Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Асыл тұқымды ірі қара азайып барады

2197 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір елімізде мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мұндағы басты мақсат – мал өнімдерінің көлемін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған қоса шетелдерге экспорттаудан пайда табу.

Асыл тұқымды ірі қара азайып барады

Қазақстанның халық саны аз, жер аумағы өте кең. Жеріміздің басым бөлігін шабындықтар мен жайылымдар құрайды. Мал шаруашылығын дамытпайынша, сол жайылымның қызығын көре алмайтынымыз анық. Мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Енді осы кәсіпті жаңа заман талаптарына бейімдеуіміз керек. Сонда мыңдаған жыл бойы шұғылданып келе жатқан ежелгі кәсіп жаңа қырынан дами түсетіні анық. Жылдан-жылға саны артып келе жатқан адамзат қауымының табиғи және сапалы азық-түлік өнімдеріне сұранысы да уақыт өткен сайын өсе түсуде. Бұл біздің еліміз үшін зор экономикалық мүмкіндік деуге болады.

Мал өнімдерінің экспорты дегенде, алдымен ауызға сиыр еті ілігеді. Себебі сиыр етін өткізу нарығы жылқы мен қой етіне қарағанда, әлдеқайда ауқымды. Көршілес Ресейдің өзі жылына жүздеген мың тонна сиыр етін шет­елдерден сатып алып отыр. Сиыр етін бүкіл әлем халқы тұтынады. Сондықтан оны экспорттауды дамыту бағытында елімізде шетелден асыл тұқымды сиырлар әкеліп, ірі қараның сапасын арттыру, сол арқылы ет экспортын санаулы жылдарда 60 мың тоннаға дейін жеткізу жөнінде ірі бағдарлама қабылданған болатын. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама белгіленген мерзімде жүзеге асырылмады. Дегенмен, ет экспортын аз уақыт ішінде дамытуға әсерін тигізгені анық. Қолда бар деректерге қарасақ, соңғы бес-алты жыл көлемінде елімізден экспортталған сиыр етінің көлемі соңғы жылдары 1-2 мың тоннадан 12-15 мың тон­наға дейін көтерілген кө­рі­неді. Дегенмен, оны 60 мың тон­наға жеткізудің ауылы әлі алыста.

Әрине, биік меже қойылып отыр­ған кезде сырттан асыл тұқымды сиыр сатып әкеліп, еліміздегі ірі қараның тұқымын асылдандыру ісі бір есептен қолдауға лайық шара. Дегенмен, бұл істің тиімділігіне тоқталғанда оны қолдайтындармен қатар, қолдамайтын адамдар да бар. Қалай болғанда да елде бұрыннан бар, әбден жерсіндірілген асыл тұқымды малды сақтап, селек­циялық жұмысты жіті жүр­гізу арқылы оның сапасын арттыру – мал шаруашылығымен шұғыл­данатын кез келген ел үшін басты міндет. Барыңды бағалай білу – заман сынынан өтіп келе жатқан ең тиімді тәсілдердің бірі. Демек, сырттан мал импорттаумен қатар, өзімізде бұрыннан бар асыл тұқымды малды көбейту ісін назардан тыс қалдырмау керек.

Отандық асыл тұқымды ірі қара туралы айтқанда, алды­­мен 1930 жылдардан бастап өсірі­ле бастаған қазақтың ақбас сиы­ры еске түседі. Ақбас сиыр – Қазақ­станның мал шаруа­шы­лығы­ның брендтерінің бірі. Асыл тұ­қым­ды ірі қара ішін­де ең кең тара­ғаны да, шаруашы­лық­­тар­ға көбі­рек пайда әкелгені де – ақбас сиыр. Ақбас сиыр басын көбей­­тіп, етін экспорттау мал шаруа­шы­­лы­­ғын дамыту бағыт­ына да сай келеді.

Өкінішке қарай, еліміздің мақ­танышына айналған ақбас сиыр­дың саны жыл санап азайып бара­ды. 1992 жылы 1 миллион 16 мың бас сиыр болса, 2018 жылы 271 мың басқа дейін, яғни 3,7 есе аза­йып кеткені осыны көрсетеді. Елі­міз­­дегі ірі қараның жал­пы саны 1990 жылдардың басында 10 мил­­лионға жетіпті. Мал шаруа­шы­лы­ғын­дағы дағдарыс барынша белең алған 2000 жылы 4 мил­лион басқа де­йін құл­дырап барып, 2018 жылы 7 мил­лион­дық деңгейге қайта көтерілген екен.

Кеңес өкіметі кезінде барынша тиянақты жүргізілетін селекциялық жұ­мыстардың тоқырауы, мал тұ­қымын асылдандыру ісінің назардан тыс қалуы осы асыл тұқымды мал басының азайып кетуіне себеп болғаны түсінікті. Ақбас сиыр етті мал болып есептелетіндіктен, елімізде осы мал түрі бірінші кезекте базар сөресіне шығарылды, ал сойылған малдың орнын толтырып отыру ойластырылған жоқ. Енді келіп сондай асыл тұқымды сиырларды шетелдерден қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Шетелден әкелінген мал жерсіне ме, өнімі қалай болады? Ол жағы да әзірге белгісіз.

Бұл орайда, басты үміт – жеке шаруашылықтарда. Шетел­­­­ден сатып алынып жатқан мал­­­­дың барлығының иесі жеке шару­­а­­­лар. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, жеке шаруа­лар қолында барын іс қыла­ты­ны­на сенуге болады. Алайда жеке сек­­тор­­да жүргізіліп жатқан селек­ция­­лық жұмыстар, мал тұқым­да­­рын асыл­­дандыру мәсе­лесі ғылы­­ми та­ла­п­тарға қанша­лықты сәй­кес келеді? Оны әлі анықтай түсу керек.

Жалпы, бір бас асыл тұқымды мал өсіру үшін 20-30 жыл уақыт керек екен. Ғалымдар мен мал иелері үл­кен күш-жігер жұмсап, осынша уа­қыт бойы үздіксіз жұмыс істе­мейін­ше, нәтиже шығару қиын. Қазақ­тың асыл тұқымды ақбас сиы­ры да осындай ұзақ жылғы еңбек­пен өсірілген-ді. Бұл туралы Қазақ­тың ақбас тұқымы респуб­ли­­ка­лық палатасының атқарушы дирек­­торы, профессор Қабыл Исабеков:

– Қазақстанның жергілікті ірі қара малының тұқымын жаппай жақсарту жұмыстары 1931-1932 жылдары герефорд тұқымының бұқашықтарын елімізге әкелуден басталды. Барлығы 800-ден астам бұқашық әкелінді. Оның 644 басы – уругвайлық, қал­ғаны – ағылшындық болды. Сөйтіп Қазақстандағы жергілікті малды герефорд бұқаларымен будандастырудан 1933 жылы алғашқы будан­дар пайда болды. Бірқатар кең­шар­ларда бірінші, екінші және үшінші қатардағы будандар 1936 және 1939 жылдары алынды. 1949 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің комиссиясы шаруашылықтарда жаңа тұқымды шығару барысымен мұқият танысып, алынған жаңа малды жеке тұқым ретінде тануға болатынын айтты. КСРО Министрлер Кеңесі 1950 жылдың мамырында жаңа тұқым­ды бекітіп, оны «Қазақтың ақбас тұқымы» деп атады. Осы тұқым­ның авторлары деп танылған Н.Ғалиакберов, М.Гордиенко, Б.Мусин, А.Ланина, Я.Степаненко, В.Суббо­тин, Б.Бай, К.Жувасов, П.Мел­ь­ни­ченко, Ж.Чиким­баев, А.Хлатин, У.Мусин және басқалар КСРО Мем­лекеттік сыйлығына ие болды, – дейді.

Міне, осылайша жаңа тұқым­­ның пайда болуына жиырма жыл уақыт жұмсалған. Про­фессор Қабыл Исабеков басқа тұқым­дармен салыс­тырғанда, қазақтың ақбас тұ­қы­мы­ның биологиялық артық­шы­лық­тары айқын көрінеті­нін айтады. Атап айтқанда, ақбас сиыр жайылым мен азық талғамайды, жем-шөбі мол болса тірілей салмағы да аса жоғары, өз төлі есебінен көбеюге бейім, табиғи ортаға тез үйренеді, ұзақ жолға шыдамды, тұяғы берік... Міне, осындай қасиеттерінің нәтижесінде қазақтың ақбас сиыры ондаған жыл ішінде елімізде ең көп тараған етті сиыр тұқымына айналды. Рес­пуб­ликада 1300-ден астам агро­құры­лым ақбасты өсірумен айнал­ыс­ты, оған деген сұраныстың жоғары­лы­ғын осыдан-ақ байқауға болады.

Өкінішке қарай, бүгінде отан­дық мал шаруашылығының брендіне, мақтанышына айналған асыл тұ­қымды сиыр саны өте аз. Қазір қолда бары 271 мың бас қана, 2017 жылы сатылған асыл тұ­қым­ды ақбас сиыр саны 34 мың 746 басқа жетіпті. Демек табиғи жа­йы­лым­дарда семіру, тірідей салмақ қосу қабілеті өте жоғары, бас­қа тұқымдармен салыстырғанда, жері­мізге бейімделгіш қасиетінің мығым екендігі әбден дәлелденген қазақ­тың асыл тұқымды ақбас сиырын көбейтуге көңіл бөлетін уақыт келді.

  Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»