23 Шілде, 2012

Кәмила

530 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Кәмила

Дүйсенбі, 23 шілде 2012 11:40

Алатаудың арғы бетіндегі  аядай ауылға іссапармен барған кезімде сол жерден Кәмиланы кездестірем деп еш ойламаған едім.  Кездестірмек түгілі, оның бұл дүниеде бар екенін де ұмытып кеткен екенмін. Шынымды айтсам, бұл жүздесу  маған бастапқыда  бір аянышты әсер сыйлаған  сияқты еді,  ал кейіннен,  ой қорыта келе  Кәми­ламен  жүздесу арқылы  тек қазақ әйе­ліне ғана тән төзімнің, ана сүті­мен бойға бітетін көнбіс мі­нез­дің куәсі болғанымды түсіндім.

 

Дүйсенбі, 23 шілде 2012 11:40

Алатаудың арғы бетіндегі  аядай ауылға іссапармен барған кезімде сол жерден Кәмиланы кездестірем деп еш ойламаған едім.  Кездестірмек түгілі, оның бұл дүниеде бар екенін де ұмытып кеткен екенмін. Шынымды айтсам, бұл жүздесу  маған бастапқыда  бір аянышты әсер сыйлаған  сияқты еді,  ал кейіннен,  ой қорыта келе  Кәми­ламен  жүздесу арқылы  тек қазақ әйе­ліне ғана тән төзімнің, ана сүті­мен бойға бітетін көнбіс мі­нез­дің куәсі болғанымды түсіндім.

Біздің елдің адамдары  бұл ауылды әдетте күнгей деп атайды.  Ал екі араны сұлбай  бөліп жатқан  Суықтөбе тауының бергі жағын,  яғни біздің ауылды олар  керісін­ше теріскей дейді.  Бұрындары екі ауылдың адамдары  бір- біріне тау асып, тас басып   барып-келіп жататын. Тіпті өзімнің де бала кезімде  ата-анама ілесіп, бірер мәрте осы  ауылда болғаным да бар. Көлік түрі  көбейген соң жол ұзара түсті ме, жоқ әлде тір­шілік қамы тізгінді тарт­ты ма, әй­теуір екі ара­дағы   қа­рым-қаты­нас  соңғы жылдары си­рексіп кет­кенін біле­тінмін.  Енді міне, арада соншама жыл өтсе де  осы аядай ауылдан  менің ата-анамды танитын адамдар да  табыла кеткенін қараңызшы.  Дәм үстінде  жөн сұраса келе олар лезде-ақ  менің сүйегімнің кім екенін анықтап та алды.  Тіпті қайсыбірі  әлдеқандай ілік-шалысы бар  жекжат та болып шықты.

Осылайша  у-думен отырған сәтте  есіктен имене басып  кірген жас әйел көзіме оттай басылған.  Бар дүниені ұмытып  әлгі әйелге  аңтарыла қарап  қалғанымды  өзім де аңғармаппын.  Мен ғана емес-ау,   манағы ырду-дырду әңгіме үстінде отырғандардың бәрі де жас келіншектен көз алмайды. Сұқтана қарауымыздың да өз жөні бар, әлгі әйелдің қазақи биязылықпен  астасқан ажары ерекше екен.  Шіркін, аядай ауылда да  мұндай перизат бар екен-ау деймін өз-өзіме. Әйел өзінің  соншалықты мінсіз жаратылған  жан екенін мүлдем білмейтін сияқты, қадала қараған сансыз жанарлардан тайсақтай, сәлемдесудің ишарасын жасаған күйі қысыла-қымтырыла   босаға жақтағы  бос орынның біріне жайғасуға асыққан. Көзді арбаған бейне  жұрт  тасасына жасырын­ған сәтте барып, үй ішіне қайта­дан жанданыс кірді.  Әйтсе де әлгіндегі  кеу-кеу әңгімені   ешкім  жалғап әкете қойған жоқ. Маған сол сәтте жұрттың бәрі тек әлгі жас әйел жайлы  ғана ойлап отырғандай көрінді.

Ал өзім болсам, оның тостағандай нұрлы жанарын   көз алдыма елестете,  “ажарың ашық екен атқан таңдай”  деген өлең жолдары   тап осындай хаса сұлуға арнап айтылған-ау шамасы деп іштей тамсанамын. Айтса айтқандай-ақ,  әлгі келіншектің  күнге тотыққан  тобылғы жүзі, албыраған алқызыл ерні, тіп-тік тұлғасы қандай әсем еді.  Әлгінде ғана  бір-біріне дес бермей жатқан  жұрттың неге есеңгіреп отырғанын   ол қайдан білсін, әлденеге кінәлі жандай  төменшектей иіліп, көзін жерден көтермейді.  Неге екенін қайдам, жұрт тасасына тығылған әлгі әйелге менің қарай бергім келеді. Бұлт арасына  жасырынған  ай сияқты,оның жүзі кейбіреу дастарханнан дәм алуға еңкейген сәтте  ғана қылаң беріп қалғаны болмаса емін-еркін көз тойдыру­дың сәті түспей-ақ қойды. Қанша дегенмен  затым әйел ғой, сол қас-қағымда-ақ оның тұла бойын­да қолдан қосымша әрлеудің ізі де жоқ екенін  байқап үлгердім.

Өзін сырттай бақылап отырған  көз барын сезіне ме, ол да амалсыздан қол жалғап, кесе әперген  сәтте ғана болмаса еңсесін  тіктер емес. Байқаймын, бұл сұлу әйелдің жорта бәлденуі, тіпті әлдекімнен қымсынуы да емес, ішкі  бір жадап-жүдеудің әсері сияқты.  Бірер мәрте көзіміз  түйісе кеткенде де кісіге ойлана қарай­тын жанарында  мұң тұнып тұр­ғандай көрінген.  Сұлу адамдарды  көбіне  өмірге  еркелеу үшін жаралғандай көретініміз бар ғой, сондықтан шығар,  мына жас келіншектің өзін төменшіктей ұстауы қалай дегендей дал болып отыр едім, ойымды сырттан кірген    үй иесі бұзды.

–       Мына Кәмила сізге жолық­қалы    келіпті – деді ол.  Бұл сөзді маған қарата айтқан секілді. Ал Кәмила дегені әлгі жас әйел болды ғой. Сонда бұл келіншек маған нендей шаруамен келді екен деп өзімше  долбар жасап та үлгермедім, үй иесі ойымды тағы да  бөліп жіберді.

–       Кәмила,  шырағым-ау, неғып отырсың, келген шаруаңды өз  аузыңмен айтсаңшы –деді ол тағы іле-шала.

Мына сөзден кейін келіншек  жанарын маған тіктей бірнәрсе деуге  ыңғайланғандай болып еді, бірақ сөзді неден бастарын білмеді ме, тіл қатар емес.  Әйтсе де екі көзі менде.

Тоқта, тоқта мына нәркес   көзді мен қайдан көріп едім, апырау, мына әйелдің түрі де маған бұрыннан таныс секілді  ғой деген ой осы сәт  жан-дүниемді аралап кете  барды.  Көз алдыма  Шынар жеңешемнің  бейнесі келгені   сол  екен, бәрі де ап-айқын бола кетті.  Ау, бұл Кәмила дегенің сол кісінің  қызы болды ғой.  Ия, жеңе­шемнің жанары да осындай  нұрлы  еді. Апыр-ау, Кәмила­ны осындай әдемі әйел болады деп кім ойлаған.

–       Осы сен Шынар жеңе­шемнің қызы емессің бе, –дедім оған ойымды орнықтыра түскім келгендей.  Ол  алма жүзіне  сәл-пәл күлкі үйіріп, иә дегендей үнсіз басын изеді.

–       Жүр, есік алдына шығалық.  – Осы   сөзді күтіп отыр екен, Кәмила да лып ете түсті.  Әлгіндегідей емес, онаша шыққан соң  ол мүлдем жайнап кетті.

–       Мен сізді ұмытып қалған шығар десем,– деді ол маған еркелей тіл қатып.

– Өзің қалай ұмытпай жүргенсің? Менің осы ауылға келгенімді қайдан білдің?– деп  мен де оны бастырмалата   сұрақ­тың астына алып жатырмын.

–Аядай ауыл­да сөз жата ма, жұрттан есті­дім, – деген ол енді елдегі ағайын­дардың  жай-күйін білуге асықты.

Оны қайдам,  әңгіме үстінде  өз басым қиялға бөгіп, Кә­ми­ланы  көз алдыма  басқаша елес­те­тумен  әлекпін. Шіркін, мынау бояуы оңған  лыпаның орнына  соңғы үлгімен тігілген  көйлек кисе, тоқпақтай бұрымын сәндеп тараса, мына Кәмиланың қасында әлем аруы атанған қыздардың өзі де  көзге қораш көрінер еді-ау деймін. Осы ойымның әсері ме,  әңгімем де сұйылып кеткен сияқты,  соны байқаған Кәмила мені асығып тұр десе керек, жолымнан бөгегісі келмеген ыңғай таны­тып, кешке қарай жолығысуды жөн көрген.

– Көз алдымызда  өскен бала ғой, ханға лайық қара­ғым еді…,–  деді сонау жерде тұрған үй иесі Кәмиланы көзімен   ұзатып тұрып.

Бұл сөзіңізбен не айтпақсыз дегендей қадала қарасам керек,  әлгі кісі біржола Кәмила жайына ауысты.  Одан ұққаным, жасөспірім Кәмиланы  кезінде осы ауылдың тентектеу жігіті  алып қашып кетіпті. Қазір содан екі баласы бар екен.  Бірақ әлгі күйеу шіркін  тентек суға  үйірсектеп  алыпты. Бір үйде  әйелден басқа бас көтерер  ешкім болмаған соң, тірлік оңа ма,  тұрмысы да жүдеу көрінеді.  Бірақ Кәмила ешкімге алақан жаймай-ақ барын ұқсатып бір үйді ұстап отырған сияқты.

–       Күйеуі жайшылықта тәп-тәуір-ақ жігіт, ал ұрттап алса, бітті, адам сыйқы жоқ.  Соған әлгі баланың қалай шыдайтынына  таңым бар.  Кәмиланы аяйды ғой, ағайындары   күйеуіне жұмыс та тауып берген.   Әп-әжептәурім істеп жүреді де,  бір күні нілдей бұзылады,–  деді ол күйініп.

Осы сәт менің көз алдыма тағы да Шынар жеңешем келді. Ол кісі де  өте  ажарлы адам болатын.  Енді ойласам, мен көрген кездері  ол небәрі отыздың маңайындағы  жап-жас келіншек екен-ау.  Күйеуі сақалы күйектей кәрі шал еді.  Сол кісінің ұзақ ауырып, төсек тартып жатқаны да есімде. Біз баламыз ғой, ол кісінің қадір-қасиетін қайдан білейік. Ал үлкендер жағының әлгі кісіге  ықыласы бөлек. Содан да шығар,  үйінен кісі үзілмейтін.  Ең ғажабы,  Шынар жеңешемді жұрттың бәрі сырттай мақтап отыратын. Расында да, ауру адам жатқандай емес, қашан барсаң да   үй іші  кірсе шыққысыз.  Бұл жұрттың  жаппай  жоқ-жұқана кезі,   сонда да  Шынар жеңешемнің қолы  берекелі болатын.  Жалғыз сиырдың сүтінен-ақ  неше түрлі тағам түрін әзірлеп, дастарханды жайнатып жіберетін.  Сол үйге біз сияқты бала-шаға да үйірсектеп, осы кіп-кішкен­тай Кәмиланы ойнатып жүретінбіз.

* * *

Жеңешемнің күйеуі әлгі науқас­тан  қайтып тұра алмады.  Сол кісінің жылын бергеннен кейін бе, әйтеуір  Шынар жеңешемнің үйіне ағайын-туғанның  тегіс жиналғаны бар.   Шамасы, оны  бір қайнағасына  әмеңгерлік жолмен  қоспақ болды-ау деймін. Бала-шағаны кім елеп жатыр, үлкендермен қабаттаса кірген бізді ешкім қуа қоймаған. Сонда өз күйеуінен де үлкен адамға  Шынар жеңешемнің барғысы келмеген шығар –   еңкілдей жылап алды да  “Ау, ағайын,  біреуді өзің таңда десеңдер  мен мына Шырақжанды қолай көріп отырмын. Әйтпесе бала-шағамды бағып, өз алдыма отыра бергенім  жөн шығар” дегені де  есімде қалыпты. Бұл сөздің  ерекше есімде қалуы,  ол кісінің Шырақжан деп отырғаны менің әкем болатын. Несін жасырайын,  дәп сол кезде  Шынар жеңешем бұрынғыдан да жақын бола түседі-ау деп қуанып та   қалып едім.  Бекер обалы не керек, дәл сол  кезде менің шешем де  абысынын  жақтап, “Е,  несі бар,  екі үйлі жан бір тірлік жасармыз. Мына алманың сабағын­дай екі бала  жетім өспесін” – деп ара түсіп-ақ еді,   бірақ әлі де ұрпақ сүйсем деген  үмітін үзбеген жама­ғайын ағасының көңіліне қарады ма,  әкем үнсіз қалды.  Бұл әңгіменің    қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір Шынар жеңешем ел ішінде, өз үйінде отыра берді. Өстіп жүргенде  бір күнде-ақ одан көз жазып қалдық. Сөйтсек, төркіні жағынан   бір туыстары келіп, бір түнде қояр да қоймай  көшіріп әкеткен көрінеді.

Міне, содан қайтып  Кәмиланы көріп отырғаным  осы. Рас, Шынар жеңешемнің  біз есейе бастаған тұста ауылға келгені бар.  Құдай-ау, жеңешемді осыншама өзгеріп кетті деп кім ойлаған.  Қапелімде бетімнен сүйген әйелді бұл кісі кім болды екен деп  есіме түсіре алар емеспін. Сөйтіп тұрғанда далаға апам шыға келді де,  екеуі құшақ айқастырып, сағыныш    жасын төкті-ау дейсің.  Апамның сөзінен кейін    әлгі әйелдің Шынар жеңешем екенін естісем де, сенер-сенбесімді білмей мен тұрмын.  Әрі тайып,  ақ қайыңдай тұлғасы да еңкіш тартыпты .  Сәл-пәл тынысын алғаннан кейін ол: “Келін-ау,  бастан талай дүние өтті ғой, осы ауылдан көше қоятын жөнім жоқ еді. Әлгі інілерім бой бермеген соң, амалым қалмады. Сөйтсем, олардың да көздеген ойы бар екен.  Жарыл­қағаны сол,  бір шалға  ұзатып  тынды. Байға тию менің не теңім, бала-шағам бар, отыра беремін деп едім, көнбеді.  Е,   еркек бала басқа жұртқа сіңбейді екен,  Жетпіс осы жаққа   кетіпті деп естіп, іздеп шықтым”– деп  еді, сол кездегі адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы өзгеше ме, әйтеуір әлгі сөзден кейін апам тіпті ышқынып кетті. “Әй,  ақ жеңеше, не деп отырсың.  Жетпістің  осы жаққа кеткені қалай,  қашан шығып еді?–  деді ол жеңешеме сұраулы жүзбен қадала қараған күйі.

Сонда ғана Жетпістің бұл ауылға келмегеніне  көзі жеткен жеңешем  енді қайттым дегендей, ышқына екі бетін жыртып-жыртып жіберді. Жылаудың көкесі енді басталды.  Жеңешемнің өксік аралас сөзінен ұққанымыз,  осыдан бір жетідей бұрын  Жетпіс  осылай қарай анасына айтпай үйден шығып кетіпті.

–       Е, Алла, осыдан құлыным аман-есен болса, оны ел-жұртына қоссам, екі дүниеде арманым жоқ – дейді көз жасын көлдеткен Шынар жеңешем.

–       Жә, дұрыстап айтшы,  осылай қарай кеткені рас па?–  Бір топ ауыл әйелдері оған  бір айтқан сөзін  қайта-қайта  айтқызып әлек.

– Өткенде екеуміз шөп шабуға бардық. Сонда балам “Апа біздің ауыл осы  таудың арғы бетінде ме”,  деп сұрады.  Жүзіне қарасам ойы тым-тым алыста сияқты.  Оның не ойлап тұрғанын қайдан білейін, осы ауыл  жайын әңгімелеп те бердім емес пе.  Соның бәрін үн-түнсіз тыңдаған ол тағы да “Осылай қарай  жүре берген кісі  түбі бір сол ауылға жете ме?”– десін.  Бұл сөзінен де  секем ала қоймадым. Содан кеш қайта үйге келдік.  Таңертең тұрсам, бала орнында жоқ. Е, ойнап жүрген шығар дегем, ел орынға отыра бере де үйге келмеген соң, зыр қағып жүгірейін. Бірге ойнайтын балалардан сұрасам, ол өзінің туған ауылына кетті дейді.  Шал байқұс ауру, өзі  соғыстан кемтар болып қайтқан адам. Жол жүруге шамасы жоқ. Содан кейін өзім   шықтым. Жеңешем әзер сөйлеп отыр. Мән-жайға қаныққан апам дереу  ел-жұртты жиып,  қарауытып жатқан Суықтөбенің  қойнау-қойнауын сүзіп келуге аттандырды.  Бұл әңгімені созбалап не қылайын,  төрт-бес күн бойы тауды  кезген жұрт ауылға Жетпістің өлігін арқалап қайтты.

Артынан білдік қой,  бала  жарты жолға дейін жеткен екен,  тауда жаңбыр  жауып, жер тайғанақ болды ма, ол сырғанап  терең  шұңқырға түсіп кетіпті. Бір кездері кен  іздеушілер қазған шұңқыр  көмілмей қалған ғой,   содан шыға алмай Жетпіс көз жұмыпты.

Баласын арулап жөнелткеннен кейін біраз уақыт төсек тартып жатып қалған  жеңешем тұруға жарағаннан кейін қайтуға жиналған.

–       Ау, енді қайда барасыз,  осы ауылда болыңыз. Қызыңызды ертең-ақ қолыңызға әкеліп береміз. Ел қатарлы бір тірлік жасарсыз, – деген ағайын-туғанның сөзіне  көнбеді.

–Қайтейін, тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болды.    Жетпісімді  түбі бір  үйіріне қосармын деуші едім,  ол тілекті  құдай бермеді. Енді бөгелмейін,  ана кісі де науқас адам, күн көрісі  қиындап кеткен шығар – деп ол  қош айтысып, аттанып кетті.  Бұл менің Шынар жеңешемді соңғы көруім еді.   Оның қайтыс болғанын да әлгінде Кәмиладан естідім.

Кәмила  уәдесі бойынша мені  із­деп келе қоймады. Өзім де соған алаң­дап отыр едім, облыстан қосыл­ған  режиссер  жігіттің тіпті дегбірі кетті.

– Апырай, нағыз Қыз Жібектің өзі ғой. Мен бір   фильм түсірмек едім. Соның  бас кейіпкеріне сұранып-ақ  тұр. Жүріңізші, үйіне барып, соған келісімін  алайық – деп жан қоя­тын емес. Осы сөз желеу болды ма, әлде бар жайды  өз көзім­мен көрейін дедім бе, Кәмиланы  енді өзім іздеп баруға  бекіндім.

Кәмила ауылдың ең шетіндегі жатаған  үйде тұрады екен. Есік алдынан еш қараң-құраң көрінбеген соң, ішке кіргеніміз сол еді, қарсы алдымыздан алпамсадай  біреу атып шықты. Келе жағамызға жармаспақ па, жоқ әлде құшақтамақ болды ма, ол жағын бағамдап үлгермедік, буынына ие бола алмаған еркек  шалынысып кетіп,  сонау жердегі шелекке соғылысып, ішіндегі сүтін ақта­рып алды. Онымен жұмысы жоқ, “үйге қонақ келді,  ақша тап, арақ әкелемін” деп төгілген сүтті сүртуге ыңғайланған әйелін жұлқылап жүр. Кәмила бізден ыңғайсызданды ма,  күйеуіне еш қарсылық көрсетпей, бұғына берді:

– Әй, мынау қайтеді, не, тіл-аузың байланып қалды ма, ақша тап дедім ғой мен саған. –Аяғы айтуға  ұялатын боқтық сөздерге ұласқан күйеуінің бұл талабын Кәмила үнсіз қал­дырған күйі, бізге  жоғары өтіңіздер дегендей ишарат білдіріп, жол бастамақ ыңғай танытты. Жүзіне жүгірген қызғылт бояудан, боталаған көзінен дәл осындай сәтке тап келге­німізге іштей ұяттан өрте­ніп тұрғаны байқалады.

– Әй, мынау қай­те­ді, не айттым мен саған. –Күйеу қолына түскен  ыдысты Кәмилаға қарай жіберіп қалып еді,  тәл­тіректеп тұрған адам ғой, “оғы” нысанаға дәл тимей, төрге барып соғылды.

– Түу, ит-ай, осы сен-ақ тірідей өлтіріп біттің-ау, жоқ ақшаны қайдан табамыз – деген әлсіз үнге жалт  қарасақ, төр алдындағы   жертө­секте жатқан  бір кейуана  әлгі ыдыс тиіп кете ме деп басын қорғалақтаған күйі сөйлеп жатыр  екен. Іштей  Кәмиланың енесі болар деп шамалағам.  Жаңылмаған екенмін.

– Әй, мыстан,  сен жайыңа жат, сені де  шеше дейді-ау, маған жаның ашымайды, – деп үйден қайран  жоғын   аңғарған масаң еркек ащы суды сырттан іздемек болып   далаға шыққан кезде, әлгі кейуана бізді төрге шақырып,сөз арасында  біраз жайтты әңгімелеп те тастады.

–       Айналайын,  естіп жатырмын,  мына келінімнің жақыны екенсің, көзің көрді ғой, сіңліңнің жайы осы. Тілімді алсаң, осы байғұсты ала кетші.  Бұған еш өкпем жоқ.  Бар тілегім – көзінің ашылғаны.  Бағың жансын, балам, –деп  ол еңсесін тіктеді де, келінінің келісіміне қарамастан  алақанын жайып, батасын беріп те үлгерді.  Соған қарағанда бұл кемпірдің  осыған дейін-ақ  көңілінде пісіп жүрген ойы сияқты. Кәмила не айтып тұрсыз дегендей,  оған жапақтай қараса да,  кейуананың   райынан қайтатын түрі байқалмады.

–       Құлыным,  маған қарайлама,  тез жинал.   Әйел  қырық шырақты деген,  мына әпкеңе ерсең күнің бұдан жаман бола қой­мас, –деген ол  қолы дірілдей  өзі жатқан  төсек-орынды қопарыстыра бір түйіншекті алды да – “Әй, қозыларым-ау, қайдасың­дар”, –деп еді, әке көзіне түспеудің амалы ма,  сонау жердегі темір кереует астына жасырынған  екі баланың басы көрін­ді. Кейуана оларды қасына шақырып алды да: Мә,  нағашы жұрттарыңа бара жатырсыңдар,  жолда Кәми сендерге киім алып берер,  әйтпесе  тұттай болып барғандарың ұят шығар деген ол екі баланы құшырлана бауырына басып, беттерінен сүйді.

Сол сәт не істерін білмей абыржып тұрған Кәмиланы көріп аяп кеттім бе,  мен де  “Ал жинал”   деген сөзді  еркімнен тыс айтып салдым.  Бізбен бірге барған ауыл адамдары да кейуананың ыңғайын байқаған соң  кеу-кеулеп Кәмиланы жиналдыра бастады. Сөйтіп, ойда жоқ жерден  екі  баласымен Кәмила­ны ертіп өзіміз түскен үйге беттедік.  Кәмилада үн жоқ.  Ал мен болсам  алдын-ала бәрін кесіп-пішіп келемін.  Иә, алдымен ауылға барып, аз күн аунап-қунасын. Одан кейін Алматыға апарып, бір жұмысқа тұрғызармын. Ал екі баласы әзірге интернатта жатып оқиды деймін іштей.

Сонымен жолға шығар кез де таянды.  Кәмила көліктің артына екі баласымен, ал мен болсам жүргізушімен қатар жайғастым. Байқаймын, ауылдан шыға бере  екі баланың тынышы кете бастады.  Көз қиығымды салып едім,   олардың артқы терезеге жабысып алғанын көрдім. Тіпті шешесі  “тыныш”  дегендей   көйлектерінің етегінен тартса да,  елер емес.

Көлікке жер алыс па,  лезде ауыл артта қалып барады. Енді көп ұзамай  Алматыға да жетеміз деп  жайлана бергенім сол еді, “осы араға тоқ­таңыз­шы” деген  Кәмиланың үні естілді.  Не боп қалды дегенімше болған жоқ,  мәшине сырғи барып  тоқтаған сәтте ол  “біз осы арадан түсіп қалайық” деді де,  менің сөзімді  күтпестен  екі баласын алып сыртқа шықты.  Бұл оның тәжікелесуге келмейтін нақты шешімі сияқты.   Бұл қылығын қалай жорырымды біл­мей, үнсіз қалудың да жөнін таппай  “Кәмила-ау,  мұның не” дедім  мен оған.  Ол да жетісіп тұрмаса керек, жанары   жасаураулы екен. “Маған ренжімей аттаныңыз, біз кетсек апамның күні не болады… Қанша дегенмен әкесі ғой, мыналар кейін аңсайтын болар…”  деген сөзді үзіп-үзіп жеткізген ол сәл күмілжіп тұрды да “Кешелі бері Жетпіс есімнен шықпай қойды, оның жайын өзіңіз де  білесіз…”, деді де  екі баласын жетектеп ауылға қарай аяңдады.  Мы­на сөзден кейін оны  қайыра ал­майтынымды ұққаныммен, не істе­рім­ді білмей Кәмиланың  артынан қарап едім, сонау ауыл шетінен  бі­реудің қарайған сұлбасын көзім шалды…

Жұмагүл СОЛТИЕВА,
“Егемен Қазақстан”.

29 тамыз 2001 жыл.