Қыр асып кеткен ақбоз ат
Жексенбі, 15 шілде 2012 0:26
(Кинорежиссер Мәжит Бегалин туралы фрагменттер)
Шахаң бір бадырақты сүйрелеп әкеліп, қуықтай тар бөлмеге жетелеп кіргізді; жалмауыздың жанарындай терезесі төбесіне біткен күңгірт құжыралы көзі танадай меңсіз қара жігіт най тартып отыр еді, ала кеуім көк түтіннің ар жағынан көгенге байланған қозыдай жәудіреп ала-құла киінген ботатірсек бозбалалардың жүзі қарауытады. Қашанда үлкен-кішіге өзімсініп өктем-өктем сөйлейтін Шахаң, Шахмет аға Құсайынов киіп-жарып келді де:
Жексенбі, 15 шілде 2012 0:26
(Кинорежиссер Мәжит Бегалин туралы фрагменттер)
Шахаң бір бадырақты сүйрелеп әкеліп, қуықтай тар бөлмеге жетелеп кіргізді; жалмауыздың жанарындай терезесі төбесіне біткен күңгірт құжыралы көзі танадай меңсіз қара жігіт най тартып отыр еді, ала кеуім көк түтіннің ар жағынан көгенге байланған қозыдай жәудіреп ала-құла киінген ботатірсек бозбалалардың жүзі қарауытады. Қашанда үлкен-кішіге өзімсініп өктем-өктем сөйлейтін Шахаң, Шахмет аға Құсайынов киіп-жарып келді де:
– Мына қара кетікті танисың ба? – деді.
– Кетік көп қой. Қырыққа келіп қырқылжың тартқан мынау Сашканың аузында да бір тіс жоқ, – деді тана көз қара жігіт. – Танымасам да тісі шығып қалғанға ұқсайды.
– Оны өзім де білем. Тек әлдекім сияқты ұзырпатыр, нақал болмаған соң бұйдасынан сүйреп жүргенім де… Қысқасы мұның мықты бір сценарийі бар, – деді Шахаң.
– Болса тастап кетсін, танысып көрелік.
– Жоқ, тастап кетпейді. Бұл қазір оқиды, бәріміз тыңдаймыз.
– Окончательный вариант па?
– Ақаншті бариант деп акті жасаған ешкім жоқ… Сыробато, ақыл-кеңес керек. Коллегияға барып едік, бәрінің айдарынан жел есіп отыр екен.
– Ендеше, менің де тыңдауға уақытым жоқ.
– Тыңдамасаң тыңдама. Бірақ, бұл қара кетік енді сендердің қыр соңдарыңнан қалмайды, – деді де Шахаң бадырақты тағы да жетелей жөнелді.
Шахаң айтты-айтпады, қаракетік тана көз, меңсіз қара жігітті бес-алты жыл өткен соң тақымдап қоймай отырып, Қара теңіздің жағасынан қуып жеткен еді…
… Жаға құмырсқаның илеуіндей; көңіліне сыймаса көк теңіз де адамға тарлық жасайды екен. Томырылып піскен желідегі тор қауындай төңкеріліп жатқан көп қарын. Көпшілігі өзіміздің жақсы көретін әйел деген инабатты жұрағат. Алқым мен бұғақ майын күнге жалатып, сүйек жұтып қойған сиырдай кейкиіп тұрғандары да бар. Ыстық табаға түскен жұмыртқаның сары уызындай формасынан айырылып, жайылып барып көкжиекке құлаған құлақты күн де батуға айналған. Бірақ, тымырсық аптап кеңсірік жарып, ми қайнатып барады; қырық күн шілдедегі қаланың халыққа лық толы гүжілдек автобусының әтір мен тер иісі аралас қойыртпақ ауасындай.
Ол көңілсіз еді. Суға да шомылмай көлеңкеде жатып алды. Маңайындағы жалаңаш жұрттан да, көк теңіздің көбігінен де бойы тітіркенгендей жиырылып отыр. Пляж қолтыққа орналасқан-ды. Күндіз-түні әрі-берлі сабылған кеме мен теңіз баржыларының қоқысы, жер майы да осы беттен қалқып шығуда.
– Әй, шықсаңшы енді, жетті ғой, – деді ол қаракетікке. – Бағы бір заманда жайлауға көшкенде бір шомылып, қыстауға қайтқанда суға бір-бір сүңгіген малшыларды көріп әлдекім: япырай, мына жұрт балық боп кеткен бе деп таңданған екен… Жетісіпсің!.. – деп күлді. Сосын, креолинге тоғытқан қотыр тоқтыдай мазутқа былғанып келген қаракетікке. – Қой, сен балық боп кетпей тұрғанда елге қайталық.
– Келгеніміз кеше еді ғой.
– Бұл жерде екеуміз ешқандай іс тындырмаспыз. Одан да Алматыға барып ақылдасалық. Ауыл іргесінің аруағы басқа… Байқаймысың, мынау жаға, мынау су да қолаңса сасып кеткен жоқ па?.
Шелек сүйреткен сарнауық сәудегерден үш сомға үш балық сатып алдық. Форель деп мақтаған. Форельдің жон арқасы теңбіл шұбар болса керек, мынасы “сор” деп аталатын ойнастан туған тексіз майшабақ боп шықты. Қолы-басты былжыратып балық мүжуді жек көретін Мәжкең оның тегін сұрап қайтсін, әйтеуір алданыш үшін қиналып отырып үш сомын суырып берген. Екі шиша “псоу” теңденген қаракетіктің соңынан салақтап екі “шал” Псоу өзенін жағалап келеді.
Көптен бері түтін иіскеген жоқ едік. Шырпы, кепкен салындыны бықсытып қойып енді жайғаса бергенімізде жағаны ит жетелеген серуеншілер кернеп кетті. Баладан гөрі ит жетелеу оңайға түскен уақыт қой, оның үстіне ит те жеті қазынаның бірі деседі. Бірақ, тілдері сала құлаш тайыншадай дүрегейлер кезек-кезек келіп, іргемізді ту-талақай тебе бастағанда, қазына болмай кеткірді қаңқ еткізіп қасқа маңдайдан көсеумен салып-ақ жібергің келеді. Тек амал жоқ, қолың қышығанмен ауыл үйдің итінің де құйрығы қайқы дейсің де қоясың. Енді бірде аңғарсақ, иінтірескен жұрт жалаққа жиналған қойдай жан-жағымыздан қаумалай, ошаққа итінген біздерді тор ішіндегі тағыдай қызықтап тұр екен. “Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше” – дейді ғой, бір-екі ауыз қағытпадан кейін дабырлай кимелеп, ақыры от басынан үшеумізді айдап шықты. Қоламтадағы екі-үш мундирлі картоп пен үш шабақты сауғаға беріп, тағы да қоныс аударуға тура келді. От басында өңшең бір тілерсегі қылтиған теке сақалдар гитарасын тепеңдетіп жер тепкілеп қала берді:
Үш адам – бес қол, бес аяқ сандалып жүріп теңіз жағасына қайта шыққан. Ұзақты күнге құс базарындай шулаған су-құм енді ғана тыныс алғандай. Мұнартсыз шаңқандай аспанға ай да шаршап-шалдығып, манаурап көтерілді.
– Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға.
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ер жеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға, – деген осе-ее деп – Мәжкең шөліркеп қалғандай балық сасыған жағаның өңездей ауасын өңешін жырта бір сімірді де, оң қолын үзіп алып топ еткізіп құм үстіне тастай салды.
– Не дедің? – Василий Иванович Мәжкеңнің күбірін түсінбей қалса керек, ол да оң аяғын суырып алып құмға қадады да бетімізге бажырая қарады.
– Баяғыда Абай деген бір шалымыз қазақтың сары даласына сыймай, салақтай қаңғырып жүрген кезінде жылап айтқан бір сөзі екен.
– Мәжке, төркінін қусақ Лермонтов емес пе?..
– Пышылдама! Лермонтов ондай өлең жазған жоқ.
Даудың ақырында Абайды ары жұлмалап, бері жұлмалап аударған боп Василий Ивановичке жүгініп едік, қотармасы қораш болды ма ол да Лермонтовтан мұндай өлең оқыған жоқ едік деп қаракетікті Мәжкеңе жығып берді. Мейлі, біреумен біреу ауыз жаласса үшіншісін қаңғытып жіберетіні қашаннан мәлім, қаракетік туын жықты да, қосын көтеріп майдан даласын тастап шықты…
Кешегі қан майданның сұрапылын бірдей кешкен екі достың творчестволық сапары да бір басталған; өнердегі өрісі әр басқа болғанымен өмір хақындағы ойлары, өзегі бірдей екі мұңдас осы жолы да үлкен қаланың беймаза шуынан қашып Су-құмға келіп тығылған-ды; біздерге алыстағы тарих, оларға көз көрді, құлақ отықты болған соң осыдан жиырма бес жыл бұрынғы Мәскеу түбіндегі қазақстандық батырлардың ерлігін экранға тартпақ еді. Көрмеген жұрт қиялына жүгінеді, көргеннің жөні бір басқа, тегі бастан кешкенді қайта жаңғырту қиын да, әрі жауапты болса керек, екеуі келгеннен бері құйрық басып, қалам тарта алмай сенделуде. Қара бастың қамын қуалаған кемшін пендеге болмаса бұл жер әбігер адамның, әсіресе өнер адамының қонысы емес екен.
Алыстағы бір сағыныш Мәжкең көңіліне Абай өлеңінің бір шумағымен мұң болып кіріп, болашақ жасалмыш шығарманың алғашқы жолы осы шумақтан сабақталғандай еді. “Ел басына күн туса” атты фильмдегі Бозжановтың аузындағы: “Жайнаған туың жығылмай, жасқанып жаудан тығылмай” – деп басталатын Абай жолы осы еді. Түнімен шабаданын буып-түйіп, көк теңіздің жағасын қиғысы келмеген жеңгеміздің торсылына да қарамай ауыл қайдасың деп тартқан; бір шумақ өлеңді еске түсіру үшін самолетпен бір күншілік жерге барып қайтты деу көрер көзге болмаса естіген құлаққа ерсілеу, әрине. Оның үстіне жалынып-жалпайсаң да бір сценарийіңді оқымайтын Мәжкеңнің том-том кітапты қалай сіңіріп қоятынына таң қаласың. Оқта-текте сұрай қалсаң: “Е-е, қой көрмесек те ешкілі байдың қызы едік”, – дейді де қояды. Көп әріптестерінен оның бір ерекшелігі – ол әрқашан экранды кітап бетіндей оқиды да одан поэзияның сазын, ақынның арқасын іздейді. Қай фильмін көрсек те ақын бабаларымыздың жырын тыңдаймыз, Махамбет те, Абай да әншейін қызыл сөз үшін қиуасыз енбейді, халқымыздың психологиясы мен рухынан туындап, шығарманың арқауына таспа өріміндей сіңіп жатады. Кино өнерін иісі бөтен, өрісі басқа деп бағалайтын кейбір прозаиктердің көңілінің мұзын сындырып, бұл жанрға деген іштегі жанашырлықтың көзін түрткен де Мәжкеңнің осы ақынжандылығы себеп болса керек.
Ел тарихына қатысы, ел тағдырына қажеті жоқ бос қызыққа бой ұрмайтын Мәжкеңнің өнердегі тағы бір принципі; Шоқан, Бауыржан, Мәншүк – Мәжкеңнің кинода жасаған образдарының қысқаша саны осындай. Ал “Кімнің ізі көкжиекте шұбартқан” (“Следы уходят за горизонт”) фильмі көрермен қауымға әртүрлі ой салған. Ойламаған кейбіреулер: “мал бағып көрмеген ел ме едік. Үш мезгіл мал жайғап, үш мезгіл ас ішкеннің несі таңсық” – деп наразылық та білдірген. Сол бір тұста мектеп бітірген жас атаулыны малға шақырған ұран болған-ды. Жазира мен бала Танабай көптің бірі еді. Басқа түссе баспақшылдың бірі болғысы келмей екі жас та малды ауылды тастап кетті. Көмпіс Асан көңіліне түйтік алмаған күйі қала берді. Біреудің қызығы біреуге ерсі, біреудің күлкісі біреудің көз жасындай. Сынық шырпыны шығынға санайтын шаруаның адамына көтерем тоқтының өлімі де уайым, ал малмен бірге өріп, ермегі де, еңбегі де сол төрт түлікке телінумен өтіп бара жатқан жырақтағы Танабайлардың кетік көңілін қай шығынға сыйғызуға болар еді? Көретіні көкжиек, көк аспанның астында көңіл күйін шертісер көңілдес те жоқ. Бізге салса бұл фильмнің атын “Сары даланың мұңы” дер едік.
… Көкжиек шұбар шымылдықтанып қапты. Шұбар шымылдықтың ар жағындағы ай сүлдері де көмескі. Мелшиген таулар, сабалақ орман манағыдай емес қараңғылыққа сіңіп, дастархан үстіндегі бауырсақтай ұсақтап меңіреу түннің бетінен сүртіліп бара жатыр. Әр үйдің ауласынан лақ бақырды. Лақ емес, тауық екен шақырған. Бөтен жердің қоразы да басқаша айқайлай ма, шетінен сақау сияқты көрінеді. Екі адам төбемізден төніп кеп тұр екен. “Ах, дезертиры!” – деген дауысты естігенде:
Мәжит, құдай атты!.. Кетелік енді! – деді Василий Иванович. – Екі “шалдың” бәйбішелері екен.
Екі “шал” оң аяқ, оң қолдарын киіп алды да екі жеңгейдің алдына түсіп томпаңдай жөнелді…
… Кино шіркін жыл сайын туа бермейді. Оның науқаны да, мезгілі де жоқ. Сауын беруінен қысыр қалуы көп. Оның үстіне Мәжкең еш уақытта дайын дүниеге қол артып көрген емес. Қашанда авторға ақыл қосып, бірге толғатып, болашақ лентаның алғашқы нұсқасынан экранға дейінгі азабы мен уайымын бөліп-жаратын. Бірақ, кейбір режиссерлердей автордың фантазиясына, әдебиетке қиянат жасаған емес. Сонан ба, студияның боқшасында жататын шикілі-пісілі дүниелерге кірпияздықпен қарайтын, өгей санадың деп бұл мінезін кейбір әріптестері кешіре алмады. Кешірсін, кешірмесін, Мәжкең өзегін жарып шықпаған туындыны асыранды күшікке балап, бауырына баса алмай кетті. Сонан соң да Мәжкең өзінің творчестволық қысқа ғұмырында бес-ақ фильм жасады. Егер оның кейіпкерлері Шоқан мен Бауыржан екенін ескерсек, бес фильмі екі ғасырдың заманы.
Кінәздік – творчество адамына мінездік категория емес, дарынның даралығы, творчестволық бірбеткейліктің, творчестволық естиярлықтың жемісі. Кино қызметкерлерінің көбі “шай үстіндегі” күйбең тірлікті алғырлық, зеректік деп санайды. Соның бәрі де жорта жасалатын “пысықтық”, әркімнің аузынан шыққан түкірік, ГИК-тің аудиториясында әлдеқашан қап кеткен желбуаз философия екенін жасырады. Осы “мінездерін көргенде”:
“… Момыннан жаман қорқақ жоқ,
“Қу”, “пысық” деген ат қайда,
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?” – дейтұғын Абай жолдарына ең болмаса бір дүркін көз салмағандарына қайран қаласың. Мәжкең өтірік пысықтарды, күйбең тірлікті жек көретін. Алдамшы болып, арам бақпен қоңсы қонған жоқ. “Ақымақта дос, итте бажа көп” дейді қазақ. Мәжкеңде дос көп болған жоқ. Оның айнымас досы өнер еді. Ол өмірінің ақырғы сәтінде де жарық дүниемен кино түсіру алаңында қоштасуы мүмкін осы жазмыштан да шығар… Күйбең тірлікті қаламаған соң Мәжкең кино түсіру алаңына төрт-бес жылда бір-ақ оралатын. Кейбіреуге ол сыңар қолын қалтасына шірене салып бос жүргендей көрінетін. Мәжкең бос жүрсе, алты ай қыс тапжылмай жатып кітап оқитынын тек көрген көз ғана біледі. Оқитыны көбіне көне кітаптар: көркем әдебиет, өнер тарихы, әсіресе, ел тарихы.
…Мәскеу қысы қашанда бұлыңғыр; қыстың қысқа күні қала шетінен кілмиіп зорға көтеріледі де сол шыққан орнына қайтадан құлай салады; Екі бөлмелі пәтердің бұлыңғыр залындағы бар жиһаз – кітап. Екі кісілік тақтаның сыңары газет-журналдан белі қайысады. Екі көзілдірікті кезек баптап ұстайтын. Жеңгеміз желіп жүріп, құлқын сәріде поштабай жәшіктен ағамыздың бір бума таңғы оразасын әкеп береді. Сонан шаңқай түске дейін ләм-мим жоқ. Бұлыңғыр бұрыштан жалтыраған көзілдірікті ғана көреміз. Бұлыңғыр бұрыштан сыздықтаған сигареттің сылаң түтіні ғана шалқитын. Кейде телефон шар ете қалады:
– Әй, Кальхаун, әлгі ағаң біздің эрамызға жетті ме?
– Білмеймін. Оразасын ашып жатыр ғой.
– Шумерлермен бе?
– Шамасы, сақтармен-ау деймін.
– Шүкір, онда берегірек жақындап қалған екен…
Мәжкең газеттен бас алып, көзілдіріктің төбесінен тесіліп қарайды. Кім деп сұрайды. Телефон соққан адамды тыңдаушының бет-әлпетінен танитын әдеті еді.
– Дәу шалың ба? – дейтін.
– Иә.
– Қайдан?
– Осында. Мүсәпірханадан соғып тұр.
– Бәсе!.. Шайын іше алмай отырған ғой. Келсін де. Дүкенге барып кілегей әкел. Үнді шайын ұмытпа.
Шәкен ағамыз шайды өзі баптайтын: нілін өзі шығарып, өзі құяды. Өзгенің қолына сенбейтін. Бірде Кәукенді кілегейге жұмсаса керек. Қалтасындағы екі шишаны метрода сындырып алып, артынан кәстөмінің компенсациясын даулаған соң кілегей таситын кірекеш міндеті менің мойнымда қалған. Бізге олар сақа көрінді ме, жасы елуге толар-толмас ағаларымызды ертерек “шал” атандырып жіберіппіз. Менің “Дәу шалым” – Шәкен ағамыз. Ағаларымыз да бізді қатты еркелететін еді. Еркелеп жүріп Шәкеңнен тәбәрікке сұрап алған мазақ есімім – “Капитан де Кальхаун”, Мәжкеңнің берген аты – “Кетік”. Оның ар жағында інілеріне үлестірген “Киса”, “Бүлкілбайлар” тағы бар.
Мәжкең Шәкеңнің ағалық жолын кесіп, өмірі алдынан өткен емес. Бірақ, бірі аға, бірі іні боп сызылып жатпай, арадағы азғантай жастың айырмасын сызып тастап, дос-жарандай, замандастардай қалжыңдасып, жарасып өтті. Өкініші сол, Мәжкең де, Шәкең де жас теңестіріп, екеуі де жарық дүниеде елу алты-ақ жыл ғұмыр кешті.
– Мәжит, сен бір мезгіл шумерлерден берегірек келсеңші, берегірек, – дейтін Шәкен. Ағалық осы бір назда тек әзіл ғана емес, өкпе де бар еді. Оның төркіні тағы да киностудияның күйбең шаруасына кеп тірелетін.
Мәскеу – кино қызметкерлеріне атшалдыратын бекет тәрізді, күнде сабылып жатқаны. Сабылтатын – өнер қамы. “Қазақфильм” қашанда сценарийге ашқұрсақ: сценарий табылса – соны экранға тартатын режиссер жоқ, ал келімсек кейбіреулер кергігенде жуансып кереге сындырады. Шәкен ағаның ара-тұра Мәжкеңнің адресіне тастайтын шымшыма қалжыңы: “Сен ауыр жүкке иығыңды тоспай, қиыр жайлап, шет қонып жатып алдың” деген, жұқалап жеткізген қиястық еді. Обалы қане, “бізде түк те жоқ” дейтін кейбір кепиетсіз жұртқа болмаса, қазақ кино өнерінің тарихта қалар жұрнағы сол жылдары дүниеге келген. Ағалардың миы мен маңдай тері, жүрек қанының лүпілінен туған “Тақиялы періште”, “Атаманның ақыры”, “Ел басына күн туса”, “Қыз Жібек” сол жылдардың жемісі. “Жақсыдан – шарапат” дейтін бар, Мәжкеңнің “шумерлерінен” бүкпесіз айтқанда, оны көп оқитын, көп білетін білімдарлығынан бізге де мысқалдай болса да бір нәр жұққан сияқты. Олжастың шумерлер тарихын қопарып, көне деректі қайта жаңғыртып, бүгінгі зиялының көзімен пайымдау жасауына ағамыз түрткі болған шығар. Мәскеудегі бүкіл архив атаулыға маған ұлықсат қағаз әперген де екі ағам еді. Архивтерде шаң ғана емес, алтын да бар екен. Оған күні бүгінге дейін қарыздармыз… Мәжкеңнің інілеріне айтқан ақылы: “Бойыңдағы кемшілігіңді жасырма, ойыңдағы жақсы ниетіңді жұрттан қызғанба, білмегеніңді өтірік білімдарсып таласпа, өтірік поза жасама – артынан ұятқа қаласың”, дейтұғын. Өтірік білімпаздық өзіңді ғана емес, өзіңді тыңдаған былайғы жұртты да ұятқа қалдыратынын бүгінде ескере бермейміз.
Шындықтың бетіне тура қараған адам өмірден қорықпаса керек. Қорқақта принцип болмаса керек. Қан кешіп, қан төгіп, соғыстың от-жалынын, көріп қайтқан Мәжкең пенделерге ориентир жасамайтын, оның идеясы – елдің ардагерлері еді, оның кейіпкерлері елдің атақты азаматтары-тын. Мәжкең ара-тұра әңгімесінде: оқуға алғаш аттанғанда Мұхтар Әуезовтің түн ішінде әуежайға дейін жаяу шығарып салып, кино өнерінің қазақта кенже екенін, әсіресе, режиссер мамандығының тапшылығын ескертіп, сәт-сапар тілегенін айта беретін. Кім біледі, Мұхаңның сол ақ батасы қонды ма, бәлкім сол ұлы адамның ақ тілегін ақтағаны шығар, оның бойынан ірілікке әуес мінезді, творчествосынан ірі тұлғаны көрдік: Шоқан, Мәншүк, Бауыржан, Панфилов, Рокоссовский.
Пендешіліктің қашанда жақсыға аяқшалды кесірі болады. “Ел басына күн туса” фильмі Мәжкеңнің біраз жүйкесін жеді. “Волоколам тас жолын” экрандауға алғашында келісім берген Александр Бек, романның авторлық қақысы деп 2000 сомды бойына сіңіріп алған соң аяқ астынан шалқасынан түсті. “Ердің артқы қасын сұраған достықтың” қиястығынан Буровск қаласында басталып кеткен сьемка тоқталды. Бүкіл киноға қатысушылар орман ішінде дағдарып қалды. Егер Баукеңнің өзі, оның еңбектері болмағанда фильмнің экранға жетуі неғайбыл еді. Қол ұшын берген Баукеңнің консультанттығы, мемуары, сосын қоржынында қалған деректі материалдары. Олжас, Әкім, фильмнің редакторы, осы жолдардың авторы болып сценарийді қайта жазуға кірістік, кино жөніндегі республикалық комитет төрағасы қонақүй мен машбюроның арасында курьерлікке жүруге мәжбүр болды. Сценарийді жаздым-ау. Бірақ… сырттай пішілген тон Мәжкеңе сыймай қалды да, Буровскіге баруға тура келді.
… Меңіреу орманның көгілдір ымырты жон арқадан қысып, көз суландырады. Аяз қырық бірінші жылдың қысындай қақап тұр. Өзеннің арғы бетіндегі шағын қаланың үйлері де бүрісіп қалыпты, түтіні аласа әрі әлжуаз. Орман ішіндегі тақтай барақтың қабырғасы да суықтан қақырап түсетіндей. Соған жалғасқан блиндаж, траншеялардың қар астынан нобайы ғана көрінеді. Зеңбірек пен мылтық дауысы демесең, дүрбелең күткен майдан шебін еске түсіргендей мұңды бір үрейлі тыныштық. Бір тәулік бойы тіл қатпаған Мәжкең екінші режиссер Сараның дәмді шайына қарамастан, ертесімен фильмнің суретшісі Ыдырыс екеуімізді ертіп “рекогноссировкаға” шыққан. Мәжкең атқа қалай отырса, шаңғымен де атша желетін. Бала кезінде футбол добымен Кучугурдің шаңын қаққан ағамыз қырыққа келгенде де денесін ширақ ұстайтын еді. Біз митыңдап қуып жеткенше ол батальонның қорғаныс шебін екі айналып, орманның күншуақ жиегінде темекі тартып отыр екен.
– Иә, Қальхаун, сенің әскери шенің менен жоғары ғой, не көрдің, не айтасың! – деді.
Аудиториядағы макетте, онан қалды қағаз бетінде қаламмен соғысқаны болмаса “қуыршақ” солдат не айтсын. Бұл жолы қалжыңын да өткізе алмады. Өйткені, аға жүзі қатқыл, қабағы салыңқы еді. Ол үндемеген күйі сигаретін сараңдарша сабағына дейін сарқып тауысты да, біздерге шарасын тепкен қоян көзінің қиығымен ғана қарады. Сосын жұлым-жұлымы шыққан сценарийді қалтасынан суырды.
– Бәрі дұрыс, – деді. –Бәрі кітаптағыдай. –Айна қатесі жоқ, – деді.
– Дұрыс болса, енді не тұрыс?
– Бар кілтипан сол дұрыстығында тұр ғой, – деп Мәжкең үнсіз отырып қалды. –Бізге Баукеңнің кітабы емес, өзі керек еді ғой, – деді біраздан соң. –Кітапта жазылғанды оқушы онсыз да біледі. Жұрттың бізден күтетіні кітаптың сыртында қалған Бауыржанның тұлғасы, кітапта айтылмай қалған Бауыржанның сөзі мен ойы емес пе… – Солай ма дегендей ол енді маған ілтипатпен қарады. – Политрук Клочковтың: “Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!” деген ұраны аңыздай тарады. Клочковтың сол сөзін тыңдап тұрған біреу бар ма екен? Жиырма сегіз түгелдей қырылып кетті дегеніміз қайда. Сонда оның сөзін кім жазып ала қойды екен. Ал одан бұрын Крюково түбінде: Москваға отыз-ақ шақырым қалғанда: “Маған мұның енді қажеті жоқ!” – деп Бауыржанның қолындағы картаның екінші бөлігін кесіп алып тастайтынын екінің бірі біле бермейді.
Өнер объектісі бомбаның гүрсілі, мылтықтың тарсылы емес, Бауыржанның кейіпкерлік өмірбаяны. Мәжкеңді қинаған да осы еді. Ол сонау Невель қаласына Мәншүкке зиярат қыла барған жоқ, оның іздегені батыр қыздың өр тұлғасы, ел басына күн туған шақта Отанын кеудесімен қорғаған ел азаматының тарихқа қанмен жазып кеткен ерлігінің өшпес із-таңбасы болатын…
… Жол ұзақ. Жолаушы жетеу еді. Жетеу де болса жалыққан сияқты. Әншейінде әңгімені шумерлерден бастайтын Мәжкең де үнсіз. Әншейінде жатыпатар Әбілтайдың да “оғы” таусылған секілді. Жиырма шақты қаланы, Орталық Россия пен Белоруссияның біраз жерін шарлап шыққан “Мосфильмнің” сегіз орындық мес керігі шаршайын деді ме, ысқырып-түшкіріп, оқта-текте қалғып кеткен жігіттерді шошытып оятып келеді.
– Мәжке, әнебір жерде шіркеу қалып барады, – деп Әбілтай іргеге иек қағып күлді.
Пішеннің шошақ мұнаралы төбесі екен. Иен қыстауды күзетіп тұрғандай төбесіне қар телпек киіп алып селтие қарады. Алданып қалған Мәжкең Әбілтайға бажырая қарады да:
– Пышылдамай отыр, – деп езу тартты. – Елді үркіткені болмаса, шіркеу мен пішен мұнарасынан адасатын Махно деймісін мені?
Шошайған шіркеу атаулыны құр жібермей, шыққаннан бері санап келе жатқан Мәжкеңе Әбілтайдың бірде:
– Мәжке, көрінген шөмелені қаға берсек, елге биыл жетпейтін шығармыз, – деп әзілдегені бар.
Пышылдамай отырдық. Аяз бірде отыз, бірде қырық. Аспан шаңыт. Құлақтанған күн қатып қалғандай қарағай басынан оза алмай тұр. Қар жамылған орман да қатып қалғандай меңіреу. Желтоқсанның аяқ астынан апшы қуыратынын кім білген. Баста папаха, үсте келте күрте, жел кеулемесін деп жалаңқабат шалбардың балағын бәтеңкенің бауымен буып тастағанбыз. Мәжкеңнен басқаның құдалыққа жүрер кеспірі шамалы. Ежелден күміс қоңыраумен аты шыққан Валдайға соққанымызда сувенир сатушы аспанкөз әдемі келіншек түрімізден сескеніп, дүниесін тықпыштады да: – Қоңыраудың үнін естімегеніміз қашан!.. Дүкен тұрмақ шіркеуде де жоқ, әйтпесе Махно келе жатыр деп күншіліктен дабыл қағатын едік қой деген.
Әдемі келіншектің аузы дуалы болды да, сонан сеңсең бөрік, тұйық шалбар киген біріміз Махно атанып шыға келдік. Онан арғысын Мәжкеңнің өзі септеген. Бірақ, Мәжкең әсте кісі кемітіп, біреудің осалдығын мазақ қылмайтын, біреудің жарымаған мінезі мен жараспаған ыржаңына, әйтпесе, бойындағы бар қасиетін жұртқа тоса алмайтын орашолақтығына ренжіп, ептеп шымшып тастайтыны бар. Тегі, қотиын адамға қасиет қонбайды. Қасиеті бар адамның қасында қотиын жүрмейді. Мәжкеңнің әзілі майлы, күлкісі көңілге жылы, әлдекімдер секілді албаты қылжақ үшін бейпіл сөйлеу оның лексиконында жоқ еді. Орыс халқының екі ұлы перзенті Пушкиннің қара орманына түнетіп, Калинин, Смоленск, Новгород, Псков сияқты көне қалалардың тарихи ескерткіштерін, атамзаманғы кремль, шіркеу, соборларын түгел аралатып шыққанда бізді әшейінгі әзіл мен ермек үшін сүйреп жүрген жоқ. Ел танитын, жер танитын жасқа кеп қалса да жігіттердің көбі Алматы мен ауыл арасындағы қасқа жолдан ұзап шықпаған екен. Минскідегі бір кинодраматург досына Мәжкең бізді суретші, жазушы, режиссер, оператор деп атап-атап зәуімен таныстырып еді.
– Естіп тұрғаным осы, – деп досы шынын айтты. – “Қайрат” деген команданың барын білем, бірақ оның құрамында да жалғыз-ақ футболшыларың бар еді, – деді.
– Тимур деген сол жалғыз футболшымыз сенің “Динамоңның” қақпасына қарымтасыз екі доп соққан жоқ па! Ал он бірі түгел қазақ болса не жандарың қалады?! – деп Мәжкең досын әзілмен бұқтырып, біздің намысымызды қорғап қалған. –Солай, менің інілерім жалқы да болса дара!– деп аяғын нығыздап тағы бір түйді.
Әзілден ұтса да Мәжкең былай шыға ойланып қалды. Футболшыны білген тысқары көздің құлағы өнер адамының есімін неге естімейді? Әлдебір езуінен микрофонды екі елі жібермейтін әншісымақ “шептундардың” атағы құлақ сарсытқанда творчествоның азаматтарын қалың жұрт көзге ілмейтіні қалай? “Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп”, – деп қазақ айтқан. Сөйте тұра, кейде біздің жұрт байлығы асып-төгіліп жатса да беретін асын дұрыстап көрсете алмайтын кейбір берекесіздің дастарханы сияқты деп ағамыз өкінгендей болды. “Басқаның жалтырағына тамсанып, басқаның жоғын бардай қып бадырайтуға шеберміз де, өзімізге келгенде үніміз шықпай қалатыны бар”, – деді. Баяғы сол енжарлық. Бәріңе сарай ақыны керек. Өйтіп, бәлсінуге бүгінгі уақыт күтпейді. Жаспын деп, алда ғұмыр бар деп ел тану, жер тануды, өзіңді танытуды келер күннің еншісіне қалдыратын әдетіміз. Ал атағың шыққанша жасың озады, жасың озған соң кәдірің тозады, онан соңғы ауыл арасының айранынан артпайтын қара басыңның беделі кімге дәрі. Әуелі інілеріне, сосын өзіне-өзі өкпелеп алып ағамыздың томсарып отырғаны осы еді.
Енді майдан жолымен келеміз. Осыдан жиырма төрт жыл бұрын қан майданнан Мәншүк жазған хаттардың ізімен келеміз. Данасынан баласына дейін жауға қарсы оқ атқан, қаласынан кішкентай Хатынь сияқты деревнясына дейін өрт пен оқты басынан кешкен беларусь жерінен қазақ қызы Мәншүктің зиратын, соғысқан төбесін іздеп келеміз.
Аспан шаңыт. Құлақтанған күн қатып қалғандай қарағай басынан оза алмай тұр. Шаңыт тұманды тесіп-тесіп аспанға шаншылған Невель қаласының шіркеу мұнаралары да серейіп-серейіп қатып қалған сияқты еді. Қалың орманның аяғы бұйраланып, ойдым-ойдым құрдымға айналып барады. Қалың орманның шеті Мәншүктің сұрапыл соғысты жеткізіп салып көз жұмған жері. Мәншүктің анасына жазған хаттары да осы жерде үзілген. Мәжкең осы үзілген хаттардың жалғасын жазбақ еді. Аңыз боп кеткен замандасының ер тұлғасын экранда қайта жаңғыртпақ ойы бар.
… Высота номер… Бұл әскери тілде. Әйтпесе төбенің аты төбе. Невель қаласын оңтүстік батыстан орап жатқан бүкір жон екен. Жалаңаш. Жалғыз жарым ағашы әлі жаралы, жас шыбығы жетіле қоймапты. Көк шыбықтың арасы қаптаған ор. Мәншүк ең соңғы хатын қаптаған ордың қай қуысында отырып жазды екен?..
Төбенің басы суық екен. Күннің ызғары емес, мынау астаң-кестең бүкір жонның қойнында қалған осыдан жиырма төрт жыл бұрынғы сұрапылдың ызғары дене түршіктіреді. Сосын, аяулы жан қай төмпешіктің басында шейіт болды екен деген бір ой, көрмесек те қайран қарындасымыздың қимас жүзі көңілге қаяу салғандай… Мәжкең Мәншүкті көрген екен. Алматыда, әскери комиссариатта кездескен екен. Бірақ, бізге жарытып ештеңе айтпады. “Ел қорғау азаматтың борышы. Бірақ соғыс деген табиғатқа симайтын, табиғаттан тыс зауал ғой”, – деді де қойды. Оның ерсілігі де осында деді. Жалпы Мәжкең майданда болдым, қан кешіп, ел қорғадым, қайрат қылдым деп ешуақытта айтпайтын еді. Ол он сегіз жасында майданға аттанғанын, қан кешіп, ел қорғағанын, қайрат қылғанын ешуақытта міндет қылмайтын. Ол сұрапыл соғыс жайлы өз дастанын, “Ел басына күн туса”, “Мәншүк” атты фильмдерінде экранда жазған.
… Высота номер… Бұл әскери тілде. Әйтпесе төбенің аты төбе. Бірақ туған жердің төмпешігі де қасиетті. Адамға ең қымбаттысы өмір екен, ал ең қасиетті нәрсе – туған жер үшін адам ең қымбаттысы – өмірін қиған. Невель қаласының паркіндегі бауырлар зиратында он көк тас. Онның үшеуі қазақ. Соның ішінде туған жердің топырағынан үзіліп түскен қасиетті бір төмпешіктей боп Мәншүк те мәңгілік ұйықтап кетіпті. Невель сияқты қаншама қала, қаншама бауырластар зираты бар. Соның оннан бірі Мәншүктер. Экран болмаса, өнер болмаса Мәжкең ол туралы дастанды жыр етіп те тауыса алмас еді.
… Әрқайсысы бір жарым сағаттық лентаның сыртында өнердегі Мәжкеңнің жазылмаған өмірбаяны қап етті. Бірақ оның айтылмыш сөзін, ой-арманын кейіпкерлерінің аузынан естиміз, еліктейміз, творчествосын әлі де үлгі тұтамыз, әттең, өзі айтпақшы бізге керегі оның өз тұлғасы еді.
“Ондай уақыт келеді әлі” атты фильмдегі Шоқан өмірінің соңғы сәтінде ақбоз атқа ер салып, құйындата қыр асып кеткен. Сондағы ат үстіндегі дублер Мәжкеңнің өзі еді. Қимас ағамыз әлі күнге қазақтың сары даласында сағым боп кезіп жүргендей көрінеді де тұрады…
Қалихан ЫCҚАҚ,
жазушы.
31 тамыз 2001 жыл.