21 Мамыр, 2012

Құмдағы қызыл шоқ

577 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Құмдағы қызыл шоқ

Дүйсенбі, 21 мамыр 2012 0:58

Қой қырқудан халықаралық жарыстарда алдына жан салмаған Мойынқұм өңірінің түлегі Шотай Тайбағаровтың аты елде әлі күнге дейін аңыз боп айтылады…

Ол бүгіндері ортамызда жоқ. Бұрынғы Бүкілодақтық бірінші­лік­тің екі дүркін жеңімпазы, Эко­номикалық Өзара Көмек кеңесіне мүше елдер қырықтықшылары жарысының абсолютті чемпионы және Қазақстанның жеті мәрте бас жүлдегері Шотай Тайбағаров 1982 жылы 37 жасында мүлдем кездейсоқ көлік апатына ұшыраған-ды…

 

Дүйсенбі, 21 мамыр 2012 0:58

Қой қырқудан халықаралық жарыстарда алдына жан салмаған Мойынқұм өңірінің түлегі Шотай Тайбағаровтың аты елде әлі күнге дейін аңыз боп айтылады…

Ол бүгіндері ортамызда жоқ. Бұрынғы Бүкілодақтық бірінші­лік­тің екі дүркін жеңімпазы, Эко­номикалық Өзара Көмек кеңесіне мүше елдер қырықтықшылары жарысының абсолютті чемпионы және Қазақстанның жеті мәрте бас жүлдегері Шотай Тайбағаров 1982 жылы 37 жасында мүлдем кездейсоқ көлік апатына ұшыраған-ды…

Өкініштің орны толмайды. Бірақ, қой баққан Мойынқұм адамдары үшін ғана емес, барша туған жұртына сүйкімді қалпымен ұнаған жігіттің төресін әлі ұмыта қойған жоқпыз.

Жабағы жүн қырыққан қазақ аз ба?  Қол қайшысымен-ақ отар-отар қойды алдарынан өткерген дәуірден электр қайшысы зырыл­даған заманға да жеткенбіз. Ол бағасы бәсең бей­нет қана болып көрініп келсе, бер­тін­де алымды қыз-жігіттердің кәдуіл­гідей дүрілдеген өнер бәсекесі және деңгейі дүниежүзілік болып таныла бастады. Бабын тап спортшыдай ті­лейтін  болса да біздің жігіттерге әп-сәтте жа­пы­рып жіберетін жұмыс түріндей сезі­летін. Шын кірісіп еді, түк­пір­дегі қазақ жігіті төрткүл дүниеге тез танылды. Мыңның бірегейі Шотай 23 жасында шоқтай жан­ды. Қаракөл қойдың үстінен жү­нін небәрі 1 минөт 15 секөнтте “сыпырып” алатын ол бір бия­зы жүн қойды 2 минөтке жет­кізбей-ақ “тазалап” жіберетін болды. Он күн­дік маусымда 4500 қойға дейін қыр­қып шығарыпты. Таңғалатын­дай-ақ дерек. Осы ұмытылмас шақ кімді де болсын қызық­тыратыны анық. Бізді сол даңққа бөлеген Шотай ағаның зайыбы Жаңыл Жұмаханқызының әсерлі әңгімесінен кейін, әрбір  ыстық күндер сәтіне қайта үңіле түскендей болдық.

Мұның алдында Мойынқұмға іздеп барғанбыз. Таппадық. Жа­ңыл жеңеше Алматыдағы үлкен  ұлы  Бақытжан мен  келіні, неме­ре­лерімен бірге тұруға көшіп кет­кен екен. Ал, Бақытжанмен біз кез­дейсоқ кездесіп, анасын баққан перзентінің шаңырағында болдық.

– Шотайдың анасы Мәрия енем осыдан екі жыл бұрын 83 жасында қайтыс болды. Аяулы апамның орнын күттім, парыз бен ата дәстүрін өткердім, — деді Жаңыл жеңеше қазақ әйеліне тән мінезбен. – Балаларым – екі ұлым  мен қы­зым Алматы мен Ас­та­нада қызметке араласа бас­та­ды. Солардың қасында болып, ті­леуін тілейін деп келдім. Жа­сы­рып неғылайын, ауылдан қалаға қарай көшу маған оңай тиген жоқ. Қимасам да 12 бөлмелі зәу­лім үйді қалдырып, балаларым­ның қолына келген жайым бар. Шүкір, әйтеуір, қалаға да үйреніп жүрміз. Қос құлыншақ немерем бар, ермегім де солар, оларға аталарының алтын медальдары мен сағынышты сурет­терінен өзімше сыр ғып айтам. Ол дәуренді жылдар қайтіп естен шыға қой­сын, мен Шотай қатысқан бар­лық жарысқа да куә болып, құдды бір бапкері сияқты бір елі қалмай, қа­сында жүрдім. Атақты қырық­тықшылардың бәрін жақсы білемін. Аралас-құралас, дос болдық…

Мұрасын мейлінше ұқыпты сақтағаны бірден байқалды.

Бір сандықша толы медаль, ал­қы­зыл лента-жеңімпаз белгісі, ескерткіш бойтұмар, фотосуреттер, жан-жақтан келген хаттар және Шотай хақында жазылған мақалалардың қиын­ды­ла­ры. Бәріне де мұқият зер салып, та­ны­сып отырмыз. Ал, мынау… қой қыр­қатын “құдіретті” қайшы. Сол Шотайдың қолында зыр қаққан құрал. Алмас пышағы мен жүзі қайт­пас тарағы. Қайрауы еш мұқалмайды екен.

Шынында да қой қырқудағы адам сенбес шапшаңдық ауыл баласына қалайша тән болған дерсің-ау. Өр тұл­ғалы, өткір  көзді жігіттің тұла бой­ында қайнар бұлақтай күш-қайрат және  талант болмаса,  қолдан келе қояр ма?

Ес біліп, ержеткелі Шу мен Мой­ын­құм атырабынан оншалықты  алыс­қа ұзамаған Шотай 1968 жылы тұңғыш рет одақтық жарысқа (мұндай байқау 1967 жылдан бастап өткізіл­ген) қатысып көреді. Бұған дейін жаңазеландиялық және орынборлық әдіспен қой қырқуға машықтан­баған­дықтан әл-әзірге ұштай түсетін ше­берлік  пен ептілік қырына әжептәуір қанығып қайтқан. Оған 197 қырық­тықшының арасынан 21-ші орын тиіпті. Өкіне қойған жоқ, өйткені көр­мегенін көрді, білмегенін білуге құш­тарлық сезімі баурады. Қамшы­лайтын қызуқанды шапшаңдықты да шамалап қайтты. Әр алуан жүйрік әліне қарай көсіледі ғой, Шотай әйтеуір шоқитып қой қырыққанды ұната қоймады, одан гөрі қазақи әдісті– жамбастап жатқызып қырқудың артық амалын жөн көрді.

Күткені келесі сын болатын. Луго­вой, Меркіде біраз уақыт жаттығу – әзірлікте болды. Биязы жүнді қойдың берекесі осы өңір еді. 1969 жылы Херсон облысына 11 одақтас республикадан 116 қырықтықшы тоғысып, әй, бір өзара бәйгені қыздырып жіберді. Қазақстан­нан “не бел кетеді, не белбеу кетеді” деп тастүйін барған 20 қырықтықшы ара­сынан Шотай алдына жан салмады. Ол әр қойды 2 минөт 12 секөнтте (бар­лығы 10 қой) қырқып, КСРО-ның мықтысы делінетін Н.Холод, С.Байрамқұлов, Л.Гидион сияқты тар­ландарды артқа тастады. Рекорд­тық көрсеткішке бір-ақ секірді. Қой үстінен бір қылтанақ қалмай жүннің төгіліп-тұтасып түсуі және үйлесімді  қырқуы оның қатал төрешілер сарабынан сүрінбей, 100 мүмкіндіктен 100 балл жинауына әсер етті.

Мойынқұм жігіті КСРО чемпио­ны болып  озғанда 23 жаста еді. Бұған таңданатын ештеңе жоқ. Қазаққа қайшы ұстау төрткүл мал біткелі бағзы ғасырдан бері тән кәсіп. Бірақ, ол неге жаңазеландиялықтарша қы­рық­пады екен, деген сұрақ туындаған. Оның әдісінің өзі жедел әдіс пе?  Кеңестер Одағына келген дүние жүзі чемпионы, жаңазеландиялық  Годфри Боуэннің ережесі бойынша қойды құйрығымен шоқитып отырғызу керек еді. Бірақ, қатып-семіп қалған ешнәрсе болмас, құйрығы жоқ қойға шетелдік әдіс жарасар, құйрықты се­міз қойды қырқу үшін қазақи тәсіл ке­рек, Шотайдың ширықса, бел жаз­бай көсілдіретін шеберлігі  шашасына шаң жұқтырмайтынын сырт көз – әріптестері осы жолы білген.

Біз де ауыл баласымыз. Қойдың аяғын байлап қырқатын. Талас – Сарысу  өңірінде Момын Ыдырысов, Әбіл Ағыбаев, Есентай Балабеков, Аманкелді Төкешов, Әбдір Мылтық­баев сынды қырықтықшылардың өнерінің өзін ауылдастары кәдімгідей керемет санайтын. Солардың өзі жетпісінші жылдары қойдың аяғын байламайтын тәсілді Шотай сынды жамбылдық  тарландар оң жамбасына келтіргенін естіп,  таңғалып еді.

Таныс көрініс қайталанады:  сол жамбасымен жатқан қойдан машинка бірер сырғып өткенде бауырдағы, сандағы жүні жабағымен қосылып сыпырылып қалады. Қойды бір айналдырғанда арқасы, мойны, құйрығы да жүннен “тазаланып” шыға келеді. Заманында тасқа басылған деректерді келтірсек, Шотай 1967 жылы 5 сағат ішінде 185 қойды қырқыпты. Бұл рес­публика­мыз­да еш болмаған оқиға.  Ал, одан көп бұрын ана­сы– Мә­рия, әкесі – шопан Айқожа отағасының көз ал­дында қол қай­шымен 50 қой қырқушы еді, дейді ауылдастары. Жұғысты жол бар екен ғой. Келесі жылы ол республика біріншілігіне қатысып кө­ріп, үшінші орынды алады. Семейлік Сабыр Жақсыбеков пен қыз-келін­шектер арасында алматылық Базаркүл Ас­қарова ұшқыр қимылдап, өте шап­шаң қырқатын шеберлігіне қайран етеді. Биязы жүн қойды қырқумен тым сирек айналысқаны (Мойын­құмда биязы жүн қой  өсіріл­мейді) салқынын тигізгенін Шотайдың өзі де сезеді. Соған қарамастан  қазақ­стандық құрамаға еніп, 1969 жылғы КСРО чемпионатында жеңімпаз атанғанын сүйсініп айтпасқа болмас…

Шотай жігіт жасы 25-ке келгенде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты атасы Жазекең – Жазылбек Қуанышбаевтың қасынан бір елі қалмайтын. Бұл дала академигінің әке­лік мейірімі әрі мақтан етуге тати­тын ұлға қамқорлығындай ықыласы ыстық екен. Қай ауылға барса да  “Әне, қолы қолына жұқпайтын Шотайың осы!” дейтін шақта көңілі құлай сүйген Көктеректің бойжеткен қызы Жаңылмен бірге жұбайлық өмір жолына қосылған-ды. Жазекең және Еңбек Ері, шопан апасы Ділдаш Итбасова тәрізді Мойынқұм өңірі сол заманда керемет даңққа кенелген дәурені болған. Адал еңбек  адамдары осылар ғой! Несін айтасыз, 1970 жылы Белгород  облысының “Страна Советов” колхозында өткен КСРО біріншілігінде бас жүлдеден үміткер ресейлік қырықтықшылар Н.Холод пен С.Байрамқұловты қазақтың бір жігіті тағы да тақырға  отырғызды. Кеудесіне тұңғыш рет әркім-ақ армандайтын “Алтын жабағы” алтын медалін тақты. Меркілік досы Сағынтай Мамаев пен алматылық Марат Әбдіқадыров әріптесі үзеңгі қағыстыратын үмітті отын үрлеген сәтте: “Пәлі, Шотай енді ешкімді  шақ келтірмейді”,– деп үнемі ағынан жарылған тілектерін намысқа телитін. Екеуінің айтқаны келеді. Бұдан кейін алтыншы мәрте Қазақстан жеңімпазы болып, Бүкілодақтық іріктеу сынында ол 75 қырықтықшы арасында жарысқа түседі де қырғызстандық Л.Гидион, краснодарлық Н.Калитадан кейін үшінші орында тұрады. Ставропольдік М.Боташев төртеуі Черкасск қаласында Польша, ГДР, Венгрия, Болгария, Монғолия және Чехословакияның  дүлдүлдерімен тұңғыш халықаралық бәсекеге қатысып, үшінші орынды иеленеді.

Шотайдың адуын дауыл қимылы 1979 жылы Болгарияның  Толбухин қаласындағы халықара­лық байқауда көрінеді. Ол 100 мүмкіндіктен 95,11 балл жинап, чемпион атанады. 10 қойды 29,27 минөтте өте сапалы қырқуымен  басымдыққа ие болыпты.

Еңбегі ерекше еленген. Қара­пайым қырықтықшы Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен марапатталып республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Жаңыл жеңешенің айтуынша, 1972 жылы аға мен жеңгем бірге Дінмұхаммед Қонаевтың  қабылдауында болғанда жүзінен жылылық төгілген Елағасы: “Кел, Шотай бауырым, сен туралы аңыз көп айтылады. Қане, өз аузыңнан естиінші! Келін қарағым, қанша балаларың бар? ”– деп өте жылы қарсы алады. Шотайдың қолын қысып тұрып, “Қарулы жігіт екенсің, бәсе!”– депті. Аз-кем тілдеседі.

– Күніне қанша қой қырқасың? –  депті.

– 400-500 қой…

– Бригада құрып, бір ауданның  қойын басқаны  жабылтпай-ақ өздерің қырықсаңдар қалай болар еді?

– Ауданда солай болып жатыр. Бір аптада  кеңшардың барлық қойын қырқып береміз, – деп Шотай Пер­не­бай Бекболатов пен Төлеген Қы­рық­баев секілді ауылдас қырықтық­шы­ларының  бригадасын әңгімелеп береді.

Қоштасарда Димекең Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы С.Ниязбековке қарап: “Мойынқұм – берекелі өңір болды. Мына батыр жігітке темір тұлпар “Нива” мінгізейік,  ауданда “Фурманов” пен “Көктерек” кеңшары озып тұр екен, солардың жұмысшы-малшыларына 2 автобус беріңдер”,– дейді…

Димекең 90-шы жылдары Мойынқұмға жолы түсіп барғанда: “Шотай балам қайда?” деп сұрапты. Оның өмірден кенеттен ерте өткенін естіп, қатты өкініпті…

Біз кейде даңқты бір сәттік қана деп ұғарлық қалып таны­тып жатамыз. Атақты азамат есімі аудан  көшесіне  беріл­ген­де ілінер тақтай­ша­сын Жаңыл жеңешем өзі  жасат­қан жағдай да болған. Шотай мұра­сы­ның  бір­қа­тарын кезінде  респуб­лика Ауыл шаруашылығы министр­лі­гіне  мұражайға қоямыз деп алып кет­кен. Қазір оның бәрі ізім-қайым жо­ғал­ған ба, біз де сұрастырып таба алмадық.

Димекеңнің бір ғана ұлағатына байланысты айтып жатқанымыз ғой…

Ол 1976 жылдан бастап жүгері егіп, диқангерлікке құлай беріледі.  Бұған  анасының: “Қарағым, сені нәресте кезіңде жүгері нәрімен ауыздандырып едім”,– деген бір ауыз сөзі себеп болады. “Жүгері нәрінен қуат алсам, сарғыш тартқан алқапты жасыл желектей жайқалдырамын”,– деп көксегені орындалып, күзде 100 гектар егістіктен рекордтық  өнім алыпты.

Біраз мәліметтер мен жазба­лар­дан білгеніміз: Шотай дүние­жүзінің чемпионы  жаңазе­лан­дия­лық Годфри Боуэнмен Белгород облысының “Страна Советов”  ұжымшарында ІV  Одақтық жа­рыс­қа келгенінде кездеседі. Бұл аты­шулы қырықтықшы Англия­дағы халықаралық бәсекеде 9 сағат ішінде 559 қой қырқып, әр қойды тіптен 58 секөнтте қырқып ерлеген мықты болатын. Боуэн сол жолы Шотайдың  өнерін көріп, шебер­лі­гіне тәнті болғаны соншалықты, оны Австралия мен Жаңа­зе­лан­дия­ға шақырады. Екеуі дәл сол ара­да ер жігіттерше бәс тіккендей жа­рысып байқайды. Міне, қызық! Шо­тай бір қойды 1 минөт 15 се­көнт­те, ал, Г.Боуэн 1 минөт 35 се­көнт­те  қырқып бітеді. Боуэн Шо­тай­дың арқасынан қағып: “Егер сіз бен бізді 9 сағаттық жарысқа сал­са, қалайша рекорд болма­сын”,– депті. Бірақ, ол арман орын­далмады. Сәті келмеді… Год­фридің туған інісі Айвор 9 сағатта 572 қой қырқып, әлем рекордын жаңарта түсіпті. Шотай да бір күнде кейде шындап күш салса 600 қойға дейін қырқатын болған. Сол 9 сағат шамасы болса керек.

Бірақ ағайынды Боуэндер көп уақыт Шотайдың бір минөт ішінде соншама ыстық әсер қалдырғанын елдеріне барғанда тебірене жазыпты деседі.

Қой қырқу “қызығы” қазір ауызға да алынбайды. Бұған өнер деп қарайтын көзқарас та жетіспейді. Осындай шақта Шотай ұстаған қайшы сырылы сағыныш боп естіледі…

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
“Егемен Қазақстан”.

Алматы.
22 наурыз 2001 жыл.