«Мозговой Центр» ЖШС-нің жетекшісі Самат Кәрішаловтың әкімшілік, бюрократтық кедергілердің салдарынан табанынан таусылып жүргеніне бір айдан асып барады. Әбден амалы бітіп, салы суға кеткенннен кейін жергілікті кәсіпкерлер палатасына қайрылуға мәжбүр болған. Бірнеше жылдан бері ресейлік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып келе жатқан ол соңғы жолы «Жаңажол» шекара бақылау бекеті қызметкерлері тарапынан кедергіге кездескен. Ондағылар Ұлттық экономика, Индустриялық даму, Қаржы министрліктерінің өткен жылғы 26 қазандағы № 17613 бірлескен бұйрығын бетке алып, екі жылдың көлемінде белгілі бір коды бар, қызмет ету ресурсы аяқталған құбырларды ел аумағынан сыртқа шығаруға тыйым салынғанымен түсіндірген. Сөйтіп тиісті құжаттарды рәсімдеуден бас тартқан. «Кеден қызметкерлеріне қолдануға жарамды болат құбырларды қалпына келтіруге апара жатқанымды еш түсіндіре алмадым. Арнайы сараптамадан өткізілген құжаттарды ұсынсам да оны ескерусіз қалдырды. Жүк тиелген көліктермен келген ізіммен кері қайтуға тур келді. Қазақстан мен Ресей арасында Петропавлда өткен шекаралас аймақтағы ынтымақтастықты дамыту туралы форумда да кедендегі келеңсіздіктерді азайту жөнінде ашық айтылған еді», дейді шындық іздеп, күйіп-піскен кәсіпкер.
Болат құбырлардың жарамдылығы жөнінде сараптама қорытындысын шығарған «Солтүстік Қазақстан облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Павел Анненков та жоғарыдай талаптың заң талаптарымен үйлеспейтінін, белден басқан бір бұйрықтың әлегінен кәсіпкерлер үлкен жапа шегіп отырғанын, мұның темір және түсті металдарға да тікелей қатысы барын жеткізді. Қазірдің өзінде теміржолшылар істен шыққан қондырғылар мен жабдықтарды Ресейге өткізе алмай отырған көрінеді.
Шетін мәселеге жан-жақты талдау жасалған кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес отырысында кеңес төрайымы, белгілі заңгер Инесса Қуанова отандық тауар өндірушілерді қолдауда орын алған кемшіліктерді тізбелеп көрсетіп берді. Былтыр шағын және орта бизнес өкілдерінен 25 шағым түскен. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері бұйрықты орындауға міндетті екені рас, алайда жүкті қарап, оны өткізуге рұқсат беру құзыреті берілмегенін қалай түсіндіресіздер? Меніңше, мемлекеттік органдардың ешқайсысы бұл мәселені тиянақты шешуге талпынып отырған жоқ. Сондықтан бұйрықтың күшін жою үшін тиісті ведомостволарға жүгінетін боламыз. Ең бастысы, қандай тауарларды сыртқа шығаруға шектеу қойылатыны нақты көрсетілуі тиіс», деді жиынды қорытындылаған төрайым.
Көлік инфрақұрылымдары икемсіз
Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, 317 әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарының 253-і бейімдеуге жатады. Олардың ішінде 221 нысан қолжетімді болып табылады. 32-сі ішінара қолжетімді. Бөлім жетекшісі Данияр Асылбековтың сөзіне қарағанда, 18 денсаулық сақтау обьектісі түгел бейімделген. 68 білім беру мекемесінің 58-і талапқа сай. Мәдениет ғимараттарының 82, спорттық құрылыстардың 92 проценті қолжетімді. Тоғыз қонақ үйге мониторинг жүргізіліп, алтауында мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай жасалмағаны анықталған.
Ең басты проблема көлік инфрақұрылымдарының жетімсіздігіне келіп тіреледі. Жолаушыларды тасымалдау мақсатымен 330 автобус 24 бағытқа қатынағанымен, деншілігі тиісті қондырғылармен қамтамасыз етілмеген. Қоғамдық көлік құрамында асты төмен үш автобус пен гидравликалық көтергіші бар осынша көлік қана бар. «Автокөлік одағы» қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Семенова мәселені шешуге қолбайлау жайттарды алға тартты. Тағы да үш автобус сатып алу үшін «Даму» қорынан демеуқаржы рәсімдеуге келіскенмен, баж салығының тым көптігінен бастапқы ойларынан айнып қалғанға ұқсайды. «Әр автобустың бағасы орта есеппен 12 миллион теңге десек, есепке алу, қосымша жабдықтар қою салдарынан қосымша 5 миллион теңге жұмсауға мәжбүрміз. Қалыптасқан тығырықтан шығу үшін мүгедектерге арналған қондырғылар орнатуға қажет қаражатқа көмек берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Тиісті орындардың қолдауынсыз кәсіпкерлер бұл мәселені өздігінен шеше алмайды, деді Г. Семенова өз сөзін жергілікті билік органдарына, үкімттік емес ұйымдарға қарата айтып.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы