Шыны керек, бүгінде демалу, көңіл көтеру деген нәрсені желеу етіп, оны әуесқойлыққа ұластыру арқылы заңсыз аң мен құсты ату жиілеп отыр. Аң аулау, құс ату дегеннің өзі де күнкөрістің бір түріне айналып кеткендей. Мұның салдарынан елімізде аң-құстардың сиреуі, тал-дарақтың азаюы сияқты сипаты сүреңсіз экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Мұндай заңсыздық табиғаты бай саналатын Жамбыл өңірінде де болып тұрады, өкінішке қарай. Бұл дегеніңіз әркім өзінің елі мен жері алдындағы жауапкершілігін дұрыс сезіне алмаудан, қарақан бастың қамын күйттеуден аспаудан туындайтын нәрсе сияқты. Мәселен, Жамбыл облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1376 рейдтік тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 334 заң бұзушылық анықталыпты. Мұның өзі табиғат байлығына едәуір зиян келді деген сөз. Мұндайда аңның айбары, құстың киесі жоғалып кету қаупі туындайтыны тағы рас.
Аталған басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақовтың айтуынша, тиісті заң бұзушылықтарға хаттамалар толтырылып, соның есебінде азаматтарға 3,084 миллион теңге айыппұл салынған. «Сондай-ақ, ұсталғандардың ішінде 8 азаматтың ісі сотта қаралып, 4 азаматқа 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жамбыл облысында жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайтын орман қоры алқабы бар. Оның 2,3 миллион гектары орманды жерлер болып саналады. Алайда табиғаттың осынау ен байлығын қорғаудың орнына, қорлаудың өзі ешбір қисынға келмейді. Ал сол орманды алқаптарда тіршілік кешіп жүрген талай аң мен құстың өзі табиғаттың көркі екені естен шығып кеткендей. Егер әрбір азамат туған жерге деген тұлғалық танымын арттыра алмаса, бұл көрсеткіштің көңіл көншітпейтін көрінісі жылдан-жылға жалғаса беруі мүмкін.
Былтыр Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесі құрылған болатын. Сонымен қатар облыстық әкімдік тарапынан өткен жылдың маусым айында жануарлар дүниесін, табиғатын сақтау және көбейту туралы арнайы декларация да қабылданған еді. Бұл құжатта «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді, олардың тамырларын және гүлдерді пайдаланбауды, сондай-ақ, тыйым салынған жерлерде немесе әуесқойлық мақсатта аң-құс аулауға болмайтындығы жөнінде айтылған. Өкініштісі сол, келтірілген мәліметтер нәтижесінде әуесқойлық мақсатта аң мен құс аулау әлі де тыйылмай тұр.
Өңірде жаңадан құрылған «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің директоры Кенжебек Абайдың айтуынша, мекеме тарапынан бүгінгі күнге дейін 11 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 22 заң бұзушылық дерегі анықталған. Сонымен қатар аң-құстарды қорғау ісі бойынша 21 оқиға анықталып, 1 875 900 теңге айыппұл салынған екен.
Мекеме басшысы өз сөзінде өткен жылдың қараша айының басында Мойынқұм ауданының аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи «Андасай» қаумалында заңды белшесінен басып, аңшылық жасаған төрт бірдей азаматтың ұсталғанын да айтты. «Бүгінде олардың ісі Мойынқұм аудандық сотына жолданып, сот шешімімен заң бұзушылардың суық қарулары мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ заң бойынша олардың әрқайсысына 168 350 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Осындай заң бұзушылыққа жол бергендердің қатарында Мойынқұм аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы да бар. Оның 1 ұңғылы МР-155 маркалы қаруы мемлекетке өткізіліп, өзі 2 жылға дейін аң аулау құқығынан айырылды» дейді мекеме директоры Кенжебек Абай. Мемлекеттік қызметшінің өзі осылай жасап жүргенде, басқалардан не күтуге болатынын айтудың өзі қиын.
Жамбыл өңірінің табиғаты ежелден бай әрі көрікті. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен құстар және өсімдіктер де көптеп кездеседі. Енді әрбір азамат жергілікті әкімдіктің бастамасына қолдау білдіріп, табиғатты қорғауға бірге атсалысса, өңірдің бұдан да өркен жайып, өрлей беретіні анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы