Өнер • 14 Қаңтар, 2019

Кантаталар қанат қаққан кеш

552 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейі Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен бірлесіп аспанасты елінің танымал халық артисі Сян Синхайды еске алуға арналған мемориалдық фотокөрмесін ашты.

Кантаталар қанат қаққан кеш

Сянь Синхай халық сазгері, халық музыканты, педагог және коммунист революционер, сондай-ақ еліне белгілі композитор, пианист, дирижер болған. Ол 250-ден астам шығарма авторы, сүбелі туындыларының арасында Кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арналған сюталар, рапсодия, скрипкаға мен пианиноға арналған көптеген шығарма мен ырғақ әуендердің мәні зор. Сазгердің төл туындыларында ол Қытайдың ұлы революциясының шындығы мен ұлттық бостандығын тереңнен толғаған. Оның бірқатар музыкалық шығармасы ұлттық өрнек пен түпнұсқалық құндылығымен ерекшеленеді, сонымен бірге аспанасты елінің қолдауын иеленген және де бүгінгі күні ерекше танымалдыққа ие.

Синхай сазгер балаң кезінде Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, кейін Шанхай консерваториясында оқыды. 1929 жылы ол Парижге оқуға барып, 1935 жылы еліне оралып, антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысады. Ал, 1938 жылы Синхай Қытай ревалюциясының қасиетті орны - Яньанға келді. 1939 жылы Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалады. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болып айрықшаланады: бар-жоғы бір жыл ішінде  ол өзінің жауһар туындыларының бірі - «Сарыөзен кантатасы», сондай ақ «Еңбек туралы контата», «18 қырқүйек туралы кантата» және «Қарсы шабуыл», «Халықаралық әйелдер күні», «Жойылсын Ван Цзинвэй» сияқты дүбірлі шығармаларын жазды.

1940 жылы Сян Синхай Кеңес Одағына Мәскеуге жіберілді, сонда «Ұлт азаттығы» деп аталатын бірінші симфониясын аяқтады.1941 жылы Алматыға көшіп келіп, сол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы, «Қытай рапсодиясы» сюйтасын, «Аманкелді Иманов» поэмасын жазды. Бұған қоса ол екі ел арасындағы елші ретінде қазақтың көптеген халық әнін жинап, қайта өңдеді.

Қазақстан мен Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылы 7 қазанда Алматы қаласындағы көшелердің бірі «Сянь Синхай көшесі» атауына өзгертіліп, онда сазгердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескеркіш тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай-Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады», - деп жазылған. Биыл Сян Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, қазақсандық және қытайлық өнер шеберлері сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» аталатын қысқа метражды фильмді түсірді. Бүгінгі ашылған көрменің экспозициясында сазгердің Қытай мен Парижде оқыған жылдары, достарымен бірге түскен, пролетарлық, музыкалық мәдени шараларға қатысқан, әйелі Цянь Юньлин және қызы  Нинамен бірге түскен отбасылық фотосуреттерден тұратын 60-қа жуық сурет, Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған оқу құралдары, Ресей, Қазақстан, Моңғолияда өмір сүрген жылдар, музыкалық партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамовтар отбасыларының арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін фотолар қойылды. Кеште Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері Жұманияз Қанат пен Аманбай Нұрғалымның орындауында Сян Синхайдың кантаталары шырқалып, жұртшылықты әсерлі сезімге бөледі.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ