Қазақ қарамайы. Ол әлемдік құбылысқа айнала ма?
Жексенбі, 19 тамыз 2012 8:49
Осы күні Қазақстанда сақа саясаткерлерден бастап сабақ оқып жүрген “сатқақтарға” дейін мұнай туралы әңгіме айтуға құмар. Көшеде де, ас үйде де, кабинетте де, сыныпта да… Кулуардың бәрінде… күбір-күбір. Маңайдың бәрі мұнай туралы сыбыр-сыбыр. Ал осы тілдері қышып тұратын айтқанбайлар мен айтқышбектерді жазғыруға бола ма? О не дегеніңіз?! Орысша орағытсақ, “ни-ни”. Қазір біреудің аузына біреу қақпақ болатын кезең келмеске кетті. Айқын аксиома: кісі біткеннің көбі эгоист. Адам алдымен өзін ойлайтыны рас. Қазақ философиясы: “Болып жатса – басыңа, содан кейін – досыңа”, дейді. Логика бар ма? Бар.
Жексенбі, 19 тамыз 2012 8:49
Осы күні Қазақстанда сақа саясаткерлерден бастап сабақ оқып жүрген “сатқақтарға” дейін мұнай туралы әңгіме айтуға құмар. Көшеде де, ас үйде де, кабинетте де, сыныпта да… Кулуардың бәрінде… күбір-күбір. Маңайдың бәрі мұнай туралы сыбыр-сыбыр. Ал осы тілдері қышып тұратын айтқанбайлар мен айтқышбектерді жазғыруға бола ма? О не дегеніңіз?! Орысша орағытсақ, “ни-ни”. Қазір біреудің аузына біреу қақпақ болатын кезең келмеске кетті. Айқын аксиома: кісі біткеннің көбі эгоист. Адам алдымен өзін ойлайтыны рас. Қазақ философиясы: “Болып жатса – басыңа, содан кейін – досыңа”, дейді. Логика бар ма? Бар.
1. Мұнай … психологиясы
Қысқасы, бір-ақ рет берілетін өмірді әркім әдемі сүруді армандайды. Бұл ниетті құптамасқа амал жоқ. Айналып келгенде айтайық дегеніміз, Қазақстанда туып, қазір осында тіршілік кешіп жатқан әрбір тұрғын құдай берген қарамайдың қызығын көргісі келеді. Сондықтан болар, ол ХХ ғасырдың соңында ХХІ ғасырдың басында елдің мұнай секторында қозғалған сеңнің бағыт-бағдарын жіті қадағалап отыр. Неге? Өйткені, мұнда оның да мүддесі бар. Мемлекет мұнай өндірісін кең арнаға бұрса, бүйірі бұлтиып шыға келетінін бұрыннан бажайлап қойған.
Халық – Президент – Парламент – Үкімет – Халық. Былай қарағанда, өте қарапайым мемлекеттік жүйе. Бірақ, мұның қаншалықты қиын құрылым екеніне көз жеткізу жұмыр басты пенденің бәрінің бірдей пешенесіне жазылмаған болуы керек. Шөп басын сындырмайтындардың өз өмірлеріне өздері “жалоба” айтқаннан әріге жүрмейтіні шартты рефлекске айналып кеткені өз алдына, мұнай маңайындағы психологияның да құрамдас бөлігіне кіріп отырғаны қинайды. Біз барлық “өшімізді” жоғары жақтан алғанды жақсы көреміз. Құдайшылығымызды қасымызға шақырғымыз келмейді. Төбеден төмпештеуге бейім тұрамыз: “Үкімет бізді арабтар сияқты неге үлде мен бүлдеге орамай отыр, осы?”
Кісінің көзін шындыққа бұру үшін дәлелге көшкеннен қызығы жоқ. Біріншіден, араб қарамайы қорының қасында біздің барымыз теңіздегі тамшыдай көрінетіні комментарийді керек етпейді. Мақаланың ішіне көлдей кесте келтіріп, сайтан аяғын сындыратын цифрларды самсатып әуреге түспегенімізге ғафу етіңіз. Компьютерге кірсең іздегенің әп-сәтте табылатын іспен арамтер болғымыз келмеді.
Екіншіден, “уақыт факторы” деген категорияны қайда қоясыз? Мұнай – аспаннан жауып жатқан алтын теңге емес, жеті қат жердің астындағы байлық. Қарамайды қаржыға айналдырғанға дейін талай тотанақты бастан өткеретінімізді мұндалаған мұнай мұнараларының маңында жүргендерден сұраңыз. Бұрын Қазақстанның қара алтынын қазақ емес, Мәскеу қадағалап отыратын. Ар жағы айтпаса да түсінікті. Ал біз сол сабылып жүріп әупірімдеп жинап алатын идеологиялық миллиард пұт астықтың буымен күн кешкенімізді әлі ұмыта қоймаған шығармыз. Сол кездің мерзімді басылымдарын ақтарсаңыз, мұнай туралы тұшымды бір материал таппайсыз. Есесіне газет беті “астықты алқапқа” айналып кеткенін көрер едіңіз. Ертеректе Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне Атыраудағы қарт мұнайшылардың балаларынан басқалар құжаттарын тапсыруға арланатын. Ал қазір өзге елдегі болсын, өзіміздегі болсын, мұнай факультеттеріне қазақ баласының оқуға түсуі мүмкін бе? Иегіңіз қышымай-ақ қойсын. Мұрныңыз батпайды. Қазір мұнайдың ішінде май-май болып жүру – батпан бәсеке! Неге? Негесі сол, қазіргі қып-қызыл конкуренцияның ар жағынан болашақтағы жап-жасыл “жақсы қағаздың” басы қылтиып тұр. Міне, сізге “уақыт факторы”.
Үшіншіден, араб әлемі мен Қазақстандағы энергетикалық бумның арасын аттай алпыс жыл айырып тұрғанын қазір ешкім айтқысы келмейді. Себебі, мұны жарияға жар салу манағы аттары “А”-дан келетіндер үшін өте тиімсіз. Сондықтан да…
Дәйектемемізді одан әрі жалғастыра беру пәлендей қиындық тудырмайды. Дегенмен, бүкіл байлығы тек әл Сауд монархиясының қолында отырған Арабиядан гөрі өзімізді біздегідей елдің иесі халық болып табылатын солтүстіктегі көршімізбен салыстырсақ әлдеқайда объективті көрініске тап боламыз.
Басыбайлы байқағанымыз, жаратылыстың көптеген параметрлері бойынша біздің Ресейден айырмамыз онның бірге шаққанындай. Бұл – әрине, ықтималдылық теориясына байланысты екені тәптіштемесең де түсінікті нәрсе. Басқасының басын бүтін қалдырып, бүгінгі әңгімеге қатысты екі өлшемді ғана алайық. Көмірсутегі көлемі. Ресейде жылына 300 миллион тонна шығады. Біз қазір он есе аз өндіреміз. Екі елдің халық санына көз жүгіртейік. Тура осындай пропорция. Бұл көрсеткіштер соншалықты дәл болмауы мүмкін. Бірақ, қарайлас екеніне бәс тігеміз.
Енді қараңыз. Қуат көздеріне деген ынтықтығымыз бір мезгілде басталғанымен, сол қызығушылықты іске асыру үшін бізге қарағанда мүмкіндігі әлдеқайда көбірек Ресейдің ұшпаққа шығып кеткені қайсы? Әсіресе, осыған назар аударайықшы. Ал көбірек деп отырғанымыз, Кеңес Одағы кезінде бүкіл кеніштерде жасалған барлау, зерттеу, өңдеу жұмыстары мәліметтерінің бәрі орыстардың мұрасында қалғанын қазір жасырып керегі не? Мұның астарын еріккеннен қопарып отырған жоқпыз. Бұл мәліметтер оқушылар бір бірінен лезде көшіріп ала қоятын диктант емес. Қыруар қаржы тұрады. Мәселенің түп төркінін түсінген боларсыз.
Біз баға бермей-ақ қоялық. Шетел сарапшыларының талдауына жүгінсеңіз, ТМД елдері арасындағы экономикалық динамика додасында Қазақстан көш бастап келеді. БАҚ біткеннің бәрі жарыса жазып жүрген жайтқа біз де жармасатын болсақ “онда біздің Президент те, Үкімет те, басқалары да қолда бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып отырғанға ұқсайды” деген ой тілдің ұшына тіреліп тұр. Ең бастысы, биліктің барлық тармақтары бірлесе отырып, қара жердің астындағы қазынаны халық игілігіне айналдырудың тиімді механизмін тапқан сияқты. Тетігі табылған соң қиюы келмейтін іс бар ма? Шыдап бағыңыз.
Осы уәжден кейін: “Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз, алайда алдағы күн алдамағай” деп отырған әдемі өмір сүргісі келетін адам көз алдымызда тағы да көлбеңдеп тұр. Көлбеңдемеген де, әңгімені сол кісіге қаратып айтып отыр емеспіз бе?! Мән-жайды түсіндіру үшін.
2. …саясаты
Қасаңдық пен томағатұйықтықтың ешқашан абырой әпермейтіні үнемі жадында жүретін Елбасымыз өз ұстанымын жұмыр жердің толғағы жеткен тоқсан тоғыз проблемаларымен сабақтастыра жасайтынын оның сыртқы саясаттағы тәжірибесінен анық аңғарасыз. Иә, Қазақстан геосаяси деңгейдегі елдер қатарына әлдеқашан қосылды. Мұның екі басты үлкен факторы бар. Біріншіден, бір басымыздан жыртылып айырылатын қазба байлығымыз ғалам назарын алабөтен аударып отыр. Азуы алты қарыс АҚШ-ты айтпағанда, мұнайдың иісі мұрнына бара бермейтін Францияның өзі Қазақстанның осы секторына бүгежектемей-ақ енгенін ел біледі. Екіншіден, біздің мемлекетіміздегі тұрақтылықтың барлық түрі де өзге мемлекет іскерлерінің инвестициялық тұрғыдан саяси және экономикалық тәуекелге баруына жол ашты. Мемлекет басшысының мәселені ылғи да экономикалық және геосаяси тұрғыдан қатар қарастыратыны да сондықтан болса керек. Қазақстан қазіргі таңда шикізат көзі ғана болып қалғысы келмейді, сол арқылы дүниежүзілік геосаясатқа әсер етуге ұмтылып отыр. Несі бар, құптарлық қадам.
Мұнай және газ өнеркәсібі – еліміздегі стратегиялық сала. Қазір Қазақстан дәлелденген қоры жағынан әлемде 10-ыншы орында тұр. Соңғы екі жылда республикамыздың кен орындарынан шикізат шынында да қарқынды өндірілуде. Мұнай мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігіне айналды. Каспий қайраңынан көмірсутегінің мол қоры табылғалы бізге жер жүзі бұрынғыдан да бетер көз тіге бастады. Бұл қарқынымызбен төрткүл дүниені “қазақ мұнайы” деген құбылыс жайлайтын кезге де енді бір он жылда жетіп қалатын шығармыз. Алайда, АҚШ әкімшілігі мұнайлы елдерді өз ойынының құралына айналдырып алғанын айдай әлем білмей отырған жоқ. Сол ойынның қармағына Қазақстан түспегей деп тілейсің. Расында да, аш ішектей созылып келе жатқан Каспий проблемасы аса қырағылықты, ұлттық мүдденің қауіпсіздігін талап етеді. Дәл осы жерде айта кетер бір жәйт, Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жеті жыл бұрын “Қазақстан-2030” стратегиясында ұлттық қауіпсіздікті ел саясатындағы ең бірінші басымдылық ретінде қабылдағаны да тегін емес-ау!
Халықаралық мәміле жүргізу, ел өндірісіне инвестиция тарту, қауіпсіздігімізді сақтау сияқты мәселелер жөнінде жылдар бойы жинақталған төл тәжірибемізге сүйене отырып, Мемлекет басшысы мұнай-газ саласындағы әлемдік деңгейде қордаланып қалған барлық проблемаларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынудан бір шаршаған емес.
Баршаға белгілі, кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік саяси картаны тіптен өзгертіп жіберді. Соның салдарынан Каспий қайраңындағы байлықтан бес бірдей мемлекет үміткер болып шыға келді. Теңіз табанындағы үлес жерді анықтау – бір күннің, бір жылдың проблемасы емес. “Гордий түйіні” тіпті сан толқын ұрпақтың қатысуы арқылы ғана шешілетіні де кейінгі кезде ашық айтылып жүр. Дей тұрғанмен, бұл мәселеде Қазақ елі әркез дәйекті саясат ұстануда. Қазақстан Каспий қайраңының шекарасын реттеуге байланысты бір де бір саяси-экономикалық кездесуден тыс қалған жоқ. Еліміз көршілес Ресеймен біріге отырып, теңізбен шектесіп жатқан басқа жұртқа үлгі көрсетіп келеді.
Соның мысалы, 2002 жылы көптен бері көтеріліп келе жатқан екі елдің арасындағы үш даулы мұнай кеніші туралы мәселенің тағдыры шешілді. Хвалынское мен Центральное кеніштері тең бөлініп, бақылау құқығы Ресейге жүктелді. Ал Құрманғазы кенішінің 50 пайызы Қазақстан жағына өтіп, 25 пайызына Ресей, қалған 25 пайызына коммерциялық мақсаттағы компаниялар иелік етті. Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүргізілетін болды. Екі жақтың мұндай келісімге тоқтауы Каспий жағалауындағы басқа мемлекеттердің де барлық тарапқа тиімді, дұрыс шешімге келуіне игі әсерін тигізеді деген сенім бар.
Елбасы алдағы уақытта Каспий проблемасын әскери күш қолданудан бас тарту туралы декларация қабылдау арқылы шешудің мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруды талап етуде. Ол соңғы кезде бұл мәселеде “Каспийдегі тұрақтылық пактісін” қабылдау қажеттігін өміршең концепция ретінде ұсынып жүр. ХХІ ғасыр геосаясаттағы барлық мәселелердің тек бейбіт мәмілеге келу арқылы шешілуі ғана әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз ете алатынын дәлелдеп берді. Сондықтан да қатпары көп қарт Каспийдің проблемаларын шешудегі біздің еліміздің барлық бастамалары мен ұсыныстары алдағы уақытта да басқалардан қолдау таба береді деп үміттенеміз.
3. …тәжірибесі
Егемендіктің алғашқы жылдары Қазақстан өз байлығын өзі игере алмағанын қайта-қайта айта бергеннен келіп-кетер пайда бар ма? Тұралап қалған тұл экономикадан көз көріп, құлақ естімеген “қайдағы бір” нарықтық қатынастарға көшу барысында қаржымыздың болмағандығынан шет ел алпауыттарына алақан жайғанымызды енді есімізді жиғанда түсіндіріп жатқанымыз күпірлік. Одан да бүгінгі тіршілігімізді баяндағанымыз бұрыс болмас.
Бүгін Қазақстан мол мұнайдың құдығына шелегін салғалы тұр. Жақын арада Каспий қайраңында Қазақстанның жаңа кеніштерін игеру басталады. Осы “күлшеден” құр қалмау үшін бұл ойынға қатысатындардың барлығы да қазір жапатармағай жанталас үстінде. Шетелдік ондаған компаниялар жеңдерін түріп, “тендер” деген жарықтықты күні-түні көз ілмей күтіп отыр.
Ал біз не істеп жатырмыз? Бұл жолы да барлығын шет елге бөліп беріп, “бонус пен роялтиді берген құдайға шүкір” деп, азға мәз болып отыра береміз бе? Жоқ. Тақсыр, Қазақстан бұдан он жыл бұрынғы Қазақстан емес. Біз қазір біраз алға жылжыдық. Біз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, көп нәрсені үйрендік. Біз халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп, өз байлығымызды өзіміз игеретін күнге де келдік. Біз өнім өндіру мен оны тасымалдауды бір ретке келтіретін заңдық база қалыптастырып алдық. Елімізде менеджмент пен маркетингті толық меңгерген білікті мамандардың үлкен шоғыры пайда болды. Біз ендігі жерде Қазақстанда жұмыс істейтін кірме компаниялармен үзеңгі қағыстыратын халге де жеттік. Қысқасы, шетелдіктерге ақымызды жібермейтіндей дәрежеге ат басын тіреп тұрмыз.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін екі жыл бұрын болған жағдайды бүге-шігесіне дейін бажайлап айтсақ, әңгімеміздің бойына қан жүгіре түсетін сияқты. 1993 жылы Теңіз кенішін игеруге алған ТШО компаниясы келісім-шартта көрсетілген жобалық қуаттылығын он жыл бойы жорта игермей жатып алды. Себебі, олар мұнайы өзінен өзі атқылап тұрған жерден жыл сайын 12 миллион тонна өнім алса, бізге 210 миллион доллар қаржы төлеуі тиіс еді. Кезінде өзіміз қолымыздың қысқалығынан игере алмаған ең жас кенішіміздің құлағына ие болып отырған олардың көрер көзге жасаған қылығы біздің биліктің де намысын қамшыласа керек. Оның үстіне кеніштегі мұнай кешенінің екінші буынын салу жөнінде де жөн-жосықсыз әңгіме қаптап, кейбір қитұрқылықтардың басы қылтия бастады. Үкімет басшылары бұдан әрі шыдамады, білем. Біздің жақ шетелдіктерге мәселені мәймөңкелетпей, төтесінен қойды! Өркениетті талапқа басым көпшілігі америкалықтар болып табылатын біріккен кәсіпорын қарсы пікір айтатындай емес еді. Сөйтіп, ТШО-ның ең басты шешімдеріне тосқауыл қою құқы бар акцияны бекер ұстап отырмағанымызды шетелдіктерге бірінші рет мойындаттық.
Оқырманға түсінікті болуы үшін осы жерде мына жәйтті айта кету керек секілді. Қазақстанның ТШО-дағы үлесі – 20 пайыз. Бірақ, бұл – блок қоятын акция. Басқаша кестелесек, Қазақстан қарсы дауыс берген жағдайда біріккен кәсіпорынның ешқандай шешімі қабылданбайды. Біз өз мүддемізді осылай қорғап қалдық. Ал шетелдіктерді сабасына түсіруден не ұттық?
Біріншіден, ТШО республика бюджетіне 2003-2005 жылдары ағымдағы салығынан басқа 810 миллион доллар төлейтін болды. Егер мұнай басында отырған басшыларымыз мәселені тікесінен қоймағанда алдағы бес жыл ішінде 1 миллиард доллар зиян шегетін едік.
Екіншіден, өндірісті кеңейтуге 20 пайыздық акция көлеміне сәйкес біз де қаражат жұмсауға тиіспіз. Жоқ жерден ол қаржыны енді қайдан алдық? Егер төлемесек ертең кіріс бөлуге келгенде тағы ұтылатынымыз анық. Сондықтан табандап отырып тағы да оларды біз үшін заем тартуға көндірдік.
Үшіншіден, ТШО жоғарыдағы 210 миллион доллар қаржыны тез арада қоржынымызға құюға келісті. Бір қызығы, көп ұзамай олар жобалық қуаттылығына жақындай түсті. Бұл да пайда болды. Салық көбейді.
Төртіншіден, амортизация үшін мемлекеттік бюджеттің алдағы үш жылдағы шығынын өтеу үшін шетелдіктер 600 миллион доллар өтем жасауға мәжбүр болды. Міне, есе жібермеуге үйрену дегеніміз осы болар.
4. …өндірісі
Айтып-айтпай не керек, “Каспий ойынына” қатысудың тың тәсілдерін қарастыра келіп, Елбасымыз 2002 жылдың наурызында ел күтпеген батыл бетбұрыс жасады. “Қазақойл” Ұлттық мұнай компаниясы мен “Мұнай және газ тасымалы” компаниялары біріктіріліп, еліміздегі ең ірі “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы” АҚ құрылды. Сөйтіп, бұдан бес жыл бұрынғы схема басқа арнаға бет алды. Қоғамда болып жататын құбылыстарға бір күңкілдеп қалатын әдетімізге басып, бастапқыда холдингтің құрылуына орай біраз алыпқашты әңгімелердің басына суды аямай-ақ құйып тастадық: “Істің мүддесін ойлаған шаруаға ұқсамайды. Біреулерді ығыстыру үшін әдейі жасалған жымысқы тірлік еместігіне кім кепілдік береді”. Таңқаларлығы, көп ұзамай осы сөздердің бәрі далада қалды. “Ит үреді, керуен көшеді” деген де – қазақтың бір керемет мақалы. Бәрін айт та бірін айт, уақыт қабылданған шешімнің дұрыстығын толық дәлелдеп шықты. Үлкен мұнайдың сұлбасын алдын ала сезудің бір мысалы осы болды. Десе де, адамдар әлі де болса тосын іске тосырқай қарайтынын қояр емес. Кім білсін, бұл да өмірдің біз ұқпайтын құпиясы болуы әбден мүмкін!
Мұнай-газ саласында біртұтас мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екенін екінің бірі біле бермейтін сияқты. Соған қарамастан бұл бірігуді ұйымдық тұрғыдан емес, қайта керісінше барлық техникалық ресурстарды бір жерге шоғырландыру тұрғысынан қабылдау қажет. Біздің ойымызша, экономикалық мүдде жоғары тұрған жерді қазбалай берудің қажеті жоқ. Мұндай интеграция – әлемдік тәжірибеде кездесіп жүрген үрдіс.
Бизнес базарында өз әріптесіңді тауып, бәсекеге түсу – баланың ойыны, бақсының жыны емес. Сондықтан да стратегиялық әріптестер үшін ашық жұмыс жағдайын қамтамасыз ету шарт. Алғашқы күннен жаңа имиджін қалыптастырып үлгерген “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы республиканың мұнай-газ секторында қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырып, өз қызметінің жан-жақтылығымен және кең ауқымдылығымен ерекшеленіп келеді.
5. …тасымалы
Компанияның тағы бір басты міндеті – қазіргі жұмыс істеп тұрған мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымын жаңарту және жаңа желілер салу, шикізат саласындағы жобаларға халықаралық инвестиция тарту ісінде мемлекеттің мүддесін қорғау. Сонымен қатар, тасымал инфрақұрылымын одан әрі дамыту жұмыстарын да барынша тезірек жүргізу керек. Қазақ мұнайын әлемдік құбылысқа айналдыруда бұл міндетті де орындау шарт. Біздің бұл орайда белсене қатысқан жобамыздың бірі Теңіз – Новоресей (Каспий Құбыр Консорциумы) қазір Батыс Қазақстан кеніштерін Қара теңіздің ресейлік жағалауымен байланыстырып тұр.
“ҚазМұнайГаз” қазақстандық компаниялардың арасында ең бірінші болып халықаралық қор рыногында 150 миллион доллар корпоративтік облигация шығарып, КҚК мен Атырау–Самара мұнай құбырына Ақтөбе мұнайын жеткізуді қамтамасыз ететін Кеңқияқ–Атырау құбырын салып бітірді. Осылайша бұған дейін амалдың жоғынан бәсекеге түсе алмай, өнімін Орскідегі зауытқа арзан бағамен өткізіп келген Ақтөбе облысы экспорттық мұнай құбырлары арқылы әлемдік рынокқа шығуға мүмкіндік алды. Бұл еліміздің мұнайын бір арнаға ғана қосып қоймайды, сондай-ақ стратегиялық “Ғасыр жобасы” деп аталып жүрген Батыс Қазақстан – Батыс Қытай мұнай құбырының бастауы болып есептеледі. Ал оның екінші кезеңі ретінде қабылданған Атасу–Алашанкоу құрылысы да биыл басталып кетті.
Көмірсутегі шикізатын теңіз арқылы тасымалдау проблемасы да назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны болып табылатын “ҚазМорТрансФлот” Каспий, Қара теңіз және Жерорта теңізі бассейндерінде отандық теңіз флотын құру, өзіміздің кеме жөндеу базасын жасау арқылы балама тасымалды қалыптастыру жолында біраз шаруаның басын қайырды.
Ұлан-ғайыр істер не үшін атқарылып жатыр? Қазақстан мұнайын әлем рыногына барынша көбірек шығарып, ел игілігін молайту үшін. Экономикалық және саяси тұрғыдан қарастырар болсақ, қазақ мұнайын әлемдік құбылысқа айналдыру үшін. Солай, әдемі өмір сүргісі келетін кісі!
6. …болашағы
“Үй үстіне үй тіксең, одан да жылы болады”. Өткен жылы еліміздің көне кеніштерінен мұнай өндіретін “Ембімұнайгаз” және “Өзенмұнайгаз” күш біріктіріп, “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ құрылды. Сөйтіп, жүз пайыз мемлекеттік акция пакетін ұстап отырған еліміздегі жалғыз компания қазақ мұнай алаңындағы “ПетроҚазақстан”, “Ақтөбемұнайгаз”, “Маңғыстаумұнайгаз” сияқты компанияларды артқа тастап, “ТШО”-дан кейінгі екінші өндіріс алыбына айналды.
Егер бұл екі компанияны біріктірмегенде, Қазақстанда жүрген шетелдік трансұлттық корпорациялар тағы да миығынан күліп отыра берер еді. Өйткені, Каспий мұнайын игеруде оларға басы артық бәсекелестің керегі шамалы. Ал Қазақстан Каспийге қарай өз үлесін қарпып қалу үшін ағылған ұлы көштен қалып қойса ше? Әдемі өмірді аңсап отырған әлгі кісі мұнай саясатымыздағы қателігімізді кешіре ме? Кешірмейді. Билік осыны ойлап жанталасып жатыр. Жарасымды жанталас! Оның үстіне…
Адамзаттың мүлдем орындалмай кететін жалғыз арманы бар. Ол енді ешқашан да перпетуум-мобилені жасай алмайды. Физиктердің де, лириктердің де күні бүгінге дейін айы оңынан тумай-ақ қойды. Әй, енді оның жөні бола қоймас! Мәңгілік двигательді бір тапса, Эйнштейн көкем ойлап табар еді, ол да бақилық болғалы қаш-шан! Теңдессіз қозғаушы күшті шығарамын деп, жаман сарайында күндіз-түні азапқа түскен Василий Шукшиннің кейіпкері де ең соңында ел-жұртқа мазақ болып тынды.
Солай екен, мұнай адам баласына әлі керек. Ұз-а-а-а-а-а-қ уақыт бойы. Тіршілік жасауы үшін! Лайықты өмір сүруі үшін!
Шархан ҚАЗЫҒҰЛОВ.
29 маусым 2005 жыл