28 Мамыр, 2012

Варшавада оқып, Магаданда атылған

575 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Варшавада оқып, Магаданда атылған

Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 10:08

Қазақстанның Юстиция халық комиссары — респуб­лика прокуроры Қанай  Бо­ранбаев туралы дерек

Кезінде  дүниені дүр сіл­кіндірген Қазан төңкерісінен кейін Кеңес  өкіметінен зор үміт  күтіп еліміздің болашағы  үшін дүрбелеңге толы  жыл­дарда саясат  сахнасына  шық­қан  қазақ  зиялыларының үркердей  шоғырында  Варша­ва  университетінде  оқыған Қанай Боранбаев  та бар еді.  1918 жылдың қарашасында  РКП(б)-ға  мүшелікке өткен  небәрі  жиырма екі жастағы  жас жігіт сол партиядан  екі мәрте  шығарылатынын, алда  тар жол, тайғақ кешу  тұрғанын  білді дейсіз бе! Солақай  саясат сойылымен , жер  шетіндегі  Магаданға айдалып,  сонда нақақтан нақақ қырық екі  жасында атылатынын сезді дейсіз бе!

 

Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 10:08

Қазақстанның Юстиция халық комиссары — респуб­лика прокуроры Қанай  Бо­ранбаев туралы дерек

Кезінде  дүниені дүр сіл­кіндірген Қазан төңкерісінен кейін Кеңес  өкіметінен зор үміт  күтіп еліміздің болашағы  үшін дүрбелеңге толы  жыл­дарда саясат  сахнасына  шық­қан  қазақ  зиялыларының үркердей  шоғырында  Варша­ва  университетінде  оқыған Қанай Боранбаев  та бар еді.  1918 жылдың қарашасында  РКП(б)-ға  мүшелікке өткен  небәрі  жиырма екі жастағы  жас жігіт сол партиядан  екі мәрте  шығарылатынын, алда  тар жол, тайғақ кешу  тұрғанын  білді дейсіз бе! Солақай  саясат сойылымен , жер  шетіндегі  Магаданға айдалып,  сонда нақақтан нақақ қырық екі  жасында атылатынын сезді дейсіз бе!

Білімді  де білікті, іскер  де алғыр  жас Қанайды  Кеңес өкі­меті  алғаш 1923 жылы-ақ “сүріндіріп” жіберген еді. Трибунал мүшесі  болған кезінде  байды қорғадың деп үстінен  қылмыстық іс қозғап, екі жылға бас бостандығынан  айырған тұста  әділетсіздікке ара түсіп, партия билетін  қай­тартып берген  Тұрар Рыс­құ­лов болатын. Кейін  Қанайға  Голощекиннің  Рысқұлов ба­ғы­тындағы “түрікшілдер”  деп шүйлігуі  де осыған бай­ла­нысты.  1924 жылы  Қазақ өл­келік партия комитетінің  екінші хатшысы  Сұлтанбек Қожанов  кадрларды  іріктеп,  үкімет құрамын  нығайту ке­зінде  Қанай Боранбаевқа  үлкен үміт артты. Яғни,  Же­тісу прокуроры  қызметіндегі оны  Орынборға  шақыртып,  ҚАССР-інің  Юстиция халық комиссары — республика  про­куроры  лауазымына ұсынды. Ол Жұбаныш  Бәрібаев,  Аб­дол­ла  Розыбақиев,  Ораз Жан­досов тәрізді  есімі  елімізге  белгілі  азаматтармен  үзеңгілес болды. Түрмеге қамалған Тоқаш Бокинді  арашалап қалмақшы болып, оны кепілге алған да осы Қанай. Бірақ екінші мәрте  кепілге алуына мүмкіндік берілмей, қапыда қалды. Бұл туралы Зейін Шаш­кин де,  Жүсіпбек Арыстанов та жазған болатын. ұлы жазушы Мұхтар Әуезов  те Қанайды  көргенін, оны жақсы білгендігін айтып ол туралы  жылы пікір  білдіргенін  белгілі  ақын Хамит Ерғалиев  ағамыз­дың  мақаласынан оқып едік. Бірақ өткен ғасырдың  жиыр­ма­сыншы  жылдарын­дағы  зия­лы ортада өзіндік орны,  беделі болған осындай, қоғам  қайраткері  Қанай Боранбаев  энциклопедиялық  анықтама­лық­тарға енбей, есімі ескеріл­мей келді. Кезінде  еліміздегі  сот, прокуратура органдары­ның қалыптасуына , кадрларды  тәрбиелеуде  зор үлес қосқан  заңгердің  кейінгі өмірі  қу­да­лауда, тар қапаста  қорлықпен өтті.  Ауылдағы  зерек бала-тәтті қиял,  Вар­шава уни­вер­си­тетінің  сту­денті — болашаққа құштарлық,  трибу­нал мүшесі, халық комиссары — респуб­ли­ка прокуроры, өзге де лауазым бас­палдақтары ,  бәрі-бәрі  со­ла­қай саясатпен әдірем  қалып, кей­ін тағдыр Қанайды  аямады.

Мұрағат құжат­та­рына  сүйенсек,  Қанай Бо­ранбаев 1896 жылы  Жетісу губер­ниясы Алматы уезін­дегі  Қастек  болысы­ның 2-ші ауылында (қазіргі Жамбыл ауданы Амангелді ауылы)  аңшының  отба­сын­да дүниеге  келіпті. Сол жылдары  Алматыдағы аң аулап, саят  құруға  әуес ше­неуніктер  мен тілмәш­тардың назарын  қағылез келген  тумысынан зерек  бала  өзіне аудара беріпті.  Қанай бала  олардың қол­дауы­мен, ақыл-кеңесі­мен  Верныйдағы  8-сыныптық  классикалық  гимназияға оқуға түседі.  Оны үздік  бітірген соң  Ресей  импе­рия­сының  еуропалық  бө­лі­гіндегі  ір­ге­лі оқу  орын­дарының бірі Вар­шава университетінің заң факуль­­­тетіне  түседі. Бастапқыда оқу­ға талпын­ған  Қанай  Ти­ф­лис­тегі  әскери учи­ли­ще­ге бар­мақ болған екен, со­дан соң Қазан универ­си­те­ті  арқы­лы  Варшаваға жол­дамамен  жіберілген.  Бұл туралы  Қа­най­дың жа­қын ағайын­дары  айтады. өкінішке қа­рай, ол  бұл универ­ситеттің 3 курсын  ғана тәмамдап, Қазан төң­ке­рісінен  кейінгі  аласа­пы­ран­да студент­тердің  саяси үйірмесіне  қатысқа­ны үшін  оқудан шығып қала­ды. Туған  еліне  қай­туға  бе­­кінген  ол Поль­ша­дан тікелей Мәскеуге тартады. Бұл сапарында  төңкеріс­тен  кейінгі  ахуал­ды  көзбен кө­ріп,  көп нәрсеге  көзі жетеді, тіпті  атақты Ф.Дзержинскийдің жеке  қабыл­дауында болып, онымен таза  поляк тілінде  сөйлескен дейді.  Сөй­тіп, ол Мәскеумен  айналып Жетісу жеріне  1918 жылы  орала­ды да  сол жылы  мамыр  айынан  жергілікті  революционерлермен  қоян-қолтық араласып, Кеңес өкі­метін орнатуға  белсене араласады. 1918 жылдың қарашасында  Қ.Боранбаев  РКП(б)  мүшелігіне қабылданады.  Одан кейінгі  кез­дергі атқарған  қызметтері туралы  өз қолымен былай деп жазыпты:

“1918 жылы  Ташкенттегі  Төтенше  комиссардың  құпия қызметшісі  және  көмекшісі болдым. Бір айдан соң Қытайдың  Құл­жа қаласына  жіберілген  ко­миссияның мүшелігіне бекітілдім. Төрт айдан кейін қайта оралып, губерниялық  атқару комитетінің  төралқасы  мүшелігіне  сайлан­дым.  1919 жылы  Ташкентке  кері шақырылып,  өлкелік  партия  ко­митетінің  мүшелігіне ендім. Сөй­тіп,  комитет мүшесі  және хатшы ретінде  1920 жылға дейін  қызмет етіп,  соңынан  Жетісу партия және мұсылмандар  бюросына жұмысқа  ауыстырылдым.  Сол  жыл­дың аяғында  Түркістан  май­даны  3-ші  дивизиясының  әскери трибунал мүшесі болып тағайын­далып,  онда 1921  жылға дейін  қыз­мет жасадым.  Жер рефор­ма­сын  жүргізу тұсында  облыстық төтенше  комитет  мүшесі, тергеу  бөлімінің  меңгерушісі  болдым.  Оның  соңғысын  1922 жылдың аяғына  дейін атқардым. 1923  жылдың басында  төтенше өкіл  ретінде  Қытайға барып,  Шәуе­шекте қашқан  қазақтарды  қайта  көшіруді  ұйымдастырдым. Сол жылдың  аяқ шенінде  Жетісу  губерниясының  прокуроры болып тағайындалдым. Бұл  қызметті  1924 жылдың  күзіне дейін, яғни  ҚАССР  прокурорлығына  ауыс­ты­­рылғанға дейін  атқардым. Атқарған  қызметтерімнің  айы мен күндерінен  қателесуім  мүм­кін болғандықтан  дәл көрсете алмадым (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, 1541-қор, 1-тізім, 2376-іс, 6-парақ).”

Бір айта кететін жәйт , Қа­найдың: “ҚАССР прокурорлығына  ауыстырылдым”,– дегені  оның  жаңа  қызметке  Юстиция халық комиссары және республика  про­куроры  қызметіне  тағайындал­ғанын білдіреді. Дәлірек айтсақ,  бұл тағайындау 1924 жылдың  қара­шасында  өлкелік комитеттің  шешімімен жүзеге асқан еді. Ал Қанай  сол  қараша айының  27-і күні  Орынборға  жетіп, жаңа қызметіне кіріседі (ҚРОМА 1541-қор, 1-тізім, 2376-іс, 1-парақ).

Қ.Боранбаев  бұл лауазымға  келгенде  Қазақстанда  сот, про­куратура  органдарының  қа­лыптасып жатқан кезі  болатын.  Ол  Юстиция ха­лық комиссары —республика про­куроры  болған азды-көпті  уақыт  ішінде  про­ку­ратура  мен сот органдарына  қатысты  60-қа жуық маңызды  құжаттарға  қол қойғанын мұрағат құжаттары  дәлелдейді. Санап қарасақ,  осы лауа­зымда болған бес-алты  ай  ішінде  өзінің төр­ағалық етуімен  13 мәрте  Юсти­ция халық  комис­сариатының алқа мәжілісін  өт­кізіпті.  Қанай қысқа  мерзімнің  ішінде  комиссариат­тың  ішкі құрылымын  жетілдіріп,  жұмыс  тәртібін  күшейтіп қана қой­май,  губерниялық  сот пен прокура­тураны шын мәнінде  халыққа қызмет ететін беделді  ор­ганға  айналдыруға  бар күш-жі­герін  жұмсады.  Оның басшы­лы­ғымен  Қазақстан  құрамына  енген  Жетісу, Сырдария, Қарақалпақ  прокуратурасы  мен сот  орган­дары түгелдей бақылауға алып, қайта  құрылды. Сондай-ақ ол Қызылордаға қоныс аударатын ко­миссариаттың  құжаттық құры­лы­мы мен  мүлкін  белгілеу  тәрізді  сол кездің күн  тәртібінде  тұрған қадау-қадау  мәселелерді  шебер ұйымдастырды.

Қ.Боранбаев аталған лауазымда  болғанда  кадр  мәселесіне  ерекше  көңіл бөліп,  қазақтың  оқыған  іскер жігіттерін қызметке тартты.  Және оларды  қамқорлығына алып, керек кезде  қорғай да білді.  Мысалы,  партиялық  тазалау ке­зінде  Алаш­ор­дадағы  бұ­рын­ғы  қыз­ме­ті  үшін кү­дік­тілер қата­ры­на  ілінген  С.Қадыр­баев­қа:  “Комис­са­риаттағы  іс бі­летін  са­нау­лы қазақ­тар­дың бірі”, – деп батыл  араша түседі.  Оның кадр­ларды  баға­лап, оларды таң­дай  да та­ни  білгендігін жаңа  астана Қызылордаға  аттанатын­дарға жасаған  тізімінен де көруге бо­ла­ды. Олар:  Мәс­­кеудегі  3 жылдық  заң курсын бітіріп келген  республика прокурорының орын­басары  Мыр­зағұл Атаниязов, Қазан  уни­верситетіндегі заң факультетінің  түлектері — комиссариаттың  алқа мүшесі Ахмет Бірімжанов, проку­рор Сәлімгерей  Нұралыханов,  Петер­бург  университетінің  заң факультетінде оқыған – про­куратурада  аса маңызды  істер  жө­ніндегі  тергеуші  ұаббас Сей­да­лин, 1904 жылдан  сот қыз­метінде  мол тәжірибе  жинақтаған  комис­сариат­тың сот құрылысы  және бақылау  бөлімінің  мең­герушісі  Сейдәзім  Қадырбаев бар еді (ҚРОМА 30-қор, 1-тізім, 467-іс, 52-парақ).

1924-1925 жылдары Қ.Боран­баев­тың тікелей басшылығымен  гу­берниялық  сот құрамында  ке­зек­ті  сайлау  өткізіледі.  Мы­салы, Семей  губерниялық  сотының  82 қызметкерінің  63-і  қайта сай­лан­ғаны  осының дәлелі.  Ал халық  ке­ңесшілерінің  224-і  жаңадан сап­қа  қосылды. Оның 155-і орыс, 69-ы  қазақ (196 ер адам, 28 әйел)  болған екен.  Демек  барлық губер­нияларда  сот құрамы  қайта  жаңғыртылғанын  байқаймыз (Қазақ АССР үкіметінің Кеңес­тердің бүкілқазақтық 5-ші съезіне арналған есебінен. Орынбор, “Караван-сарай” баспасы, 1926 ж., 80-бет).

Қанай Боранбаев  1925 жыл­дың 15-19 сәуір аралығында  Ақ­мешіт­те  (съезден соң  Қызылорда атанған)  өткен  Кеңестердің  бү­кіл­қазақтық  5-ші  съезіне  қа­ты­сады. Ал 22 сәуірде  ол Орынбор  арқылы Мәскеуде  өтетін  РСФСР  Кеңестері  съезіне  жол жүріп кетеді.  Осы сапардан  оралған бой­да  Юстиция халық комиссары және республика прокуроры  қыз­метін  оған жаңадан тағайындалған  Сәдуақас   Мәмбеевке  өткізеді де  өзі осы комиссариаттың  құрамын­да  прокурор  міндетіне ауы­сады.  Сол жылы күзге таман  Орал губерниясының  прокуроры  болып  істейді. Алайда Голощекин, Ежовтармен арадағы жағдай шиеленісе берген соң Қанай Бо­ран­баев  жұмыстан біржолата  кету үшін  өтініш жазады.  Онда  өзінің  жеті жылдай сот, прокуратура   са­ласында жұмыс істеп  әбден  шар­ша­ғанын,  қызметінен  босатуды өтін­ген екен. Қанайға  одан басқа жол қалмағандығына 1925 жылдың  8 желтоқсанында өткен өлкелік  партия комитетінің  кеңесінде  сөйлеген  Ежовтың  сөзі дәлел болса керек.  Ежов: “Боран­баевты  Орал губерниясының  прокуроры  қызметінен алу  қажет. Оның үстіне  ол өзі  де өтініш жол­дап, ауыр  ахуал  қалыптас­қан­дығын айтады.  Сондықтан  менің ойымша  өтінішін  қанағаттан­ды­рып,  оны  Жетісу  губерниялық  комитетінің  қарамағына  жіберген дұрыс.  Әрі Боранбаевқа  қазір  демалу да артық болмас”, – деп сөзінің соңын  кекесінмен аяқ­тап­ты (ҚРОМА 1541-қор, 2376-іс, 12-парақ).  Алдын ала  келісіп қой­ған­дай,  бұл ұсынысты  Голоще­кин де бас шұлғып  құптай жө­нел­ген. Сөйтіп,  аталмыш  кеңес  Боранбаевты  Жетісу  губерниялық  атқару комитетінің  хатшысы  Ж.Бәрібаевтың  қарауына жіберу  туралы шешім қабылдайды. Одан кейін  ол Жетісуда  бірқатар қыз­мет­тер атқарады. Алайда Голоще­кин мен оның  жақтастарының қырына  ілінген ол  ақыры 1928 жылы  партия қатарынан шы­ға­ры­лады.  Бұл бұл ма, басына  одан да бетер  қауіп төнерін сезген ол  Қыр­ғызстанға кетіп бас сауға­лай­ды. Мұнда да  тыныш отырғыз­баған соң Ташкенттегі  ауыл шаруашылығы  институтына түседі,  өзбекстан­ның  Жер халық  комиссариатында  зоотехник  болған. 1932 жылы  “Қызыл чар­вадор”  сов­хоз­ын­да  директор бо­лып жүргенінде қа­мау­ға алынады.  Сол кезде  қуғын-сүргін, жоқ­шылықтың  сал­да­рынан алдымен  сүйікті  ұлы, көп ұза­май  әйелі қай­тыс болады. Қайғы  үстіне  қайғы  жа­ма­лып,  мұның бәрі  Қанайға ауыр тиеді.

Сонымен  Қ.Бо­­ран­баев  Ма­га­­данда жазасын  өтеп жүр­ген­де  бос­тандыққа  шыға ал­майтынын білген соң, әділ­дік­тің  бо­ла­тынынан  күде­рін үзіп, түр­ме­де­гі адам төзгісіз ауыр жағдайға на­разы бо­лып аштық жа­риялайды әрі  жұ­­мыстан бас тар­тады.

Қ.Боранбаевты  айыптау  қорытын­ды­сында  фамилия­сы  дұрыс жазылма­ған әрі  тергеу  ісі­нің  нөмірі де көр­се­тілмеген. Айыптау  қоры­тын­дысына 1937 жыл­дың 27  желтоқсаны күні  қол қойылған. Ал 1938 жылдың 5 қаң­тарында НКВД үштігінің  мәжілісі  Қ.Боранбаевқа  ату жазасын береді. Тура он күннен соң  үштіктің шешімі орындалады…

Кезінде Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болған  қазақтың  зиялы  бір ұлының тағдыры, міне, осындай болған еді.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА.

Халқымыздың  ардақтысы Д.А.Қонаевтың туғанына  90 жыл  толуына орай  “Егемен Қазақстан”  газеті  өзінің 2002 жылғы 12 қаңтардағы  нөмірінде  Қазақ­станның  халық жазушысы , Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты Хамит Ерғалиев марқұмның  ар­хивінен алынған  естелікті жа­рия­лады. “81 жыл 8 ай 10 күн” деп аталатын естелікте  автор Қанай  Боран­баевқа  байланысты  мына­дай бір  қызық жәйтті келтірген: “Димекең Гүлжанға (Х.Ерғалиевтің қызы – Авт.) былай депті:

— Сенің  әкеңді  жақсы білсем де, сенің шешеңнің  әкесі  кім екенін білмей жүріппін ғой. Оны мен Хамиттің жуырдағы  мақала­сынан  ғана  оқып-біліп, ішіме  түйген едім. Қанай Боранбаев – Жетісу  өлкесінің  маңдайы жарқыраған марғасқаларының  бірі еді ғой! Бәрінен  бұрын Қанекең  менің  маңдайымнан  неше мәрте  сипаған, бір себеп­термен  туған  ағамдай болған кісі еді. Ол кісі  есіме түссе,  күні бүгін­ге  дейін  көзіме жас  іркіледі. өйткені, ол кісімен  біздің  үйдің  арақатынасы  алшақтап кеткенде де  мені  көрген жерден ұстап алып, адамның  ет жүрегін  елжірететін  артықша  бір адамгершілік  танытушы еді,  баласынбай,  бар ақылын, жақсы адам  болудың не бір ұлағатты  жолдарын жалықпай айтатын. Ол кісі – менің алғашқы  меншігіме тиген мектебім ғой!”

Алаш ардақтысы Дінмұхамед  Қонаевтың Қанай Боранбаев  туралы  осындай  ой айтуы  ол кісінің кезінде  қандай ірі  тұлға  болғанын дәлелдеп  қана қоймай, кейінгі  ұрпаққа  үлгі-өнеге , мақ­таныш тұтатындай адам  екендігіне  көзімізді  жеткізе түседі.


Самат ИБРАИМ, 

журналист,

Болат ҚАБДӨШЕВ, 
тарихшы.

АЛМАТЫ.
26 маусым 2002 жыл.