Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Сапасыз өнімдер сан соқтырып жүрмесін

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов техникалық реттеу мәселелері бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мәлімдеді. 

Сапасыз өнімдер сан соқтырып жүрмесін

Оның айтуынша, соңғы 4 жылдағы тұтынушылық нарықта сәйкес келмейтін өнімдердің жалпы санының төмендеу тенденциясы байқалады. Мысалы, 2015-2018 жылдар кезеңіндегі төмендеу проценті 30%-дан 14,1%-ға дейінгіні құрайды.
«Өнім қауіпсіздігінің ай сайынғы мониторингі шеңберінде 2018 жылы өнімнің 70 мыңға жуық сынамасы сатып алумен қамтылды, олардың жалпы санының ішінде зертханалық сараптама қорытындылары бойынша 9,7 мың (14,1%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейді, оның ішінде өндірушілердің таңбалау қағидаларын сақтамауы – 69%-да, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндері – 23,5%, сондай-ақ физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес еместік – 7,2%» деді Денсаулық сақтау министрі. 

Сонымен қатар министр Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қауіпті өнімдерді ғана емес, сонымен қатар сапасыз өнімдерді анықтау бойынша шараларды қабылдайтыны туралы айтты. Өсімдік майының құрамын анықтау үшін жасалған өнімдер сынамасында 99 өсімдік майы, шұжық құрамына жасалған шошқа ДНҚ бойынша 143 өнімнің жалған екені анықталды. Жалпы алғанда, өнімдердің қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша сәйкес келмейтін өнімнің негізгі бөлігі, яғни  66%-ы импорттық өнім, ал 34%-ы отандық өндірушілердің өнімі екен. 
Министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ҚР АШМ-ге Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы өнімдерінің 18 өндірушісіне қатысты материалдар жібергені мәлім болды. Олар бойынша ветеринариялық-санитариялық шаралар, оның ішінде күшейтілген зертханалық бақылау қабылданған.
Одан бөлек министр ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына анықталған сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты тиісті шаралар қабылдауы үшін 30-ға жуық хабарлама жіберілгені туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, өнімдердің қауіпсіздігіне мониторингті талдау нәтижесі қауіпсіздік пен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін өнімнің басым бөлігі өрескел бұзушылықтарымен берілген сәйкестік сертификаттарымен елімізге әкелінетінін көрсеткен. Осылайша, министрлік бір жылдың ішінде 6,3 мыңға жуық «жалған сертификатты» анықтаған, оның ішінде 3,5 мыңын Ресей Федерациясының, 2,7 мыңын Қазақстан Республикасының сәйкестікті растау жөніндегі органдары берген.
Сонымен қатар камералдық бақылау қорытындысы бойынша сот шешіміне байланысты сыртқы экономикалық қызметке 47 қатысушының қызметі тоқтатылып, министрлік 2018 жылдың тамыз айынан бастап күшіне енген балалар ойыншықтарын шартты шығару режимінде әкелуге тыйым салу туралы ҚР Үкіметінің Қаулысына бастама жасаған.