20 Тамыз, 2012

Terra іncognіto

643 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Terra іncognіto

Дүйсенбі, 20 тамыз 2012 0:56

Археолог Кемел Ақышев… Бұл кісіні көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ал былайғы ел оның өмірбаянынан, атқар­ған ісі мен қызметінен сырттай болса да хабардар. Өйткені ол археология атты күрмеуі көп күрделі ғылым саласының Қазақстандағы негізін салушылардың бірі. Олай дейтініміз, Кемекең саналы ғұмырының 48 жылын табан аудармай бір ғана жерде жұмыс істеуге арнаған жан. Ол – республика Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих,  археология және этнография институты. Міне, осы мекемеде біздің кейіпкеріміз академик Әлкей Марғұлан ақсақалдың алдын көріп, атақты ғалым Александр Натанович Бернштамның Қарғалыда жүргізген қазба жұмыстарына қатынасты.

 

Дүйсенбі, 20 тамыз 2012 0:56

Археолог Кемел Ақышев… Бұл кісіні көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ал былайғы ел оның өмірбаянынан, атқар­ған ісі мен қызметінен сырттай болса да хабардар. Өйткені ол археология атты күрмеуі көп күрделі ғылым саласының Қазақстандағы негізін салушылардың бірі. Олай дейтініміз, Кемекең саналы ғұмырының 48 жылын табан аудармай бір ғана жерде жұмыс істеуге арнаған жан. Ол – республика Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих,  археология және этнография институты. Міне, осы мекемеде біздің кейіпкеріміз академик Әлкей Марғұлан ақсақалдың алдын көріп, атақты ғалым Александр Натанович Бернштамның Қарғалыда жүргізген қазба жұмыстарына қатынасты.

Одан кейін ол Орталық Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан экспе­дици­я­ларына жетекшілік етіп, сол зерттеу объектіле­ріндегі Бесшатырдың ғажайып жер асты жолдарын, Есік қорғанындағы дүниені дүр сілкіндірген Ал­тын адамды, Отырардағы керемет жазба, қолөнер, сәулет жәдігерлерін тап­ты. Мұның сыртында біз өзіміз сөз етіп отырған жанның ғылыми тұрғыда тия­нақтаған екі үлкен ісі және бар. Ол оның Орталық Азия өркение­ті жүйе­сін­дегі ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға ерекше еңбек сіңіргендігі және Алматыдағы тұңғыш археология музейін жасақтап құрғандығы дер едік. Осындай ауқымды жұмыстары үшін тарих ғылымы­ның докторы Кемел Ақышев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атанды. “Парасат” орденімен марапат­талып, Германия Археология институтының коррес­пондент-мүшелігіне сайланды.

Отандық археологиядағы осындай тұлға ол жоға­рыдағыдай жетістіктерге бір­ден қол жеткізді ме? Аталмыш ғылым саласындағы асулар оған қалай бағын­ды? Ал жалпы бұл кісінің өмір жолы, мәселен жеке өзі туралы біз осы не білеміз? Қане, ойланып көрелікші… Көзге елестетсек, шынында да сол жоғарыдағыдай кітаби анықтамадан өзге көп ештеңеден хабарымыз жоқ сияқты. Ендеше…

– Жалпы, мен өз өмірімде халқымыздың біртуар ұлы Қанекеңе, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа қарыздар адаммын, – деп бастады әңгімесін Кемекең. – Неге дейсің ғой. Біріншіден, ол кісі мені кішкентай күнімде ажал араны­нан аман алып қалды. Екіншіден, кәмелеттік жасқа келге­німде мамандық таңдауыма көмектесті. Үшіншіден, жұмыс­қа орналасуыма ықпал етіп, өмір бойғы мұратымның темір­қазығына айналған осы археология ғылымына бағыт сілтеп жіберді. Білесің бе? Түсінетін адамға осы жақсы­лықтардың өзі аз нәрсе емес, шырағым.

– Солай деңіз.

Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, алғашқы оқиға былай. Және… иә, және мәселе төмен­де­гідей. Егер біз қазақы жөн-жосыққа жүгін­сек, Кемекең әке жағынан Баянауыл­дағы атақты Мұса Шормановтың ұрпағы, ал шеше жағынан сол өңірге белгілі де беделді Сәт­бай­дың Имантайының жиені болып келеді. Се­бе­бі, оның әкесі Ақыш Мұса болыстың неме­релерінің бірі болса, анасы Ғазиза болашақ ұлы ғалым Қанекең, Қаныш ағамыздың туған әпкесі еді. Міне, ауылы аралас, қойы қоралас осы отбасылар 1932 жылғы қазақ даласын жайлаған алапат ашаршылықта қатты есең­гірейді. Елге қырылу қаупі төнеді. Қырылады да. Ол кезде Қаныш Имантайұлы Балқаш­та­ғы Қарсақбай мыс қорыту комби­наты гео­ло­гиялық барлау қызметінің жетекшісі екен. Күн­дер­дің күнінде: “Жағдай осылай болып жатыр”, – деп оған Баянауылдан арнайы жі­бе­рілген адам келеді. Мына хабарды естігенде Қане­кеңнің жүрегі қанжы­лайды. Бірақ дереу есін жиып, шұғыл шешім қабылдайды. Ол: “Ұлы­таудағы геологиялық барлау партиясына кеттім”, – деген сылтаумен полуторка машинасын алып, Баянауыл­ға қарай тартуы еді. Ит арқасы қияндағы Балқаш пен Жасыбайдың арасында қанша жүргені белгісіз, елге келсе бір кездері 30-40 түтін боп отыратын Сәтбай ауылының тоз-тозы шы­ғыпты. Жартысы Омбыға, қалғаны Қараған­дыға ауып, еш­теңесі қалмаған. “Үлкендерің бір құдайға аманат, ал бала­ларды маған беріңдер. Бәрін жиып алып кетейін. Бұ­лар­ды аман алып қалудың жолы осы”, – дейді ісіп-кеуіп жатқан туыстарына әкелген азық-түлігін үлес­тіріп жатып көңілі бұзылған ол. Сөйтеді де Керегетастағы Аужан қыстауында отырған жездесі Ақыштың отбасын білуге бұ­ры­лады. Келсе Ғазиза әпкесі қайтыс болыпты. Одан қал­ған құйтақандай екі бала – Кемел мен Рәшаттың аш­тықтан жүріп-тұруға шамалары келмей, көздері жыл­тырап қана жатыр екен. Орыс шофері екеуі бұл балақан­дарды арқаларына салып алып, сайдағы машиналарына келеді. Сөйтеді де жиендерін кузов үстіндегі өзге жеті­мектерге қосып алып, Қарсақбайға қарай жүріп кетеді.

– Сол кезде мен сегіз жаста едім, – дейді Кемел аға ауыр күрсініп. – Керегетастан шыққан соң еш жерге тоқ­та­май бір күн, бір түн жүргеніміз есімде. Машина үстіндегі қаптаған арық-тұрақ балалардың ішінде бір ғана ересек адам болды. Ол – Қанекеңнің інісі Тәрмізи ағай еді. Мі­не, сол туысымыз қарнымыз ашты-ау деген кезде үсті­міз­дегі құрым киізді көтереді де, оның астындағы бүктүсіп жат­қан біздің аузымызға су тамызады. Содан соң әрқай­сымыздың қолымызға тілдей ғана қатқан нанды ұстатып, жамылғымен қайта бүркеп тастайды. Баратын жерге жақын қалған болуымыз керек, үшінші күннің сәскесінде машина бір төбенің етегіне келіп тоқтады. Міне, осы жерде Қаныш аға мен шофер бізді жерге түсіріп, өздері кәдімгідей көз іліндіріп алды. Содан соң қайта қозғалдық. Ертесінде таң құланиектеніп атқанда Қарсақбай көшелеріне де келіп кірдік-ау.

Қаныш аға үйіне келісімен Таисия жеңгейді зыр қақ­тыра жүгіртіп, қаланың бір шетінде тұратын енесі Фелица Васильевнаны шақыртты. Олар бізді тамақтандырып, сонымен бір мезетте ауладағы қазанға су ысытуға кірісті. Бә­ріміздің шашымыз бен тырнағымызды алып, бүкіл ба­ла­ны ал кеп шомылдырсын дейсің. Содан 11 жан Қане­кең­нің үш бөлмелі үйінде тұрып, бір айдан соң ол кісі ересектерімізді пансио­натқа орналастырды. Бірақ Рәшат пен мені қолдарына алып қалды. Сөйтті де сол Қарсақбайдағы мектепке оқуға берді.

Әдетте тұлпар болар тайдың жүрісі тұяқ сілтесінен білінбей ме?! Ендеше ұлы атанатын адамдардың алғашқы іс-әрекеті де ұлағаттылықтан басталары анық. Оған Кемел ағаның Қанекең жайында айтқан жоғарыдағы әңгімесі дәлел. Иә, кешегі голощекиндік геноцид – ақсүйек жұтта біздің ұлт зиялыларының қай-қайсысы да халыққа қайтсек қамқор боламыз деп қолынан келер істің бәрінен шет қалмаған. Түрі де, сұры да жаман зұлматты жоғарғы жаққа ерте бастан-ақ хабарлаған. Шырылдап айтқан. Хат жазып, дабыл қаққан. Қайтеді, қолдарынан келгені сол да. Болмаған соң шама-шарқынша қандастарын, соның ішінде әсіресе балаларды жекелей сақтап қалуға тырысқан. Бұрындары біз Алаштың айбарлы арысы Тұрар Рысқұловтың сол 1932 жылғы алапат ашаршылық кезінде елі­міздің солтүстігі мен батысынан Ресейге жетіп жы­ғы­лып, Қазан вокзалында қаңғып жүрген қазақтарды Мәс­кеу­дегі пәтеріне паналатып, қала сыртындағы Үкімет бер­ген саяжайына апарып жасы­рып аман алып қалғанын есту­ші едік. Енді, міне, ұлтымыз­дың тағы бір ұлы тұлғасы Қа­ныш Сәтбаевтың да осындай істен шет қалмағанын соған өзі тікелей куәгер болған кейіпкеріміздің сөзінен бі­ліп отырмыз. Ақылды адамдардың атқарған ісі әрқашанда ақыл­дылықпен аяқталады ғой. Егер Қанекең сол кезде ел­ден арып-ашып келіп, өзіне аянышты хабар айтқан адам­ның сөзіне селт етпей: “Балқаш қайда, Баянауыл қайда? Жұмысты қайтіп тастап кетемін?” – деп қарақан басын ғана күйттеп бармаса, барған күннің өзінде ауылына ғана соғып, Керегетастағы Аужансайға бұрылмай өте шықса, онда Алтын адамды табу арқылы Қазақ елінің абыройын асырған атақты археолог мына Кемел Ақышев қазір өмірде болар ма еді, болмас па еді. Әй, қайдам…

– Ал, Алматыға қашан келдіңіз? Өмір бойғы мұра­тыңызға айналған археолог мамандығын таңдауға нендей жәйт себеп болды? – дедім мен жоғарыдағы әңгімеден кейін Кемекеңді қайтадан сөзге тартып.

– 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды емес пе? Ел­мен бірге мен де әскерге шақырылып май­данға кеттім, – деді ол кісі бұл сұ­ра­ғыма. – Одан 1944 жылы ауыр жа­ра­ла­нып Алматыға келдім. Келдім де поли­тех­никалық институттың геологиялық барлау факультетіне оқуға түстім. Сабақ қиын. Оқ тиген қолыммен чертежді әзер сызамын. Оның үстіне денсаулығым да онша оңалып кете қоймаған кез. Өстіп сүлдерімді сүйретіп жүрген күндердің бірінде Қанекең шақырып алып, жағ­дайым­ды сұрады. Жұмысы онсыз да ба­сы­нан асып жатқан адамға салмақ сал­майын деген оймен: “Бәрі де жақсы”, – деп жатырмын. Бірақ ол кісі менің бұл жауабыма қанағаттанбады. Сұңғыла адам емес пе: “Мәселе былай, шырағым, – деп әңгімені төтесінен қойды. – Байқаймын, жазуынан гөрі сызуы көп бұл мамандық болашақта саған қол болмайтын сияқты. Өйткені ертең оқуыңды бітіріп, бұрғылау алаңы мен шахта, карьерлерге барғаныңда неше түрлі қиындыққа кездесесің. Сондықтан ол жерлердегідей тарсыл-гүрсілден ада, айғай-шуы аз, өзі қызықты, өзі құпия сырға толы археологияға бет бұрғаның жөн шығар. Бұл біздің ғылымда әлі түрен түспеген тың сала. Тыныш мамандық. Тек оқы, ізден, ой-қиялыңды іске бағындырып, жаңалық аш. Болды! Мен КазГУ-дегі тарих факультетінің деканы Мұсатай Ақынжановпен сөйлесіп көрейін. Келіссе, бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу қиын емес. Сәтін салып жатса, сол факультеттегі археология бөліміне барғаның дұрыс”, – деді. Әңгімені көбейтіп қайтейін, өзің сұраған бұл мамандыққа, яғни археология атты ғылым саласына мен міне, осылай келгенмін, шырағым. Көріп, естіп отырсың, бұл да Қанекеңнің арқасы, сол кісінің маған тигізген шарапаты.

Әлқисса, содан біздің кейіпкеріміз КазГУ-де бес жыл оқиды да 1950 жылы республика Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына келіп жұ­мысқа орналасады. Ол кезде бұл ғылыми мекемені  ғалым С.Н.Покровский басқаратын. Жас маман міне, осы жерде жүріп Ә.Марғұлан, А.Бернштам секілді атақ­ты адамдар жетекшілік еткен Оңтүстік және Орталық Қа­зақстан экспедицияларына қатысады. Жүріс-тұрыс­тарының өзі жатқан бір тәрбие, сөйлеген әр сөздері сырға толы, тәжірибелері таудай “екі шалмен” бірге болған сол сапарлар кейін оның талай рет түсіне еніп, өмірінде өшпестей із қалдырғаны бар. Өстіп жүріп аспирантураны да тәмамдап, 1953 жылы Ленинградта сол кездегі одақтық ар­хеология білгірлерінің бірі М.П.Грызуновтың жетек­ші­лі­гімен “Орталық Қазақ­стан­дағы қола дәуірі” деген та­қы­рып­та кандидаттық диссер­тация қорғайды. Байыптап қара­ған жанға кешегі ашаршылық атты нәубеттен аман қал­ған әр он қазақ баласының бірі, одан кейінгі Ұлы Отан соғысының жарымжан жауынгері, бертінгі жыртық көңіл, жүдеу жүз университет студенті оның аз ғана уақыт ішіндегі алға қарай тырмысқан бұл тірлігін нағыз жан­кеш­тілік деуге болар еді. Өйткені Кемел Ақышев сол кездегі ғылыми ортада қалып­тасқан ұғыммен алып қара­ғанда “әлі түбіт мұрт” немесе “шикіөкпе” деп есептелетін, яғни академия­дағы жазыл­маған заң бойынша кандидаттық диссертация қорғауға тым ертерек 29 жаста ғана болатын.

– Тарих институтында жұмыс істей бастаған сол 50-ші жылдарда өзіңіз жеке жетекшілік етіп шыққан алғашқы археологиялық экспедиция есіңізде ме? – дедім мен келесі сәтте Кемекеңе арадағы үзіліп қалған әңгіме желісін қайта жалғауға тырысып.

– Неге есімде болмасын. Есімде. Ол Жетісудың Іле аңғарындағы Бесшатыр обаларын қазу ғой, – деді ғалым ағамыз сол бір кезді сағына еске алғандай болып.

– Ол сапарға шығуға нендей жәйт себеп болды?

– 1954 жылы Ғылым академиясына республика Үкі­ме­тінен арнайы нұсқау келді. Онда сол кездегі онжылдық мұғдарында Іле өзені бөгеліп, ол жерде үлкен су қоймасы салынатындығы, сондықтан бұл маңайдағы тарихи маңызы бар ескерткіштер мен обалар болса оларды қазып зерттеп, қорытынды жасаудың қажет екендігі айтылыпты. Себебі, Іле бөгелсе, аңғардағы біраз археологиялық объектілердің су астында қалып қоюы мүмкін. Бұл содан кейінгі 16 жылдан соң, яғни 1970 жылы пайдалануға берілген Қапшағай ГЭС-іне байланысты дайындықтың басы еді. Сөз ретіне қарай айта кетейін, 1985 жылғы гор­ба­чевтік қайта құру кезінде түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері: “Алматы іргесіндегі су электр стансасы ой­лас­ты­рылмай жасалған іс болды. Қонаевтың бұл идеясы Іле­нің фаунасы мен флорасына сұмдық зиян келтірді”, – деп шулады ғой. Бос айыптау. Сандалған сөз. Сол кездегі Үкімет ол қадамға бару үшін аталмыш аймақты барлық сала мамандарына он жыл егжей-тегжейлі зерттетіп, содан соң ғана барып іске кіріскен. Соның бірі жоғарыдағыдай тапсырма алған біздің археологиялық экспедиция еді.

Жә, сонымен Бесшатырды қазуға кірістік дейсің. Бұл өзі көне дүниенің керемет бір көзі деп таңданыспен айтуға тұратын кешен болып шықты. Сіздер біздің 1970 жылғы Есік қорғанынан тапқан Алтын адамымызды ауыз­дары­ңыз­дан тастамайсыздар ғой. Ал, Бесшатыр… иә, Бес­ша­тыр… О-о, ол одан да ғажап дер едім! Әрине, та­был­ған олжа жөнінен емес… Археологиялық сұлу­лық жағынан! Мұндағы батыс­тан шығысқа қарай 1 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 ша­қы­рым алқаптағы үлкенді-кішілі 31 обаның ар­хи­тек­туралық шешімі қандай десеңізші шіркін! Олар­дың арасындағы кейбіреулерінің биіктігі тіпті 20 метрге дейін баратын мұнаралардың таспен өріп тұрып қаланған ерекше бітімі ше?! Ғажабы сол, белгілі бір арақа­шықтықты сақтай отырып тізбектеле орналасқан 6 үлкен обаларда бір-бірімен жалғасқан жер асты жолдары – катакомба бар болып шықты! Бұл жердегі бізді ерекше таңғал­дыр­ған нәрсе міне, осы құбылыс дер едік. Содан соң…. иә, содан соң өзіміз сөз етіп отырған Бесшатыр ке­шенін тұрғызған біздің қадым ғасырдағы ба­ба­ла­рымыз – сақтардың асқан еңбекқорлығын атап айта кетпеске болмайды. Ойланып көріңізші, жо­ға­рыдағы 31 обаның ішіндегі ең үлкен деген бір үйін­діге 50 мың текше метр тас пен топырақ кет­кен. Оның маңындағы қоршау тізбектеріне 3 ша­қы­рым жердегі карьерден дайын­далып әкелген мың­ға жуық қалақтас жұмсалған. Осындай ірі оба­лар­дың ішіндегі тайпа көсемдері мен қолбасшылар қабірінің қабырғаларын тұрғызуға жұмсалған Тянь-Шань шыршасының бөренелері ше? Олар қорымнан 200-250 шақырым қашықтықтағы Алатау бөктерінде дайындалып, өзен арқылы аққан салмен жеткізілген. Мұның бәрі сонау есте жоқ ескі за­ман­да атқарылған іс екенін еске алсақ, оған қалай, қайтіп таңғалмассың?! Ал кешеннен табылған археологиялық құндылықтарға келсек, олардың ішінен қоршау қалақтастарындағы қазақтың “көз” таңбасына ұқсас көне тайпа айырымдарына тән күн рәмізін, қабірлердегі көбелек тәрізді бәйнегі бар қысқа семсер – ақинақты, іші қуыс алтын түйіршіктерді қосақтап дәнекерлеген моншақ­тарды айтуға болады. Бұл заттық деректер Бесшатыр қорымының біздің заманымыздан бұрынғы VІ-V ғасыр­ларда салынғанын көрсетеді.

– Ендігі кезек сіздің осыдан 33 жыл бұрын тапқан ең үлкен ар­хео­ло­гиялық олжаңыз — Алтын адам­ның тарихын баяндауға келген сияқ­ты. Әлем ғалымдары тарапы­нан “дү­ние­жүзілік өркениет үшін маңызы аса зор жаңалық” деп бірауыздан мойындалған осы жәдігер қалай табылды, Кемеке? Сол жылы өзі Есік қорғанындағы бұл обаны қа­зу­ға не себеп болды? Сөздің тоқе­те­рі: бар оқиғаны, мәселенің бүкіл мән-жайын осы экспедицияның бас­шысы әрі тікелей куәгері болған адам ретінде өз аузыңыздан естісек…

– Әдетте үлкен нәрсенің бәрі ешкім күтпеген кездейсоқ істен бастау алатыны тарихта талай рет дәлелденген жәйт. Мына оқиға да дәл солай болды десем, еш қателес­пей­мін ғой деп ойлаймын. Бәріне қоз­ғау салған біздің Тарих, архео­ло­гия және этнография институтына бір орыс жігітінің өтініш айтып келуі болды. Ол өзі Алматы іргесінен 50 шақырым жердегі Есік қаласының автобаза директоры екен. Айтқан шаруасы: аудандық атқару комитеті бұларға көлік кәсіпорнының аумағын кеңейту үшін қосымша жер беріпті. Бірақ онда мемлекет қорғауына алынған екі оба бар дейді. Автобаза директорының ойы: ертең құрылыс басталып кеткенде дау тумас үшін тәртіп бойынша сол төбелерді археологтарға қаздырып, мәселенің басын ашып алу екен. “Келіп көрсеңіздер. Егер сіздерге трактор, бульдозер қажет болып жатса, оның бәріне көмектесеміз”, – дейді.

– Бұл қай жылы еді?

– 1969 жылдың тамыз айы болатын. Ал, қыркүйекте біз Есікке барып, қорғанның оңтүстік шетіндегі кіші оба­ны қазуды бастадық. Бірақ көз ашпайтын күзгі жаңбырға ұрынған соң жұмысты тоқтатып, 1970 жылғы жазда оны қайта жалғастырдық. Кіші оба деп отырғанымыз биіктігі 5 метрлік төбе еді. Өкінішке қарай одан ештеңе шықпады. Түк қалдырмай тонап кетіпті. Содан соң уақыт оздырмай екіншісін, яғни биіктігі 6, ал диаметрі 60 метрлік үлкен үйін­діні қазуға кірістік. Оның ортаңғы бөлігіне кел­ге­ні­міз­де, мұндағы қабірдің де тоналғаны белгілі болды. Біздің тәжірибемізде осындай обалардағы жерлеу рәсімдері біреу ғана болмауға тиіс-тін. Алғашқысы көз алдау, адастыру, ал екінші не үшіншісі бақилыққа аттанған атақты адамның (егер ол атақты болмаса мынадай үлкен оба тұрғызылмас еді) нағыз өз қабірі болып келетін. Сондықтан да қазба жұ­мысын одан әрі кеңейте жүргізіп жатқанымызда, ал­ғаш­қы тоналған бөлік жанындағы 10 метр қиыс тұстан ке­ремет ағаш қабырға шыға келді. Байқаймыз… бүтін. Бұ­зыл­маған бөренелі бөлме. “Құдай берді!” – дедік ішіміз­ден. Сөйттік те оны топырақтан арши бастадық. Төбесін ашып қарағанымызда не көрдік дейсіз ғой?! Шегенделген табыт… Ал ішінде… иә, ішінде еті әлдеқашан ағып кеткен ақсөңке адам сүйегі, оның ұзына бойын айнала қоршап жарқ-жұрқ еткен жүз әлде мыңға жуық алтын әшекейлер көзге шалынды. Ғаламат, ғажап көрініс еді!

Бар болған оқиға міне, осы, шырағым. Ал одан арғы жәйттер: жерленген адамның кім екені, жас мөлшері, киіміндегі алтын әшекейлер саны, оның қай дәуірге жа­та­тыны, бәрі-бәрі кейін баспасөзде сан мәрте қайталанып жазылды емес пе? Олжаның толық анықтамасы менің 1978 жылы Мәскеудегі “Искусство” баспасынан жарық көрген “Курган Иссык” атты кітабымда хатталып-шотталып тұрып айтылғаны және бар. Сондықтан оларды енді тағы да ежіктей қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені ол бұл жерде басы артық әңгіме.

Мына сөздерді тыңдап отырғанымда менің ойымды тағы бір сұрақ мазалады. Ол: “Кезінде қабірде киімдері шіріп, еті ағып, тек қаңқасы ғана қалған Алтын адамды археолог мамандар осы күні біз көріп жүргендей етіп қалай әдемілеп киіндіріп, оны қалай аяғынан тік тұрғызды екен?”, – деген сауал еді.

– Ол былай болды, – деді бұған ойлана тіл қатқан кейіп­керіміз. – Обадағы олжа әбден аршылып алын­ған­нан кейін оны сол жердегі ашық аспан астында 2 ай бойы асықпай зерттеп көріп, қажетті сипаттаманың бәрін жасап алдық. Сөйттік те Ғылым академиясының лабора­тория­сы­на келіп, Алтын адамның сұлбасын сомдауға кірістік. Бұл шаруамен екі адам – зергер-ұста Владимир Садомский және мен өзім шұғылдандым. Әріптесіме жүктелген тапсырма: сақ жауынгерінің үстіндегі киі­мінен табылған үлкенді-кішілі және әртүрлі пішіндегі 4 мың алтын әшекей бар емес пе? Міне, оған соның көшірмесін жарқырауық сары анодты алюминий қаңылтырынан жасап шығу тапсырылды. Ал менің міндетім – сақ жауынгерінің манекен секілді дене тұрқын өмірге әкеліп, соның негізінде оған қажет киімдерді өлшеп, тігу болды. Осы жерде Владимир Садомскийдің керемет ерік-жігері мен төзіміне, өз ісіне шексіз бе­ріл­ген адалдығы мен түймеден түйін түйген шеберлігіне әлі күнге дейін таңғаламын. Неткен білім, неткен мәдениет, неткен адам­гершілік десеңізші! Бұл өзі жазушы Николай Лес­ков әңгімелерінің біріндегі биттей бүр­генің өзін байқатпай тағалап жіберген ұс­таның ертегідей ерен еңбегіне парапар тір­лік болды. Екі жыл бойғы көз майын тауысқан қиын да күрделі жұмысқа мыңқ етпеді-ау сабазың.

Содан не керек, 1973 жылдың көктемін­де Алтын адамды осылай жасап бола бер­ге­­німізде, Ғылым академиясының пре­зи­ден­ті Шаһмардан Есенов екеуміз ҚКП Ор­та­лық Комите­тінің хатшысы Саттар Имашевтің қабылдауына шақырыл­дық. Он­да­ғы әңгімеде сол жылдың күзінде Ал­ма­тыда Азия-Африка елдері жазушы­лары­ның V халықаралық конферен­циясы өте­тіні, жер шарының 69 мемлекетінен келетін сол қонақ­тарға мұндағы орыс шіркеуіне орналасқан музейден басқа көрсететін көп ештеңеміздің жоқ екені айтылды. Сөз ретіне қарай өзіміздің археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерді жинап, шетелдік қонақтар кеткенше көрме сияқты бірдеңе ұйымдастырып қоюға болмас па екен деген мәселе де айтылып қалды.

– Неге болмасын. Болады, – дедім мен бұл сауалға бірден. – Егер ғимарат табылса, оны осы жерде нақты шешіп берсеңіздер көрме емес, тіпті археологиялық музей де жасауға болады?

– Рас па?

– Рас.

– Оған сонда не қоямыз? Бізде бір залды толтыра алатындай экспонат бар ма өзі?

– Академия мен Орталық музейде мыңға жуық архео­логиялық жәдігер тұр. Бәрі де бағалы. Өз салмағы бар дүниелер. Солардың ішіндегі ең үлкені мәселен Есік қорға­нынан табылған Алтын адам.

– Бәрекелді! Онда іске кірісейік, жігіттер!

Содан қауырт жұмыс басталып кетті дейсіз. Обалы не, Орта­лық Комитет айтқан сөзінде тұрды. Қалалық атқару коми­тетінен бұл музейге керек деп Ленин даңғылының “Искра” кинотеатры үстіндегі болашақ гастроном үйін бізге жұлып алып берді. Оны қайта жабдықтап жасауға Құ­ры­лыс министрі Мұстақым Ықсановты мықтап жегіп қойды. Бәрімізде маза жоқ. Тынымсыз тірлік, бітпейтін жү­гіріс. Күніне 16-17 сағатқа дейін жұмыс істеген кез­де­рі­міз де болды. Қойшы, содан арада 4 ай өтіп, кон­фе­рен­ция ашылуға 15 күн қалғанда бәрін бітіріп, “уһ” дедік-ау. Музейді көруге ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі келді. Тұңғыш танысуы ғой, әйнекпен қоршалған қаракүліңгір бұрыштағы жарқырай сәуле шашып тұрған Алтын адамға қарап таңғалды. Басқа экспонаттарға да зейін қоя үңіліп, зал ішінде өте көңілді жүрді. Бәрін аралап болған соң ұжым мүшелерін жинап алып алғыс айтты. Кетерінде маған бұрылып: “Не өтінішің бар, Кемел? Археологиялық жұмыстарға байланысты туын­даған проблема бар болса, жасырмай айт. Оны мына бас­тық­тарың тұрғанда, бәріміз бірігіп шешіп кетейік”, – деді күліп. “Бастықтарың”, – де­гені қасына өзімен бірге еріп келген Орталық Коми­тет­тің идеология хатшысы Саттар Имашев пен Ғылым акаде­мия­сының президенті Шаһмар­дан Есенов еді.

– Отырарды қазу керек, Димеке, – дедім мен бірден ол кісінің жаңағы сөзін күтіп тұрғандай-ақ асыға-аптыға тіл қатып. – Білесіз… Оңтүстік Қазақстанда сондай көне қала орны бар ғой… Міне, соған қазба жұмысын жүргізуді бастау керек.

– Иә, иә… білемін. Бірақ оған біздің шашымыз жете ме? 200 гектар аумақты алып жатқан жерді қалай қазамыз? Оған көп қаражат керек қой.

– Солай болғанның өзінде де бұл қазба жұмысы бізге керек. Өйткені көп нәрсеге көз жеткізу қазір осы мәселеге байланысты болып отыр.

– Сонда одан не табамыз?

– Елдің санасына көне қазақ жерінде қала болған деген ұғымды қалыптастырамыз. Ұлы Жібек жолындағы ша­һардың сауда орталығына айналып, өз ақшасын шы­ға­руы, сәулет үлгілерін өмірге келтіріп, су құбырлары жүйе­сін жүргізуі, қорған мен цитадель салуы – өр­ке­ниеттіліктің белгісі. Отырарда міне, бұлардың бәрі бар. Енді тек соны қазып, заттай айғақ ретінде орталыққа көр­сетуіміз, дерек­терді ғылыми айналымға түсіруіміз керек. Мәселе осында.

Димекең мына сөзді естігенде қатты ойланып қалды. Кетерінде қолымды құшырлана қысып тұрып: “Түсіндім. Бәрі де болады. Конференция өткен соң жоба-жос­па­рың­ды жасап, маған кел”, – деді. Бірақ ол кісінің қабыл­дау­ын­да бола алмадым. Менің орныма Ғылым акаде­мия­сы­ның президенті Шаһмардан Есенов кіріп, біздің институт жасаған “Отырар археологиялық кешенді экспедиция­сы­ның көп жылдық қазба жұмысы жоспарына” Димекеңнің келісімін алып шықты. Сондағы бәрімізді қуантқан нәрсе, әсіресе, жобадағы Отырарды қазушы мамандарға жыл сайын бөлінуге тиіс деп көрсетілген 100 мың сом ақшаның қысқармай қолдау табуы еді. Ол кезде бұл дегеніңіз өте мол қаржы болатын. Содан 1975 жылдан 1987 жылға дейін сол сома бізге еш кідіріссіз келді де тұрды. Ал 1988 жылдан бастап үздік-создық болып бөлініп беріліп жүрді де 1990 жылы мүлде тоқтады. Бұл кезде біз де Отырардағы өз жұ­мы­сымызды бітірген едік. Сөйтіп Алтын адамның та­бы­луы­мен, оны Димекеңнің арнайы келіп көруімен отандық археологияда екі үлкен іс – Алматыдағы респуб­ли­калық ар­хеология музейі мен Отырарды қазу жөніндегі көп жыл­дық кешенді экспедицияны құру мәселесі қоса біткені бар.

Кемел аға жоғарыдағы сөздерді айтып болды да: “Ал, тағы не сұрайсың?” – дегендей маған ойлана қарады. Мен үндемедім. Өйткені кейіпкерімізге қойылар соңғы сауал – оның археологиядағы тағы бір үлкен жаңалығы бізге белгілі болатын. Ол ғалымның осыдан 4 жыл бұрын Аста­на іргесінен мүлде белгісіз көне қаланың орнын тап­қан­ды­ғы еді. Сол кезде, яғни 1999 жылдың шілде айында біз аталмыш жерде қазба жұмысын жүргізіп жатқан Кемекеңді іздеп барып әңгімелесіп, барлық жағдайға қанығып қайтқанбыз. Оны қысқаша баяндар болсақ былай.

Археолог ағамыздың қолына бірде ХVІІІ ғасырда өмір сүр­ген орыс офицері, топограф И.Шангиннің күнделігі түседі. Онда: “Мен Есіл жағасында қирап жатқан қаланы көрдім. Кезінде тамаша елді мекен болғаны байқалады. Бізді әсіресе оның іргесіндегі суы тұщы көлдің ғажайып көрінісі таңғалдырды”, – деп жазылған екен. Кемекең осы де­ректі негізге ала отырып архивтен Целиноград (қазіргі Ақмола – ред.) облысын 1974 жылы аэрофотодан түсірген кө­ріністі тауып алдыртады. Салыстырып қарағанда, топо­граф И.Шангиннің күнделігінде айтылған көлдің суалған орны мен оның жағасындағы шаһар құландысы қазіргі Астана іргесінен 10 шақырым жерде жатқаны анықталады. Ол кісі басқарған экспедиция мүшелері міне, 4 жылдан бері осы жерді қазу үстінде. 3 мың шаршы метр аумақты топырақтан аршыған кезде көне қаланың екі құрылыс қабатынан тұратындығы белгілі болды. Оның үстіңгісі ХІІІ-ХV ғасырларға тән десек, астыңғысы Х-ХІІ ғасыр­лар­ға жатады. Шаһардың ортасындағы төбеден 20-дан астам қабір мен 5 мазар табылып, төңіректен қалыңдығы 5 сан­тимерлік бөлек формалы кірпіштер, күміс тиын, темір жебе қазып алынды.

Қалада шағын кәсіпкерлік орындары болғаны бай­қа­ла­ды. Онда қыштан түрлі ыдыс-аяқтар жасалынып, кірпіш күйдіретін арнаулы орын және ұстахана жұмыс істегенін айғақтайтын деректер бар. Әсіресе шаһар халқына қажет су іргедегі көлден тікелей тартылғандығы айрықша әсер қалдырады. Оған дәлел, көлден тұщы су алу үшін екі ортаға шағын канал қазылған екен. Онда жел арқылы айналатын сорап механизмі жұмыс істеп тұрған. Су соның күшімен жоғарыға қарай шығарылып отырған.

Міне, осындай жайлар анықталған соң Кемекең үс­ті­міз­дегі жылдың ақпан айында Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа кіргені бар. Ғалым онда Мемлекет бас­шы­сына Астана іргесінде Х-ХІІ ғасырларда пайда болған Бұзоқ атты қала туралы толық айтып берді. Сөздің тоқетер түйі­ні, Қазақстанның қазіргі елордасының орнында сол ор­та ғасырларда-ақ әскери ставка және билік рези­ден­ция­сы ретінде қызмет еткен қала болған деп есептейді археолог.

Халықаралық лексиконда “terra іnсognіto” деген сөз тіркесі бар. Бұл ұғым көбінесе саяхатшылар мен жара­ты­лыстанушы ғалымдардың зерттеу еңбекте­рін­де қолданылады. Оның тура аудармасы – белгісіз жер. Иә…

Terra іnсognіto – беймәлім ел, ашылмаған арал, бейтаныс қиыр шет.

Terra іnсognіto – құпиясы мол құрлық, жұмбақ жер, ақтаңдақ нүкте.

Terra іnсognіto…

Егер Қазақстан археологиясын Атлантидаға теңе­сек, оның жер астындағы құпия, жұмбақ тылсымға толы сыр сандығы — тerra іnсognіto әлемін ашып, игеру­ге ізашар болған санаулы адамдардың бірі деп біз Кемел Ақышевті айтар едік. Өйткені белгісіз дүние Бесшатыр мен Құмтекейдегі құпиясы көп Шығу шаһа­рын, ашылмаған арал — Алтын адам мен ойшылдар отаны Отырарды, Астана іргесіндегі ақтаңдақ нүкте Бұзоқты terra іnсognіto емес деп кім айтады. Жалпы тыңға түрен салу, жер қабатында жатқан жаңалық­тарды жарыққа шығару оның кәсібі, өмірлік мұраты. Үнемі белгісіздіктен белгісіздікке ұмтылу осы бір ты­ным­сыз ізденіс иесінің стихиясы. Ол міне, осы жан­кешті еңбегі арқылы археологияда айтар­лық­тай жаңа­лықтар ашу­мен келеді. Аша беріңіз, ақ­сақал!

Жанболат АУПБАЕВ,
“Егемен Қазақстан”

2003 жыл.