Еліміздегі медициналық мүмкіндіктер туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін арнайы онлайн портал (medicaltourism.kz) іске қосылған. 1430 нөмірі бойынша Call-орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек еліміздегі медициналық туризмнің дамуына үлес қосып жатқан туристік операторлардың да маңызы артып келеді. Осыны ескерген Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы туристік операторларға арнайы тур ұйымдастырды. Туристік фирма өкілдері Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, «Үміт» томотерапия және ядролық медицина орталығы сияқты бірқатар жетекші клиникаларда болып, инновациялық медициналық қызметтермен танысты.
Ұлттық нейрохирургия орталығының жоғары санаттағы нейрохирургі Нұрман Чабдаровтың айтуынша, 10 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан медициналық мекеме соңғы жылдары 300-ден астам шетелдік пациентті емдеген. Дəрігер Тәжікстаннан келіп, ми ісігі деген қауіпті диагнозбен түскен әйелге алты күн бұрын операция жасалғанын мысалға келтірді. Науқас ауруханадан жазылып шығып, еліне қайтқан екен. «Бізге келетін шетелдік пациенттер жылдан-жылға көбейіп келеді. Олар нейрохирургия, неврология бойынша қызметімізге жүгінді. Атап айтқанда, орталық жүйке жүйесі, бас, ми, омыртқа, жұлын ауруы бар науқастар емделді. Бұдан бөлек, дəрі-дəрмек, физиотерапия түрінде көмектесеміз. Пациенттер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерден жиі келеді», деді Н.Чабдаров.
Турға қатысқан «КITO» туристік компаниясының директоры Жазира Жанкина Қазақстандағы медициналық қызметтердің Оңтүстік Корея, Еуропа елдерімен салыстырғанда 4-5 есеге арзан əрі сапасы да жақсы екенін айтады. Сондықтан да отандық мамандарға хабарласатын шетелдіктер де аз емес көрінеді.
Ұйымдастырушылар ақпараттық турдың ел медицинасының әлеуетін таныстыруға мол мүмкіндік беретінін айтады. Іс-шара соңында ақпараттық турға қатысушылар аталған клиникалармен екіжақты меморандумға қол қоюға әзір екендіктерін жеткізді.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»