Әлбетте, осы ретте жаңа жылдан басталған жағымсыз жаңалықтан кейін ақтөбеліктер Астанаға қалай жетуде деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Айтайық. Ақтөбе арқылы «Орал-Астана» бағытындағы екі пойыз араларына күн салып қатынайды. Демек, «ҚТЖ» өндірісі дамыған, халық саны күн санап артып келе жатқан қос өңірді осы пойыздарға байлап қойды. Екі облыстың халқы 1,5 млн адамға жуықтайды. Демек, пойыз билетін тек сапарын айлар бұрын жоспарлап, үлгергендер ғана алады. Оған қоса, бұл пойыздардың Ақтөбеден Астанаға қарай қозғалатын уақыты да қолайсыз. Мәселен 096Ц пойызы Ақтөбеден түнгі 02.04-те жүріп кетеді. Тәтті ұйқының келер шағында, қоғамдық көліктер парктерде қаңтарылған уақытта сөмкелерін арқалап, балаларын сүйрелеп вокзалға шұбырған халықты көз алдыңызға елестетіп көріңізші...
Оралдан шығатын екінші пойыздың да келетін уақыты өте ыңғайсыз. Қараңыз. 058Х пойызы Ақтөбеден таңғы сағат 07.17-де қозғалып кетеді. Уақыт белдеуіне байланысты еліміздің батыс өңірі Астана уақытынан бір сағат кеш екендігін ескерсек, жолаушылар Ақтөбе уақытымен темір жол вокзалына таңғы сағат алтыға дейін жетуі тиіс.
Бұл Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай Қазақстанның төрт урбанистік орталығының біріне айналуы тиіс өңір үшін қолайсыз-ақ шешім болып тұр. 2004 жылы Елбасының қатысуымен ашылған «Хромтау-Алтынсарин» темір жол торабын салу да сол Ақтөбе мен Астананы жақындастырудың, халыққа қолайлы жағдай жасаудың амалы емес пе еді?!
Әрине, тиісті мекемелер ақтөбеліктер үшін «Атырау-Астана Нұрлы жол», «Маңғыстау-Астана Нұрлы жол» бағыттарында пойыз бар деген уәж айтуы мүмкін. Иә аталған пойыздар Ақтөбе облысының аумағынан өтетіні рас. Бірақ облыс орталығына аталған пойыздардың ең жақын тоқтайтын стансасы – Хромтау. Ол – Ақтөбе қаласынан 90 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан станса. Жеке көлігің болмаса, такси жалдап, шығынданып жетерсің. Бірақ қыс мезгілінде Ақтөбеден Хромтауға жету үшін тәуекелге баруың керек. Жолдың шалғайлығы былай тұрсын, көк асфальттың үсті айнадай мұз және табиғаты қатал өңірдегі жолды боранды күндері төтенше жағдай қызметі жауып тастайтыны бар. Қазірдің өзінде күніне 150-200 адам осы Хромтауға сабылып жүр. Бұл жерде пайдаға батып отырған тек такси жүргізушілері.
Ол – ол ма, қазір Қазақстан темір жолының еншілес құрылымы – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бағыттан алынып тасталған пойыз құрамының қызметшілерін қайда жіберерін білмей отырғанға ұқсайды. Аяқ астынан жұмыссыз қалған жүздеген адам басқа өңірлерге қоныс аударуға көне ме?
Міне, осы қиындықтарға, жолаушылардың құқықтарының қорғалуына Бас прокуратура, Бас көлік прокуратурасы назар аударуы керек сияқты. Газетіміздің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы санында «Билет құны неге шарықтады?» деген мақалада осы Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойыздарына билеттің бағасы 58 мың теңгеден асып кеткендігі жазылған еді. Сол мақалада «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының өкілі бағаның көтерілуіне байланысты «Заң бойынша коммерциялық бағыттарға бағаны белгілеу өз құқығымызда» деген болатын. Бұл жолы да «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы пойыз құрамын қосу-алып тастау, өңір мүддесімен санаспауды да өз құқықтарына таңып алса таңғалуға болмас. Бірақ осы мәселеге байланысты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының жауабы біз күткендегідей шықты. Компанияның баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп осы мақалада көрсетілген мәселелерге байланысты былай дейді: «Бізде жаңа жылға дейін «Алматы-Орал» деген пойыз бар еді. Қазір «Тальго» вагондарымен жабдықталған бұл пойыздың бағыты өзгеріп, Алматыға Астана арқылы жүретін болды. Аталған пойыз Астанаға Ақтөбе арқылы жүретін болғандықтан, Ақтөбеден Астанаға тікелей қатынайтын пойыз алынып тасталды. Жолаушыларға осы пойыз жеткілікті. Пойыздың ол құрамы жаңадан ашылған «Алматы-Түркістан» бағытына берілді. Жаңа жылдан бастап біздің компанияның даму, статистика және талдауға жауапты бөлімдері пойыздардың жеткілікті-жеткіліксіздігін анықтайтын болады. Мүмкін, бір-екі айдан соң мамандардың есептеулеріне байланысты жағдай өзгеріп те қалар... Ал пойыздардың қозғалыс кестесі сол құрамы шығатын және баратын қалалардағы уақыттарға сәйкес ыңғайландырылады. Ал жолсеріктер мен басқа да қызметкерлердің ешбірі жұмыссыз қалмайды».
Бұдан ұққанымыз, мамандар өзгерістен соң ғана талдау жасауға кіріскен. Неге керісінше? Алдымен талдау жасалып, өзгерісті содан соң қолға алуға «ҚТЖ» мен «ЖТ» неге ынтықты? Ақтөбеліктерді вокзалға мезгілсіз уақытта сабылту қандай мәжбүрліктен туындады?
Енді бұл мәселеге заңдылықты қадағалаушы органдар мен облыс әкімдігі назар аударып, жолаушылардың мұң-мұқтажын ескерер деген үміт бар. Соның өзінде тұтас бір облыс орталығын Астанамен байланыстырар пойыз құрамын алып тастаудың қандай «сауаттылықпен» жасалғаны түсініксіз болып отыр.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»