасын тәптіштеп түсіндіре алмай, ішіндегі қайнап тұрған ойларын ауызбен айтуға таласқұмарлық қабілеті жетпей, іштей тынып, іштей мүжіліп жүре берген. Соның салдары болуы керек, «Шағала» мен «Шиелі бақтан» соң оның онсыз да нашар денсаулығы күрт төмендеп, ауруы асқына түсті.

(Жалғасы бар)

Дулат Исабеков, 

жазушы