Кездесуге офицердің ата-анасы шақырылып, оларға Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Директоры генерал-майор Дархан Ділмановтың арнайы жіберген алғыс хаты тапсырылды. Сонымен бірге, Ғибраттай шәкірт тәрбиелегендері үшін бүкіл ұстаздар ұжымына алғыс білдірген Шекаралық мекеме басшысының хаты осы мектептің директоры Ләззат Түсіпқызы Жағалбаеваға табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 10 қарашада «Жағалау күзеті» Өңірлік басқармасының Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Сазды» шекара заставасының аумағында застава бастығының орынбасары лейтенант Мүсілім Ғибрат Берікұлы басқарған шекара наряды қарулы шекара бұзушыны ұстаған болатын.
Жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны «Сазды» шекара заставасына телефон шалып, Мемлекетттік шекара сызығының маңынан күдікті бір адамды байқағандығы туралы ақпарат берген. Айтылған жерге тез арада шекара наряды жіберіледі. Бейтаныс адам, тексеру кезінде наряд басшысына тұтқиылдан пышақ сілтеп, жаралаған. Шекара нарядының басшысы ауыр жарақат алғандығына қарамастан табельді қаруынан шекара бұзушының өміріне қауіп төнбейтіндей етіп оқ атып, шабуыл жасаушыны жаралап барып ұстаған.