Тарих • 15 Қаңтар, 2019

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА: Тарих өзегімен маңызды

1109 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи жылнамамызда ұмытылуға шақ қалған маңызды сәттер мен оқиғаларды қалпына келтіруге мүмкіндік берген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының биік нәтижелері көрініс тапты.

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА: Тарих өзегімен маңызды

Президент атап көрсеткен бұл іргелі бастаманы жеті жыл­ға жоспарланып отырған «Архив-2025» бағдарламасы ая­сында отандық және шетелдік архивтердің қатысуымен жүйелі және ұзақ мерзімде жалғастыру көзделіп отыр.

Бұған дейінгі «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламалары бойынша шетел архивтерінен алынған ауқымды бірегей материалдар тарих, архео­логия, шығыстану, геоархеология, антропология, молекулярлы генетика, мәдениеттану секілді жалпыгуманитарлық және нақты ғылым мамандарының қоян-қолтық бірлескен жұмысының нәтижесінде алғаш рет жүзеге асырылған «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы­на негіз болғанын атап өткені­міз орын­ды. Бұл алға қойған мін­дет мәселеге әмбебап пікір алуан­дығы тұрғысынан қарауға, тарихтың этникалық және этно­генездік үдерісі мәселесін ай­рықша ден қойып зерделеуге, палео­ландшафты, ежелгі өндіріс реконс­трукциясын, тарихи жыл­на­ма­ның шындығын қайта қалпы­на келтіруге мүмкіндік береді. Тарихнама туралы білім тарих­шының әдістемелік жұмысын айқындайды, ал оның өзегін, бас­тау-бұлағын білу пәнаралық ыңғайға негізделген, ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманғы тарихқа дейінгі шынайы тарихты жазу мен құруға және түпнұсқа бастауға, архив пен артефактіге сүйенген мемлекеттілікті дамыту бойынша жаңа тарихи сананы қалыптастыруға, сондай-ақ әлемдік тарих қатпарындағы өз­ара байланыс, өзара әрекеттес­тік пен сабақтастықтағы Қазақстан аумағының тұтастығын негіз­деуге бағытталған оң шешімін береді. Осыған байланысты бұл бағдарламаны жүзеге асыру, айталық түркі әлемінің алтын бесігі іспетті Ал­тайды зерттеу ісінде де игі ық­палын тигізбек. Соңғы жылдары әлемдік мәні зор жаңа әрі құны баға жетпес тарихи жәді­герлер табылған Шығыс Қазақ­стан облысындағы ғажа­йып Алтай өлкесін зерттеуге айрықша назар аударылып келеді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Президент Н.Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының аумағында пайда болған ежелгі металлургияның тарихына ерекше мән беріп, құпиясын қойнына жасырған аймақтың жұмбағын шешетін сәттің келіп жеткенін айтады.

Жоғарыда осы аталған тарихи жаңалықтарды кешенді түрде зерттеу үшін отандық және шетелдік архивтердің қорында сақталған белгілі-белгісіз, деректі және архивтік материалдарды зерделеп қарау ісі міндетті түр­де қолға алынуы тиіс. Олардың ішінде Қытайдың Бірінші тарихи архивінің құжаттары (ҚХР), Хайдарабад, Рампур (Үндістан) кітапханаларындағы қолжазба­лар жиынтығы, Тегеран, Исфахан кітапханаларындағы (Иран) қол­жаз­балар қоймасы, Британ кітап­­ханасындағы, Британ музе­йін­дегі (Ұлыбритания) архив­тік және қолжазбалар қоры, Францияның Ұлттық кітапха­насы, INALCO (Франция) және тағы басқалары бар.

Ғажайып тарихи жәдігер­лердің маңызын ашып көрсету, оларды әлемдік ғылыми айна­лымға енгізу үшін тарихшы, шығыстанушы, археолог, антро­­полог, генетик, эпиграфист ға­лым­дардың пәнаралық зерт­теуі аса қажет. Ұлы далада мем­лекет­тік және рулық құры­лым­дар түзген кешегі көшпенді халық­тардың тарихы мен мәде­ниеті – жүзжылдықтар бойы шығыс және батыс өркениетімен өзара тығыз байланысты дамыған Еуразия тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табыла­ды. Қытай, түркі, моңғол, иран, араб, батысеуропалық ежелгі және ортағасырлық жазба ескерт­кіштер Қазақстан аумағындағы көшпелі мәдениет пен этносаяси тарихты зерттеуде аса бағалы дереккөз екені рас.

Еуразия халықтарының бір-біріне тигізген тарихи-лингвис­тикалық байланысы мен өзара тарихи-мәдени байланысын іргелі зерттеу ісі бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүретін уақыт келді. Б.д.д. ІІ-ІІІ мың жыл бұрын Еуразия аумағында үндіи­рандық, тохар және ежелгі түркі қауымдастығы бірлігі­не негізделген ортақ дүниета­ным­дық модель қалыптастырған біртұтас мәдени қауымдастықтың құрылымы жүріп жатты. Мың­жыл­дықтарға созылған Еуразия көлеміндегі мәден­иеттер мен діни жүйе­нің өзара әрекеттестігі ежелгі мәдениеттегі осы құбы­лыс­тардың бейімділігі мен мә­дени жетістіктермен үздіксіз алма­суға ықпал етіп, ол бір жағы, тұтастық пен интеграцияға жетелеп әкелсе, ал екінші жағынан, мәдениеттердің нығаюына, оның толысуына игі әсерін тигізді.

Ежелгі халықтарды бүгінгі ұр­пақпен байланыстырған тари­хи-мәдени сабақтастық көш­пенді қауымдастықтың негізі болған әлеуметтік-экономикалық бірліктің, материалдық мәде­ниет­тер жақындығының нәти­жесі ғана емес, сондай-ақ діни ұстаным, идеология, әлеуметтік институттар мен ойлау жүйесінің де нәтижесі.

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА,

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы

Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық

орталықтың директоры, Ұлттық ғылым академиясының

корреспондент-мүшесі