27 Мамыр, 2012

Наркескен

581 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Наркескен

Жексенбі, 27 мамыр 2012 11:16

Таяуда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында 1922 жылдан бері сақталып келе жатқан (ҚРОММ 66-қор, 1-тізімдеме, 42-іс) “Тоналған ел” деген құжат назарымызды бірден аударды. Материалдың соңына көз жіберіп, Мадьяр (М.Дулатовтың бүркеншік есімі– З.И.) деген есімді оқып олжа тапқандай қуандық.

 

Жексенбі, 27 мамыр 2012 11:16

Таяуда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында 1922 жылдан бері сақталып келе жатқан (ҚРОММ 66-қор, 1-тізімдеме, 42-іс) “Тоналған ел” деген құжат назарымызды бірден аударды. Материалдың соңына көз жіберіп, Мадьяр (М.Дулатовтың бүркеншік есімі– З.И.) деген есімді оқып олжа тапқандай қуандық.

Амал не, өкінішке қарай бұл құжат түпнұсқа емес. Оған дәлелдер мынау: бізше бұл құжатты М.Дулатов жоғары басшы орындардың біріне жолдаған. Машинкаға басылған орыс тіліндегі мәтінге қарағанда мұнда­ғы стиль М.Дулатов сти­лі­не ұқсамайды. Бізше ол қазақ тілінен орыс тіліне стилін сақтамай тәржі­ма­ланған. Сөйтіп маз­мұ­нын штабқа жолдаған. Олай дейтініміз, бұл құ­жатта жолданған мекеме­нің атауы, кімге жолдан­ғаны, қайда, қашан тір­кеуге алынғаны, банды­ларға қарсы күресетін төтенше отрядтар шта­бына кімнің жолдағаны белгісіз. Егерде бұл түпнұсқа болса (стиліне қарамай-ақ) онда М.Дулатовтың аталмыш құжатты қай мекемеге, кімге, қашан жолдағанын көрсетпеуі мүмкін емес. Оның үстіне Мадьяр сөзінің тұсында “подпись” деген сөз тұр. Біз тек төтенше отряд штабына бұл құжатты жолдаған адамның 1.ІХ деген мерзіміне қарап, онда да осы құжат тіркелген 42-істің 1922 жылдың 22 қаңтарында басталып, 12 желтоқсанда аяқталуын негізге алып, М.Дулатов бұл құжатты 1922 жылдың тамыз айында жазған, қыркүйектің бірінде тіркеуге алынған деп шамалаймыз.

Осыларды негізге алып сөз етіп отырған құжатты негізгі түпнұсқа емес деген ой түйдік. Бірақ ол  М.Дулатовтың туындысы екендігінде дау жоқ, күмәндануға болмайды. Хат тиісті адамға оқылу үшін аударылып берілген.

Біздің бұл материалға мұншалықты ықылас қоюымыздың себебі – ол алтынның сынығы, ардагердің жұртқа белгісіз мұрасы, Мадьярдың (М.Дулатовтың) үлкен жүрегін айқындайтын қазынаның бірі. Оның үстіне бұл құжат сонау жастық шағында халқының  мұңы мен зарын патша ағзамға жеткізу жөніндегі Қарқаралы шеруіне қатысқаннан бері қанша жыл өтсе де олардың тағдырын көзден таса қылмай жүргендігіне куә ретінде де бағалы. Оған қосымша дәл осы жылдарда өз басындағы ауыртпалықтар мен қиындықтарға қарамастан елге ақырет, азар берген жауыздарды жоғары орындарға хабарлап, олардың жазасын беруді көздегенімен де, Ағыбай сынды батырдың көбімізге белгісіз наркескен қылышының тағдырынан нақты дерек беруімен  құнды. Құжаттың жинақтарға енбегендігімен де бағалы.

“Тоналған ел” хатына “Григорьеву” деп бұрыштама соққан адамның  кім екені белгісіз. Қолтаңбасын да, мерзімін де қоймаған. Келесі бетке шамасы сол Григорьев болуы керек “нач.штабу” деп астын сызып “указать какие районы могли быть в этих районах части ЧОН”.

1.ІХ” деп ойқастатып қолтаңбасын қойған. Онан кейін тағы біреуі “опер.” деп астын сызып жіберіп “дать официальную справку” деген жазбамен астына “Наш ЧОН КССР С.М. ” деп иректеткен.

Соңғы екі әріпке қарағанда ҚазССР төтенше отрядтар штабының сол жылдардағы бастығы Малышев болуы керек. Құжат бетіндегі бұрыштама мен сілтемені жазғандар М.Дулатовтың “соқырға таяқ ұстатқандай” етіп тоналған елдің мекен жайын, сондағы адамдарды соққыға жыққан жауыздардың аттарын нақты көрсетіп тұрғанына мән бермейтін, не Қазақстан жерінен мүлдем хабары жоқ қызметкерлер секілді. Ал “анықтама бер” деген сөз нақты емес, Мадьярға ма, әлде бұл құжатты жіберген мекемеге ме? Кімге? Екіұшты ұғым беретін, алғауы бар бұйрық. Бір сөзбен айтқанда олар “жаны ашымастың қасында басым ауырмасынға” келтірген. Хатқа деген жауапсыздықтың әсері болуы керек, “Тоналған ел” хаты тексерілмеген, қорытындысыз қалған секілді. Құжаттың бетінде не істің ішінде ол туралы дерек кездеспеді.

Бұл құнды құжат мұрағат қоймасында 80 жылға жа­қын сақталғандықтан мәтіндері өшуге айналған. Сон­дық­тан лупамен оқуға тура келді. Кей тұсы оған да көнбеді.

Енді Мадьярдың “Тоналған ел” хатында не жазғанын сіздер де оқыңыздар:

Тоналған ел

Қарқаралы уезінің шекаралық болыстары өткен жылы және оның алдындағы жылы Ақмола қаласынан шыққан отрядтардың шапқыншылығына бірнеше рет душар болды. Кінәсізден кінәсіз талай жан соққыға жығылды.

Бұл жағдай  екі облысқа да (Ақмола облысының Ақмола қаласына, Семей облысының Қарқаралы қаласына) белгілі.

Міне, жақында тағы да мынадай бұзақылық жүргізілген:

25 маусымда Ақмоладан Қарқаралы уезінің Сарыбұлақ болысына 25 адам келді. Отряд өздерін Коммунистік отрядпыз деп атаған. Отрядтың басшылары белгілі Дорешенко, Зайцев және Колесниковтар болған. Олар елден мылтық жинауды мақсат еткен. Міне, сол отрядтың Сарыбұлақ болысында не істегенін көріңіздер:

№5-ші Дүйсен Бектеміровтің ауылында мылтық атып, атып тастаймын деп қорқытып өздеріне бірінші кездескен қазақтарды қыран жапқандай қирата сабап, өлімші етіп ұрып-соғып күдеге (маяға) әкеп тыққан.

Өлімші болып таяқ жегендер:

Дүйсен Бектеміров, Еркебек Дүйсенов, Сәттібек  Бе­к­теміров, Құлжан Аманов, Сақатбек Дүйсенов, Ахмет Бектеміров, Юсупбек Аманбаев, Қазақбай Әлкиев, Жұмахан Сопин, Мәукі Сопин, Мұстафа Сопин (Сопы – Ағы­­б­ай батырдың баласы), Әліқұл Сейіткамалов, Іскендір Белгібаев, Жақыпбек Түгелбаев, Айнабай Баймараев, Әбілда Баймараев, Жақсыбай Биғанбаев, Үсен Мұрзанбетов, Түлкібай Құлтанов.

Бұлардың үстіне таяқ жеген әйелдер де бар. Елді онан да бетер қорқыту үшін пулеметтен оқ жаудырған. Осы­дан кейін от­ряд елді тонауға кіріскен. 50 шамалы ат пен айғырды ұстап алып, оның 20-сын қайтарып беріп 30-ын өздері алған.

Мұнан басқа тоналған заттар: 181 пар ақбөкен мүйізі, 17 жастық, 5 киім, 7 шекпен, 15 білезік, 5 сақина, күміспен өрнектелген 5 ертоқым, 2 күмістелген… (оқылмайды, өшкен – З.И.), 2 қап ұн, 20 сом күміс, 15 мысқал теңге (әр мысқалдың салмағы 4,25 гр. – З.И.), 4 кілем, 2 ішік… (өшіп кеткен. З.И.) және басқалары.

Ағыбай батырдан наркескен деп  аталатын қылыш қалған еді. Осы қылышты Сопының әйелі, Ағыбай батырдың келіні­нің үйінен тауып алды. Әйел: “Қалаған, көңіл­деріңе ұнаған барлық заттарды алыңдар, бірақ атамнан қалған ескерткіш, оның көзі – қылышты қалдырыңдар” – деген зарын тыңдамай, оны өлімші етіп ұрып-ұрып… (қалған сөздер оқылмайды. – З.И.). Қылышты тартып алып кеткен.

Отряд ауылды ойрандап болғаннан кейін болыс атқару комитетіне келіп, бірнеше құс мылтықты таңдап алған. Сөйтіп, отряд жеңіл келіп, барлығын тиеп, артынып-тартынып ауыр жүкпен кетті.

Дәл осы отряд жинаған олжаларын апарып тастап 12 шілдеде де Қарқаралы уезінің Қызыл таң (әлде Қызыл ту болуы да мүмкін, өшіп кеткен –З.И.) болысын тонады. Асанбек Қарабековтің ауылына келіп, өздеріне екі үй тігуді, үш қой сойып беруді талап еткен. Сол ауылда түнеген.

100-ге тарта қазақты жинап олардан мылтық тауып беруді талап еткен, өлімші етіп сабап, ұрып, соққан… (бірнеше сөз өшіп кеткен – З.И.).  Қырып-жоямын деп қорқытқан.

Осы ауылда аштыққа қарсы күресетін  ұйымның мүшелері Ахмет Әбдірахмановты, Іскендір Тұлқанбековті (Толқынбеков болуы да мүмкін – З.И.) олардың кім екендігін білу үшін мандаттарын сұрағанда тұтқынға алған.

Барлық әйелдерді зорлаған.

Бұл ауылдан 20 жылқы, 5 түлкі ішік, күміспен өрнектелген бір ер тоқым, бір жай ер… (қалған сөздер оқылмайды – З.И.), 5 шапан, бір киіз текемет, 20 сақина, 353 күміс теңге, 3 сейсеп, бір арбаны тартып алып кеткен.

Отрядтың Мойынты болысына бару ниеті бар.

Жоғарыда аталған болыстар мұндай зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, Ақмола облысынан… (бірнеше сөз өшіп кеткендіктен оқылмады – З.И.) Түркістан өлкесіне кеткен. Ол жақтан туған жеріне таяуда ғана оралды.

Бұл жайында Қарқаралы уаткомы мен укомы Семейге және Ақмолаға жедел хат жіберген. Бірақ онан әлі күнге нәтиже жоқ.

Мадьяр.

КРООМ 66-қор, 1-тізімдеме, 42-іс, 25-п.

 

*   *   *

Ойымызды түйіндей келгенде осы хаттағы елді тонаушы отряд басшылары Дорошенко, Зайцев, Колесниковтерді Мадьярдың “известные” деп көрсетуі бізге екі түрлі ой салады.

Бұл үшеуі де белгілі болғандар. Қызылдар жағынан ба, әлде ақтар жағынан ба?

Қолдағы құжаттарға қарағанда біз білетін Колесников екеу. Бір Колесников Ақмола, Семей губернияларына Алтай өңірінен келіп қарақшылық жасап жүрген бандылар тобының басшысы, ал екіншісі қызылдар жағында басшы партия  қызметтерін істеген Колесников бар. Бұл жылдарда партия, кеңес жұмыстарында жүріп қарақшылықпен айналысқан коммунистер де аз болмаған.

Ал Дорошенко мен Зайцев жөнінде әзірге ешбір нақты дерек қолға түскен жоқ.

Екіншіден, егерде осы үшеуі де шын мәніндегі бан­дылардың басшылары болса, онда сол кездегі бандылардың кеңес армиясының қолына түспей кеткендері кемде-кем. Олай болса Ағыбай  батырдың  наркескені айғақты қару ретінде ВЧК, ОГПУ, үштіктің, тергеу, сот орындарында есепке алынуы мүмкін. Бұл Ағыбай батырдың  наркескенін іздестірудің бір жолы.

М.Дулатовтың “Тоналған елінің” түпнұсқасын іздестіру келешектің ісі. Біздің кезінде М.Дулатовты кінәлайтын деректің бірі ретінде “Тоналған елдің” түпнұсқасы бұрынғы ОГПУ, ВЧК, әскери трибунал, сот, прокуратура мұрағаттарында сақталуы мүмкін.

Ең соңында М.Дулатов көрсеткен Сарыбұлақ болысында  өлімші болып соққыға жығылған 19 адам мен Асанбек Қарабековтің ауылында 100-ге тарта жәбірленгендерден қалған ұрпақтарының жұра­ғаттары, құйма-құлақ, жады берік қарттар әңгіме болып отырған осы мәселелер жөнінде білетін деректерін Қазақстан Республикасының мұрағаттар ісі мен құжаттану жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығына (480091 Алматы қаласы, Абай даңғылы, 39 үй) хабарласар деп се­не­міз.


Зияда ИЖАНОВ,

Қазақстан Республикасының құжаттану
және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық
ақпарат орталығының қызметкері.

26 қыркүйек 2001 жыл.